Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

АСТАНАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР VIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

АРДАГЕРЛЕР СПОРТ АЛАҢЫНДА АСТАНАДА VIII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Ардагерлер волейболы федерациясының вице-президенті Ерсұлтан Бектұрғанов ҚР, «Сарыарқа» волейбол клубының президентінің ұйымдастыруының арқасында, Астана қаласында 2026 жылғы 11–12 сәуір күндері волейболдан ардагерлер арасында VIII республикалық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Аталған жарыс Қазақстан Республикасы Ардагерлер волейболы федерациясының бастамасымен жасы 50+, 60+, 65+ және алғаш рет 70+ санаттары бойынша өткізілді.

Ераға.jpg

Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 37 команда қатысып, 300-ден астам ардагер спортшы бақ сынады. Айта кетерлігі, елордалық «Астана-70+» командасы өз санатында топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Бұл турнирдің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған бұқаралық спортты дамыту бағытын қолдау, жастарды спортқа баулу және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру.

ашылуы.jfif

Ауқымды спорт шарасы Жақсылық Үшкемпіров «Жекпе-Жек» сарайында салтанатты түрде ашылып, кейін қаладағы бірнеше спорт кешендерінде жалғасын тапты. Ашылу рәсімінде ҚР Ардагерлер волейболы федерациясының президенті Әсет Әділхан қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

достар.jfif

Сондай-ақ ардагер спортшыларды белгілі қоғам және спорт қайраткерлері құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Турнир барысында көрермендер назарына ерекше спорттық шоу ұсынылып, ұлттық спорт дәстүрі мен күш өнері насихатталды. Халықаралық деңгейдегі мәртебелі қонақтар да жарысқа жоғары баға берді. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары Сергей Тетюхин мен Дмитрий Ильиных бар.

команда.jfif Жарыс барысында командалар тартысты ойын көрсетіп, ардагер спортшылардың жоғары дайындық деңгейі мен спортқа деген адалдығы жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді. Қорытындысында жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Бұл турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, әр өңірден келген ардагерлердің басын қосқан достық пен бірліктің алаңына айналды. Қатысушылар жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосқан федерация президенті Әсет Малғаждарұлы Әділханға ерекше алғыс білдірді. Жалпы, елордадағы ардагерлер волейболының тарихы 1997 жылдан бастау алады. Сол кезеңде бұл спорт түрінің дамуына бірқатар жанашыр азаматтар үлкен үлес қосты. Бүгінде сол дәстүр жалғасып, «Сарыарқа» волейбол клубы түрлі буын спортшыларын біріктіріп келеді. Қазіргі таңда клуб құрамында 17 жастан бастап 70 жастан асқан ойыншылар өнер көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда. Бұл бастама елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатпен үндесіп жатыр.

кубок.jpg

Ардагерлер турнирі – тек жарыс емес, ол өмірге деген құштарлықтың,белсенділіктің және жастарға үлгі болатын рухтың жарқын көрінісі. Жасына қарамай спортты серік еткен ардагерлер – шын мәнінде қоғамның мақтанышы. Келесі жылы да осындай спорт мерекесінде аман-есен жүздесуге жазсын!

                                                          Астана қалалық
                                                         Ардагерлер кеңесі