«Алаш Орда: Біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы Ұлысының тәжірибесі»
Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУде өткен «Алаш Орда: Біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы Ұлысының тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми жиын

Халықаралық ғылыми конференция Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне 35 жыл және «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының 20 жылдығы мен Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУдың 30 жылдығына арналды. Конференцияны Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы, «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық қоры және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды. Жиынның негізгі мақсаты – Алаш қозғалысының саяси, зияткерлік және мәдени мұрасын түркі мемлекеттілігінің тарихи тәжірибесімен сабақтастыра қарастыру, Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік туралы көзқарастарын,сондай-ақ Әлихан Бөкейхан мен «Алаш» қайраткерлерінің ұлттық саяси ой-пікірді, мемлекеттілікті дамытуға және түркі тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға қосқан үлесін пайымдау, зерделеу. Конференцияның пленарлық мәжілісін ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Ғылыми конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония, Моңғолия және Ресейден тарихшылар, алаштанушылар мен түркітанушылар, сонымен бірге, белгілі қоғам қайраткерлері де, қатысты. ҚР Құрылтайының депутаты,заң ғылымдары докторы,академик, алаштанушы Нұрлан Дулатбеков халықаралық ғылыми дәрежеде өткізілген жиынға жоғары баға беріп, құттықтап, барлық қатысушыларға алаштануда жеңістік биік табыстар тіледі. Мәжілістің пленарлық отырысында Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры,филол.ғ.PhD докторы Сұлтан Хан Аққұлы мен Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ тарих факультетінің Алтын Орда кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Махсат Алпысбес тақырып бойынша тың деректер мен ғылыми зерттеулерге сүйенген баяндамалар жасады. Аталған орта буын ғалымдардан олардың ұстаздары т.ғ.д., профессор, Мемлекет тарихы институтының директоры орынбасары Бүркітбай Ғелманұлы Аяған мен ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зарттеу» орталығының директоры Сатай Мақсұтұлы Сыздықов та қалысқан жоқ. Әдеттегідей, өздерінің ғылыми дәрежелеріне сай, тыңдаушыларға қажетті тарихи мәлімметтерге өз көзқарастары тұрғысынан баға беріп, баяндады.

Ғылыми-тәжрибелік конференцияның шетелдік баяндамашылары: Зайнидин Карпекұлы Кұрманов (Қырғызстан), Роза Гафаровна Буханова (Башқортстан,РФ), Ердал Кучукялчин (Туркия), Әбдуақап Қара(Туркия), Ниномия Такаши (Жапония), Бөлекбаев Еркін Қасымұлы(Қырғызстан), Хироюки Нагаминэ (Жапония), Золбияр Гагааұлы (Монголия) да мазмұнды, өзекті баяндамалар дайындап, ұсынды.

Конференцияда Алаш қозғалысының тарихы, ұлттық мемлекеттілік идеясы, Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметі, түркі әлемінің тарихи сабақтастығы және Жошы Ұлысының мұрасы талқыланды.Ғылыми жиынның басты ерекшелігі — Алаш идеясы мен Жошы Ұлысының тарихи тәжірибесін бір тұтас ғылыми кеңістікте ұштастыра қарастыруында болды. Бұл тәсіл қазақ мемлекеттілігінің орта ғасырлардан ХХ ғасыр басына, одан бүгінгі егемендікке дейінгі тарихи сабақтастығын тереңірек пайымдауға жол ашты Конференция аясында ЕҰУ Ғылыми кітапханасы тарапынан Алаш қозғалысына, Әлихан Бөкейханның өміріне, түркі халықтары мен Жошы Ұлысының тарихына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, соңғы уақытта жарық көрген жаңа ғылыми еңбектер мен шетелдік мұрағаттардан табылған құнды материалдардың тұсаукесері өтті. Аталған конференция ортағасырлық мемлекеттік дәстүрлер мен ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық идеялардың өзара байланысын бекітіп, отандық тарих ғылымын жаңа деректермен байытуды негізгі мақсат етіп қойып, іске асырды. Осындай халықаралық жиындар арқылы іргелі ғылыми зерттеулерді дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту қажеттігі күн тәртібінде үнемі ахуалды болып тұрады. ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, «Алаш Орда: Біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы Ұлысының тәжірибесі» атты халықаралық конференцияны ұйымдастырушы Сұлтан Хан Аққұлы бұл халықаралық басқосуға университеттің ардагер ғалымдарын да арнайы шақырды. Мұның өзі ҚР да «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты мәдени-әлеуметтік жобасының талаптарымен үндестік табуда.ЕҰУде өткен ғылыми конференция Алаш мұрасы мен Жошы Ұлысының өркениеттік тәжірибесін жаңа ғылыми деректер негізінде зерделеуге және ұлттық тарихты зерттеудің өзекті бағыттарын айқындауға елеулі үлес қосты және жоғары ғылыми-әдістемелік дәрежеде өтті деп санаймыз.
**Искакова К.И. Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУ Ардагерлер кеңесі төрағасы Философ. ғ.к., профессор **