Қазақтың рухани көсеміне құрмет!
Қазақтың рухани көсеміне құрмет!
Осы аптаның соңғы күні Астана қалалық ардагерлер кеңесі өзінің төрт ауданының көмегімен және «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, тұңғыш әліпбиді құрастырушы, әрі ағартушы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген қазақтың ірі саяси қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Конституция күніне арналған Жаңа Қазақстан жастарымен кездесуі болып өтті.
Бұл шараның мақсаты – Халқымыздың зердесіне сәуле түсіріп, ой-санасын оятқан, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен асыл мұраларын жастар бойына дарыту.
Ахмет Байтұрсынұлы қызыл империя мен сталиндік озбырлықтың құрбаны бола отырып, түрмеде көрген азабына қарамастан, ол сол кездегі қазақ балаларына туған ана тілінде білім алуына арнап, алғашқы сауат ашу Әліппесін жазды. Сонымен қатар қазақ тілін пән ретінде оқытуға арналған оқулық шығарды. Осы оқулықтар қаншама жыл балалар мен оқушыларға қажетті тіл құралы бола білді. Алғаш білім аламыз деп мектепке барғанда осы ұлы атамыз Ахаңның Әліпбиінен бізде білім алдық. Қазақ тілі грамматикасын да оқыдық.
Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай: - «Ахмет Байтұрсынұлы ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» «Қазақ» газетінің шығуы- 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер. ...Ақаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар... Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын....Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды...»- деген екен.
Мұхаңның осы ұлы сөздерін жалғастыра отырып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шараны Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің Төрағасы Мұрат Кәрімұлы Мұстафин ашты:
Мұстафин М.К Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің Төрағасы
-Ахмет Байтұрсынұлы орыс патшасына қарсы күрескен қайраткер. Осы әрекеті үшін ол Семей түрмесінде бір жыл отырып, екі жылға жер аударылды. Сотталып келсе де қарап отырмай, 1913 жылы Орынбор қаласында «Қазақ» газетін шығарды. Газеттегі мақалалары арқылы қазақ халқының ұлттық санасын оятқан қайреткеріміз, Алаш туын биікке көтерген Ахаңның бейнесі біздің мәңгі жадымызда деп баға бере берді. Жиналған қауым алдында. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасы бойынша қала орталығында жыл аяғына дейін Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші ашылатынын да қуанышпен хабарлап өтті. ... Ия, өткенге көз жүгіртсек, «Ұлтшылдық дегеніміз – ұлтын сүю» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін бұрмалаған кезінде заман да болды ғой, бүгінде ол өтті кетті. Шынында да, өздеріңіз білесіздер кезінде өз жерімізде өзіміз отырып, туған ана тілімізде сөйлегеніміз үшін бізді «националист-ұлтшыл» деп жазғырып, қазақ тілін жойып жіберу үшін талай айла жасап, қыр соңымызға түсіп, тіпті жер бетінен бізді жойып жібергілері келгендер де болды емес пе?
Академик Дихан Қамзабекұлы- Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры
Ал бүгінгі қазақтың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған еске алу – жастар үшін, мына шараға қатысып отырған ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.Осы шараны ұйымдастарған әсіресе ардагерлерімізге оқу орнының ұстаздары атынан рахметімізді айтамыз деп сөз алған Еуразия ұлттық университеті ректорының орынбасары, академик Дихан Қамзабекұлы: Ахмет Байтұрсынұлы кішкентай кезінен қоғамдағы әділетсіздікті көріп өскен. Осыны қалай қалпына келтіруге болады деп ол қатты қиналады. Оның бір ғана жолы білім деп ойлайды. Көп ізденеді, оқиды. Алдымен қазақша, кейін орысша білім алады. Ол жоғары институт бітірмесе де, ғұлама ғалым болды. Бұл атақ оған оңай келмеді. Жатпай-тұрмай, ізденістің, көп оқудың арқасында келді. Қысқаша айтқанда: Адам ойланса, тас жарады, тас жармаса бас жарады»- дейді. Ахаңның алдына қойған мақсаты «Менің арманым – мүмкіншілігінше қазақ халқының дәулеттілігін, мәдениетін жоғары деңгейге көтеру»- деген шешім болады. Бұл өзінің жазып кеткен қасиетті сөзі. Өмірінің соңына дейін ол халқына арнап Қазақ тілінің кітабын жазып, қазақ тілінің негізін қалап, қазақ мектебінің іргетасын тұрғызған алғашқы адам ол - Ахмет Байтұрсынұлы. Ия, осыны бүгінгі жастарымыз, мектеп оқушылары, тіпті бала бақшадағы бүлдіршіндер біліп өссе дейміз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың тіліне байланысты көп айтқан ғалым. Оған дәлел мына бір қанатты сөзі: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы ол- тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жойылмайды,- деген сөзі тура айтылғандай. Сондықтан да оған баға берген ғұламалар тіл білімінің атасы деп атады деп қорытындылады сөзін академик Дихан Қамзабекұлы. Ия Ахмет Байтұрсынұлы Қазақтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын айтып, жастарды оқуға, білім-ғылымға, рухани байлыққа, адами қасиетке, мәдениетке, адал еңбек етуге шақырды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын, байлардың опасыздығына қарсы шықты. Сондықтан да оның артына түсіп, дұшпандары шам ала жүгіріп, Ахмет Байтұрсынұлын түрмеге тоғытты. Ахмет Байтұрсынұлының басына түскен ауыртпалықтары жайлы кезінде қазақ зиялылары көп жазған. Бірақ оған берген әділ бағалар бізге кейін жетті. Сәкен Сейфуллин: … «Өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл- деген екен. Ахаңа арналған шараға мектеп оқушылары мен жастар да қатысты. Солардың арасында тумысын да өте зерек болып өмірге келген алты жастағы Ахмет Мырза да бар. Ол зеректігіне орай алты жаста мектепке барайын деп отыр. Ахмет Мырза өте елгезек, қазақ тіліне де, ағылшын тілінде де зерек - тілді жетік меңгерген. Әндерді тез жаттайды, лезгинка биі мен Майкл Джексонның билерін шебер билейді. Спортпен де жақсы шұғылданады екен. Каратэ, акробатика қатысып, сурет те салады. Ахмет Байтұрсынұлына арналған кеште ол Қазақстан Конституциясындағы Президенттің беретін антын жатқа айтып, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерінен үзінді оқып берді. Ия, «ұрпақтар сабақтастығы»- деген осы болар. Осындай ұлтын сүйетін, ана тілін құрметтейтін ұрпақтар көп болса, Тәуелсіздігіміздің тұғыры да биіктей бермек.
Алты жастағы Ахмет Мырза Конституция тармақтарын жатқа айтып, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқыды.
Ахаңның 150 жылдығына орай өтетін тағы бір шара веломарафон. Оған Ернар Мэльсұлы Қашқынов қатысады екен. Ол да осы кездесуге келіп, жиналған қауыммен қауышты. Оның айтуынша 5555 шақырым жолды 55 күнде жүріп өтпек. Веломарафон Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде 4-5 ші қыркүйекте Ахаңның туған ауылы Ақкөлден бастау алып, Түркияның Стамбул қаласына аяқталмақ. Бұл шарада Ахмет Байтұрсынұлына көрсетілетін құрметтің бір түрі.
Ия, XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық елге қажетті саяси өзгерістерді басынан өткергені баршамызға мәлім.. Сол кезеңде рухани жаңғырудың басында тұрған алаш ақтандақтыры болды.Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген азаматтар
алға шықты. Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болу жолында өмірін сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды арыс азаматтарымыз халқы үшін, қазақ елі үшін сұрқия саясатқа қарсы тұрды. Жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп,тәуелсіздікке
жетелеуге ұмтылған зиялы топ өздерінің өмірін қазақ халқы үшін, оның тағдыры үшін күресті. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының тағдыры – қиын болды. Бірақ бүгінгі жастардың өнеге етер оның адами қасиеті мен кісілігі бүгінде жастарға қызығарлық тағдыр. Ғұмыры ащы арманға толы, алайда өнеге боларлық өмірі жастарды рухшылдыққа тәрбиелейді.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 300-ге жуық шара белгіленді деп Парламент мінберінен сенатор Алтынбек Нұхұлы хабарлағанын білеміз.
Жыл аяғына дейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсірілмек. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындау ұсынылды.Ал кіндік қаны тамған ауылында мұражай үйін дұрыстап қалыпқа келтіру болатын. Бұл жұмыс аяқталып қалды деуге болады. Ахаңның кесенесі де жөнделіп бой түзеді. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауыл мен Қостанай қаласының арасы – 665 шақырым. Ал, аудан орталығы Торғай мен ауылға апаратын грейдер жолдың 100 шақырымнан астамына асфальт төсеу қажет. Бірақ ол жұмыс әлі баяу. 10 шақырымнан астамына ғана ақша бөлініпті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен Ахмет Байтұрсынұлы туралы арнайы кітап дайындалып жатыр.
Елімізде сол белгіленген шаралар түгелдей жүзеге асса, бүгінгі ұрпақ Ахмет Байтұрсынұлы жайлы біраз мағлұмат алып, оның қазақ халқына жасаған еңбегін дұрыс бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа Ахмет Байтұрсынұлының сегіз қырлы, сексен сырлы халқына жасаған еңбегіне құрмет көрсеткен болар еді.
Ғалия Балтабай «Құрмет» орденді журналист Астана қалалық ардагерлер кеңесі медиа тобы жетекшісінің орынбасары.