Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік.
ДІН МЕН ДӘСТҮР
Дәстүрлі дін және ұлттық бірегейлік. Жат ағымдарға жол жоқ.Таяуда Астанадағы «Бауырдақ» дәмханасында «Дін мен дәстүр» тақырыбында «Әзірет Сұлтан» мешітінің және бас шаһардың бас имамы Нұрбек Қажы Әуесханұлы елорданың белсенді ардагерлерімен кездесті.



Бас имам отыз жылға жуық уақыт дін саласында атқарған еңбек жолы мен ауқымды жобаларын таныстырды. Сонымен бірге, бұқараның сана-сезімін ұлттық құндылықтарға бұрып, жас ұрпақты жат ілімдердің жетегінде кетуден қорғау үшін ата салтымен тәрбиелеуге басымдық беру керектігі сөз болды. Бұл орайда көпті көрген, тағылымы мол ардагерлер ұйымдарымен бірлесе қимылдаудың маңыздылығына тоқталды. Басқосуда талқыланған тағы бір өзекті мәселе — дүниеден өткен жанды ұмытпау, алайда құдайы асты бәсеке мен жарысқа айналдырмай, оның нағыз рухани мәнін насихаттау болды. Осы бағыттағы ірі жобалар қазірдің өзінде қолға алына бастады. Астарда ас ішу мәдениетін сақтап, уағыз бен ғибратты сөздерге көбірек мән беру, той-томалақтағы өрескел қылықтарға тосқауыл қойып, салт-дәстүрімізді мықтап ұстану — негізгі ізгі ниет. Бұл мәселелерді облыстық, қалалық кеңестердің өкілдерімен бірге «Дін мен дәстүр» бағыты аясында тұрақты жүргізу туралы ұсыныс қолдау тапты.




Дастарқан басындағы алқалы жиынға қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің «Әжелер» клубының жетекшісі Тұрсын Сүлейменова, клуб мүшелері Орал Кәрімова, Базылбек Шаржұмадов, белсенді ардагер Байғара Тоқсанбеков, медиа топ жетекшісі және басқа да аудандардың өкілдері қатысты.
Баянды ӘЛПИ, Алматы ауданы
ардагерлер кеңесі медиа топ жетекшісі