Қалалық ардагерлер кеңесінің Ұлы Жеңіс күні қарсаңында кәсіпорындар мен ұйым басшыларына, қала тұрғындарына қарт адамдарға құрмет пен материалдық көмек көрсету жөніндегі Ү Н Д Е У І
Биыл еліміз Ұлы Отан соғысындағы жеңістің – 74 жылдығын атап өтеді. Қалада бүгінгі күні Ұлы Отан соғысының 71 ардагерлері және 2888 тыл ардагерлері тұрып жатыр. Олардың қатарында кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, кеудесін оққа тосқан, елге жеңіспен оралған майдангерлер, өздері аш-жалаңаш жүрсе де тылда күні-түні еңбек етіп, «Бәрі де майдан үшін, Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жан аямай еңбек еткен тыл ардагерлері, фашистік концлагерлердің тұтқындары, майдангерлердің жесір қалған әйелдері және де басқа санаттағы зейнеткерлер бар. Бұл адамдардың соғыстан кейінгі қираған шаруашылықтарды орнына келтіріп, еліміздің көркейіп, бейбіт өмірде қарыштап дамуына қосқан үлестері орасан мол. Қазіргі кезде жастарының ұлғайып, денсаулықтарының төмендеуіне қарамай, қоғамдық өмірге белсене қатысып, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде, Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясатын қызу қолдап, елдің шынайы патриоттары екенін дәлелдей білді. Дегенмен де әлеуметтік сараптама жүргізгенде белгілі болғаны осы адамдардың біраз бөлігі отбасылық жағдайлары нашар, биліктен, елден қаржылық және моральдық қолдауға зәру жандар екені анықталды. Бұл адамдар өмірінде бар күш жігерін, білімін келешек ұрпақтарының, яғни біздердің жақсы өмір сүріп, білім алып, бейбіт өмірде ұрпағымызды тәрбиелеп, еңбек етуімізге бар жағдайды жасады. Ендігі біздің аға буын өкілдерінің алдындағы міндет, азаматтық борышымыз әлеуметтік көмекке зәру жандарға қолымыздан келген көмекті аямай барымызша аялап, жүрек жылыуын сыйлау керек деп есептейміз. Біз сіздерді бұл мәселеге түсінікпен қарап, қолдау көрсетеді деп сенеміз. Елорда ардагерлері атынан нақты көмектеріңіз үшін алдын-ала алғысымды білдіреміз!
Қалалық
ардагерлер кеңесі
төрағасы
С.Есілов