«Абай – дана, Абай – дара» атты әдеби –сазды кеш
«Абай – дана, Абай – дара» атты әдеби –сазды кеш
Өткізілген орны:Қорғалжын 22, № 6 кәсіптік техникалық лицейі; Өткізілген күні:2025 жыл 6 тамыз Қатысушылар саны: 200 ардагер мен жас буын қатысты
"Ардагерлер ұйымы" РҚБ төрағасының бірінші орынбасары, қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі тарихшы,ғалым,академик Өмірзақ Озғанбаев шараның қатысушыларына алғы сөзбен Ұлы Абайдың ұлылығын айшықтайтын ақпаратпен көрермендерге танымдылық мағлұмат берді.Мерейтоймен құттықтады.
«Абай дана – Абай дара» атты әдеби-сазды кеш аясында елорданың алты ауданынан келген ардагерлер ұлы ақынның шығармашылығына арналған өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Олар Абай Құнанбайұлының терең ойлы өлеңдерін мәнерлеп оқып, сазды әндерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, ақынның қара сөздерінен үзінділер келтіріп, Абай ілімінің бүгінгі күнге де маңыздылығын атап өтті. Шараның мақсаты - ұлы тұлғаның мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, рухани тәрбие беру және ардагерлердің шығармашылығын қолдау болды. Кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Ардагерлердің белсенділігімен шабытты өнері ел есінде сақталатын тағылымды кешке айналды.
Аудан төрағалары мен белсенді ардагерлері!
Ақынға арналған өлеңдер оқылды. Соның ішінде ерекшесі Баян Бұлғақпаева ҚР "Жазушылар одағының" мүшесі жазған ой толғауы.
БІЗ ОСЫНДАЙ ҚАЗАҚПЫЗ!
(Көңіл күй)
Мен, шет елде туып, ата жұртқа оралған қазақпын, Мен, елін-жерін аңсаған, атаны көрген қазақпын. Мен, жерді иіскеп, жылаған әжені көрген қазақпын, Мен, Абайдың жырларын, жаттап өскен қазақпын. Мен, тілім мен дінімді, тұмардай сақтаған қазақпын. Мен, ұлт дәстүрін қастерлеп, ұмытпаған қазақпын, Мен, қаны таза көне көздерден, жалғасқан қазақпын. Мен, тереңге бойлап, тұқымы бұзылмаған қазақпын. Мен, төрі кең, шаңырағы биік, елде жүрген қазақпын, Мен, ата-баба артындағы, көзайым болған қазақпын, Мен, жерімдей құнарлы, жақсыға құмар қазақпын, Мен, жүрегім жылы, көңілім таза, ақ пейілді қазақпын, Мен, ұлт ғұмырының ұзақтығын, қалап жүрген қазақпын, Мен, елімде соғыс болмағанын, тілеп жүрген қазақпын, Мен, бәріміз салауатты өмір сүрсек дейтін қазақпын, Мен, келешек жайлы терең толғанатын қазақпын, Мен, әулетімнің ұйытқысы болсам деген қазақпын, Мен, туған-туысқанға сыйлы болсам деген қазақпын, Мен, ұрпағыма арттағы үлгі болсам деген қазақпын, Мен, елімнің мәртебесі биік болса дейтін қазақпын, Мен, ұлтын қастерлейтін ұрпаққа сенетін қазақпын, Мен, бар қазақ өзім сияқты деп санайтын қазақпын, Мен, терең ойға батып жүрген, осындай бір қазақпын! Ойымыз асқар, тілегіміз бір, кең пейілді қазақпыз! Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан қазақпыз! Жандарымыз нәзік, жүректеріміз кең, қазақпыз! Тәуелсіздік тұғыры мықты болсын деп тілейтін, Туымыз биікте желбіресін деп жүрген Қазақпыз!
**АБАЙ АТАМА**
Сен тудың жаршысы боп замананың, Аңсадың адамзаттың жаңа бағын. Паш еттің отты жырды бар әлемге, Ойламай өз басыңның жеке қамын.
Қапыда табылмады іздегенің, Қалмады сөзден асыл тізбегенің. Қалдырдың асыл жырдың қазынасын, Маржандай ала білсе теңізден кім?!
Және
ҚР ҚМ зейнеткері,басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері, запастағы подполковник Марат Тұрабаев "Дара туған,дана туған-Абайға!" деген өлеңін арнады
Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагер аналары ұлттық мұрамызды ұлықтау мақсатында ерекше шығармашылық жұмыс атқарды. Олар өз қолдарымен Зере анамыздың кимешегін жасап, тарихи-танымдық әрі рухани маңызы зор керемет туындыны жарыққа шығарды. Бұл жұмыс тек қолөнер үлгісі ғана емес, сонымен қатар, ұлт анасының бейнесі арқылы тәрбие мен тағылымды насихаттаудың жарқын көрінісі болды. Ардагер аналарымыздың шеберлігі мен еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, жас ұрпаққа өнеге боларлық дүние ретінде танылды.
Фарида Касенова"Нұра" ауданы "БҰӨСО" жауапты қызметкері