**ШОҚАН УӘЛИХАНОВҚА - 190 ЖЫЛ: мерейтойлық көрме мен дөңгелек үстел өткізілді*
ШОҚАН УӘЛИХАНОВҚА - 190 ЖЫЛ: мерейтойлық көрме мен дөңгелек үстел өткізілді**
2025 жылғы маусым айының өткен аптасында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы, саяхатшысы және этнографы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына арналған «Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы» атты мерейтойлық көрме мен дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін жас ұрпаққа насихаттау. Тың деректер мен музей жәдігерлері арқылы Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан елеулі үлесін таныстыру.
«Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы» атты көрмені ҚР Ұлттық музейі, Ш.Уәлиханов атындағы Алтынемел мемориалдық музейі, Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі бірлесіп ұйымдастырды.
Көрме негізгі 4 бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, Шоқанның балалық шағы, өмірі мен қызметі, Омбыдағы Сібір кадет корпусындағы оқу жылдары, алғашқы зерттеулері; 1858–1859 жылдары жасаған әйгілі Қашғар жорығы экспедициясы нәтижесінде Шоқан есімінің Еуропаға танылуы; Шоқанның, ғылыми мұрасы, өнердегі бейнесі кеңінен қамтылған. Экспозицияда ғалымның қолжазбалары, хаттары, ғылыми еңбектері және тапанша, сандық, белбеу, отбасылық бұйымдар секілді жеке заттары қойылған. Сонымен қатар Қашғар сапарына арналған көрнекі материалдар, мұрағаттар мен музейлерден алынған фотоқұжаттар да бар.
Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысушыларға арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды, онда Шоқан Уәлихановтың қазақ халқының рухани болмысы мен мәдениетінің қалыптасуына қосқан теңдессіз үлесі атап өтілген.
Іс-шара аясында ғалымның ғылыми мұрасы мен қоғамдағы рөлін талқылайтын дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелді ҚР Ұлтық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөзбен ашып, оған отандық тарихшылар, этнографтар, өнертанушылар, музей қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелде негізгі баяндамаларды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары жасады. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, тарих ғылымдарның докторы, профессор Мақсат Алпысбес, әдебиетші-ғалым Қайырбек Кемеңгер,педагогика ғылымдарның докторы, профессор Қуат Сапаров.Музей директорлары мен зерттеушілер:Жарылқап Бейсенбайұлы,Ендібай Жәлел, Ақтоты Смағұлова,
М.Рахатова,Н.Күлбаева, т.б.
Отандық тарихшылар,этнографтар,өнертанушылар,музей қызметкерлері және студенттермен бірге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ардагер ғалымдары да дөңгелек үстел жұмысына үлкен ықыласпен қатысты. Күлзира Искакова, Раушан Иманжүсіп,Жанна Қадырбақызы Шоқанның ғылыми және әдеби бейнесінен бастап,шежіре,музейлік мұра мен мәдениеттегі орнын кеңінен талқылады. ҚР Ұлтық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдары докторы Ақмарал Ғосманқызы Ибраева ардагерлерге музейдің мерейлі іс-шарасына қатысқаны үшін рақмет айтып,келешекте де шығармашылық қарым-қатнаста болуға тілек білдірді.
Өткізілген іс-шара заманымыздың ұлы даналарының бірі Шоқан Уәлихановтың халқымызға ғылыми мұра ретінде қалдырған баға жетпес еңбектерінің осы күндері де ахуалдылығын дәлелдейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме 2025 жылдың
12 шілдесіне дейін жалғасады.
***Күлзира Искакова ЕҰУ Ардагерлер кеңесі төрағасы,Астана қаласы жәнеАлматы ауданы Ардагерлер кеңестері Президиум мүшесі, филос.ғ.к., профессор*******