ЕҰУ «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде» атты іс-шара өткізді.
ЕҰУ «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде» атты іс-шара өткізді
Шараны өткізуге мұрындық болған «Тарихшылардың ұлттық конгрессі».Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекет және қоғам институттары мен музей өкілдері, тарихшы-ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасы,экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекет - қоғам қайраткері, Астана қаласының құрметті азаматы, университеттің түлегі Есілов Сансызбай Сейітжанович арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында болды. Сансызбай Сейітжанович университет ректорының жеке қабылдауында болып, университеттің «Жазу тарихы» мұражайын аралап, көне жазу жәдігерлерімен танысып, өз қолтаңбасын қалдырды.
!
Айта кету керек, 2026 жылдың 2 наурызында өткізілген бұл басқосу ғылыми қауымдастық пен жас буын арасындағы рухани сабақтастықты нығайтуға және Жаңа Конституция жобасын талқылауда университет жастары мен ғалымдарымыздың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұлттық идеология саласындағы стратегиялық бастамаларды қолдау мақсатында әзірленген еді. Іс-шара барысында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төрт бірдей кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. Кітаптардың бас редакторы – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерлан Бәттәшұлы Сыдықов.


«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты кітап Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аттас мақаласы негізінде дайындалып, Тәуелсіздігіміздің құндылықтары, оны нығайту жолындағы жетістіктер мен сын-қатерлер жан-жақты сараланса, «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты» шығармалары елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетуді мақсат тұтады. Бұл Президентіміздің: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады» деп айтқан сөзімен сабақтасып жатыр. Ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қайраткерлердің қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына қосқан мол үлесі мен өнегелі өмір жолынан жастар санасына рух беруді мақсат тұтқан «Ұлт тарихындағы тұлғалар» кітабы да оқырмандар тарапынан жылы қабылданды. Төрт кітап – ұлттық сананы нығайтуға, тарихи жадыны жаңғыртуға және жас ұрпақтың елдік құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Ғылыми негізде дайындалған бұл еңбектер Тәуелсіздік идеясының, Абай мұрасының және ұлт тарихындағы тұлғалардың тағылымын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік береді!



Искакова Күлзира Ыдрысқызы, ЕҰУ профессоры.филос.ғ.к., Ардагерлер кеңесі төрағасы,«Тарихшылардың ұлттық конгрессі» мүшесі