«ӨМІРІМНЕН ЕСКЕРТКІШ» тұсаукесер!
ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!
Рамазан айындағы бүгінгі қасиетті жұмамыз қабыл болсын! Мына жаңалық - қуанышымды сіздермен бөліскенді жөн көрдім. Биылғы жаңа жылымыз Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында айтулы іс-шара өтті. Осы қасиетті айда ұйымдастырылған бұл жиындардың имандылық пен парасатқа, дін мен дәстүрге, тәлім тәрбиеге байланысы зор.Оған себеп Ғылмани Үкіжан (Мүмина) Сəдуақасқызының «Фолиант» баспасынан (Астана) шыққан «ӨМІРІМНЕН ЕСКЕРТКІШ» атты мұрасының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек əйгілі қази перзентінің 11 дəптері негізінде дайындалған. Құрастырып, алғысөзін жазған – филология ғылымдарының кандидаты, осы университеттің доценті Гүлбайра Өтелбай.
Кітаптың демеушісі іскер азамат, қайраткер Ерлан Барлыбаев. Сəдуақас Ғылмани – еліміздің айтулы дін ғұламасы, өткен ғасырдың 20–30-жылдары көз - қарасы мен сенімі үшін қудаланған тұлға, 1952–1972 жылдары Қазақстан қазиятын басқарған қайраткер, аудармашы. Соңында қалған көп мұрасы əлі толық кітап болып шықпаған. Бір ғана 108 мың сөзден тұратын арабша-қазақша сөздігі сол күйінде қозғалмай тұр. «Өмірімнен ескерткіш» қайсар қазақ қызының атеизм дəуірінде əке өсиетіне адалдығын, еңбекқорлығы мен парасатын, ең бастысы үзіліссіз рухани мұраны құнттауын, үнемі дін мен дəстүр үйлесімін насихаттағанын дəлелдейді. Кітап мұратану, дінтану, өлкетану мамандарына, руханият тарихына қызыққан қауымға арналған. Кітаптың таныстырылымын кітапхана директоры, доцент Бақытжан Оразалиев ашып, профессор Серік Негимов, кітапты əзірлеген доцент Гүлбайра Өтелбай, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар Өмірсерік Ержанов, Манап Əбдірешов, ел аналары Балапан Айтбаева, Мөрбан Жиенбекова, Үкіжан апаның ұлы Самат Кəрімов пікірін ортаға салды. Осы кештің соңында сөз алған елімізге танымал атақты ғалым Дихан Қамзабек өте тамаша қорытындылап аяқтады.
Зал толы қонақтар ішінде асыл анамыздың туған-туыстары, ғалымдар, зиялы қауым, ұлағатты ұстаздар, кітап оқырмандары мен бірге менің де болғаныма Аллаға мыңда бір шүкіршілік еттім. Оған себеп Алланың рахымымен соңғы 15 жылдай асыл да ардақты Үкіжан апамызбен «Ғылмани Садуақас мешітінде» жұма намазына бірге оқуға, дәмдес болып, арасында көптеген кездесулер ұйымдастырып апамыз балам деп батасын беріп еді.
Осы кешті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі алаш ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер жүргізді.
Бұл мақалада «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген дінтанушы Мұратбек ДӘРІБАЙ-дың мақаласынан да деректер қолдандым.
Қоғам қайраткері, еңбек ардагері,
ағартушы-ұстаз, «ҚР Құрметті азаматы»
Оспан қажы Сүлейменұлы.