Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

АДАЛДЫҚТЫҢ АҚ ТУЫ АДАСТЫРҒАН ЖОҚ!

Ғалия БАЛТАБАЙ: АДАЛДЫҚТЫҢ АҚ ТУЫ АДАСТЫРҒАН ЖОҚ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақ радиосының 100 жылдық торқалы тойына орай Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Тұғыры биік тұлғалар», «Иса ақын және оның ұрпақтары», «Емші құдыреті», «Әрбір үйге радио қажет», «Есімдері ел есінде», «Ұлы Жеңіс-ұрпаққа ұлағат», «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды», «Тағдырларды біріктірген – Қазақстан», «Ақмола облысы», «Туған жер перзенттері», «Шипасымен шуақ шашқан», «Ұлтын ұлықтаған асыл ана», «Өмір шыңы», «Қалдырған ізің - мәңгілік», «Жаным жадырады жақсы тілектерден», кішкентай балаларға арналған «Сары қыз» кітаптарының авторы, белгілі журналист Ғалия БАЛТАБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.

Ғалия Балтабай (111).jpg

–Ғалия Құсайынқызы, радиожурналистикаға келуіңізге не себеп болды? Жалпы бұл салада қанша жыл қызмет атқардыңыз?

– Бірде мектепке белгілі ақын, журналист Мүбәрак Жаманбалинов ағай келіп, шығарма жазғызды. Тақырыбы – «Қазақ елі». Жазуға бейімі бар балаларды таңдап алу мақсатында келген ғой. Соңында Хамида Қапиятова екеуміздің жазған шығармамызды сынып алдында оқып берді. «Сендердің журналистикаға бейімдерің бар екен» деп, бізді жігерлендіріп қойды. Содан мен облыстық «Қызыл ту» газетіне мектебім жайлы жиі-жиі мақала жазып тұрдым. Мектепті бітіргесін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Ал Қазақ радиосының жаныма жақын саналатын себебі, орта мектепті тәмамдаған соң, қызметімді дәл осы Қазақ радиосының Алматыдағы студиясынан бастадым. Мен радиода қызмет атқарып жүрген жылдары Төлепберген Тобағылов, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Рафаэль Ниязбеков, Серік Тұрғынбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мансұр Сағатов сынды белгілі тұлғалар еңбек етті. Олардың эфирден өтіп жатқан радиохабарларын қалт жібермей тыңдап жүрдім. Сол арқылы өзіме рухани мол қазына жинадым. Жалпы телерадио саласында 42 жыл жұмыс істедім.

– Кезінде әлеуметтік мәселелерге көбірек қалам тербегеніңіз мәлім. Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезіңізде 20-дан астам қарияның баспаналы болуына көмегіңіз тиіпті. Туған жеріңізге сіңірген тағы қандай еңбектеріңіз бар?

–Тұрғынүй проблемасын көп көтерген журналистің бірімін. «Тұрғын үй-91» хабарын жүргіздім. Сол жылдары тіпті бір айдың ішінде бірнеше адам баспанаға ие болды. 1987 жылы Павлодар облыстық телеарнасы мен радиосынан берілген тастанды балалар жайындағы «Менің анам қайда екен?» және Қарттар үйіне тапсырылған ардагерлер мен мүгедектер туралы «Қарттарым, аман-сау жүрсің бе?» деген хабарларыма республиканың түкпір-түкпірінен көрермендер тарапынан алғыс хаттар жауып кетті. Ол кезде бұл тақырып қазіргі ТМД аумағындағы бірде-бір елде, тіпті Мәскеуіңіздің өзінде көтеріле қоймаған. Осы сын хабарлардан кейін ата-анасын Қарттар үйіне тапсырған кейбір шенеуніктердің әке-шешесімен қайта қауышып, қателіктеріне өкініш білдіргеніне куә болдым. Ауылға тағы бірде ат басын бұрғанымда тұрғындар балабақшаның жоқтығын айтты. Радионың араласуымен бұл мәселе де шешілді. Комаров аталып келген туған ауылымның Аққайың деп өзгертілуіне, Сұлтанмахмұт Торайғыров кітапханасының жаңа ғимаратқа қоныс аударуына, облыстық балалар ауруханасының салынуына, марқұм Бикен Дүрманова екеуміз қаладағы Бұхар жырау атындағы музей-үйіне қол жеткізуге барынша атсалысқанымыз рас.
Әсіресе Павлодардағы облыстық аурухананың мүшкіл халін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бірде ол туралы телеоператормен бірге хабар әзірлеу үшін барғанда ескі ғимараттың төбесі Төлеген Ахметов екеуміздің алдымызға опырылып түсті. Бізді бір Құдай сақтады. Сол жағдайды көргенде күйініп кеттім. Әсіресе сондай қауіпті орталықта ем алып жатқан балалардың тағдырына қатты алаңдадым. Осының бәрін камераға түсіріп, репортерге жазып, студияға алып келдім. Хабар өте тез дайындалды. Ол уақытта мұндай сорақылықтар эфирден ашық айтылып, жариялана бермейтін. Бірақ сол күні кешкі тележаңалықтардан сюжетімді көрсетіп жібердім және ол радиодан да берілді. Ертесіне менің материалдарымды Павлодар облыстық партия комитеті сұратып, арнайы бюрода қаралып, нәтижесінде облыста жаңа балалар ауруханасы салынады деп шешім қабылданды. Келесі жылы аурухана салынды.

– Екібастұз қаласында қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болған екенсіз. Осының қалай жүзеге асырылғанын айтып беріңізші.**

–Екібастұз қаласында 1986 жылы бір ғана қазақ мектебі болатын. 1- сынып оқушылары жуынатын, ал 7-сыныптағылар бұрынғы әжетхананың орнында ашылған бөлмеде оқытылып жатты. Соны мен өз көзіммен көрдім. Намысыма қатты тиді. Өз жерімізде тұрып, қазақ сыныбына жағдай жасай алмағанымызға қатты күйіндім. Содан радио мен телевидениеге бұл туралы арнайы хабар дайындадым. Облыстан бұл хабарларым өтпей қалды. Дайын хабарларды басшылардың рұқсатынсыз, бірден Алматының телерадиокомитетіне жолдадым. Мұны тыңдап-көрген Сағат Әшімбаевтың: "Өз елімізде отырып, қазақ балалары неге әжетхана болған орында білім алуы тиіс?", – деген әңгімесін павлодарлық диктор Қарлығаш Жакетаева өз құлағымен естіпті. Кейін осы жайды бізге айтып келді.
Сол хабар іле-шала республикалық эфирден беріліп, телеарнадан көрсетілді. Содан мені қудалау басталды. Мені ұлтшыл, экстремист, «фальсификация фактов» деп айыптаған мақалалар жарияланды. Оны басқан 40 мың оқырманы бар әлгі басылымның адамдары екіге бөлінді. Сол екі арада жаңағы басылымның басшысы Жоғарғы Кеңеске дапутаттыққа кандидат болып ұсынылып, Алматыда өтетін журналистердің конференциясына баратын болды.
Менің атыма кір келтірген басылым басшысының бетпердесін ашу үшін мен де Алматыға жол жүріп кеттім. Алдымен «Социалистік Қазақстан» ( қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Бас редакторы Шерхан Мұртазаның қабылдауында болдым. Шераға мені Орталық комитеттің насихат бөліміндегі Камалбай Мардановқа жіберді. Ал ол кісі мені Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология хатшысы Әбіш Кекілбаевпен жолықтырды. Содан конференцияға делегат болмасам да мен журналистердің сайлау конференциясына қатысатын болдым. Ертеңіне журналистердің конференциясына келсем, жаңағы газетті ротопринтке көбейтіп, барлық делегаттардың алдына қойып үлгеріпті. Бүкіл республикадан жиналған журналистер мен жайлы жазылған мақаланы оқып отыр. Конференцияда 8-ші болып мен сөйледім. Ызаға булығып келген мен екі тілде сайрадым: «Депутаттыққа кандидат Павел Оноприенко журналист ретінде мені қолдаудың орнына, өз газеті арқылы жазғырып, «экстремист» деген айып тағып отыр. Ол халық қалаулысы болуға лайық адам емес» дедім. Зал ду қол шапалақтады. Осы жерде Шерхан Мұртаза ағамыз: «Сен қалай ғана Екібастұзда қазақ газетін шығаруға көмектесем дейсің? Экономикасы шарықтап тұрған атақты Екібастұзда бір ғана қазақ мектебі бар, балалар жайдың тапшылығынан әжетханадан класс жасап оқытылып жатыр, деп әріптесің Балтабай ханым проблема көтеріп жатса, сен өз газетің арқылы оны «экстремист» деп айыптайсың», деп газет басшысын өз орнына қойды. Сөйтіп мен Алматыдан жеңіспен оралдым. Бұқаралық ақпарат құралдарынан Павлодарға журналистер келіп, арнайы хабар дайындады, олардың да көмегі тиді. Сондағы тілеулес, жанашыр болған барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Міне, содан көп уақыт өтпей Екібастұзда екі бірдей қазақ мектебі ашылды. Сол мектептерді ашуға арнайы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қызыл лентаны кесіп жатқанда, көзіме еріксіз жас үйірілді. Қуаныштың көз жасы ұмытылмайды.

интервью Назарбаев Галия .jpg

–"Қазақ театры өртенсе де, өнері өртенген жоқ" деген сыни мақалаңыз да қазақ сахна өнерінің қайта жандануына түрткі болған жоқ па?!

–Соғыс жылдары Павлодардағы қазақ театры өртеніп кетіпті. Ол жайында ел арасында әртүрлі алыпқашпа әңгіме тараған. Біреулер әдейі, қасақана өртелген дегенді алға тартады. Қалай болған күнде де әйтеуір Павлодарға қазақ театрының керектігі басы ашық мәселе еді. Бұл туралы да телерадиохабарын әзірледім. Нәтижесінде бір жылдан соң, Павлодарда қазақ театры бой көтерді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тапенов: «Желтоқсан оқиғасынан кейін іле-шала Ғалия Балтабай «Павлодарда театр өртенсе де, өнері өртенген жоқ» деп дабыл қақпағанда, облыста бұл театрдың болуы неғайбыл еді...», – деп журналистерге сұхбат беріп еді.

Қанды қарақшы Ермактың ескерткіші мен бір қаланың атын өзгертуге байланысты қаншама сын хабарларым бүгінде тарихтың еншісіне енді. Марқұм Шерхан Мұртаза аға: «Қарақшы Ермактың ескерткішін алып тастау мәселесін көтеріп отырған журналистің де, осы хабарда сөйлеп тұрған адамның да жүрегінің түгі бар екен», – деп риза болыпты. Шынында да, Кеңестер одағының дүркіреп тұрған тұсында бұндай мәселені көтеру ерлікпен бара-бар еді.

–Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біраз мекемелер жабылып, Қазақ радиосының тағдыры қыл үстінде тұрғандай еді. Бұл тығырықтан қалай шықтыңыздар?

**Мемлекет барлық мекемеге қаражат тауып бере алмайтын алмағайып заманды бастан кештік. Бірақ қалай болғанда да сол уақыттағы Қазақ радиосының басшылығы мен ұжымның алға қойған мақсаты бізді бұл тығырықтан сүріндірмей алып шықты. Сол жолда тәуекелге бел бууға тура келді. Менің Астанадағы филиалда жұмыс істеп жүрген кезім. Барлық облыстағы меншікті тілшілер қысқартылып, облыстық радиолар жабылып жатқан кез. Тіпті Шалқар радиосы да жабылып қалды. Мен қатардағы тілшімін. Сонда да радионы сақтап қалу үшін депутаттарға шығып, сол жайында мәселе көтеріп, хабар жасадым. Бірақ ол хабар эфирден берілмеді. Бірақ осы мәселенің депутаттық мінберде көтерілуін сұрап, сол кездегі депутаттар Фариза Оңғарсынова мен Оразәлі Сәбденовке шықтым. Олар бізді қолдады. Тіпті облыстардан да қолдау хаттар ұйымдастырдық. Содан ол мәселе жоғары жақта бірнеше мәрте көтеріліп, Радио басшылығының белсенділігі нәтижесінде Қазақ радиосы сақталып қалды.

С Фаризой Онгарсыновой.jpg

Павлодар облыстық радиосын сақтап қалу жолында да біраз тер төккен жайым бар. Облыстық радиоға басшы болып келсем, радиода көк тиын ақша жоқ, 4-5 қызметкер мен несиеге алған ескі Волга ғана бар. Құжат облыстық телеарна мен радио бөлінген кезде телеарнаның еншісінде қалған көрінеді. Радиода жөні дұрыс техникалық құрал-жабдықтар жоқ. Содан мән-жәйді түсінген соң көп тосылмадым. Бірінші кезекте сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметовке кіріп, қаражат бөлуді сұрадым. Басқа да қажеттіліктерге жеке қолдаушылар іздедім. Бірінші жылы радио жиілікті тендер арқылы Павлодар қаласына, сосын облыстың барлық аудандарына, ал үшінші жылы облыстың бүкіл ауылдарына жеңіп алдым. Сөйтіп шаруамыз алға басып, қиындықты артқа тастадық. Бүгінде осы радио күллі облыс аумағының 94 пайызын қамтиды. Сол кезде өңірден сақталып қалған жалғыз облыстық радио бізбіз. Үш жыл қатарынан Қазақ радиосы мен Павлодар облыстық радиосынан республикалық ақындар мүшәйрасын ұйымдастыруға ұйытқы болдым. Тіпті Фариза ақынның: «Сенің даусыңсыз Қазақ радиосының хабарлары солғын тартатын секілді. Арқа өңірінде ана тіліміздегі хабарлар өріс алмай тұрған кезде де қаламыңның сиясын құрғатқан емессің. Әдебиет пен өнер жайлы Астанада жылт еткен жаңалық болса, оның басы-қасында өзің жүресің. Осы жанашырлығың мен елгезектігің үшін, еңбекқорлығың үшін өзіңе шын жүрегімнен алғыс айтамын. / Фариза Оңғарсынова, 31 мамыр 2001 жыл, Парламент үйі /» деген ризашылық хаты сақтаулы.

–Қазақ журналистикасында қазақ қыздарының алар орны бөлек. Бүгінде олардың арасында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қоғамдық мәселелерге үн қатып, өзiндiк ой-көзқарасын айқын әрi ашық бiлдiрiп жүрген майталман тұлғалар аз емес. Жалпы әріптестеріңіздің бойында қандай қасиеттердің болғаны абзал?**

-1991 жыл болса керек. Бірде Павлодар облысы, Ертіс ауданының Тәжірибе стансасына барған іссапардан қатты суық тиіп, ауырып келдім. Түс мезгілі болатын. Ол кезде екі қызметті қатар атқарамын. Қазақ радиосының тілшісі әрі Павлодар облыстық телеарнасының жаңалықтар бағдарламасы Бас редакторының орынбасары болатынмын. Температурамды өлшеп едім, 39 градус. Жолдасым Беделхан теміржолда ауысыммен жұмыс істейді. Ол жүгіріп дәрілерді алып келіп, көмек көрсетіп жатыр. Жедел жәрдем машинасын шақыртты. Дәрігерлер суық тиген, әрі тамағы ісіп, қызарған, вирусты-ангина деп диагноз қойды. Сол сәтте көзім ілініп кетіпті. Жұмыстан шаршап келген жолдасым да ұйықтап кетіпті.
Бір кезде телефон шыр ете қалды. Үйде Рухия әжеміз бар еді, телефонды сол кісі көтерді. Жұмыстан мені іздеп жатыр екен. «Қазір екі сағаттан кейін Екібастұзға жүресіңдер, сол жаққа Елбасы келеді, телевидениеге де, радиоға да жазып алуың керек» деп Алматыдан тапсырма түсті. Үсті-басым малмандай су, ақырын ғана киімімді ауыстырып, далаға шықтым, машина дайын тұр екен. Сол ауырған қалпымда Екібастұзға жүріп кеттім. Барысымен Мемлекет басшысынан сұхбат алдым. Павлодарға студияға қайтып келіп, хабар дайындадым. Үйге қай уақытта жеткенім есімде жоқ. Есіктен кіре бергенімде «Бұл ісіңді қалай түсінуге болады?», – деп жолдасым ренжіп тұр... 1992 жылы Қазақ радиосының Шалқар бағдарламасына сауыншылардың өмірі жайлы хабар дайында деп Баянауылға жіберді. Ол кезде мен Павлодар облыстық телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезім. Телехабар түсіріп әкелмек болып, телеоператор Владимир Масленников пен жарық түсірушіні, режиссер Үмітжан Садуованы ертіп, қолыма радионың Репортер-7 магнитафонын асынып, жолға шықтық. Шілде айы, күн шыжып тұр, 40 градус, автокөліктің төрт жақтан терезесін ашып, бесеуміз әндетіп келеміз. Баянауылға жете тоқтап, ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығынан сұхбат алдық. Жолда Сабындыкөлге суға түсіп, «Южный» кеңшары қайдасың деп машинаға отырдық. Діттеген жерімізге жеттік, кеңшар директоры ауыл шетінде тосып тұр екен, бізді малшылар фермасына алып келді. Үш мыңыншы сауыншыларды сөйлетіп, фермадағы малшыларды түсіріп, қас қарая кеңшарға жеттік. Ертеңіне тағы ауылда жұмысымыз бар. Бір үйден тамақтанып, жайғастық. Таңертең тұрсам, көзімді аша алмаймын, сөйлейін десем, сөйлей алмаймын. Жағым қарысып қалғандай. Сөмкемді тауып алып, айнаға қарасам, бетім, мұрным мен ауызым бір жаққа қисайып кетіпті. Ең қиыны сөйлей алмаймын. Ыммен режиссер құрбым Үмітжанды ояттым. Міне, қызық, оператор Владимир Масленников те тап сондай күйді бастан кешіпті. Содан Павлодарға дейін – 250 шақырым, ал Екібастұзбен арасы – 150 шақырымдай. Содан Екібастұзды бетке алдық. Екеумізді де қалалық ауруханаға жатқызды. Сөйтсек автөкөліктің терезелерін ашып қойғанда жақ сүйегімізге жел тиген екен. Екеуміз де бір ай жаттық, мен жазылып шықтым да, ал телеоператор қызметке жарамай, 50 жасында мүгедек болып қалды. Бір ай бойы бала-шағамнан, жан жолдасымнан жырақтап қалып, қиналып едім. Жұмысқа келгеннен кейін қалай ауырғанымды ешкімге айтпай, жасырып қалдым. Ауырып қалдым деуге намыстансам керек. Тіс жармадым. Бүгінде сол ауру мені осы күнге дейін мазалайды. Қай қиындықты да күрескерлік пен қайсарлық жеңіп шығады. Ал журналиске қандай қасиет керек дегенге келсек, ол халыққа әрдайым жақын жүріп, адалдықты ту етуі керек. Елдің мұңын, халықтың жоғын жоқтауы керек, көп ізденуі керек.

Астананың 10 жылдығында.jpg

Елдің мұң-мұқтажын шешуге атсалыспаған журналисті өз басым түсінбеймін. Сосын шыншылдық қажет. Болған оқиғаны дәл уақытында, нақты дәлелдермен көпшілікке жеткізу өз алдына, сонымен қатар журналист халықтың адамы екенін ұмытпауы ләзім. Ол – айналасында болып жатқан кемшіліктерге көз жұмып қарап отыра алмайтын адам.

Телерадио қорына қосылған хабарларыңыз көп пе?

–Санаған жоқпын. Бірақ радиоға да, телевидениеге де дайындаған хабарым аз емес. Көбіне менің «Алтын қордағы» хабарларым пайдаланылып жүр. Мысалы, «Асыл мұра» айдарымен берілген Мәшһүр Жүсіп бабамыз жайлы бірнеше хабарым бар. Мәшекеңді көрген адаммен де сұхбаттасқанмын. «Иса ақын», «Әнші Майра», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Құдайберген Әлсейітов жайлы», тағы да басқа толып жатқан әдеби-музыкалық хабарларым бүгінде баға жетпес құндылық саналады. Иса ақынды, Естайды, Құдайберген ақынды көрген талай өнер адамдарын көзі тірісінде сөйлетіп үлгердім. Халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халық әртісі Роза Бағланова, эстрада жұлдызы Роза Рымбаева, сонымен қатар белгілі әншілер Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, Гүлмира Сарина, Мейрамбек Беспаев, тағы да басқа өнер адамдары жайлы хабарларым Қазақ радиосы мен Павлодар облысындағы «Халық» радиосы қорында сақтаулы

**–Өмірлік ұстанымыңыз туралы айтып берсеңіз.

–Өмір сүрудің екі түрлі жолы бар. Бірі – тек күнделікті болып жатқан тіршілігіңе дән риза қалпыңда қала беру, ал екіншісі – соңыма жақсы сөз, ізгілікті із қалдырсам деген мақсаттағы ғұмыр. Саналы жан бақытты ешқашан дүниелік байлыққа баламайды. Өмірімде артық ақша жинап, байлыққа қызыққан емеспін. Қарапайым ғана үйім бар, балаларым да көз майын тауысып, адал еңбекпен есейді. Басшылық қызметте жүрген кезімде журналистерді қабілет-қарымына қарап қызметке алдым. Адалдық ұстанымынан айнымадым. Бекер шашылып жатқан байлығымыз жоқ дегенімізбен, рухани қазынамыз көл-көсір. Ең бастысы, қайда жүрсем де, туған жерімнен алыстап кетпедім. Оның үзілген бір сабақ жібін көрсем, сонысын жалғауға тырыстым. Майдангер жерлесім Ахметуәли ақсақал: «Еліңе қызмет етіп, туған жеріңе туыңды тік» деп тілек айтып еді. Осы аманатқа барынша адал болуға тырысып бақтым. Ел Тәуелсіздігінің нығаюына бір кісідей үлесімді қостым.

                                                         **Әңгімелескен
                                                         Қарашаш ТОҚСАНБАЙ******