Көктемдей құлпырған…
«Жастар» сарайында қаланың дамуына сүбелі үлесін қосқан астаналық әйелдерді ұлықтау рәсімі өтіп, шара артынша мерекелік концертке ұласты. Наурыз мерекесі қарсаңында Астана қалалық Ардагерлер кеңесі аталмыш шараны жақсы дәстүрге айналдырды.
– Шара аясында «Жастар» сарайында елордамыздағы көрнекті суретшілердің көрмесі қойылып, шығармашылық ұжымдардың концерті ұйымдастырылуда. «Көктем және әйелдер» деген атаумен жыл сайын өтетін мерекелік концертке Астананың ең белсенді деген ардагерлерін шақырамыз, – деп түсіндірді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов. Қошемет пен марапатқа ие болған асыл жандардың қатарында елорданың еңсесін тіктеген түрлі мамандық иелері бар. Олардың ішінде атақты сауыншы, Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова, денсаулық сақтау саласында талмай еңбек еткен, бүгінде Астана қаласы денсаулық сақтау ардагерлері кеңесінің төрайымы Алтын Сүлейменова сынды өз ісінің үздіктерінің аты аталды.
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ