Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ 30 жылдығы аталып өтті.

*Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы

30 ЕНУ.jpg

ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойына арналған екі мыңнан астам адам қатысқан Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ЕҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықовтың кіріспе сөзімен басталды. Ерлан Бәтташұлы жиналған қауымды және осы оқу орнында еңбек етіп, еліміздің білім, ғылым саласына айрықша үлес қосып жүрген ғалымдарды, оқытушыларды мерейлі 30 жылдық мерекемен құттықтады және мерейлі белеске университет үлкен табыстармен жеткендігіне тоқталды.

ҒАЛЫМДАР.jpg

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университетте 27 мыңнан астам студент білім алады, ал білім беру және ғылыми үдерісті шамамен 3 мың оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді. Университет 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты, цифрлық технологияларды және жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және басқа да бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерді белсенді дамытуда. QS World University Rankings 2026 қорытындысы бойынша ЕҰУ әлемнің жетекші университеттері арасында 317-орынға ие. «Университетіміздің басты байлығы – ол университетіміздің ұжымы.Білім ордасының іргесін қалап, бүгінгі биікке жетуімізге өлшеусіз үлесін қосқан ардагерлеріміз бен ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.Сіздердің тәжірибелеріңіз бен тәлім-тәрбиелеріңіз біз үшін әрқашан үлгі. Жыл сайын үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге және студенттер мен жас ұстаздарға шынайы ықыласымды білдіремін», - деді ректор.

МИИСТР НАУКИ.jpg

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда университет алғаш құрылған күннен бастап тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқаны және еліміздің бетке ұстар білім ұясына айналғаны айтылған. Құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік университет арасында ЕҰУ-дың көш бастағанын жеткізіп, алдағы уақытта білім мен ғылымның көшбасшысы болып, ұлттық университеттің беделін арттыра беретініне және университет түлектері еліміздің барлық саласында жемісті еңбек ететініне сенім білдірген. Ал өз атынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЕҰУ түлегі ретінде: «Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 30 жылдық тарихы бар ЕҰУ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Ұлттық университет ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр», - деді. Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бейнеқұттықтауы да көрсетілді. Онда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тәуелсіз Қазақстанмен бірге дамып келе жатқан және еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын жетекші ғылыми-білім беру орталығы екені айтылған. Сондай-ақ жиын барысында Ресей, Беларусь және Әзербайжан президенттерінің құттықтау хаттары оқылды және университет ұжымын ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, ҚР Бас прокуратурасы, Жоғарғы сот, жоғары оқу орындарының ректорлары және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түлектері құттықтады.

ГОРОДСКАЯ ДЕЛЕГАЦИЯ.jpg

Аталған салтанатты жиынға арнайы қонақтар ретінде шақырылған Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есилов пен Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Мустафин қатысты. Университеттің 30 жылдығын тойлау аясында студенттерді, оқытушыларды, түлектер мен қонақтарды біріктірген мәдени-көпшілік іс-шаралар: палау фестивалі, мерекелік концерт, ұлттық ойындар, көрме және интерактивті алаңдар, ЕҰУ түлектерінің слеті, қазақстандық өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары, спорттық шаралар мен университеттің көпұлтты мәдениеті мен студенттік рухын айшықтайтын халықтық серуендер өткізілді. ЕҰУ-дың 30 жылдығын мерекелеу оқу орнының факультеттері мен түрлі құрылымындарында «ЕҰУ- 30 жыл айлығы» жарияланып, жалғасуда.

                    Искакова Күлзира - ЕҰУ ардагерлер Кеңесінің төрағасы,
                    Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің және Алматы ауданы ардагерлер Кеңестерінің Президиум мүшесі

*Құрметті университет ұжымы мен ұстаздары!

Қадірлі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университтінің ұжымы, қадірлі ұстаздар, баршаңызды сіздердің төл білім ордаңыздың құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз!

ЕНУ.1.png

Еуразияның жүрегіне айналудағы Астанамыз Еуразия университетінің құрылысынан басталғаны белгілі. Сіздер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Қазақстанның жоғары білім саласын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келесіздер. Бүгінде бұл университет халықаралық білім беру кеңістігінде Елорданың рухани, мәдени, зияткерлік орталығы болып табылады. Еуразия университетінің ұстаздары тек Қазақстанда емес, алыс-жақын шет елдерде қызмет етіп, педагогика мен ақпараттық технологиялар, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес саласы бойынша еңбек нарығында озық ойлары және терең ұшқырлықтармен көзге түсуде. Университеттегі «Барлығы студент үшін» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған студенттерді әлеуметтік қорғау, сапалы медициналық қызмет көрсету, тегін кинотеатр ашу, халықтық «Шаңырақ» студенттiк театр-студиясы, хореография, вокал, домбыра, КТК, имидж-топтың құрылуы үлкен резонанс пен қоғамдық қолдауға ие. Сондай-ақ студенттер тек терең білім алып қана қоймай, ой өрістерін дамытып, мәдениеттілік пен мобильділік, креативті әрі көшбасшылық қасиеттерге ие бола алады. Әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі - QS World University Rankings 2026 нұсқасы бойынша Қазақстанның үздік университеттерінің қатарына кіріп, өзінің жоғары академиялық мәртебесінің тағы да расталуы университет басшылары мен ұстаздарының өздеріне жүктелген абыройлы міндетті әрдайым мінсіз атқарып, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жатқанының жарқын көрінісі болып табылады. Келешекте ұлттың шамшырағына айналатын білімді, білікті, талапты әрі талантты азаматтарды тәрбиелеудегі аса маңызды қызметтеріңізге сәттіліктің әрқашан серік болуын, үнемі алға жылжып, армандардың шыңына жете беруге тілектетік білдіреміз.

                                                 Ізгі ниетпен,Астана қаласының
                                          «Құрметті азаматы»,қалалық Ардагерлер
                                             ұйымы кеңесінің төрағасы С.Есілов