Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ТУҒАН ҚАЛАМНЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕП, ГҮЛДЕНГЕНІНЕ ҚАТТЫ ҚУАНАМЫН

КӨЗ АЛДЫМДА ЖАЙНАП ШЫҚҚАН ҚАЛА

– Сансызбай Сейітжанұлы, елордасы Алатаудан Арқаға ауыса салысымен Астана әкімінің орынбасары қызметіне келдіңіз. Оған дейінгі өмір жолыңызбен таныстырсаңыз. – Өткенге көз жүгіртер болсам, негізі, осы Астанада туып-өстім. Әкем Астананың жанындағы 96-разъезде теміржолда жұмыс істеді. Мен бесінші сыныптан бастап осы қалада мектепте оқып, осында оқуды бітірдім. Мектептен кейін теміржол техникумын аяқтап, әскерге барып келіп, еңбек жолымды теміржолдан бастадым. Астрахань ауданында аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Теңіз ауданында да қызмет істедім. 1988 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін сол кездегі Целиноградқа қайтып оралдым. Облыстық партия комитетінде жұмыс істедім. Одақ тарағаннан кейін облыс басшыларының ұсынысымен Ақмола аймақтық мемлекеттік мүлік комитетін басқардым. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, 1997 жылы Ақмола облысы әкімдігі аппаратының басшысы болдым. Сол жылдың 10 желтоқсанында астана Арқа төсіне көшті. Дәл сол күні Астананың бірінші әкімі Әділбек Жақсыбеков елорда басшысы қызметіне тағайындалды. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін мені ол орынбасарлыққа шақырды. Содан бастап жұмысқа белсене кірістік. – Сол уақыттағы Астана мен қазіргі бас қала, әрине, салыс­тыруға келмейді. Сіздер жұмысты неден бастадыңыздар? Алғашқы кезеңде алдыңызға қандай талаптар қойылды? – Фарид Галимов басшылық еткен Астананы көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде елорданы көшіру, мемлекеттік органдарды жаңа орынға орналастыру жұмыстарымен айналысқаным бар. Астана әкімдігінде жұмысты бастағаннан кейін қаланың болашағына деген зор сенімім болды. Екіншіден, жергілікті азамат болған соң, елорда әкімінің орынбасары қызметі өзім үшін үлкен сын болып, намысқа тырысып, жұмыс істедім. «Елге ел қосылса – құт, елден ел көшсе – жұт» дейді. Есіл жағасындағы елге ел қосылғанына қуандым. Қаламыз жай қала емес, елорда болған соң да жауапкершілік жүгі ауыр еді. Алғашқы жылдары қаланың жағдайы да мәз болмағанын ашық айту керек. Барлық қаладағы сияқты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ақмолада халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошақтары банкрот болып, жұмысын тоқтатты. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Жылу, электрэнергиясы, су инфрақұрылымының, қаланы абаттандыру, тазалығын сақтау мекемелерінің жағдайы нашарлады. 1998 жылы қала бюджетінің көлемі 9 миллиард теңге шамасында болатын. Бүгінгі күнмен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Қазір Астана бюджеті 343 миллиард теңгені құрайды. Әрине, бәрі қаржыға барып тіреледі ғой, бастапқыда міндетіміз қала жылу жүйесін аязда қатырып алмау, сумен қамтамасыз ету, электрэнергиясы жүйесін жөнге келтіру болды. Күні-түні стансаларда жүрдік, апат орын алатын болса, жұмысшылармен бірге соны жөндедік. Жұмысымыз Елбасының бақылауында екенін сезіп жүрдік. Өйткені жылына екі рет әкімдікте Президенттің қатысуымен жиындар өтетін. Сол кезде Елбасы бәрімізді орнымыздан тұрғызып, Астананың жағдайын сұрайтын. Қаржы жағынан көмек беріп, ақылын айтатын. Бірте-бірте қала қалыптасты. Құрылыс жүріп, жаңа ғимараттар, жолдар салынып, абаттандыру жұмыстары басталды. – Сол жағалаудың құрылысы Сіз Астана әкімінің орынбасары болғанда басталыпты. Осы туралы айтып берсеңіз. – Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы «Миллениум» өткеннен кейін әкім бәрімізді лездемеге жинайтын. Ол уақытта лездеме кешкі сағат 9-10-да өтетін. Өткен күн жұмыстарын қорытындылап, алдағы күндердегі жоспарлармен бөлісетінбіз, проблемаларды талқылайтынбыз. Асқар Мамин, Фарид Галимов, Төлеген Мұхамеджанов және мен – төрт орынбасармыз. Бір күні Әділбек Рыскелдіұлы бізге: «Елбасының қабылдауынан келдім. Президент маған: «Есілдің сол жағалауын игеруді бастайық. Жаңа қала салайық. Қалай қарайсың?» деген өзіне айтқан сұрағын жеткізіп, осы мәселені алдымызға қойды. Ол уақытта жаңа қала түгіл, ескі қаланың проблемасы бастан асатын. Бәріміз әкімнің ұсынысын құптамай, оған кемінде 2-3 жыл керектігін айттық. Мәселен, Республика даңғылының оң мен сол жағында асфальт та жоқ еді. Екінші күні Әділбек Рыскелдіұлы Елбасы сол жағалау құрылысына қатысты нақты шешім қабылдағанын, тиісті жұмысты бастайтынымызды айтты. Сонымен, сол жағалауда алдымен жол инфрақұрылымын, су, жылу құбырларын, электр­энергия жүйесін салуды бастадық. Әкімнің әр орынбасарына бір-бір учаскеден бөлініп берілді. Бастапқыда бұрынғы Көлік және коммуникация министрлігі ғимараты, «Бәйтерек» монументі салынды. Ол үшін сулы-нулы желекжолда инфрақұрылым салынып, құбырлар тартылды. Есіл мен Нұраның екі ортасында тұрған жер ғой, су көтеріледі, маңайды су алып кетпеу үшін құбырларды салдық. Таңертең және кешке әкімдікте жиналамыз. Басқа уақытта рәзеңке етік киіп, жұмысшылар арасында жүреміз. Қазір бұл тарихқа айналды. Астана көз алдымызда жайнаған қала болып шыға келіп, бізді ғана емес, бүкіл әлемді таңғалдырып отыр. Әкімнің орынбасары болып 10 жыл жұмыс істегенде бастапқыда жылу мен суға, қала тазалығына, кейіннен экономикаға, қаржыға жауап бердім. Бұл қызметті атқару мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш болды.

АСТАНА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ ДОНОРЫНА АЙНАЛДЫ

– Қазіргі таңда Астана аяққа нық тұрды ма, қалай ойлайсыз? – Екі мыңыншы жылдардың басында Елбасы Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырма берді. Астанада да бұл жұмыс қолға алынды. Елордада шағын және орта бизнестің үлесін ішкі өңірлік өнімде 30 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Қазір оның дамуы арқасында бюджетіміз асырып орындалып отыр. Кіріс артқаннан кейін әкімдікке жұмыс атқару да оңай. Бүгіндері шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 60 пайызға жуықтады. 20 жылдың ішінде Астана осылай өркендейтінін кім ойлады?! №1 өндірістік паркте ірі-ірі кәсіпорындар ашылуда. Теміржол вагондарын, құрылыс материалдарын өзіміз шығарып отырмыз. Алтын өндіріп жатырмыз. Оптикалық құралдар шығып жатыр. 1994 жылы Елбасы Жоғарғы кеңеске астананы көшіру туралы ұсыныс айтқанда, негізінен, оң шешім қабылданғанымен, көпшілігі астананың жуық арада көшетініне сенбеді. «Халықтың жағдайы қиын. Кәсіпорындар тұралап жатыр. Қаржы жетпейді. Елорданы көшіруге неге қаржы жұмсауымыз керек?» деген қарсы пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Соған қарамай, Елбасы астананы көшірді. Бастапқыда, әрине, көп қаржы қажет болды. Енді үш жыл болды, Астана Атырау, Алматы, Маңғыстау облыстарымен бірге республикалық бюджеттің донорына айналды. Астана 1 триллион теңге көлемінде салық жинайды. Бұл – Астананың аяғынан нық тұрғанының белгісі. – Өзіңіз Ақмола астана болады деген жаңалықты қалай қабылдадыңыз? – Мен 1994 жылы Ақмола аймақтық мемлекеттік мүлік комитетін басқардым. Ол уақытта Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеттің төрағасы Жәнібек Кәрібжанов еді. Ақмола астана болады деген хабар тараған соң көпке ұзамай іссапармен Алматыға бардым. Жәнібек Сәлімұлы мені шақырып алып: «Жоғарғы кеңес Президенттің ұсынысын қабылдады. Елорданы сенің қалаңа көшіреді. Бұл процесс көпке ұзамайтын шығар. Астананы көшірген соң мемлекеттік органдарды орналастыратын ғимарат керек болады. Сен шамаң келгенше кеңселерді жекешелендіруге берме» деген ескертпе айтты. Сол сөзі орынды болды да, зауыттардың, кәсіпорындардың акциялары таратылғанда, олардың кеңселерін, жатақханаларын жарғылық қордан алып, үкіметтің иелігінде қалдырдым. Астана көшірілгенде, бұл ғимараттар біраз мекемелерді орналастыруға жетті. Кейде таршылық етсе де, жұмысты ұйымдастыруға септігі тиді. Шынын айтқанда, астананың көшетініне өзімнің де күмәнім болды. Өйткені ол уақыттағы елдің экономикалық жағдайын, халықтың тұрмысын көзіммен көрдім. Мәселен, «Целиноградсельмаш» кәсіпорнында 30 мыңға жуық адам жұмыс істеді. Бір күнде бәрі жұмыссыз қалып, өндіріс ошақтары қаңырады. Кейіннен Астана әкімінің орынбасары қыз­метіне келген соң бұл күмәнім сейілді.

«ЭКСПО» БІРАЗ МӘСЕЛЕГЕ КӨЗІМІЗДІ АШТЫ

– Өзіңіз экономистсіз. Дағдарысты қала салу арқылы жеңуге болатынын, Елбасы осы принципті ұстанғанын бір жерден оқып едім. Осы тұрғыдан алғанда, Астана құрылысы өзге қалаларға да үлгі болғанын, яғни өзге өңірлерде де құрылыс жұмыстары басталғаны есімде сақталыпты. Маман ретінде осыған не айтасыз? – Бұл пікірмен келісем. Өйткені Астанада басталған құрылыстың арқасында елорданың маңайындағы облыс тұрғындарына, жалпы қазақстандықтарға жұмыс табылды. Қала маңындағы аудандардан, ауылдардан қаншама адам Астанаға ағылғанын көзіміз де көрді. Олардың біразы жұмыс тапқан соң отбасын асырап, бірте-бірте елордаға көшті. Мысалы, 1997 жылы Ақмолада 260-280 мың халық тұрса, қазір Астанада 1 миллионнан астам тұрғын бар. Қалада құрылыс басталғаннан кейін, әрине, құрылыс материалдары қажет. Елде зауыттар салына бастады. Бұл жағдайдың ел аймақтарының экономикасының көтерілуіне көп пайдасы тиді. Бір мысал ретінде «Бәйтеректі» алайық. Кейбір облыс орталықтарын айтпағанда, аудандарда кішкентай болса да, «Бәйтеректің» көшірмелері бой көтерді. Осылайша, өңірлер Астанадан үлгі алып жатыр. – Былтыр Астанада «ЭКСПО­­-2017» көрмесі дүрілдеп өтті. Басында халықтың пікірі екіге жарылды. Біреулер «оның түк қажеті жоқ» деп айтса, кейбіреу­лер көрменің өтуін құптады. Қазір де күңкілдер шығып жатыр. Бірақ оны өткізу дұрыс болғанына көпшіліктің көзі жетті. Сіздің ойыңызша, «ЭКСПО» Қазақстан халқына, Астанаға не берді? – Менің пікірімше, «ЭКСПО», біріншіден, Қазақстанды бүкіл әлемге таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Өйткені шынын айту керек, еліміз туралы дамыған көп мемлекеттер әлі де білмейді. Екіншіден, халықаралық көрме Қазақстан әлемдегі озық технологиялармен танысу, оларды елімізге тарту үшін өткізілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын күн батареялары, жел электрстансалары туралы ойламаған да едік. Бірте-бірте оны да қолға алдық. Ал жаңа технологияларға бүкіл әлем біраз жыл бұрын бет бұрды. Бізге де сол жолмен жүру керек. Себебі қашанға дейін көмір жағып, мұнайды пайдаланамыз?! «ЭКСПО» біраз мәселеге көзімізді ашты. Миллиондаған халқымыз бұрын көрмеген технологияны көрді. Кейбіреулер «ЭКСПО-ға» жұмсалған қаржыға жол салу керек еді, басқа да жұмыстарды істеу керек еді» деп айтады. Жол да салынады, басқа да мәселелер шешіледі. Өз қазанымызда қайнай берсек, бүкіл әлемнің даму үрдісінен қалып қоямыз.

ҮЗДІК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРДАН ҚАЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК

– Астананы «ақылды» қалаға айналдыру жобасы бірте-бірте жүріп жатыр. Елбасы жақында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында оның мән-маңызы туралы тағы айтты. Бұл жобаға сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жаңа айтқанымдай, бүкіл әлем пайдаланып келе жатқан үздік технологиялық бағыттардан қалмауымыз керек. Робототехника, цифрландыру сол үшін де қажет. Осыдан қалар болсақ, болашақта соңдарынан ере алмай қалуымыз мүмкін. Өмір бойы көштің соңында жүреміз. Елбасының таяудағы Жолдауында бұл туралы ашық айтылды. Егер жаңа технологияны игермесек, шығарған өнімдеріміз де сапасыз болып, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Өзге түгіл, оны өзімізге өткізе алмаймыз. Астанада «Смарт Астана», «Смарт Сити» қанатқақты жобалары жүзеге асып жатыр. Бұл жобаларды қолдап, игеріп, пайдалану керек. Мәселен, осыдан 18 жыл бұрын Әділет министрі болған Зағипа Балиева маған хабарласып, ескі орталықта Халыққа қызмет көрсету орталығын ашуды ұсынды. Содан Көші-қон полициясы ғимараты жанында шағын ғана орталықты аштық. Бұл қаладағы тұңғыш ХҚКО болатын. Көп адам оған күмәнмен қарады. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары елдің бүкіл қажеттілігін өтеп отыр. Бір терезеге құжаттарыңды тапсырасың, белгіленген мерзімде мәселе шешіледі. – Жаңашылдықтан қорықпау керек дейсіз ғой… – Иә, әсіресе, жастар қорықпау қажет. Өйткені болашақ – солардың қолында. Қарттарға жаңа технологияны меңгеру, әрине, қиындау, бірақ олар да қазір ұялы телефон, смартфон ұстайды, арасында компьютерді меңгергендер де бар. Мәселен, Ардагерлер кеңесі аудандардағы филиалдарға қарттарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету жөнінде тапсырма берді. Қазір тегін де үйретіп жатыр. – Бір сөзіңізде қала тұрғындары 1 миллион адамнан асқанын айттыңыз. Қазір енді 2 миллионға арналған қаланың жоспары жасалып жатыр. Бұл санға қашан жетеміз, қаланың әлеуеті оған жете ме? – Осыдан 20 жыл бұрын Астана миллион тұрғыны бар қалаға айналады деген сөзге ешкім сенбейтін. Ондай жоспар да болған жоқ. Қала дамығаннан кейін жұмыс орындары ашылып, тұрғын үйлер салынған соң, елге жағдай жасалынып жатқаннан кейін халық Астанаға ағылды. Қазір елордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар жиналды. Бүгіндері Астанада туған балалар «Біз астаналықпыз» дейді. Ертең бұл балалар Астананың нағыз патриоты болады. Өйткені көз алдарында қала өсіп, гүлденіп жатыр.

БӘРІ БІР КҮНДЕ ЖАСАЛМАЙДЫ

– Қоғамдық кеңеске халық шағымданбай тұрмайтын шығар. Елді не толғандырады? – Халықты толғандыратын әлі біраз мәселе бар. Мәселен, Қараөткел, Ильинка халқы жол мәселесі туралы айтады. Сосын электрэнергиясы, сумен қамтамасыз ету жайын қозғайды. Бірақ әкімдіктің бағдарламалары бар, жылдан-жылға көшелер абаттандырылып, асфальт төселіп жатыр. Тұрғындар жанындағы көше жөнделіп жатқанын көргенде, өзінің көшесі мәселесін көтереді. Алайда бәрі бір күнде жасалмайды ғой. Кезінде «Көктал» тұрғын алабын көктемде су алып кететін. Жол да болмайтын, автобус та жүрмейтін. Қазір «Көкталда» бүкіл жағдай жасалған. Балабақша, мектеп, емхана салынды. Сосын бізге денсаулық сақтау жүйесіне қатысты арыздар тү­седі. Жақында ғана Қоғамдық ке­ңестің ашық қоғамдық тыңдауында біраз мәселе көтерілді. Денсаулық сақтау мекемелерінде медбикелер, тар бейінді мамандар жетіспейді. Мәселен, Астанада соңғы жылдары үлкен медициналық нысандар бой көтерді. Оларға неше түрлі жаңа заманғы қондырғылар сатып алынды. Бірақ дәрігерлер бір жағынан аз жалақы алады. Екінші жағынан мамандар жетіспеген соң екі ставкамен жұмыс істейді. Содан жұмыс сапасы да төмендейді. Астанада экология проблемасы да бар. Бұрын Целиноград-Ақмолада 1-жылу энергия орталығы әбден құлдырағанда Сарыарқа ауданында, яғни ескі қалада қар қап-қара болатын. Бұл орталықта бір мұржа бар-тын. 2-ЖЭО-да да бір ғана мұржа болды. Қазір біріншісінде екі мұржа, екіншісінде алты мұржа бар. Олар тазарту технологиясын да пайдаланып жатыр. Бұрынғыдай түтін болмаса да, қаланы әлі де басады. Ал қаланың маңайындағы Талапкер, Қараөткел, Қоянды ауылдарында, қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағында халық көмір жағады. Жел болмағанда қаланы көк түтін алып кетіп, жағымсыз иіс шығады. Солярка көмірден 4-5 есе қымбат. Басты мәселе – Астанаға Қызылорда, Жезқазған жағынан газ құбырын тартуда боп тұр. Бұл мәселе шешілмей, Астананың экология мәселесі шешілмейді. – №1 Индустриалды паркте жылу инфрақұрылымы мәселесі де шешілмеген… – Бұл аумаққа жылу құбырын тарту жоспарланды. Бұл жұмыс бюджетке байланысты. Алдымен қала тұрғындарының мәселесін шешу керек. Басында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы ашылғанда, осы мәселені біз көтердік. Бүгіндері №1 Индустриалды парк аумағы кәсіпорындармен толып қалды, №2 Индустриалды парк ашылып жатыр. Оған көп қаржы керек. Қазір бұл аумақта жолдар, электр­энергиясы жүйесі, су құбыры бар. Шешілмеген мәселе – жылу ғана. – Кәсіпкерліктен бюджетке біраз кіріс кіріп жатқанын айттыңыз. Әкімдікте Меценаттар клубын ашу мәселесі көтерілді. Өз басым бұл дұрыс бастама деп ойлаймын. Кәсіпкерлер тек салық төлемей, халыққа игіліктер жасау керек. Тек сауда үйлерін салмай, әлеуметтік нысандарды салу қажет. – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кәсіпкерлерге өз туған жерлерінде, тұрғылықты мекендерінде балабақша, басқа да халыққа керек нысандарды салуды ұсынды. Біз Астанада меценаттармен жұмыс істеп отырмыз. Мысалы, «BI Group» компаниясының вице-президенті Бауыржан Исабаев бірнеше жыл бұрын маған келіп: «Біз жылда 20 игілікті қоғамдық іс жоспарлаймыз. Соның ішінде мүгедектерге, өзге де адамдарға көмек береміз. Сіз қандай ақыл қосасыз?» деді. Кезінде Мәжіліс депутаты болғанымда, үлкен кісілер менің атыма Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың атына көше беру, батырдың ескерткішін тұрғызу туралы хат жіберді. Мен оны сол кездегі қала әкімі Иманғали Тас­мағамбетовке жеткіздім. Қала басшысы мұны қолдады. Соның арқасында Рақымжан Қошқарбаевқа елордада даңғыл берілді. Ал Бауыржанға Қошқарбаевтың ескерткіші туралы айтып едім, ол ұсынысты қабылдады. Компания басшылары кейіннен өз қаржысына ескерткіш орнатты. Туған қаламның қайта түлеп, гүлденгеніне қатты қуанамын. Өткен жылы Астана күні мерекесі қарсаңында қала әкімі Әсет Исекешевтің ұсынысымен, қалалық мәслихат депутаттарының шешімімен Астананың Құрметті азаматы атандым. «Құрмет», «Дос­тық», «Парасат» ордендерінің иегерімін. Қазір зейнеткермін. Сонда да қоғамдық жұмыстан қалмай, Ардагерлер кеңесін басқарып, Қоғамдық кеңеске төрағалық етіп жүрмін. Қалалық әкімдік пен мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс­тамыз. Қоғамдық кеңеске 22 адам мүше. Басты мақсатымыз – халықтың мүддесін қорғау. Мәселен, таяуда ғана халықты жинап, денсаулық сақтау мәселелері жөнінде қоғамдық тыңдау өткіздік. – Әңгімеңізге рақмет! Абыройыңыз артып, туған қалаңыз үшін қуанатын сәттеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Аманғали ҚАЛЖАНОВ