"Жеңіс жауынгері”-кітабы жарық көрді.
"Жеңіс жауынгері”-кітабы жарық көрді.
Қазан айының 9 күні қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жеңіс жауынгерлері-Покаление победителей» атты кітаптың тұсаукесері болды. Бұл кітап Астана қаласының әкімі Ж.М.Қасымбековтың қолдауымен «Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына» арналып шығарылған. 1418 күнге созылған алапат соғыстың қасыреті мен қайғысы адамзат баласының басынан кешірген ең қанды қырғын болды.Ел мен жерін қорғап құрбан болған жауынгерлердің жанкештілік ерліктері мен жүріп өткен майдан жолдары туралы сыр шертетін бұл кітапта Ақмола өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері сипатталады. Іс-шараға батырларымыздың ұрпақтары мен туыстары -Рақымжан Қошқарбаевтың, Михаил Бутенконың, Әлмұқан Сембиновтың, Әлихан Темірбековтың, Қаматай Тоқабаевтың, Шаукен Сембиновтың, Нашарбек Шамшановтың жақындары арнайы шақырылды. .Олар осы шараны ұйымдастырушыларға, кітап шығаруға атсалысқандарға ризашылық білдіре отырып, көңіл толқытар естеліктер айтты.)
Сондай-ақ тұсау кесер барысында соғыс жылдарының естеліктері мен ерлік жолы туралы құнды деректер айтылды. Шараның мақсаты «Ешкім де ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген девизбен майдангерлер кешкен естен кетпес естеліктерді ұрпақ санасына жеткізу,оларды ұлықтау,есімдерін мәңгі есте қалдыру. Ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында өткен іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов, Республикалық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, ҚҰ Қорғаныс министрлігінің ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нагуманов,"Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының" директоры Мұхтар Еркетаев, қоғам қайраткері профессор «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсаинов және қалалық ардагерлер бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты.
Тұсаукесер рәсімінің бамтамашысы болып отырған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов кіріспе сөз мөйлеп кітап мазмұнымен қысқаша таныстырып өтті. Кітаптың лентасы салтанатты түрде қиылып кітап кейіпкерлерінің ұрпақтары мен шақырылған ардагерлер мен қонақтарға тарту етілді.
Айтулы іс-шараны қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы Салтанат Меңлібаева жүргізді. Жылы жүзбен, ізгі ниетпен әсерлі де мағналы өткен шарадан ұлағат пен тәлім алып қайтқан қатысушылар кітап шығаруға атсалысқандарға алғыстарын білдірді.
Қарлығаш Құспан қалалық ардагерлер кеңесінің медиотобының мүшесі.
** Ресейдегі Тула облысының Белёв қаласындағы Бауырластар зиратында жерленген Ақмолалық жауынгер Ажикеев Рауелдің соңғы хаты. 1941-1945 жж.
Хат алмай ел жағымнан болдым алаң...**
"АТА АМАНАТЫ ҰРПАҚҚА ҰРАН"
1.Сөйлесін қызыл тілім бір азырақ Бос қалған әр өнерден біздің қазақ Совет пен Германия соғысында Немістен біз көрдік қой қиын азап.
Тұрасың бір-біріңді тани алмай, Кеңесіп жөн сұрасып сөйлесе алмай, Қалдарын бір-бірінің білісуге Аяғын қадам жерге бір баса алмай,
Оралған біз түстік қой темір торға Жер қаздық күндіз-түні жан қорғауға Темір тор қай уақытта жазылады Ақыры бұл жұмысты өзің оңда?
Кездесер іс емесқой мұсылманға, Бақ біткен қырық шілтер өзің оңда Бұл сапар қиын жолдан аман қайтқан Тәубеге түскенім ғой енді сонда
Баса алмай аяғымды дірілдеймін Үн бітіп сөйлей алмай күрілдеймін Жазықсыма жалғыз жанға қаза бер деп Күніне үш уақыт мен тілеймін
Болады Ресейдің жері батпақ Еңбектен үсті-басың сатпақ-сатпақ Көк бұлтты жарқыраған бір көрмейсің Мұнартып тұрады екен қара бұлттай
2.Саусағым жорғалап қал түгел күнде. Қызыл тіл сөйлеп бір қал көлбең күнде. Туған жер өсіп-өнген қымбаттығы Шуласып ыңылдастың жеңілгенде.
Бұл заман не болады байқағанға Бұлғаңдап қызыл түлкі аңдығанға Азырақ бір-екі ауыз сөз жазамыз Елдегі кемпір мен шал, қалғандарға. Адамды топырақтан жаратыпты Халықты бір адамға қаратыпты Өлген соң туған адам бәрін дағы Қағазбен қалам алып сынатыпты
Адамзат бір-бірімен бақа-талас Бұл сөзім шариғатқа мүлдем жалас Соғыс пен сақа бала қырғын тапқан, Қалыпты кейінгіге содан мирас
Бір жауыз Гитлер деген адамзатты Жемісті кеңес елі болдық тәтті Байлық пен тығыз жатқан байтақ елге Бір түнде хабарламай оғын атты.
Аттандық ел қорғауға орыс қазақ Жолында бұл соғыстың көрдік азап Бейнет түбі рахат деген сөз де бар ғой Немісті басып алып қылсақ мазақ.
3.Біз кеттік Ақмоладан Батыс жаққа, Барамыз қарсы тұрған атыс жаққа Ажалдың бір оғынан сақтасын деп, Ойланып сиынамыз жалғыз хаққа
Ал енді өзімді айтып жазамын сөз. Кигенім тірі кебім көйлегім боз Қызыл тіл артық сөйлеп қате тисе Ағайын кәрі- жасың сонымды кеш
Түкті тау туып өскен сен емес пе Ауылы көшіп-қонған жер емес пе Аралап ойнап- күліп жүретұғын, Жағалай біте қонған ел емес пе
Аман бол үлкен –кіші, аға-жеңгем, Бармайтын қалың тойға мешіл мен кем Көмектес үй ішіне Жапар аға Серәлі ол да кетті барлық сенген
Болатжан айналайын жаным саған Көрсетсін есен аман сені маған Бір шерней маңдайыңнан мәпелеген Жүдетпес аман болса сені папаң
Уатпай тоқтатайын осы сөзді Тапсырдым бір құдайға жалғыз сені Көп ойлап май шірітіп күйзелмейін Сақтасын сені үйде, мені түзде Аман бол жас балапан жаным еркем Жасы жеткен кемпір мен шал саған сенгем 4.Жерінің қыраттысы жоқ майда балшық Қарсы алдыңа аяқ бассаң кіреді асық Өңі бар бір адамды көре алмайсың Бұл жақта заман ақыр тіпті жақын
Жер қайда сахарадай шалқып жатқан Мал шулап есі кетіп бала шапқан Қала кілем түгіндей құлпыратып Сары арқа сар даланың жері жатқан
Сылдырай сары арқадан су ағады Жерінен Ресейдің қан тамады Сары арқа сары бозаң еске түссе Көзден жас уа дариға домалайды
Болатбек, Төлеубекпен болдық жолдас Өң беріп жүдеді ғой бауырым Елжас Жел соғып боран болса қозғалмайтын Еркі мен елде жүрсе қара бір тас
Нөмеке аманбысың ата тайым Далада бейнет көрдау құлынтайың Бет келіп бір ауыз сөз айтыспаған Серғазы аманбысың ағатайым
Мұсахмет хат жазам деп Әлібайға, Жүретін ойнап -күліп інің қайда Шал-құйрық қанатыңнан түгел ада Шалқақтап жүретұғын күнің қайда
5.Мағауй Нұрғалимен аман болсын Бауырды сағынбайтын наданбысың Сағынып сарғайдым туыстарды Хат жазып амандыққа нанбаймысың
Бауырым Серке жаннан алдым хабар Пайда жоқ уайымнан ешбір табар Әлсіреп жүдегенсоң жазғаным ғой Аман бол жақсы көрер ағам Жапар
Көл болып қамыт киіп болдым лаңқа Жүретін ширатылып көрген тоқта Атақтап бас-басына кеп жазуға Қайтейін осы күнде көңіл жұқа
Қалдым ғой палатада аяқ ақсап Отырмын осы таңда жалғыз қақсап Басында билігі жоқ сол емес пе Кетті ғой Влас бауырым мені тастап
Қайтейін аман болшы бауырларым Азайды осы күнде менің халім Ақыры бұл болмыстан не болар деп Сағынып сарғайғансоң жазған хатым
Рауль менің атым мұны жазған Қызыққа бас аман да кімдер тойған Жапана көңілдегі жазғаным ғой Аман бол туған тумыс кейін қалған
6.Сөз жазған өлең қылып бір-екі ауыз Рауль, менің атым сөзді терген Жолдасым хат жазамын Жәкең саған, Жетімдік ғұмырыңа саған жазған Ай күнгі кешіккеннің оқасы жоқ Тілей гөр ана аяуын Батимадан
Бірге өстік Серке, Әлкебай балапандай Тақылдап сөйлеп кеттің тіл мен таңдай Бойы өсіп бұғанасы қатпағандар Заманның не болады әлде қандай
Хат алмай ел жағымнан болдым алаң, Мен неге күйзелемін Болат аман Қатесін естігендер сөкпеңіздер, Аяғы осыменен болсын тамам.
Атасының хатын қойнында тұмардай сақтап келген ҚР Қорғаныс министрлігінің ардагерлер кеңесінің орынбасары генерал-майор Нагуманов Марат Сераліұлының келісімімен алғашқы рет жарияланып отыр. 2025 жыл,9 қазан,Есіл ауданы,Достық 13,"БҰӨСО".