Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Алғыс арқалаған Азамат

Осы жасыма дейін талай тамаша жандармен танысып, етене араласып, қызметтес болдым. Оңаша отырғанда кейде сол күндер ойға оралады. Солардың жарқын мінездері, жарасымды әзіл-әңгімелері, асыл азаматтардың бейнелері осы күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Солардың бірі Жамбыл облысында дүниеге келіп, байтақ Қазақстанның түрлі аймақтарында жемісті еңбек еткен, қазірде аға буынның өкілі атанған Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы Шәкенов дер едім. Астана қалалық ардагерлер Кеңесі басшылығының ақпараттық жоспарында биыл мерей тойлы жасқа келген, еңбектерімен елге танылған азаматтар туралы жазу көзделген. Кім туралы жазу керек дегенде менің таңдауым бірден Мұқаңа түсті.

Менің Мұқаңмен танысуым Астана қалалық ардагерлер Кеңесіне мүше болудан басталды. Оған бірден бір себепші болған сол жылдары (2008 ж.) қалалық ардагерлер Кеңесіне басшылық жасаған белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Алпысбеков еді. Бір күні мені өзіне шақырған Қуаныш сөзді турасынан бастады.

— Мәке, халқымыздың мақтанышы Жұмабек Тәшенев туралы зерттеу жұмысыңыз және қоғамымыздағы түрлі өзгерістерге байланысты көзқарасыңыз маған ұнайды, сіздің белсенділігіңіз біздің ардагерлер Кеңесіне өте қажет, соған мүше болсаңыз. – Біздің ортамызда есімдері елге танымал азаматтар жеткілікті, олармен бірте бірте таныса жатарсыз деп біраз адамдардың аты жөндерін атады. Солардың ішінде Мұхамбетқасым Шәкеновтың есімі жадымда берік сақталды.

Содан бері Мұқаңмен түрлі жиындарда кездесіп жүргенмен жақын таныса қойған жоқпын. Жақын танысуымыз ардагерлер Кеңесі жанынан құрылған Астанадағы ескерткіштерді қорғау және күту жөнінде құрылған қоғамдық комиссияға мені төраға етіп сайлаудан басталды. Комиссия мүшелерінің ішінде Мұқаң осы саланы терең білетіндігімен және білгірлігімен ерекшеленді. Кейіннен білдім, Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы 1991 жылдары Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Қоғамды басқарған екен. Мұқаңның осы саладағы бай тәжірибесі біздің комиссияның жұмысын жандандыруға бірден бір себепші болды. Содан бері Мұқаң екеуміздің арамызда рухани жақындық орнады, өмір мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты біздің көзқарастарымыз бір арнадан шығып жатты. Енді ойлап отырсам мен Мұқаңды ертеден білетін болып шықтым.

… 1999 жылы біз ҚР демография және көші-қон Агенттігінің құрамында Алматыдан Астанаға қоныс аудардық. Келе салысымен Агенттік төрайымы Алтыншаш Жағанова штатты жергілікті білікті кадрлармен толықтыра бастады. Солардың ішінде біздің көңілімізден бірден шыққаны жас маман Айгүл Шәкенова болды. Айгүл жұмыста ұқыптылық танытып қоймай, берілген тапсырманы уақытында орындап, үлкендерге ізет көрсетумен, әріптестерімен мәдени қарым қатынас жасауымен көзге түсті. Ең бастысы көптеген қала қыздарына тән «шала қазақтылық» танытпай, өз ана тілінде емін еркін сөйлеуі Айгүлдің үлгілі де өнегелі отбасында тамаша тәрбиеленгенін байқатты. Қыздарына осындай тамаша тәрбие берген Айгүлдің папасы мен мамасы кімдер екен деген тамсанып та таңдана сұрақ қоюшылар аз болмады.

Енді міне, қанша жыл өтісімен Айгүлдің папасы Мұқамбетқасыммен Астанадағы ардагерлер Кеңесіндегі таныстығымыз рухани жақындастыққа айналды, осы жылдар ішінде бір бірімізге деген достық сезіміміз нығая түспесе, одан кеміген жоқ. Орта бойлы, қою шашты қараторы келген Мұқаң бір көргеннен жылы әсер қалдырады. Кімге болсын мейіріммен, сәл- пәл сынай қарайтын қой көздерінде ойлылық бар. Адамдармен қарым қатынасы мен сөйлеген сөзі өмірден көргені мен түйгені мол жан екендігін аңғартқандай.

Мұқаңның өмірбаянына қарап отырсам, ол соғыс басталған жылдары ауылда қарапайым отбасында дүниеге келген екен. Оның өмірі сол жылдардағы қазақ балаларының тұрмыс тіршілегінен бір артықшылығы жоқ. Сол кездегі қазақ отбасылары көрген жоқшылық пен таршылықтың небір азабын Мұқамбетқасымның отбасы да басынан кешірген.

Әкесі Қойшыбай Нақыпұлы мен анасы Мінай Сарыбайқызы сауаттарын аша алмаған, қарапайым отбасынан болса да дүниетанымдары кең, балалар тәрбиесіне, олардың оқып білім алуларына зор көңіл бөле білген. Олар дүниеге он төрт перзент әкелгенмен, солардың бесеуі ғана аман қалған. Мұндай келеңсіз жағдай сол жылдары Қазақстанның барлық аймақтарына жайылған қасіретті дерт еді. Қойшыбай қарт бірдеңені сезгендей, әсіресе екінші баласы Әбілқасымға қалған іні-қарындастарына бас көз болуды, олардың білім алуларына жағдай жасауын аманат етіп кетті. Мұқаң осы жағдайды былайша еске түсіреді:

— Әбілқасым ағам әкемнің орнына әке болды. Жеңгем Шекер Ыбырайқызы екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Маған және қарындастарыма жоғары білім алуға жағдай жасады. Әкелерінен ерте қалған немере інілерім Қалмен мен Оқанды, Әбдіқалықты жұмысқа баулыды, мамандық әперді, үйлендірді. Өте мейірімді жан еді. Ағайын жекжаттан қолдан келген жақсылығын аямайтын, жаны жомарт, кеңпейіл азамат болатын.

Әбекең ешкімнің ала жібін аттамаушы еді. Меккеге қажылыққа барарда Алматы арқылы ұшты. Жолға керек болады деп жоралғысын жасап едім, алмай қойды. Бір әке шешеден тусақ та: «Шариғат көтермейді, қажылыққа өз еңбегіммен тапқан қаражатыма баруым керек»,- деп көнбеді. Осы мысалдың өзінен Мұқаң тәрбиеленген ортаның қаншалықты өнегелі болғанын байқау қиын емес.

Шіркін, арман мен қиял деген керемет қой! Ол сені кей уақытта мүмкіндігіңе қарамай асқақататып жібереді, кейде күтпеген жерден жардан құлата салады. Сол арманның жетегімен сегізінші сыныпты тәмамдаған Мұхамбетқасым облыс орталығы Жамбылдан бірақ шықты. Әр сыныпты үздік бағамен бітіріп жүрген бала Мұқамбетқасымның ой өрісі мен дүниетанымы кеңейіп, ендігі мақсаты білімді қала мектептерінен алсам деген бала қиялына әке-шешесі де тосқауыл болмай, қайта жан жақты қолдау көрсетті. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі алдынан шығады» дегендей, бала Мұхамбетқасымға қалада жолыққан адамдар ұлтына қарамай кең пейілді, ізгі ниетті адамдар болып шықты. Бұл туралы Мұқаң «Жадымдағы жылдар» кітабында былай деп жазады: «1957 жылы әке-шешемнің ықтиярымен Жамбыл қаласына ауыстым. Мектеп директоры Алдаберген Сәрсембаев ағайдан техникумға түсем деп құжаттарымды әзер алдым. Бейтаныс шаhарды аралап жүріп, Пушкин көшесінің бойындағы орыс мектебіне келдім. Директоры Павел Кузьмич Цой кілең беске толы құжаттарымды қарап шығып, сол мектепке қабылдады. Жатар орнымның жоқтығын біліп, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің директоры Сейдуллаев деген ағаймен сөйлесіп, ондағы облыс аудандарынан келген балаларға арналған мектеп интернатқа орналастырды. Осы интернатта оқып, тәрбие алуыма интернат директоры Әкім Садықбеков ағайдың көп шарапаты тиді».

Осылайша он бес жасында арман қуып, қалада оқи бастаған Мұқамбетқасым жаңа ортаға бейімделе бастады, жинақы жігерлі бола білді, білімге деген құштарлығы артты. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысып, өмірге қажет болар деген мамандықтардың қыр-сырынан жеткілікті мәлімет алып шықты. Әсіресе, «әуесқой жүргізуші» куәлігінің пайдасын кейіннен мол көрді.

1959 жылы орта мектепті тамамдаған Мұқамбетқасым әкесінің кеңесіне құлақ асып, Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсті. Қызыққа толы студенттік өмір жігерлі жасты одан сайын шыңдай түсті. Шаршап шалдығуды білмейтін Мұқамбетқасым институттың қоғамдық жұмысына белсене атсалысты, курстың комсоргы болып, түрлі марапаттарға ие болды. Қызығы мол жалынды жастық шақ оны болашақ жары Шекерге жолықтырды, олар көп ұзамай отау құрды. Осылайша, студенттік бес жыл да өте шықты, алда қызығы мен шыжығы аралас беймәлім өмір өткелдері тосып тұрды.

Алғашқы еңбек жолын бөлімшенің қатардағы мал дәрігері мамандығынан бастаған Мұқамбетқасым институтта алған теориялық білімін іс тәжірибеде кеңінен қолдана бастады. Өмір көрген адамдардың тәжірибесін алып, олардың ақыл кеңестерін зейін қоя тыңдай білді, олардан шаруашылықтың қыр сырын үйренді. Көпті көрген ауыл адамдары жас маманды адалдық пен тазалыққа баулыды. Қандай жұмыста жүрсе де ұстамды, табанды, сабырлы болуға ұмтылды. Әрбір істің тетігін тауып, шешімін әділ, тез шығаруға тырысты. Осындай елгезектілік жас маманның абыройын арттыра түсті. Сол абыройдың арқасында Мұқамбетқасымның ендігі еңбек жолы сол кездегі комсомол ұйымдарымен байланысты болды. Жастар арасындағы жұмысты Жамбыл облысы Жамбыл аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінен бастады. Одан соң Жамбыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Жастар арасындағы тиянақты жұмысы бірден көзге түскен Мұқамбетқасымды жоғарылатып, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы, одан соң бөлім меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындады.

Мұқамбетқасым 1970 жылдан бастап Мәскеуге Бүкілодақтық ЛКЖО Орталық комитеті ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ауысты. Үш жылдан соң М.Шәкенов жаңадан ашылған Жезқазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Сөйтіп, он екі жыл Мұқамбетқасымның жалындаған жастық шағы, жігерлі жастардың жүрек лүпілі, білім мен өнерге деген талпыныс, қашанда уақыт жетпей жататын қауырт күндер, жастар арасында өткізген сәттер — осы күнге дейін Мұқаңның көз алдынан кетер емес.

Жылдар жылжып өте бастайды, жастар болса бірте-бірте есейеді, шынығып жетіледі, көрген білгендерін көкірекке түйіп, болашаққа талпынады. Комсомол Мұқамбетқасымның өмірінде осындай өшпес із қалдырды, ең бастысы адамдармен жұмыс істеп, олардың ішкі дүниесін жете түсінуге себепші болды, қандай бір қиындыққа төтеп беретіндей шынығу мектебінен өткізді. Енді алда жаңа асулар тұрды.

Бүгінде Мұқаң көңілі босағанда сол бір жылдарды, өзіне бағыт бағдар берген қазақтың бір туар азаматы Өзбекәлі Жәнібековты ерекше ілтипатпен еске тусіріп отырады. Шынында да, Өзекең сияқты ұлтжанды азаматпен қоян қолтық араласып, қызметтес болған қандай ғанибет! Ондай қайраткердің үйретері де, одан үйренері де мол еді.

Өзбекәлі Жәнібеков – сабырлы, салмақты, көрегенділіктің үлгісі іспетті өте жайсаң жан еді. Мәдениеттіліктің, ұлағаттылықтың, кісіліктің, тектіліктің эталоны сияқты болатын. Әрбір іс әрекеті салиқалы, сөзі дуалы, мінезі жатық, ешкімді жатырқамайтын, алаламайтын, қараңғыда жол көрсетер бағдаршам іспетті ұлтымызға өте қажет нағыз асыл азаматымыз еді. Мұқаңның болашақта қоғам қайраткері атануына Өзекеңнің ықпалы аз болмаса керек.

Жасырып жабары жоқ, ел басқару тізгінін қолына алған қайсыбір азаматтар алдына бара қалсаң, қайдағы бір бостекті әңгімелермен әбігерге салады. Сөйтіп, байқамай өздерінің білімінің, біліктілігінің таяздығын білдіріп алады. Бұрын басшылардың бұқара халық үшін атқарған жұмысын көріп, көпшілік ризашылдығын білдіріп жатушы еді. Шынтуайтына келсек, жауапкершілік төмендеп бара жатқан бүгінгі өмірде биліктегі азаматтардың жұмыс тәсіліне қарап «әттеген-ай» дегеннен басқа айтарың жоқ. Ал Мұқамбетқасым Шәкенов қай жерде жүрсе де жауапкершілікті жоғары қоятын, өзі өскен, қанат қаққан қасиетті өлкенің, өзі қызмет жасап өткен еліміздің түрлі аймақтарының арғы-бергі тарихы жөнінде мол мағылұмат бере алатын қайраткер дәрежесіне жетті. Осының өзі оның жан жақты білімдар, елдің ертеңіне үмітпен қарайтын ізгі жан екенін аңғартады. Түрлі лауазымды қызметтер атқарып жүргенде Мұқаң алдына келген адамның қай қайсысына болса да жете көңіл бөліп, оның мәселесін мұқият тыңдап, оң шешім шығаруды әдетке айналдырған. Сөзсіз, мұндай адамгершілік пен тектілік ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыған асыл қасиет.

Жетпісінші жылдардан бастап Қазақстанның экономикасы мен көп салалы шаруашылығы ерекше қарқынмен дами бастады. Халықтың әлеуметтік жағдайы артып, қазақ халқы сан жағынан күрт өсе түсті. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы қарқынды даму республика басшыларының алдына шешімі күрделі проблемаларды көлденең тартты. Ең бастысы аймақтардағы өнеркәсіп пен экономиканың дамуы, білікті мамандар мен жұмысшыларға деген қажеттілікті тудырды. Осы жылдары өнеркәсіпте істейтін қазақ жұмысшыларының саны да арта бастады. Осындай жағдайды ескерген республика басшылығы Қазақстанның құрамында жаңадан үш – Жезқазған, Торғай және Маңғыстау облыстарын ашты.

1973 жылы Мәскеуде БЛКЖО Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрген Мұқамбетқасым Шәкеновты Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Е.Тяжельников шақырып алып, республика басшылығы жаңадан құрылған Жезқазған облысының жастар Одағын басқару үшін Шәкеновты шақырып жатқанын айтып, осындағы атқарған жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, Мұқаңа сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

Кеңес одағы кезінде жастардың облыстық ұйымына жетекшілік етуі үшін, талай сындардан мүдірмей өтіп барып сайланатын. Жастар жетекшілері өздерін қабілет-қарымымен, ұйымдастырушылық және іскерлік қасиетімен, білімділігімен, жұрт алдына шығып сөйлей алатын шешендігімен іріктелетін.

Сол кезде Жезқазған облысында дамыған салалар түсті металлургия мен ауыл шаруашылығы болатын. Осы салаларды одан әрі дамыту үшін ондаған комсомол — жастар бригадалары құрылып, жарыстар ұйымдастырылды.

Облыстық жастар ұйымының игілікті бастамасына облыс басшылары үнемі қолдау көрсетіп отырды. Жастарға қажетті өндірістік-әлеуметтік жағдай жасау қатаң бақылауға алынды. Тек бір ғана Ақтоғай ауданында 36 бригада құрылды. Көптеген жастар қой өсіруші жастар бригадаларына баруға тілек білдірді. Екі жыл жұмыс жасаған жастарға Жезқазғанда ашылған институтқа түсуге жеңілдік берілді.

Мәдени салада жағымды өзгерістерге жол ашылды. Облыста кейін аты бүкіл елімізге жайылған «Ұлытау» атты жастар ансамблі құрылды.

Ия, ел мен жұрт азаматымен ажарлы, мақтан тұтар асылдарымен еңселі. Жаңадан ашылған Жезқазған облысында парасат пайымын алға тартуға болатын, өздерінің қажырлы еңбегімен талай-талай биіктерді бағындырған азаматтар аз болмады. Сондай азаматтардың ортасында жүріп, көп нәрсені үйренген М.Шәкеновке қандай ауыр жұмысты міндеттесе де оны абыроймен атқаруға дайын еді. Облыс басшылары да Мұқаңның қарымын жақсы білгендіктен оны 1977 жылы халық депутаттары Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады. Жауапкершілігі мол бұл қызметті Мұқамбетқасым ұршықшы иіріп әкетті. Кезінде аудан артта қалушылар қатарында болса, енді бұл ауданның мал шаруашылығын дамытудағы көрсеткіштері басқа аудандар үшін шамшыраққа айналды. Ақтоғай ауданында бір жыл істеген Мұқаңды Жаңаарқа аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатты.

Бұл киелі өңірде есімдері бүкіл Қазақстанға белгілі тарихи тұлғалар мен мемлекет және мәдениет қайраткерлері дүниеге келген болатын. Сайдалы Сары Тоқа, Байдалы би, Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов, Iслам Жарылғапов, Серік Қирабаев, Әлия Бейсенова, Қарпық Құсайынов, Рымжан Сейфуллина, Ақселеу Сейдімбек, Хангелді Әбжан, Қайрат Байбосынова, Иген Қасенов, Ғалым Жайлыбаев, Алдан Смаилов, Қорабай Есенов, Бекболат Тлеухан, Аманжол Әлтаев және тағы басқалары ұлт мақтанышы болатын. Аудан халқының әдебиет пен мәдениетке жақын болатыны да сондықтан болса керек.

Iздегенге сұраған дегендей, Мұқаңның өзі де ұлтымыздың әдебиеті мен өнеріне ерекше ілтипатпен қарайтынын ескерсек, Жаңарқа ауданын Шәкенов басқарған жылдары, оның атқарған жұмыстары көңіл төрін нұрландырды. Партия комитетінің хатшысы ең алдымен ауданның өнері мен мәдениетін биікке көтерді, аудандағы өнері бар жандарды бір арнаға тоғыстырды. Сөйтіп, ауданның өнері облыс көлемінде оқшау тұрды.

Бұрыннан бері ауданның мал мен егін шаруашылықтары жақсы деңгейде болса, енді олар бүкілодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанып, озат малшылар мен дихандар үкіметтік марапаттарға ие болды. М.Шәкенов сол 1979 жылы екінші рет «Еңбек Қызыл ту» орденін омырауына тақты. Ауданның экономикасы мен әлеуметтік көрсеткіштері жаңа деңгейге көтерілді. Жалпы алғанда Мұқамбетқасымның Жезқазған облысындағы қызметі он бір жылға созылды. Ол үнемі облыс басшыларының қолдауына ие болып жүрді, олар тәрбиеледі, көп нәрсені үйретті. М.Шәкеновтың Жаңарқа ауданындағы жемісті еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1984 жылы М.Шәкенов Қазақстан КП Орталық Комитеті ұйымдастыру- партиялық жұмысы бөліміне шақырылды. Жауапкершілігі мол партиялық жұмыс Мұқаңды одан әрі шынықтыра түсті, кадрлармен жұмыс жасаудың, оларды іріктеудің түрлі тәжірибелерін бастан өткізді. Республика басшылығы да М.Шәкеновтың жинақтаған мол тәжірибесін ескере отырып, оны 1986 жылы Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарылатты.

Торғай – даналардың, батырлардың, ақындардың мекені Торғай дегенде Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсыновтың,Міржақып Дулатовтың, Шақшақ Жәнібектің, Амангелді Имановтың, Нұрхан Ахметбековтың, Бақытжан Байқадамовтың, Сырбай Мәуленовтың, Ғафу Қайырбековтың, Қайнекен Жармағамбетовтың, Кеңшілік Мырзабековтардың қайталанбас бейнелері көз алдынан кетпейді.

Бұл облыста Мұқаң білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, кино, спорт, мұрағат салалары жұмыстарына басшылық жасады. Осы қызметке кірісімен, М.Шәкенов көрші облыстардағы әріптестерімен іскерлік байланыс орнатты. Соның нәтижесінде Ақмола облысында басқармалардың басшыларын жинап, тәжірибе алмасу семинарын өткізуге мұрындық болды. Осы қызметте М.Шәкенов Торғай облысы тарағанша болды. Облыс тарағанмен ол осы аймаққа қатысты көптеген мәселелердің түйінін шешуден бір тайынбады. Соның бір жарқын мысалы Торғай облыстық музыкалық-драма театры труппасын түгелдей Жезқазған облысына көшіруге себепші болып, талантты жас артистерінің өнерден тыс қалмауына ат салысты. Мұқаңның Торғай облысындағы аз жылда атқарған қызметін «Торғай тарландары» атты энциклопедиясында Әділбек Жақып былайша жазған: «Бұрын іргелес жатқан Жезқазған өңірінде жұмыс істеген оған Торғай елі барынша ыстық көрінді. Ол ел өмірімен етене таныса бастаған сайын қасиетті жердің өзіндік тынысын, өзіндік көне тарихын, өзіндік этнографиялық бей-бейнесін және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан айтыс өнерінің небір ғажайып қырларын жүрегімен сезіне бастайды. Торғайдың өзгеше қазақы ел екенін, оған барынша қамқорлық қажет екендігін бір сәт естен шығармайды. Өзі осы салаға жауапты басшы ретінде есте қаларлықтай шаруалардың басы-қасында болып, соны ұйымдастырды. Торғай таланттарын тауып, оларға барынша қамқорлық көрсетуде өзі тікелей үлгі болды».

«Жақсы сөз- жарым ырыс» деген ғой, аз уақыт ішінде Торғай еліне бауыр басып қалған Мұқаңның еңбегіне берілген осындай жүрекжарды ықыластан кейін, кімнің болса да ішінің жылып кететіні рас. Қазақ бекер айтпаған ғой, «елдің қарғысын алма, алғысын ал» деп. Еңбегіңе берілген бұдан артық баға бар ма!

Бұдан кейінгі М.Шәкеновтың қызметі оңтүстік өңірге ауысты. Ол Шымкент облысы Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды. Кейіннен Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ауданның аты Отырар болып өзгерді.

Отырар — ұлттың рухани алтын ордасы, қазақ өркениетінің асыл діңгегі. Мысырдағы Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана осында болған деседі тарихшылар.

Киелі Отырардың топырағында туып, ел үшін аянбай тер төккен, жұртына кеңінен танымал қайраткерлердің өзі бір төбе. Солардың біразымен Мұқаң қызметтес болды, силасты, сырласты. Олардың жарқын бейнелері осы күнге дейін Мұқамбетқасымның көңілінде жатталып, көз алдынан кетпейді. Олар Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Мыңбай Iлесов, Мыңжасар Маңғытаев, Айтбек Мұсаев, Серікжан Сейтжанов, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Оңалбек Бегалиев, Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, Әлімжан Күртаев, Есен Әнетбеков, Көпен Әмірбеков, Құлбек Ергөбеков, Пернебай Смаиловтар.

Қызылқұм ауданы республикадағы артта қалған 30 ауданның қатарында екен. Мұқаңның есіне бір кезде артта қалған отыз ауданның бірі Жезқазғанның Ақтоғай ауданы мен Торғай облысындағы сондай шаруашылықтарды озаттар атарына қосқан жылдары мен іске асырған тәжірибелері есіне түсті. Озаттар қатарына қосылған сол шаруашылықтардың тәжірибесін неге Қызылқұм ауданында қолданбасқа. Қарап отырса, ауданда әлеуметтік сала да көңіл көншітпейді. Сәбилердің шетінеу пайызы тым жоғары, оның үстіне өкпе ауруына шалдыққандар саны артпаса, кемитін түрі жоқ.

Осыншама проблемалардың бәрін ой елегінен өткізген Мұхамбетқасым ауданға облыс пен Алматыдан тиісті мамандарды шақыртып, әлеуметтік және медициналық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздестірді, оған қажетті қаржы бөлдірді. Бүкіл саяси ұйымдастыру жұмыстары тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталды. Аудан орталығына 530 малшыны үш күнге жинап, дәрігерлік тексеруден өткіздіртті. Ауданда мешел болып қалған егін және мал шаруашылықтарын озаттар қатарына қосуға әбден болатынына көз жеткізген Мұқаң, шаруашылықтардың мамандарын өзі қызмет жасаған Торғай мен Жезқазған облыстарына жібертті, озық технологияларды меңгерудің жолдарын көрсетті.

Осы ауданда істеген төрт жыл да қас қағым сәттей өте шықты. Қыруар істер тындырылды. Мұқаң басқа қызметке ауысып, Астанаға қоныс аударды. Отырардан өзі кеткенмен, сол жерде қалдырған іздері сайрап жатты.Енді тұлғалы азаматты іздеушілер де, сағынушылар да көбейе бастады. Бұл жағдайды аудандық «Отырар алқабы» газетінде халық ақыны Әселхан Қалыбекова былай жеткізген еді: «…Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы ауданымызға нағыз еңбек ететін дер шағында келген болатын. Алғашқы күннен ауданның тыныс-тіршілігімен жіті танысқан Мұқаңның бірінші кезекте қолға алған ісі-аудан орталығынан шалғайда мал өсіріп жатқан шопандардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту болғанын білеміз. Сол күндерде қанша шопанның қора жайлары сапалы жөндеуден өткізіліп, қаншама монша салдырып берді десеңізші! Егіншілік саласында да жетістіктер аз болған жоқ.

Қасиетті Арыстан баб кесенесінің төңірегін көркейту, көгалдандыру, кесенеге елеулі зиянын тигізе бастаған жер асты суын «жоғалту» мақсатында бірнеше шақырым дренаждар қазу, сондай-ақ, Арыстан баб әулие кешенін діндар мен адамдардың тәуіп ететін жеріне айналдырғаны қалың жұрттың есінен кетер емес. Тұрғын жайлар салу жұмыстары мен қараусыз қалған Отырартөбе тарихи ескерткішін қоршау шаралары да нақ осы Мұқамбетқасым Қойшыбайұлы кезінде қолға алынды. Сондай-ақ ол кісінің кезінде ауданымыздың Қызылқұмнан Отырар ауданы, «Қызылқұм» газетінің «Отырар алқабы» деп аталғанын да ризашылықпен еске алуға тиіспіз.

…Жалпы Мұқамбетқасым ағамыздың басшылығы кезінде облыста ауданымыздың, әсіресе мәдениет саласында қол жеткен жетістіктері ерекше аталатын. Ол кісінің үлкен ұйымдастырушылық қабілеті мен қайсыбір істі болмасын ерекше әсерлі, мазмұнды етіп өткізуді талап ететін тамаша қасиеттері осындайда байқалатын».

«Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген аталы сөз бар. Отырар халқы еңбекқор, игі бастама көтерсең, жабылып, әрі қарай алып кетеді. Қай жерде де, елдің басшыдан күтетіні тек таза, дұрыс және әділ жұмыс істеу. Сонда шаруаң алға басып, оң өзгерістерді бірден сезінесің. Өмірдің осы ақиқатына Мұқаң талай көз жеткізді.

Ел басқару ісіне ерте араласып, қарадан шыққан хан тәрізді еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан-дүниесін жете түсінуге тырысты. Өмірдің қатал сындарынан сүрінбей өткен Мұқамбетқасым Шәкеновтың басшылығында болған шаруашылықтар мен аудандар сол жылдары үнемі алдыңғы қатардағылар санатынан көрінетіні содан болар.

Ауылдың мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп, мәдениет ошақтарының жұмыстарына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем-кетігін бүтіндеп, қадағалап жүруді үнемі назарында ұстады.

Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап Мұқаңның қызметі басқа салаға ойысты. Республика басшылығы оны Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау Қоғамы Орталық Кеңесі Президиумының төрағасы етіп сайлады. Бұл Кеңес Одағының қабырғасы сөгіліп, берекесі кетіп бара жатқан өлі кезең болатын.Сол жылдарға дейін еліміздің көптеген құнды ескерткіштері еленбей, тарихи жәдігерлеріміздің көбі кім көрінгеннің қолында кеткен еді. Енді соларды түгендеп, халық кәдесіне жаратуды қолға алуды ұлтжанды, намысқой азамат М.Шәкеновке жүктеді. Бұл шаруаны оң жағына шығарғаннан кейін Мұқаң ҚР Үкіметі аппаратының аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары, одан соң бас инспекторы қызметтеріне тағайындалды. Оның себебі астананың Ақмолаға көшірілуіне байланысты Үкімет аппаратында істейтін тәжірибелі кадрларға деген сұраныс арта түскен кез еді. Тапжылмай осы жерде он екі жыл істеген Мұқаңның бай тәжірибесі көптеген түйінді мәселелердің шешімін табуда кәдеге жарап жатты.

Уақытта өлшем жоқ дегені рас екен. Кешегі өзі бас-көз болып, тәлім тәрбие берген жас кадрлар болса өсіп жетілді, Мұқаң сияқты аға буын өкілдерінен үйренгендерін өз қызметтерінде еркін пайдаланып, күрделі проблемаларды шешетін дәрежеге жетті. Бұл да көңіл көншітетін жай, яғни жастардың өсіп жетілуі, олардың болмысындағы мемлекетшілдіктің қалыптасуы тәуелсіз елдің болашағы берік қолда деген сөз.

Осылайша зейнет демалысына шыққан Мұқаң енді арқаны кеңге жайып, замандастары сияқты емін-еркін демалам деп жүргенде М.Шәкеновты сол кездегі «KEGOC» АҚ-ның президенті Алмасадам Сәтқалиев шақырып, Ұлттық компанияның кадр бөлімін басқаруын өтінді. Көп ұзамай, Ұлттық компанияның ішкі құрылымының өзгеруіне байланысты «Энерготехпрофсоюз» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасарлығына ауысты. Осы жерде Мұқаң сегіз жыл еңбек етіп, экономиканың барлық салаларын дамытудың «локомотиві» болатын үлкен ұжымда өз қолтаңбасын қалдырды. Мемлекеттік қызметке өмірінің 52 жылын арнаған Мұқамбетқасым Шәкенов түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, бірде бір ескерту немесе сөгіс алмай абыроймен құрметті демалысқа шықты!

Мұқаңның өзі айтқандай, қай жерде, қай салада істесе де ол үнемі жандары жайсаң, ниеттері адал ортадан табылатын болды. Өзі де адамдарды жатырқамайтын Мұқаңа мұндай орта сөзсіз таптырмайтын тәрбиелік мәні зор мектеп еді.

Әр кезде қызметтес, силас болған көп азаматтарды – әсіресе Өзбекәлі Жәнібеков, Кәкімбек Салықов, Нұртаза Ибраев, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Үмбетов, Сиязбек Мұқашев, Илья Жақанов, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, Кәрібай Ақметбеков, Алмасадам Сейтқалиев, Тасболат Байқалиев, Қуаныш Алпысбеков тағы басқаларды Мұқаң құрметпен еске алып отырады.

Қазақтың біртуар ұлы, ірі қайраткер Кәкімбек Салықовты Мұқаң туған ағасындай көреді, ол кісінің азаматтығы мен адалдығын өзіне үнемі үлгі санайды. Елден алысты қызмет жасаған кездерінде де силастықтары үзілмеген. Інісі Мұқаңа бірнеше өлеңдер арнаған. Ерекше ықыластың белгісі болу керек, тіпті 1981 жылдың 27 ақпанында Кремльде өтіп жатқан партияның ХХVI съезінде бес мың делегаттың ортасында жүріп, уақыттың тығыздығына қарамастан Жаңарқадағы інісі Мұқамбетқасымға жақсы тілектерін білдіріп, хат жолдаған.

Халқымызда «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деген тәмсіл сөз бар. Мұқамбетқасым Қойшыбайұлының еліне қаншалықты қадірі болғандығын, оның үйдегі, түздегі өмірінің тағылымы мен тәлімінің тереңдігін өзі жазып шығарған «Жадымдағы жылдар» кітабын оқып шыққандар жан-жақты ұғынары сөзсіз. Әсіресе жас ұрпақ осы кітапты оқып жақсы адамның өмір жолын өздеріне үлгі-өнеге етеріне сенімім мол. Осы кітапты оқып шыққан Шымкенттегі ұстаз Қарлығаш өз пікірін былайша қағазға түсірген: «…Кітабыңызды бір түнде оқып шығуымның себебі – бұл дүниеңізде жалған көлгірсу, әсірелеу, еліктеу, өтірік лепіру, жаттанды жауыр болған ұранды сөздердің жоқтығында. Сондай ақ, жазылу ерекшелігінде, шынайылығында, өте қарапайымдылығында деп білемін.

Бейне бір өзіңізбен дидарласып, сұхбат құрып, сырласқан күйде боласың… Менің сізден бір өтінішім, — жалындаған жастық шағыңыздан, жігіттік дәуреніңізден тағы бір естеліктер неге жазбасқа? Көп жастарға үлгі-өнеге болар еді».

«Сыпайы мінез адамдықтың сәні» — дейді біздің қазақ. Мен өзім Мұқамбетқасымның бойынан өзін де, өзгені де қадірлей білетін иман жүзділікті, жөн білетін қазақы тектілікті, сыпайылықты, үлкенге жол берер, кішіні көңіл шыңына шығарар, қатар құрбысын өзімен тең ұстар, ұлық болса да кішіліктен танбас мырза пейілділікті байқадым. Бұл сөзсіз өмір бойы адалдық пен тазалықты негізгі мақсат еткен азаматтың болмысы. Осы бағыттан таймай, ұрпағыңа үнемі үлгілі әке, үлгілі ата, Шекер ханымға сенімді жар болып қала беруіңе шын жүректен тілектеспін.

                                                                    Мейрам Байғазин,

                                                                    Астана қалалық ардагерлер 

                                                                    Кеңесінің мүшесі, журналист