Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды!

      • ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КІТАП

победа.JPG

«Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты кітап – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен қазіргі көзі тірі 44 Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен арамызда жүрген тыл ардагерлері жайлы жазылған еңбек. Бұл бүгінгі ұрпаққа патриоттық рух беретін, еңбек ерлігіне бастайтын, ұлағатты тәрбие беретін құнды дүние деп айтуға болады. Онда Кеңес Одағы Батырларларының қаһармандық ерліктері мен арамызда жүрген астаналық соғыс ардагерлерінің майдан жолдары және соғыс жылдары тылда еңбек еткен астаналық ардагерлердің толассыз еңбегі баяндалады. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін мәңгі есте қалдыру үшін жазылған бұл кітап – Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесінің жастарға ой тастар, қолда барды қадірлей білу мен зұлымдық пен жауыздықты жеңудің жолдары мен бейбіт өмірді сақтап қалған біздің қаһарман жауынгерлеріміздің ерен ерлігін бүгінгі ұрпаққа паш ететін естелік. Ия, жастарымыз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Батырларымыздың үлгі-өнеге болатын өшпес ерлігін, патриоттық рухтағы жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп өссе, олардың Отаны мен туған жері, елі мен халқына деген сүйіспеншілігі артады. «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты кітаптан Екінші Дүниежүзілік соғысының басталуы жайлы, Ақмоладан құрылған жасақтар туралы деректер мен осы өңірден шыққан Кеңестер Одағы Батырларының өмірбаяндары мен аттары аңыз болған жауынгерлердің ерлік жолдары айтылады. Ұлы Отан соғысына Ақмола облысынан жасақталған 90 мың әскер майданға аттанса, соның 33950 жауынгер қайтып оралмапты. Ия, ақмолалық майдангерлер осы Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлікпен, жан аянбай жауға қарсы тұра білді. Ата бабалары мен атақты қазақ батырларының ерлік жолдарын қайталаған майдангерлердің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болады. Олар еліміздің ең жоғары наградалары - ордендермен жəне медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, 44 адамға ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, жеті жауынгеріміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Атап айтсақ, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мəрте ие болған ұшқыш генерал-майор, әуеге 305 рет немістерге қарсы әскери шабуылға шыққан, өліммен бетпе-бет айқасқан қаһарман-ұшқыш Талғат Бигелдинов, Мәскеу үшін шайқаста 27 рет қол бастаған атақты панфиловшы, бірнеше кітаптың авторы, жазушы атамыз Бауыржан Момышұлы жайлы деректер бар. Оған Батыр атағын береміз, тек ата-бабаңнің тегін өзгерт дегенде, ол: «Атақ үшін ата-бабамды сатпаймын деп»,- қасқайып тұрып алған атақсыз батыр еді. Бауыржан Момышұлы Кеңестер Одағының Батыры атағын 1990 жылы, ал Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын елбасымыздың Жарлығымен 1995 жылы алған болатын. Сол сияқты бұл кітапта батырлық ерлігі 62 жылдан соң мойындалған, Берлиннің Рейхстагына Ту тіккен Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Қазақстанның тұңғыш Қолбасшысы болған Кеңестер Одағының Батырлары Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Батыр қыздарымыз Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуас Доспановалар жайлы мағыналы да, мазмұнда деректер бар. Біздің көбіміз біле бермейтін Қазақстаннан шыққан ұшқыш қыздар көп. Міне осы кітапта сіздер қазақтың ұшқыш қыздары Дәмелі Жакеева, Мәдина Ысқақова, Қамқа Үмбеталина жайлы да мағлұматтар оқи аласыздар. Осы жерде ерекше айта кететін жайт жылдан жылға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны азайып барады. Өткен жылы Елордада 81 соғыс ардагері болса, биыл Жеңіс күнін Нұр-Сұлтан қаласынан бар жоғы 44 ардагер қарсы алып отыр. Кітаптан сіздер астаналық соғыс ардагерлерінің де ерліктерін оқи аласыздар. Сондықтан да халқымыз соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін жойған, қан-төгісті ешқашан да ұмыта алмайды. «Неше мың жыл өтсе де бұны біз қан майданда қаза тапқандардың ерлігін көрсететін тарих деп білеміз. Ия, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін құрбан болған жауынгерлеріміз ешқашан да біздің есімізден кетпейді. Біздің өміріміз үшін жанын пида еткен майдангерлерді кейінгі ұрпақ осы сұм соғыс қайталанбауы үшін, оның қасірет-қайғыларын, ұмытуға құқылары жоқ. Біздер осы Жеңістің қалай келгенін мәңгі есімізде сақтауға міндеттіміз, әрі жауынгер аталарымыз бен ағаларымыздың ерлігін бағалап оны насихаттауға қарыздармыз. Тәуелсіздігімізді, туған жерімізді сақтап қалу үшін біз жанымызбен, тәнімізбен қызмет жасауымыз керек. Міне, осы орайда Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі майдангерлеріміздің Отан алдындағы борышын орындаған жауынгерлеріміздің көрсеткен ерліктерін еске алып отыруымыз қажет. Ол естеліктер бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге болады. Мына қолдарыңыздағы «Ұлы Жеңіс - ешқашан ұмытылмайды» атты құрастырушы-автор Ғалия Құсайынқызы Балтабайдың кітабы жастарымыз бұны оқи отырып, соғыс ардагерлерінің майданда ерлік көрсеткен жолдарын көз алдарынан өткізеді.

КІТАП ҒАЛИЯ.jpg

Бүгінгі ұрпақ бұл еңбектен ерекше нәр алып, рухтанып, батырларымыз бен майдангерлеріміздің соғыстағы ерліктерінен рухани мол қазына жинақтайды. Отанымыздың нағыз рухты патриоты болуға қадам жасайды деп ойлаймыз. Міне, енді бірер күннен кейін соғыс зардабын көрген мемлекеттер теңдессіз Ұлы Жеңісті атап өтпек. Біздің жарыққа шығарып отырған «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» кітабіміз қан майданда қаза тапқын жауынгерлер мен қазіргі көзі тірі соғыс майдангерлері мен тыл ардагерлеріне жазылған Ескерткіш кітап болсын дейміз. Бұл кітап - оқырманның көзайымына айналар деген ойдамыз. 9 мамыр -Жеңіс күні. Биыл сіздер мен біздер Ұлы жеңістің 75 жылдығын бір кісідей атап өтейік деген тілек білдіремін. Бұл - Жеңіс сан мыңдаған ұрпақ үшін, ұлты мен тілі, діні мен мәдениеті бөлек халықтар үшін баршамызға ортақ - Жеңіс. Бұл Жеңіс – Отанын қорғаған қаһарман жауынгерлердің ерлігі мен тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшы-еңбеккерлердің ұмытылмайтын ерен ұлы ерлігі мен еңбек-Жеңісі! Мерекелеріңіз құтты болсын!

                                *Ғалия Құсайынқызы Балтабай,
                            Кітаптың авторы- әрі құрастырушысы
                                  «Құрмет» орденді журналист*