Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Бар болыңыз! Нар болыңыз, ардақты Асыл аға!

Құрметті Мейрам Жолтайұлы!

Еліміздің дамуына ерен еңбек сіңірген мерейлі мереке-85 жасыңызды Астана қалалық Ардагерлер кеңесі айрықша атап өтуде.

85 АҒА.jpeg

Халыққа қадірлі, елге сыйлы, талайларға үлгі тұтқан істеріңізбен, ақыл-парасатпен танылған жандардың арасындағы бірегейісіз! Сіз салған сара жол - оқиғаны бұрмаламай, сол болған күйде құрғақ сөзге салынбай жазу, әрбір нәрсені дұрыс түсініп, талдау, ақиқаттан айнымай шындықты көрсету, жақсыны да, жаманды да таразылай білу, шынайы деректерге сүйене отырып, қоғамға ақиқатты жеткізу, саралай білу, әділдікті ту ету - қолдарына қалам ұстаған журналистермен қатар барлық қоғам қызметкерлеріне, жас ұрпаққа, азаматтарға үлгі болатын мызғымас қағида болып қала бермек. Сіз халық пен билік арасындағы алтын көпір, дәнекер бола білдіңіз. Сонымен қатар, қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтын нағыз ұлтжанды азамат екеніңізді журналистік қызметіңізде де, зейнетте жүргенде де таныта білдіңіз. Жұмабек Тәшеновтың аруағын тірілтіп қана қоймай, Ташенов сынды Мемлекет қайраткерінің қазіргі біздің қоғамымызға да керек екенін көрсеттіңіз. Ұлтжанды азаматтың бейнесін аспанға көтеріп, барша қауымға үлгі-өнеге боларлық істерді тындыра білдіңіз. Әлі де терең талдауды қажет ететін тәуелсіздік жолындағы маңызды оқиғалардың бірі Желтоқсан туралы құнды деректер жариялап, Егемендік дамуда қасқа жолды көрсететін Ата заң жөнінде айтқан сүбелі пікірлеріңіз жоғары бағаға ие, ұрпаққа тағылым! Шындықты айтумен қатар, болған жайдың дұрыс-бұрысын тез аңғарып, әрбір істің мән-жайын талдап, тез қорытынды жасайтын, көтерген мәселенің шешімін тауып, тығырықтан шығар жолды іздестіретін, мәселені бүге-шігесіне дейін жеткізген майталман қаламгерсіз. Осындай ерен істеріңіз бағаланып, Кеңестер Одағы телевизиясы мен радиосының үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін» және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік медальдерінің иегері, КСРО журналистер Одағының лауреаты, КСРО көмір өнеркәсібі Министрлігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың грамотасымен марапатталдыңыз. Сондай ақ, Қазақстан журналистеріне арнаған алғашқы Энциклопедияда Сіздің есіміңіз алтын әріппен жазылған. Елордадағы ардагерлер қозғалысының дамуына, өскелең ұрпаққа мол тәрбие мен тәлімгерлік танытуда, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудағы еңбегіңіз бір төбе. Біз Сізді құрметтейміз. Мақтан тұтамыз! Құрметті Мейрам Жолтайұлы, Сізді ұлағат пен өнегеге толы, парасат майданының майталманы, алтын қаламгерлікке қайраткерлікпен келген 85 жасыңызбен құттықтаймыз! Асыл жарыңыз Ғайни жеңгемізбен отбасыңызға амандық-саулық тілейміз. Мерейлі мерекеңізбен! Бар болыңыз! Нар болыңыз, ардақты Асыл аға!

                                 Астана қалалық
                                 Ардагерлер кеңесінің
                                 төрағасы  С. Есілов

Мейрам АҒА-85.jpeg