Алланың сыйы
Таяуда 95 жас – 95-ші көктемін қарсы алған Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы партия-кеңес қызметкері, ағарту ісінің үздігі Асылхан Табылдыұлы Бекбаевтың ортамызда осылайша аман-сау жүру сырын Алланың берген сыйы деп санаймыз.
Тегінде, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін ерекше жас қой – 95! Олай топшылауға ол жүріп өткен жолдың ұзақтығын ғана емес, сол өмір жолында небір тарихи ұлы өзгерістерге тікелей араласып, қандықол қырғын соғыс майданынан аман оралуы, расында да оған бұйырған ерекше сый.
....Соғыс! Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кеткен сол бір сұрықсыз дүние енді қайтып оралмасын деңіз.
Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті. Сөйтіп, әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар, олардың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі. Екінші дүниежүзілік соғыс – бүкіл адамзаттың белін қайыстырған ұлы майдан болса, қазақ одан да өтті. 1941 жылы 22-ші маусымда гитлерлік Германия КСРО-ға опасыздықпен шабуыл жасады. Сол күні-ақ қаншама қазақтың азаматы белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін майдан даласына аттанды.
Асылхан Бекбаев та сол миллиондардың бірі. Ол 1924 жылы 31-ші наурызда Шығыс Қазақстан облысының /бұрынғы Семей/ Бесқарағай ауданына қарасты Семеновка ауылында дүниеге келген. 1933 жылы осындағы Семенов жетіжылдық мектебінде алаңсыз білім алып жүрген балаң жас оны 1940 жылы аяқтайды да, іле-шала арман жетегімен Семей геологиялық-барлау жұмысшы факультетіне оқуға түседі. 1941 жылы жабылып қалады да, екі курсын ғана тәмамдап үлгерген ол туған ауылы Семеновкадағы отбасына қайта оралып, осындағы почта байланысы бөлімінің бастығы болып қызметке кіріседі.
Жалпы, ол өмір сүрген дәуір бір дүрбелеңді кез-тін. Қай жақтан болса да елге де, азаматқа да анталап төніп тұрған қауіп зор болды. Сол бір революция мен Азамат соғысы жылдарында Қазақстанның жері майданға айналды. Ары-бері жосылған қызылдар да, ақтар да қазақты қырды. Қазақ бұдан да өтті.
1932 жыл «Ақтабан шұбырынды» еді. Қазақ бұдан да өтті.
1939 жылдан саябырсымаған шайқасулар екінші дүниежүзілік соғысқа ұласып, мелдегінен қан кешіп қазақ бұдан да өтті. Одан кейінгі де колхоздастыру, тың игеру... секілді жымысқы да құйтырқы саяси науқанның барлығынан қазақ тағы да өтіп, небір зобалаңды бастан өткерді.
Сол аумалы-төкпелі ауыртпалықтың бәрің де алмас қылыштай жарқылдап жүрген жас жігіттің жаны сезініп, ой елегімен тәнінен де, жүрегінен де өткереді. Қарбалас та құбылмалы заманда ол өз жолын таңдай білді. Оның туған елі, өзі өмір сүрген шығыс белдігі – ел мен ердің нағыз шекіскен өлкесі еді. Бүгінде енді өзі осы тарихи оқиғалардың санаулы көзі тірі куәгері іспетті.
Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңестер Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған уыздай жас өскіндер атойлап алғашқылар қатарында соғысқа сұранды.
Он сегіз жасқа енді ғана толған сол қазақтың Асылхан Бекбаевтай бір ұлы да 1942 жылдың маусымының 20-сында Кеңестік әскер қатарына алынады. Еті пысық, білімге құлшынысы ерекше ол бұл уақытта сол кездің талабында-ақ биіктерге көтеруіне жол ашардай білім алып үлгерген еді.
Содан да болар шыныққан көзі ашық, көкірегі ояу, екі тілге білдей зерек, Шығыстан жеткен қазақ солдаты Бекбаевтың болмысы бөлек-тін. Қатарының алды еді Оған қару-жарақтың қай түрі болса да сеніп тапсырылып, жауынгерлік топтарды басқартты.
1944 жылдың қарашасынан армия генералы Грюкин қолбасшылық ететін /134-ші авиациялық 3-эскадрилья/ 3-Беларусь майданының 6-шы гвардиялық бомбалаушы авиациялық дивизиясының 134-ші гвардиялық авиациялық полкі құрамында Беларусь және Балтық жағалауы аймақтарын неміс басқыншыларынан азат етісуге басынан аяғына дейін қатысты. Қансыраған майдан жолының небір азабын жауынгерлермен бірге көтере білді.
Ұлы Жеңісті Кенигсберг түбінде, Шығыс Пруссияда қарсы алды. Асылхан Бекбаев майдан жылдарына, жәй майдан емес, қан мен тер төгілген жылдарға, жастық дәуренінің, әскери қызметімен қоса есептегенде, бақандай сегіз жылын жұмсады. Тек, 1950-шы жылдары ғана ауылында «екі көзі төрт боп» зарыға күтіп отырған отбасына жаны жаралы болса да аяқ-қолы сау, аман-есен оралады. Оралысымен елдің торығып қалған хәл-жағдайын жақсартуға біркісідей атсаласып, шинелінің шаңын сілкіп те үлгерместен, тыл майданындағы қат-қабат шәруаға араласып кетеді. Осылайша өмірдің зырылдаған доңғалағы оны шыр айналдыра отырып, талай істің басына әкеп, талай еңбек биігіне көтерді. Кезіндегі Семей облысының Бесқарағай аудандық сотының сот орындаушысынан басталған бейбіт өмірдегі еңбек жолында қай істе де біліктілікпен, асқан жауапкершілікпен көзге түсті.
Бір атап өтерлігі, Семей кезінде Алаш Ордасы, ұлттың маңдайалды қаймақтары шоғырланған қасиетті мекені еді. Семейден небір қазақтың қайраткерлері білім алып, жалпы қазақ еліне, қазақ халқына паш болғаны мәлім. Семейде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев, энциклопедист ғалым Әлкей Марғұлан білім алды. Бұл тарихтың бәрі А. Бекбаевқа жақсы мәлім. Қарт Семей ұлт қаймағы шоғырланған, алғашқы қазақ газет-журналдары жарық көрген, тұңғыш Семей мұғалімдер семинариясы, тіпті, қазақ қойылымдарының алғаш сахнасы осында ашылған саяси-мәдени орталық саналды. Әр жылдардағы жастармен болған кездесуде ұрпақтар байланысын жалғастыра отырып, А. Бекбаев өзінің ағартушылық қызметінде осы жайында да тереңнен сөз қозғап, бүгінгі тәуелсіздіктің терең тамырын сол тарихпен байланыстырып отырды, ұлт мәдениетінің ғасырлар қойнауына сіңген тамыры тереңдей түскенін арқау етті. Сұмдығы мен сұрапылы зор болған сол дәуірден аман шыққан қазақ халқымен бірге, бір сапта тұрған ол ұлт болашағының қамын ойлап өзінің ағартушылық саладағы қызметінде талай түлектің бағын ашты, шамшырақ қазығындай тура жол көрсетті.
А. Бекбаев ұзақ жылдар бойы зейнеткерлікке шыққанға дейін М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық училищесінің директорлығы қызметін атқарды.
«Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін, әрине, біледі. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті енді шарпымасын», – деп тілейді қазыналы қария. Соғыстан соңғы өмірінде күні бүгінге шейін ол осы ізгі тілегімен, аға буынның қан майдандағы жан алып, жан беріскен ерлігін нешеме мәрте сан ұрпақтың алдында аңыздай жырлады, десеңізші. Оған есеп жүргізу де мүмкін емес. «Қырық бірінші жылдың жиырма екінші маусымында таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Кеше ғана мектеп партасында отырғандар елін жаудан қорғау үшін қолына қару алып, қан майданға аттанды», – деп әңгімесін бастайтын ардагердің әжім шалған мұңлы жүзінен, «Иә, қарақтарым, Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін айқын байқайды. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық адам әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды»,– дегенде, әжім іздері тереңдей түскендей.
Жыл сайын, соғыс ардагері Асылхан Бекбаев та асыға күтетін – 9 Мамыр күні – Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді. Мақтаныш емес, келер ұрпаққа аманат ретінде ел үшін еткен еңбегін паш етіп, соғыс және еңбек ардагері, бүгінде жасы 96-ға шыққан Асылхан Бекбаев «І дәрежелі Отан соғысы» және «Құрмет Белгісі» ордендерін, «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Кеңестер Одағының маршалы Г. К. Жуков медалі» мен басқа да көптеген медальдарын сыңғырлата тағып, өшпес ерлікке тағзым етеді.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге жеңіс сыйлаған ардагерлеріміз бен тылдың қара жұмысында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Біздің кейіпкеріміз, бір ғасыр куәгері, жеңімпаз солдат Асылхан Бекбаев та өзгерістер жасаған өткен дәуірдің ұрпағы. Ол дәуірдің адамдары соғыста жеңіске жетті. Жаңа мемлекеттің іргетасын қалады. Сондықтан олардың біздер үшін жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. «Ардагерлер қатары сиреп келеді» дейміз осы күні. Сиреп емес-ау, саусақпен санарлықтайы ғана қапты. Ол заманның адамдарына қарасаңыз, қайтсем де адам баласына пайдам тиер деген мақсатпен өмір сүрді. Осы мінездері бүгінгі ұрпаққа сабақ болса екен.
Өмір ағысымен жылжи отырып, Елорданың төрінде, әулетінің ортасында, ақыл-кеңестің таусылмас қазынасындай боп үйінің төрінде отырған тау тұлғалы, кеудесі соғыс және еңбек марапаттарына толы Бекбаев Асылхан қарт бай-бәқуатты өмір кешуде. Алланың оған деген ендігі сыйы – алда да өмір боп, өзіңіз дүниеге келген көктем айында келер көктемдеріңізді күтіп ала беріңіз!
Майра ШӨКЕН.