Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ АБАЙДЫ ЕСКЕ АЛДЫ!
Ұлы ақынға құрмет көрсетілді
2024 жылдың 10 тамызы - Абай Құнанбайұлының туған күні. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған ғалымдар: филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазы, ақын Дәлеткерей Кәпұлы, тағы басқа профессор-оқытушылар Астанадағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынға құрмет көрсетті. Аталған шараға Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Сансызбай Есилов, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Мустафин мен қаланың басқа аудандарының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Сонымен бірге, шараға қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым, шығармашылық сала өкілдері және қала тұрғындары да қатысып, ұлт перзентінің туған күніне орай ұйымдастырылған жиын барысында Абайдың шығармашылығымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. ЕҰУ жанындағы «Топжарған» клубының мүшелері ұлы ақынға арнау айтып, өлеңдерін оқыды. «Абайдың сөзі – мыңжылдықтардың еншісі. Абай – адамзаттың сөзін сөйлеген адам. Ол адамзат ойшылдарының қатарында тұрған адам. Ол – Пушкин мен Лермонтовты сөйлеткен адам. Абайдың жолы – «Жаңа Қазақстанның» жарқын жолы деп есептеуіміз керек», - деді ғалым Серік Негимов. Еске сала кетсек, 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні деп белгіленіп, мерекелік күнтізбеге енгізілген еді. Ақынның 175 жылдық мерейтойында Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылған болатын..
Кездесуде Хакім Абайдың жиені Баймағамбет Ләйлім Мухлисқызы болды (ортада).
Мақала Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеттің сайтынан алынды.
**ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
қалалық және Алматы ауданы ардагерлер
кеңестерғінің Президиум мүшесі Искакова Күлзира**