Шаңырақ шайқалмайды, жұбайлар берік болса!
Шаңырақ шайқалмайды,жұбайлар берік болса.
2025 жылы12 қыркүйек күні Астана қаласы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен
“Берекелі отбасы-баянды болашақ” атты шара өтті.
Қатарластарына мақтаныш,жастарға үлгі боларлықтай ұзақ жыл отасқан,бір шаңырақта 55,60,70 жыл бірге тұрып ұрпақ өрбіткен
ерлі-зайыптыларға әрине қызыға қарайсың.Қызығы мен қиындығы қатар жүретін отбасылық тірліктің барлық жолынан өткен жұбайларды ұлықтау мәртебелі парыз.
Отбасы және неке институтының әлеуметтік мәртебесін көтеру,отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен қалалық ардагерлер кеңесі өнегелі де мағналы
іс-шара өткізді.Оған шаңырақ құрғандарына 55,60,70 жыл болған ерлізайыптылар шақырылды.Олар негізінен соғыс майдангерлерінің ұрпақтары десе болады.Әр отбасының қалыптасқан қағидалары әртүрлі болғанымен бастан кешкен қиындық сынақтары бірдей.
Соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс,халқымыз шеккен қасырет тартқан азап,жетім бала,жесір аналар көрген қиындықтар барлық отбасының басынан өтті.Соған қарамастан шаңырақты шайқалтпай қазығын берік ұстаған жұбайлар міне осы күнге де жетті.
Шүкір!
Халықаралық қарттар күні қарсаңында өткізіліп отырған бұл іс-шараның ұйымдастырушысы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есілов Сансызбай Сейтжанұлы ұзақ жыл отасқан шаңырақ иелерін құттықтап жүрек жарды сөз арнады.Кездесу бұрынғы “Октябрь” кинотеатры,қазіргі Е.Рахмадиев атындағы Академиялық Филармонияның кіші залында өтіп отырғаны да бекер емес.Бұл сіздер мен біздердің жастық шағымыздың куәсі болған ғимарат болғандықтан таңдалды,- деп өткен тарихты еске түсірді төраға.
Қалалық әкімдіктің Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлмұханов Нұрдәулет Иманәліұлы өз сөзін: Адамның тұлға ретінде қалыптасуы отбасынан бастау алады.Отбасы сүйіспеншілікпен парасаттылықтың бастауы,адам ғұмырының тірегі ғана емес,қоғамның басты негізі екенін атап көрсетті.
70 жыл бірге отасқан Білалов Қабжан ақсақал мен Құсайынова Қапиза бәйбішенің басынан өткерген қиындықтары адам төзгісіз.Бірақ шындық.Оны өз ауыздарынан естігенде тебіренбеу мүмкін емес.Сондай-ақ 60,55 жыл отасқан жұбайлардың да өмір жолдары соқтықпалы,соқпақты.
“Берекелі отбасы-баянды болашақ” атты іс шарада жаңадан үйленген жас жұбайларға ардагер ақсақал Аширов Амангелді бата берсе,
”Әдемі” ардагерлер ансамблі әннен шашу шашты.Халықтың сүйікті әншісі Өзгеріс Шерікбай салған ән өзгеше әсер берді.Іс шараға арнайы шақырылған,ұзақ жыл отасқан жұбайларға сый-сияпат,алғыс хаттар табысталды.
Махаббаттан нәр алған,ұрпағы өсіп таралған.
Ұзақ жыл бірге отасқан, Жұбайларда жоқ арман.
Уызға тойып жарыған,
Оң солын әбден таныған.
Мейіріне қанған ананың,
ұрпақтарда да жоқ арман!
Тағылымы мен өнегесі мол бұл шараның түйінін осылай бекіттік!
**Қарлығаш Бәкенқызы қалалық ардагерлер медиатобының мүшесі.**