Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

МАЗМҰНҒА БАЙ, ТАЛАПҚА САЙ НАУРЫЗНАМА!

МАЗМҰНҒА БАЙ, ТАЛАПҚА САЙ

(2024 жылғы 22 ақпанда, № 22 «Астана Ақшамы» газетінде Мәдениет танушы, этнограф Серік Ерғалидың «Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы туралы» пікір).

            Аулым көшіп барады, Көлмекөлге,
            Алыс дейді Көлмекөл,көрмегенге.
            Тіршіліктің барында ойна да күл
            Күн күнкіреп, жаз шығар өлмегенге.
                                   (Халық әні) 

ШАҢЫРАҚ СУРЕТ.jpg

Иә, өзекті жанның үмітін жалғап, жыл басы– Наурыз да келді.Қашан да жақсылыққа, береке бірлікке, татулыққа шақыратын Наурызды адамзат зор үмітпен, қуанышпен күтеді. Күн мен түннің теңеліп, жер дүние жаңарып, күн шуағы төгілген табиғатпен бірге адам жаны да түлеп, жасарғандай болады.Көктем лебі сезінгеннен-ақ адамдар арқасы кеңіп жыл басын қарсы алудың қамын жасай бастайды. Үй-ішін, қора-қопсыны тазалап, кетпен күректерін сайлап, бұлақ көзін ашуды бастайды. Ауыл ақсақалдарының соңынан шұбырған балалар да қарап тұрмай жылға-жылғамен қуалай аққан су жолдарын аршып, қолғабыс етеді.Бұл да бір тәрбиенің көзі, келешекке де негіз болатын игі шара десе болады.

ТАЙ ҚАЗАН.jpg

Біздің бала кезімізде «Наурыз мейрамы» деген нақты атауы болмады. Жыл келді-амал келді дейтін, жақсы ұлттық киімдерін киіп, кимешектерін қоқырайта биік күндік шаршы орамал байлап, бәйбішелер шықса, қызыл-жасыл киініп әрленіп қыз-келіншектер шығатын. Үлкендер бір-бірімен төс қағыстырып, құшақ айқастырып көрісіп, бата, тілек айтып, ізгі ниетпен жүздесетін. Сол жарқын мерекені «діни мейрамы» деп 1926 жылдан бастап тойлауға тыйым салынды. Алайда еліміздің көптеген өңірлерінде бейресми түрде атап өтіліп жүрді. Бұл әрекет елдің рухын басу үшін, халықтың бірлігіне селкеу түсіру үшін жасалған саясат болатын. 1988 жылдан Наурызды тойлауға рұхсат етілгеннен бастап түрік тектес халықтардың ұлттық мейрамы ретінде қайта жаңғырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз тойы кеңінен қанат жайды. Ұлттық салт-дәстүрлер, ойындар қайта түлеп өзіндік сипат алды. Бірақ кейінгі кезде бірсарындылыққа ұрынып, этнографиялық формадан асалмай қалғаны шындық. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2024 жылы 3 қаңтарда «Egemen Gazagstan» газетіне берген сұхбатында «Наурыз жаңару мен жаңғырудың символы». Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек деп қадап айтты. Соған орай мәдениет танушы этнограф Серік Ерғали «Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасын» жасап, оны 2024 жылғы 22 ақпанда, № 22 «Астана Ақшамы» газетінде жұрт назарына ұсынды. Наурыз айының бастауынан бастап, әрбір күнінің аталуы мен оның маңызын терең талдап беріпті. Мәселен: 14 наурыз – «Көрісу күні-Амал мерекесі» 15 наурыз - «Қайырымдылық күні» 16 наурыз – «Мәдениет және ұлтты салт-дәстүр күні күні»

17 наурыз – «Шаңырақ күні»

бесікке бөлеу.jpg

18 наурыз – "Ұлттық киім күні»

ару аналар.jpg

19 наурыз – «Жаңару күні» 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні»

асық ату.jpg

21 наурыз – «Ынтымақ күні» 22 наурыз – «Жыл басы күні» деген атаулар көтеретін өз жүгі, атқаратын өз міндеттері бар. Көңілге қонымды. Айтар ойы бар. Қызығушылық тудыратын жаңа идеясы бар. Әрбір күнді, әрбір қатысатын өнер ұжымдары немесе қоғамдық негіздегі орталықтар бөлісіп алып, лайықты бағдарлама жасап, оны ойын-сауық, ән-күймен ұштастырып отырса толыққанды «Наурыз-думан» болып шыға келетіні сөзсіз. Әрине ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар, жеңсік ас мәзірлері ұсынылса, тіпті нұр үстіне нұр болмақ.

ұлттық киімдер.jpg

Сондайақ этноаулдарда сал-серілер шеруі, «Қыз Жібектің күймелі көші», би-шешендер тағылымы секілді қызықты да көркем бағдарламалар көрсетілсе қандай ғанибет. Ұлттық құндылықтарымызды көріп, рухани жаңғырып, жас та, жасамыс та бір серпіліп қалар еді. Ұрпақ сабақтастығы үзілмейтін алтын арқауға айналып, беки түсер еді. Осының бәрі тікелей эфирден көрсетіліп, насихатталып жатса көпшіліктің көңілінде мақтаныш сезімі мен патриоттық рухы оянары сөзсіз. Наурыз-думанда негізінен ұмытылып қалған, сирек орындалатын халық әндері мен Халық композиторларының әндері, сөзі мен әні үйлесіп тұрған шығармалар орындалса, ұлттық мәдениетіміздің інжу-маржандарын көрсетсек бай мұраларымыз жаңғырып, өнер көкжиегі кеңейе түседі емес пе. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсейік» дегеніне орай жасалған Тұжырымдаманы қуана қолдаймыз. Жан-жақты ойластырылған, мазмұнға бай, талапқа сай деп түйіндеп айтуға болады. Адамзатты береке-бірлікке шақырған, ынтымақты Наурыз мерекеміз құтты болсын!

ҚҚБ.jpg

                       **Құспан Қарлығаш Бәкенқызы,    ҚР Журналистер Одағының мүшесі,Ардагер журналист.**