ОРАЗА БАТА МЕН ТІЛЕКТІҢ ҚАЙНАРЫ!
Ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары!
Ұлттық мәдениет өзінің мазмұны бойынша терең және көп қырлы құбылыс. Қазақ халқының өзіндік мәдениетінің қайнары көне заманнан келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарында жатыр. Қазақ халқының салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары қашанда жақсылыққа шақырған, терең рухани мазмұнда болған. Бүгінгі күндері біздің елімізде қалыптасқан тәжірибеге орай ауызашар рәсімі кеңінен және барлық жерлерде атап өтілуде. Ауызашар - жаратушының басты бір әмірі ретінде қасиетті Рамазан айы кезінде ауы збекіткендерге құрмет көрсету болып табылады.
Өткен аптада Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ-де ардагерлер кеңесінің ауыз бекіткен мүшелеріне Ауызашар ұйымдастырылды. Рәсім кәсіподақ төрағасы Сейдеш Б.Б. және Jastar департаментінің директоры Тілеп Ж.А. қолдауымен өткізілді.
Ауызашар дастарханына Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелерімен қатар, Астана қаласының Ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Меңлібаева С.Д. және қаламыздың Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Ахметжанова К.М. шақырылды. Олар Ауызашарға қатысып, қасиетті Рамазан айымен құттықтап, қасиетті рәсімнің сәтті өтуіне тілек білдірді.
Қайырымдылық рәсім мейірімділік пен ризашылық жағдайында өтті. Университетте 40 жылдан астам қызмет атқарған Жанайдаров Т.Ж., Ахметова К.К., Елубаева Х.К., Мейрамова Л. өз естеліктерімен, өмірлеріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, келісімдік, мәдениет және ұрпақтар сабақтастық туралы шынайы ойларын ортаға салды.
Еуразияшылықтардың жас толқыны аға буын өкілдеріне үнемі құрмет көрсетіп келгенін мақтанышпен айтуға болады. Осы жолы да Тілеп Жамбыл Амангелдіұлы бастаған Ауызашар дастарханының жас өкілдері қазақ күйлері мен халық әндерін нәшіне келтіріп орындап, ата-әжелердің ризашылығына бөленіп, олардың бақыт пен табыс тілеген баталарын алды.
Ауызашар рәсімінің рухани жалғасы қасиетті Құран оқылып, аға буын ақсақалдар қазақ жеріне бейбітшілік пен гүлдену тілеген бата берумен аяқталды.
Искакова К. И., Алматы ауданы
Ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі,
жастармен жұмыс комиссясы жетекшісі;
ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, философ.ғ.к., профессор