10 жыл "АРҚА ӘУЕНДЕРІНЕ"
ЖАСАЙ БЕР «АРҚА ӘУЕНДЕРІ»
Таяуда, Астана қаласының Оқушылар Сарайында «Арқа әуендері» халықтық ансамблінің салтанатты концерты болып өтті. Концерт Алматы аудандық ардагерлер Кеңесі жанынан құрылған ансамбльдің еңбек етіп жатқандарына 10 жыл толу құрметіне арналды.
Ансамбль ұжымы «Астанам менің» әнін әуелетіп, тамылжыта шырқай жөнелгенде бүкіл залдағы көрермендер әнмен бірге бір шалқып қалғандай болды. Ансамбль мүшелері орындаған халық әндері «Ай Қаракөз», «Дедім-ау», «Мерекем сен» , «Шалқыма», әуесқой композитор, күйші Б.Төлегеновтың « Салтанат» күйі , әртүрлі халық әндерінен көрсетілген попури жұрт көңілінен шығып, жақсы бір көңіл күй сыйлады. Ансамбль құрамы зейнеткерлік жастағы кісілер болса да, өнерлерін көрсетіп, жұртты өздеріне тәнті етті. Ансамбльдің жетекшісі Кенжетай Жанұзақоважайында айтпай кету мүмкін емес. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жан. Өнерге жаны құмар. Қайда жүрсе де өнерін тастаған емес. Ән де айтады, дамбырада да ойнайды.
Кезінде Астана қаласында әйелдердің шахмат үйірмесін ашқан адам. Үстіміздегі жылы шахматтан өткен қалалық чемпионатта "Чемпион ӘЖЕ" атанып, Өскеменде өткен Республикалық шахмат жарысына қатысқан ойыншы. Жолдасынан ерте айырылып қалған Кенжетай Ерғалиқызы екі ұл, екі қыз балаларын тәрбиелеп, ел қатарына қосқан азамат. Бұл күндері балалары әртүрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Кеш соңында сахнаға «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Абдраимов Н.Х, аудан әкімдігінен ансамбль ұжымына құттықтау айтып,сыйлық пен «Алғыс хат» табыс етті. Қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы С.Есіловтың атынан аудандық ардагерлер Кеңесі төрағасы М.Мұстафин шығып, «Арқа әуендері» халықтық ансамблі ұжымына «Алғыс хат» табыс етіліп, ансамбль жетекшісі Жанузақова Кенжетай Ерғалиқызы Республикалық Ардагерлер Бірлестігінің «Құрмет белгісі» төс белгісімен,қалалық ардагерлер кеңесінің "Алғыс хатымен"марапатталды. Ансамбль мүшелерін торқалы тойларымен құттықтап, олардың күнделікті атқарып жүрген еңбектеріне ризашылық білдіріп, үлкен жасқа келсе де жастарға үлгі болып жүргендерін мақтанышпен айтты. Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінен ансамбльге «Алғыс хат» пен сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директорының орынбасары Шамшикенова Э.Э
алғыстар мен сыйлықтар тапсырды, көрермендердің біразы сахнаға шығып, гүлдер табыстап, өнерді өмірлеріне серік еткен жандарды қуантып жатты. Жасай бер «Арқа әуендері», Сіздердің алда әлі талай өнерлеріңізді тамашалайтынымыз сөзсіз!
Баянды ӘЛПИ, «Алматы» ардагерлер
Кеңесінің мүшесі.