АМАНГЕЛДІ БАТЫР-150
Ел бастап,ту көтерген Амангелді батыр-жастар жүрегінде!
Халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай ҚР ҒЖБМ «Мемлекет тарихы институты» мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе отырып, «Ел бастап, ту көтерген Амангелді батыр – жастар жүрегінде» атты әскери-патриоттық акция өткізді.
Оған ҚР ҒЖБМ «Мемлекет тарихы институты» директорының орынбасары, п.ғ.к., профессор Жабай Қалиев, ЕҰУ әскери кафедрасының басшысы, генерал-майор Еділ Оразов, ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрайымы, филос.ғ.к., профессор Күлзира Ысқақова,
Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Еcілов, Астана қаласы Алматы ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин және де басқа ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. Жүздесуді ҒЖБМ «Мемлекет тарихы институты» бөлім меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Амангелді Кашқынбаев жүргізіп отырды. Естеріңізге сала кетсек, осы шара қарсаңында Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасында дала дауылпазына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Амангелді Имановтың туған немересі – техника ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Батырлан Амангелдиев қатысқан болатын. Жүздесу барысында Батырлан аға батыр бабасы жайлы көпшілікке беймәлім мәліметтермен бөліскен еді. Мәселен, А.Имановтың сауаттты, көзі ашық адам болғанын және өз қолымен естеліктер жазып қалдырғанын айтты. Қолжазба ұзақ уақыт батырдың кенже ұлы Шәріптің үйінде сақталып, кезінде оған Ғылым Академиясының сараптама жасағанын, кейін Орталық музейге табыс етілгенін баяндаған-ды. Өкінішке орай бүгінгі іс-шараға ақсақал тікелей қатыса алмаса да акцияға қатысушыларға өзінің ыстық сәлемін жолдады. Әскери-патриоттық акцияны әскери кафедра басшысы, генерал-майор Е.Оразов ашып, өз сөзінде былай деді: - Азаттыққа ұмтылған қазақ даласында бірнеше ғасыр бойы әр жерден бір бұрқ етіп, басылса да ұлт-азаттық көтерілістері еш толастаған емес. Кешегі Сырым Датұлы, Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Жанқожа және т.б. даңқты батырлар бастаған жауынгерлік дәстүрді ХХ ғасырдың басында Амангелді Иманов әрі қарай жалғастырып әкетті.
Бізді әскери адам ретінде ең алдымен батырдың қолбасшылық таланты, ұрыс жүргізу тактикасы мен ұйымдастырушылық қабілеті қызықтырады. Біріншіден, патша үкіметі қазақ халқына әскер ұстауға тыйым салды, басқаша айтқанда бізде ұзақ уақыт тұрақты армия болған жоқ. Екіншіден, Амангелдінің өзі кәсіби әскери білім алмаған адам. Сөйте тұра, оның халықты көтеріп қана қоймай, өмірі қолына қару ұстап көрмеген қарапайым шаруалардан саны 50 мыңға жуық күшті әскер құрып, оны сауатты басқара білгені таң қалдырады. Сөз жоқ, әскери өнерді өмірлік тәжірибесі арқылы меңгерген тума талант, білікті қолбасшы, халық батыры Амангелді Имановтың бейнесі алдағы уақытта да жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге қызмет ете бермек. Соны насихаттау біздің парызымыз. Содан соң «Амангелді Иманов» қоғамдық қорыныңқұрылу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сол қордың жетекшісі Толқын Сұлтанова сөз сөйледі. «А.Иманов және Алаш зиялыларының мұраты» тақырыбында ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филолог. ғ.к., профессор Сақ Қайрат баяндама жасады. Халық батыры туралы ел аузындағы естелік әңгімелер жайлы ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы, подполковник Сабыр Шаріпұлы егжей-тегжейлі айтып берді. «Тұлға туралы жаңа таным: ақиқат әлде аңыз» тақырыбында ҚР ҒЖБМ «Мемлекет тарихы институты» бөлім меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Амангелді Кашқынбаев терең талдау жасады. Алқалы жиын барысында студенттер әскери-патриоттық әндерді орындап, университеттің «Самұрық» ансамблі өнер көрсетті.
Акцияға қатысушылар сындай игілікті шаралардың өскелең ұрпаққа берері мол деген тоқтамға келді. Жалпы батырдың тарихи тұлғасын зерттеу жалғаса беретінін, уақыт өте басқа да архивтік құжаттардың жарыққа шығуы мүмкін екендігі туралы пікір айтылды.
Әбубәкір Смайылов,ЕҰУәскери кафедрасының оқытушысы