Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

30 тамыз КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ!

КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ТІРЕГІ

Адам өмірінің барлық саласы сансыз рәмізге толы. Ертеде рәміз «Жеке куәлік» орнына жүрген. Рәміз – шартты мағынаға бай, нақты мәнге ие ұғымның көркем бейнесі, астарлы образы, арнайы түрі, сыртқы болмысы. Әр рәміз – ақпарат қазынасы, ал әр ақпарат таңбадан тұрады.Таңба деген – белгілі бір ақпаратты жеткізетін әлеуметтік – мәдени белгі, форма мен мазмұнының бірлігін білдіретін бейнелі мағынасы бар сурет.

ақорда.jpg

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері ретінде туы, елтаңбасы және әнұраны жатады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленеді. Оларға биік мәртебе берілген. Сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу біздің тікелей міндетіміз. Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясы – конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірген Ата Заңы, осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі. Халқымыздың дербес ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған саяси және құқықтық құжат.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Осы аралықта Конституцияға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Тәуелсіздіктің төлқұжаты саналған Конституция бүгінгі таңда Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата Заңын қабылдап, Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата Заңы жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата Заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір –қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлттар тұрады. Бүгінде халқымыз Қазақстан мемлекетінің экономикасын өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді. Мұндай жетістіктерге халық пен мемлекеттік билік бірлігінің арқасында қол жетімді болып отыр. Конституция күні біз үшін қасиетті күн. Өйткені, Ата Заңымыз- Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштап қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Халықаралық қауымдастық мойындап, Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіліп отырған жетістіктердің бәрінің қайнар көзі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясының да өз тарихы бар. Ол бірнеше қиын экономикалық, саяси және идеологиялық кезеңінен өтті. Отыз жыл ішінде жаңа мемлекетіміздің туын тігіп, тұғырын биіктетті.
Қазақстан халқының егемен құқығы тек Конституцияны қабылдауымен тиянақталмайды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәслелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық –құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан –жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің барлығымыздың, әрбір Қазақстан азаматының міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағымыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ. Дүние жүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде, бұл құқықтық мемлекеттің барлығының басты өмірлік нормасы. Бүгінгі Қазақстанның әлемдегі жоғарғы беделі – бұл біздің тікелей ішкі жетістіктеріміздің, бейбітшілік сүйгіш саясатымыздың және ірі халықаралық жобалардағы бастамашылдығымыздың нәтижесі. Конституция елімізде азаматтық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне барынша ықпал етіп, тиімді билік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуын және басқа да қоғамдық институттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мықты, өміршең де маңызды құжат. Қазақстан жерінде тұратындардың барлығы еліміздің Негізгі Заңын құрметтеуге және сақтауға міндетті. Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуға тиіс. Қоғам мен мемлекет дамуының базалық қағидаттары, адамның, азаматтың және мемлекеттік билік субъектісінің кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты бекітілген. Оларды сапалы әрі тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамның маңызды міндеті болып табылады. Себебі ол даму мен тұрақтылыққа, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Біз бұл актімен жаңа мемлекеттің негізі қаланды деп мақтанышпен айта аламыз. Конституция халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналды. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтеріліп отыр. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең түсінеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің бостандығымыздың негізі. Өзінің ауқымы бойынша бұл тарихи оқиға-мемлекет пен қоғамның Негізгі заңы және бүкіл халық үшін – жалпы ұлттық мереке. Бұл күн бізді рұхтандырып, Қазақстанды одан әрі дамытуға шабыт беріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. даму тарихын саралағанда оның негізгі даму үрдісіне тигізетін әсеріне адамдық және азаматтық құқықтар мен бостандықтарға қаншалықты кепілдік бере алатындығына айрықша назар аударамыз. Себебі, Конституция ең жоғары заңдық күші бар құжат ретінде бүкіл халықтың атынан қабылданды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Конституциясының:« Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуы тегіннен тегін емес. Түпкі мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, Қазақтың ұлы болып өркендеуіне жол ашу. Болашақ ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қол жеткізе аламыз. Осындай берері мол, мүмкіндіктері ұшан теңіз тіршілігімізде аға буын – ардагерлеріміз де еліміздің алдағы мақсатын түсініп, өздерінің өмірі мен еңбек жолдарында жинаған мол тәжірибесімен жас ұрпақтармен аянбай бөлісуде.Елордамыз Астанада тіршілік жасап, мемлекетіміз бен халқымыздың атқарып жатқан ұшан теңіз шаруаларына араласып, көптеген пайдасы мол іс-шараларды өткізуде.Осы іс-шаралардың бас- қасында жүрген – ардагерлер Кеңесі.

шеф.jpeg

Астананың ардагерлер Кеңесінің төрағасы, құрметті азамат Сансызбай Сейтжанұлы Есілов бастаған қалалық ұйымға аға буын өкілдері кеңінен тартылып, ұрпақтар сабақтастығы бойынша, көптеген жобалар іске асырылуда. «Ұрпақтар сабақтастығы» сияқты идеялар мен бағдарламалар қаламыздың жоғарғы оқу орындарында, колледждерде, мектептерде қаншама тәрбиелік мәні зор және еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын кездесулер үзбей өткізіліп тұрады. Үстіміздегі жылы Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармониясында «Ардагерлер көктемі» атты көркем фестиваль өтті. Осынау маңызды, ұлағаты мол көркем іс-шараны Астана қалалық ардагерлер Кеңесі ұйымдастырды. Көпшілік жиналған мерекелік фестиваль аға ұрпақтың ізденістерін, жастарға берер мол тәжірибесін айқын көрсетті. Бұл ардагерлер Кеңесінің атқарып жатқан жұмыстарының бір-ақ тамшы көрінісі. ардагерлер.jpeg

Өткен жылы Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Алматы ауданы ардагерлер Кеңесі ( төрағасы М.Мұстафин) Алматы ауданы әкімшілігінің тікелей қолдауымен мазмұнды да маңызды үлкен игі шара өтті. Ата заңымызға арналған «Менің Қазақстаным» атты флешмоп Тәуелсіздік алаңының жанындағы «Қазақ елі» монументінің жанында өткізілуінің өзі де бекерден бекер емес еді. Бес жүз ардагерлер қатысқан флешмоптың мақсаты –өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншіліік пен патриоттық сезімдерін оятып, еліміздің Ата Заңын қастерлеуді, қазақ халқының ұлттық, халықтық дәстүрлерін құрметтеуді бойларына сіңіру болатын. Бұл шара өз мақсатына жетті. Осынау көлемді әрі маңызды шараға зейнеткерлердің жастарының ұлғайғанына қарамай қатысуларының өзі үлкен өнеге.
Ел азаматтары барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдалана алады. Мемлекет басшысының халық бірлігі бізге кез келген қиындықтан өтуге мүмкіндік береді деген сөздері прогрессивті қозғалысқа серпін береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Халыққа Жолдауында: Президент.jpeg «Бірлікті сақтау және қажырлы еңбек ету, елді өзгерту және өскелең ұрпаққа дамыған мемлекет беру –осының бәрі ата-баба өсиеттерін шынайы ұстануды білдіреді» -делінген. Қалалық Кеңестің және оның аудандардағы ардагерлер ұйымдарының мақсаты - ардагерлердің бастарын қосып, маңызы зор жүйелі жұмыстар атқару. Олардың өмір тәжірибелері мен еңбек жолдарын жастарға насихаттау. Белсенділікке баулып, тарихи жадыны сақтауға, жауынгерлік және еңбек жетістіктерінің нәтижелері негізінде жастарды тәрбиелеуге бағыттау. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Астанада Қазақстан Президентінің қатысуымен «Отан Ана» мемориалында әскери шеру өткізіп, гүл шоқтарын қою салтанатымен атап өтілді. Елордадағы аты аңызға айналған батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Бүкіл Қазақстан халқы батырларға құрмет көрсетті. Ерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бұл жастардың санасына жеткізу үшін аса қажет мүмкіндіктер. Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыз, хакім Абайдың мұрасы – сарқылмас қазына. Оның жүрек шерімен жазған өлеңдерінің тағылымы тереңде жатыр. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Ұлы ақынның 180 жылдық мерей тойы елімізде кеңінен аталып өтті. Оныншы тамыздағы ақынның туған жеріндегі үлкен мерекені баршамыз сүйіспеншілікпен тамашаладық. Абайдың жырлары мен қара сөздерінің қыр-сырларымен жастарды сусындатқан да ардагер ақсақалдарымыз бен әжелеріміз. Қаншама кездесулер, іс-шаралар Астана төрінде қызу өтіп жатты. Сүйікті Отанымыздың, Үлкен шаңырағымыздың мәртебесі жылдан-жылға шарықтап, бірлігіміз бен силастығымыз жарасып, жақсы өмір кешуге баршамыз болып ат салысамыз. Ортақ Отан, ортақ рәміздеріміз, ортақ Конституциямыз бізге тірек, қорғаныш болсын! Оларды дәріптеу мен құрметтеу біздің борышымыз! Еліміздің Конституция Күнімен бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймыз! Бейбітшілік, бірлік, бақыт, амандық және табыс тілейміз!

                          Баянды ӘЛПИ, ҚР Жазушылар одағының мүшесі.