ЭСТОНИЯДА Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу...
Ұлы Отан соғысы ерлері туралы жад Естелік альбомымен толықтырылды
Бүгін, 24 маусымда Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде Эстонияда қаза тапқан және жерленген қазақстандық жауынгерлерді еске алу альбомымен таныстыру және қазақстандық майдангерлердің ерліктері жөніндегі кітаптарды ҚР Қорғаныс күштерінің әскери музейіне тапсыру бойынша іс-шара өтті. Іс-шараны ҚР ҚК ҮӘПО бастығының орынбасары – Әскери-тарихи музейдің бастығы Дәулет Қадыров ашты.




Алғашқы сөз Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы полковник Аманжол Оразбаевқа берілді. Полковник өз сөзінде Отан соғысының біткеніне сексен жылдан асса да оның адамдарға тигізген азабы мен қайғысы әлі күнге дейін жүректерде жатқанына тоқталып, сол сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен боздақтарды іздеуді тынбай жалғастырып, олардың табылғандарын туған-туыстарымен қауыштарып жатқан іздестіру қозғалысының қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Іздестіру тобының ізгі істеріне алғыс айтты. Бұдан соң жиналған қауымға «72 жылдан соң үйге оралу» документальді фильмі көрсетілді. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарында Эстонияны азат ету жолында қаза тапқан Қазақстаннан барған жауынгерлердің сүйектерін іздестіру және табылғандарын туған жеріне қайтару жұмыстары баяндалады.

Фильм соңында «Front Line» әскери-тарихи бірлестігінің командирі Андрей Лазурин Эстонияда жерленген қазақстандық жауынгерлер бейнеленген журналмен таныстырды. Альбомда 1941-1944 жылдары Эстония аумағындағы шайқастар кезінде қаза тапқан Қазақстан тумаларының тағдыры баяндалады. Сөз алған Астана қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Іргебаев:«Бұл Естелік кітапшасына жазылғандардың қатарындағы гвардия аға сержанты Игісін Қадырбаевты ерекше атап өткім келеді. Хабар-ошарсыз кеткен, «Ерлігі үшін» медалінің иегері И.Қадырбаевтың Эстониядағы «Бауырластар» қабірінде жерленгені туралы деректер табылған соң батырдың немересі – Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов, атасы жерленген жерге туған жерден бір уыс топырақ алып, рухына құран бағыштап, тағзым рәсімін жасау үшін аттанып кетті. Ал «Естелік альбомы Ұлы Отан соғысында Эстонияда хабарсыз кетіп, іздеушілердің ыждағатты еңбектерінің нәтижесінде жақында жерленген жері табылған гвардия аға сержанты Қадырбаев Игісіннің шөпшегі Сандуғашқа ресми түрде тапсырылды».

«Мемориалдық аймақ»- «Мемориальная зона» іздестірушілер тобының командирі ұстаз, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Майдан Көмекұлы Құсайынов қазақстандықтардың Кеңестік Одақта алғашқы болып іздестіру жасағын 1978 жылы құрғанын, биыл сол жасаққа 48 жыл толғанын хабарлап, іздестірудің жан-жақты жүргізіліп жатқанын, жерленген жерлерді қазу барысында жарылыстардың да болғанын мәлімдеді. Сол жылдары үш мыңнан астам «хабарсыз кеткен» қазақстандық жауынгерлердің майдан жолы мен тағдыры анықталды.Сондай-ақ бүгінгі кездесуге қатысып отырған іздестірушілердің табандылығына, қажырлылығына зор ризашылық білдірді.

Жиналған жұрт іздестіру қозғалысы азаматтарының ыждағатты еңбектерін жоғары бағалап, алғыс білдірді, істеріне сәттілік тіледі.
Баянды ӘЛПИ,
ҚР жазушылар одағының мүшесі.