Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ТӨРЛЕТ НАУРЫЗ - 2023

Алматы ауданының ардагерлері-Наурыз тойында

22 наурыз күні Алматы ауданының ардагерлері Астана қаласының «Құмыра» алаңында Алматы ауданы әкімдігі ұйымдастырған «Наурыз төрлет» мерекелік бағдарламасын тамашалады.

1.jfif

Алаң халыққа лық толған. Оншақты аппақ шаңқай киіз үйлердің қатарынан орын тепкен дүңгіршіктер мен шатырларда Наурыз көже, бауырсақ, ыстық шайды тамсана дәмін татып жатқан жұрттың көңілі көтеріңкі, Әр киіз үйден күмбірлеген музыка әуені алаңға төгіліп тұр. Алаңның оң жақ қапталында Алтыбақандар жайғасыпты, оның маңында қаптаған бала-шаға мен жастар. Ал батыс жағында Алматы және Сарыарқа аудандарына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының «Қол өнер» үйірмелерінің мүшелері ұйымдастырған көрмелердің қасында да жұрт иіріліп тұр. Алаң ортасында үлкен сахна орын тепкен екен. Жүргізушілер қазақтың ұлттық салт-дәстүрін айшықтайтын көріністерді ортаға тастап, халықты риза қылып жатыр. Әсіресе қазақтың ұлттық ойындары жайлы балалармен диалог ұйымдастырып, оларды сол ойынға араластырып жіберуі өте тартымды болды. Бұл тұста «Қуыршақ» театрының әртістерінің өнері көрермендердің көңілінен шықты. Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген Алматы аудан әкімі Мақсат Саматұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы Мұстафин бастаған топ киіз үйлерді аралап, барша қонақтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі. Мақсат Саматұлы өз құттықтауында: - Құрметті қала тұрғындары! Қадірлі қонақтар! Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады. Сонымен бірге, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде айтулы оқиғалар болуда. Күні кеше саяси науқанды өткеріп, ел болашағы үшін өз таңдауларыңызды жасадыңыздар. Осы жыл бәріміз үшін құтты, берекелі жыл болсын! – деді Бұл мерекеге арнайы шақырылған Алматы ауданы ардагерлерінің «Ел орда» Халықтық хоры «Тұмар» ЖШС-ң бас директоры Шайхыстанова Гүлмира Құлахметқызы ханым орнатқан киіз үйге жайғасып, олардың ұсынған ыстық шайы мен асынан дәм татып алған соң, көпшіліктің ұсынысы бойынша Жекен Тебіреков ақсақал, балғын бөбек Исаның тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Онан соң киіз алдындағы алаңқайда үлкен концерт берді. Халық хорының құйқылжыта шырқаған әндері төңіректегі халықты өзіне баурап алды. Жан-жақтан «Әп бәрекелді» деген халықтың қошеметі естіліп жатты, тіпті хорға қосылып, бүкіл алаң әнге бөленді. Әсіресе «Елорда» хорына жуық арада қосылған Есенбек Сатпаевтың домбырамен шырқаған термелері дүйім халықты бір желпіндіріп тастады. Осындай көңілді сәтте сөз алған Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин:- Алматы ауданының ардагерлері, зейнеткерлер Наурыз мерекесін тойлауға бар ынта жігерімен қатысуда. Сіздердің алдарыңызда Үміт Әлібековна апамыз бен Жекен Молдағалиұлы ағамыз басқарған «Елорда» Халықтық хоры өз өнерін ортаға салып жатса, ардагерлердің «Арқа әуендері» атты Халақтық ансамбілі Қошқарбаев ауылында концерт беріп жатыр. Оспан Балкембаев ағамыз «Жігер-2» кешенінде наурыз тойын ұйымдастырып жатыр, Майра Қоразова апамыз Мичурин елді мекенінде бүкіл ардагерлерді осы мерекеге тартып жатыр. Ал «Күйші Дина» кешенінде Дина Нүрпейісова қорының төрағасы Төлеген Шаңғытбайұлы ұйымдастырған іс-шараға қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ағамыз қатнасып, халыққа өзінің жылы лебізін білдірді. Алматы ауданына қарасты аудан әкімдігі ұйымдастырған 15 шақты бекеттерде ардагерлер Наурыз мерекесіне белсенді араласуда. Ол заңды да, өйткені көнеден-жаңаға, атадан-балаға мұра болған салт-дәстүрімізді дәріптеу, ұрпақтар сабастығын жалғастыру ақсақалдар мен әжелердің несебесі. Ендеше мереке құтты болсын, еліміз өркендеп, баршамыз бақыт биігінде болайық-деп ағынан жарылды. Іс-шара соңында үлкендердің батасы жасалып, меркелік жиынға қатысқан қонақтар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күйде жаңа жылдың берекелі болуын тілеп тарқасты.

                ***Алматы* ауданы ардагерлер 
                  Кеңесінің мүшесі Манап Әдірешев**