Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ҚАНДЫ ҚЫРҒЫНДЫ КӨРГЕН

Диірменнің тасындай дөңгеленген уақыт. Осыдан тура он жыл бұрын Мінайдар ата туралы қалам тербеген едім. Ол кезде ақсақал сексеннің сеңгірін бағындырып, жарау аттай қунақ тартып тұрған шағы еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Енді, міне, қария торқалы тоқсанды жүгендеп, ерттеп мінсе де, кәріліктің шідерін өзінен алыс ұзата қоймаған екен. Сонда да майдангердің жады мықты, санасы сергек, жүрісі нық. Соғыста болған оқиғаларды, кеше ғана қырғыннан оралғандай айна-қатесіз айтып берді.

Ақсақал 1944 жылы қазан айында кеңес жауынгерлері жаудың шебін батысқа бұрғанда әскерге алынады. Оған дейін ауылдағы қара жұмысты оңқай асықтай иіріп жүрген он жеті жастағы бозбала еді. Алғаш екі-үш ай Шұбаркөл деген жерде дайындықтан өтеді. Одан кейін олар­ды Мәскеуге алып барып, киіммен, қару-жарақпен қамтамасыз етеді. Әр жауын­­герге бір мылтық, 120 патрон, екі гра­ната береді. Содан нағыз соғыстың өрті лау­лап тұрған II Белорус майданының 6-гвар­дия армиясының құрамына түседі. Әрине, соғыстың соңғы жылы да оңай болған жоқ. Мұздай қаруланған неміс бас­қыншылары өліспей беріспеді. Біздің әскерлер үшін әр елдімекенді жаудан тазарту аса табандылықпен жүргізілді. Қан­шама жауынгер қаза болды. Сонда да ме­желенген мақсатқа жетуге бар күш жұмсалды. Мінайдар қария Белоруссияның Белосток аймағы мен Одра өзенін азат ету үшін болған шайқастың ортасында жүрді. Біздің адамдарға Одра деген өзен­нен өту оңай болмаған. Жау өзеннен өтетін көпірді бұзып тастаған. Қап-қара түнекке айналған көк түтіннің ішінен біреу біреуді біліп болмайды. Әйтеуір, тастай бекінген басқыншылардың беті қайтып, қиындықпен арғы жағаға өтеді. Осы жерде біздің кейіпкеріміз бір ажалдан аман қалады. Өзеннің тік аңғарынан өрмелеп, жоғары көтеріле бергенде төпеп тұрған жаудың оғынан қасында тұрған орыс сержанты қалқалап, құтқарып қалады. Тек оқ жанарын жанап өтеді. «Періштесі қақты» деген – осы. Тағы бірде екі неміс офицерін қолға түсіруге көмегі тиген. Оны қарияның өзі баяндап берді. – Батальонмен бір ауылдың қасынан өтіп бара жатқанбыз. Шаршап-шалдығып келе жатқан әскер. Бір-бірімізге сүйе­нуге қауқар жоқ. Содан шеткері үйдің терезесінен көлбеңдеген адамның сұл­басын байқадым. Мамыр айының жайма­шуақ шағы. Білдірмей саптан сырылып, әлгі үйге беттедім. Бір кемпір сиыр сауып отыр екен. Оған ләм деп айтатын тіл біл­меймін. Содан үйге кірдім. Кірсем, әскери киінген екі неміс отыр. Олар да мені көріп абдырап қалды. Жалтаруға жол жоқ. Не істерімді білмедім. Шығып кетсем, артымнан атып тастайтын секілді көрінді. Содан жылдам далаға шығып, ұзап кеткен батальонды қуып жетіп, дивизия командиріне жеткіздім. Ол сол мезетте штабқа хабарлады. Ақыры алты солдат үш атқа мінгесіп, әлгі үйге келдік. Екі офицер орнынан тұрып кетейін деп жатыр екен. Бір оқ шығармай тұтқынға алдық. Біреуі – подполковник, екіншісі – майор. Осы ерлігім ескеріліп, «Ерен ерлігі үшін» медаль берілді, – деді ардагер өткен күндерге көз жіберіп. Мінайдар ата Жеңісті Балтық теңізінің жағалауындағы Ростов деген портты қалада қарсы алады. Соғыс аяқталғаннан кейін де, қария бес жыл бойы Берлин, Венгрия, Чехословакия, Югославия және Грузияда әскер сапында болады. Елге келген соң туған жерінің дамуына үлес қосады. Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етеді. Арқалық қаласының құрметті азаматы атанды. Өмірлік қосағы екеуі алпыс жыл бірге өмір сүрді. Әжеміз өткен жылы өмірден озыпты. Әрине, ауыр қайғы жасы келген ақсақалға жеңіл болған жоқ. Дегенмен, балаларынан өрбіген немере-шөберелерінің шат күлкісі мен бал қызығы қарияның еңсесін түсірмеді. Айтпақшы, майдангердің әкесі Боранбай ақсақал жасы жүзден асып дүние салыпты. Әке салған даңғыл жолдан таймаған Мінайдар атаны сол ғасыр белесінен біз де көргіміз келеді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

http://www.astana-akshamy.kz/?p=34326