«Ардагерлер Ұйымы» республикалық бірлестігі Орталық кеңесінің 1 қазан Халықаралық қарттар күніне орай қайырымдылық акциясына арналған Үндеуі
1 қазан – Халықаралық қарттар Күні.
Осы орайда Республикалық Ардагерлер ұйымы «Қарттарым –асыл қазынам» атты қайырымдылық акциясына шақыратын үндеу жариялап отыр.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан қарттардың тұрмысына, тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, жан- жақты қолдау мен қамқорлық жасалуда.
Әрбір азаматтың жасы ұлғайған кезіндегі өмірін лайықты ету мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып келеді.
Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына, аяулы да ардақты қарттарымыздың қосқан үлесі қомақты деп білеміз.
Бар саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған қарияларымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа таусылмас қазына, әрі үлгі-өнеге.
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты.
Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету-бүгінгі жас буынның басты парызы.
Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық.
Қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік.
Жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық!
Қадірлі отандастар!
Баршаңызды 1 қазан-Халықаралық қарттар күніне орай, өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, қамқорлыққа зәру қарияларға көмек беруге, қайырымдылық жасауға шақырамыз.
Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі.