Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ҚАЙСАР МАЙДАНГЕР!

ҚАЙСАР МАЙДАНГЕР Жүнісбек КӘРІМОВ 95 жастың төрінде

ZHunisbek-Karimov.jpg

-Мына мен фашистік Германия бейбіт тірлік кешіп жатқан Кеңес Одағына тұтқиялдан шабуыл жасап, мұздай құрсанған әскерлерімен елдің батыс өңіріндегі Украина, Белоруссия, Молдавия өңірлерін бронды танктерінен, зеңбіректерінен ажал снарядтарын гүрсілдете құстырып, ұшақтары аспаннан бомбаларын нөсерлете төккен, білек сыбанған жауынгерлері автоматтарынан оқ бүріккен қарқындарымен аз уақыттың ішінде кеңес әскерлерін тықсыра орасан зор шығынға батырып жатқан кезде, он беске иек артқан бозбала жаста ғана болатынмын. Елдегі аға, әкелеріміз сол алғашқы күндерде жаппай соғысқа алынып, кейін кейбіреулерінен майдан даласында ерлікпен қаза тапты деген қаралы қағаздар да келіп жатты. Ел іші жылаулы күй кеше жүріп, еңкейген кәрісі, он екі де бір гүлі ашылмаған қыздар, желекті шымылдығы түрілмеген әйелдер, өзім құралпылас бозбалар, ақжаулықты аналар күндіз-түні демалмастан майданның қажетіне деп жаппай еңбекке жұмылған ауыр кезең болды. Бірақ бұл соғыстың табаны күректей төрт жылға созылатынын ол кезде ешкім де дөп басып болжап айта алмаған. Кеңес әскерлері алғашқы абдыраған қалпынан тез есін жинап, неміс-фашистерінің екпінін басады, тықсыра қуып өз апандарында жер жастандырады деген үміт басым болатын. Алайда біртіндеп бұл үміт те қоламтадағы шоқтай өшуге айналған тұста, 1942 жылдың наурыз айында жасым он сегізге толмаған маған да әскерге шақырған қағаз келді. «Көппен көрген ұлы тойға» мен осылайша тап болдым, - дейді бүгінде әңгімеміздің әлқисасының тізгінін бірден өз қолына алған, тоқсанның төріне шықса да әлі де санасы айқын, бойдағы қайрат-жігері жаси қоймаған, соғыстың от-жалынында шыңдалған майдангер Жүнісбек Кәрімов ақсақал. Міне, Ақмола облысының сол кездегі Ақмола (кейінгі Целиноград) ауданына қарасты Қажымұқан ауылының тумасы Жүнісбек Кәрімовтың майдан жолы осылайша өрілген. Аз уақыт әскери дайындықтан өткеннен кейін бірден майданның алғы шебіне аттанған өрімдей жастар бастапқы кезде жаумен бетпе-бет кездессе ертегінің көзсіз батырларындай оқпен бүркеп, найзамен шаншып жер қаптыратындай сезімде болатын. Мұның бәрі балалық қиял, Ал нағыз қиян-кескі соғыс өлім мен өмір айқасы екенін ол окопта басбұқпантайлап отырған алғашқы күндерде-ақ бірден түйсінді. Қарсы жақтан бораған оқ, ысқырған снаряд, мина жарықшақтары бұлардың окоптарының маңайын тіміскілеп әлем-тапырығын шығарғанда, өзімен шерулетіп келген бірталай жастардың қорқыныштан естерінен тана есеңгірегенін, кейбіреулерінің жауға қарсы бір оқ атуға үлгермей ажал құшқандарын көргенде, жеңіс сағатын жақындату кеңес әскерлеріне оңайшылықпен келмейтінін жанымен сезінді. Сондықтан бозбала Жүнісбек майдандастарының көбі сияқты тез есін жинап, қарсы шабуылдарда қатардан қалмауға барын салды. «Адал ұл ер боп туса – ел тілегі» дегендей, майдан жолының толарсақтан қан кешкен жорықтарында жаумен шайқастарда өзінің бойына біткен қайсарлығы мен батылдығының арқасында рота, батальон командирлерінің көзіне де түсті. Бастапқы кездегі соғыс даласындағы үрейлі қорқыныш та таза ұмытылған. -Біздің халқымыз да сөз табуға шебер ғой. «Үш күннен соң адам көрге де үйренеді» дейді. Сол айтпақтай, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, бой үйренгеннен кейін, қанды майданның өзі күнделікті міндетті жұмысың сияқты болып кетеді екен. Өзгелерді қайдам, өзім сондай сезімде болдым. Соғыстың нағыз қызған шағы 1943-1944 жылда бораған оқ пен ысқырған снаряд астында жүргенде, бірде-бір рет саптан шығып қалатындай жарақат алып көрмедім. Ажал оқы менен алыстап жүрді, - дейді Жүнісбек ақсақал тағы бір сөз ретінде езу тарта. Бәлкім, солай да шығар. «Ерліктен оқ та жасқанады» дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Жүнісбек Кәрімовтен жаудың оғы да жалтарған-ау! Иә, бүгіндері қатарлары мүлде сиреп, ең жасының өзі тоқсанды орталағандар елде азайып қалды. Олар жастықтың жалынды жылдарын оқ пен оттың ортасында өткізді. Шынында да солай. -1944 жылдың желтоқсанында 348-ші жаяу әскер дивизиясын, құрамында өзім де бар, Берлин қаласын алуға жұмылдырды. Ажал алдыңдағы соңғы тұяқ серпілісі сияқты немістер де оңайшылықпен беріспеді. Әсіресе Беринге кіру оңай болған жоқ. Қаланың әрбір үйі, орамдары, алаңдары алынбас берік қамалға айналдырылып жіберілген. Жанды түршіктіретін небір оқиғаларды көзіммен көрдім. Майдандас достарымның талайы нағыз жеңіс сағаты енді таялған шақта неміс жерінде мәңгілікке көз жұмды. Жеңіске бір күн қалғанда басымнан қатты жарақат алып, өзім де госпиталға түстім. Мен үшін жеңіс сағаты осылай соғылды, - дейді қарт майдангер. Бірақ Жүнісбек Кәрімов үшін майдандағы жорық жолдары әрі жалғасты десе болады. Госпитальдан жазылып шыққан соң оны Беллоруссияда әскери қызметке қалдырды. Казань қаласындағы авиация әскери училишесіне оқуға жіберіліп, сол кезде Кеңес Одағында шығарыла бастаған алысқа ұшатын ұшақтардың сынаушыларын дайындайтын инженер-механик мамандығын меңгеріп шықты. Орша қаласында қызметін жалғастырды. Осы жерден сонау солтүстіктегі ең суық жер Верхоянскіге дейінгі сынақты ұшу сапарына қатысқанының өзі де сол кезде ерлікке пара-пар оқиға еді. Дегенмен майдан жолындағы ұзақ жорықтарда алған суық пен сыз оның да жүрегіне өз салмағын салған-ды. Кезекті бір ұшу сапарының алдында ол жүрек талмасы сырқатымен тағы да госпиталға түсті. Осылайша авиация саласының керемет ұшқышы болмақ арманы аяқсыз қалды. 1951 жылы, яғни араға жеті жыл салып туған жерінің топырағына табанын тіреді. Оның әскери училищеде алған білімінің септігі осы арада кәдеге асты. Қазақстан темір жолы Ақмола станциясында автоматтандыру, белгі беру және байланыс дистанциясында табаны күректей 55 жыл механик болып қызмет атқарды. Осы жерден құрметті еңбек демалысына шықты. -Елу бес жыл еңбектің қалың ортасында жүру екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт қой, бұған өзіңіз де риза шығарсыз? – дедім сөз түйінін ақсақалдың бүгінгі тірлігіне қарай бұрғым келіп. -Солай деуге де болады. Зайыбым Тапурамен қол ұстасып 70 жыл бірге ғұмыр кештік. Өкініштісі, ол осыдан екі жыл бұрын менен бұрын мәңгілік мекеніміз Жер-Ана құшағына жайғасты. Ал өзіміз өмірге әкелген екі ұлдың үлкені Амантай Ішкі Істер министрлігінің Жоғары мектебін бітіріп, біраз жыл осы елордасында қызмет атқарды, кейіннен Шымкен қаласына жедел тергеу бөлімінің лауазымды қызметіне ауыстырылған еді. Бірақ, осыдан төрт жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Әлі күнге неден, қалай қайтыс болғандығы жайлы нақтылы тұжырымды жауап айтылған емес. Ал екінші ұлымыз Жеңіс жастай төтеннен жабысқан дерттен көз жұмды. Енді тағдырдың осындай басқа салған ауыртпалығына қайыспай отырған жайым бар… – Майдангер ақсақал осыны айтқанда, адамның жаны да бір жұмбақ екен-ау деген ойға еріксіз берілдім. «Өлмектің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, осыдан біраз бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Абылай хан даңғылында тұрған ардагер бүгінде Ақмоланың алғашқы гильдиялық көпесі Кубриннің атындағы көшедегі пәтерге қоныс жаңартқан. -Әйелімнің інісі, менің балдызым Сократ үйде жалғыз отырғанша бізбен бірге болыңыз деген соң осындай қадамға бардым. Жас келген соң бұрынғыдай жүріп-тұру да оңайға соғып жатқан жоқ біздей кәрілерге. Жаңа сен бақыт деген бір сөз айтқан сияқты едің, менің бақытым бүгінгі тәуелсіз елдің біз бастан өткерген соғыстан кейін 76 жылға жуық бейбіт өмір аясында өмір сүріп келе жатқанын көзбен көргенім. Ендігі ұрпақ мұндай қырғынды, алапатты көрмей өссе деген тілекпен өмір сүру менің замандастарымның маңдайына жазылған тағдыр, - дейді қарт майдангер сөз соңын келте қайыра. Рас, бүгінгі біздер бейбіт өмірдің аясында мамыражай тіршілік кешіп жатырмыз. Ал сол күнді бізге аманат етіп отырғандар осы Жүнісбек Кәрімов сияқты соғыстың от-жалынынан өткен ардагерлер. Біз соларға әрдайым құрмет көрсетуге тиіспіз. Кеудесінде 1,2 дәрежелі «Отан соңғысы» ордені, «КСРО Маршалы» Жуков» және «Ерен ерлігі үшін», көптеген мерейтойлық медальдары жарқыраған майдангер ақсақал Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни 20 наурыздағы туған күнімен шын жүректей құттықтасақ, оған деген бұдан артық құрмет болмас. Ғұмыр жетсе, әлі де өмір өріннің төрінен көріне бергей, қарт майдангер!

                                           Аманкелді ЖҰМАБЕК,
                                           журналистика ардагері 
                                Нұр-Сұлтан қаласы,20наурыз 2021жыл.