Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Ардагер-қайраткер Роза ханым

Елбасымыздың әйелдер қауымына айтқан: «Өмірде жаны нәзік, көңілі биік, ал істе – мығым – әйелдерсіз бұл қоғамды көзге елестету мүмкін емес» деген орынды сөзі өмірден алынғаны ол әрине шындық.

Міне, менің айналамда сондай еңбекқор әйел, әйел-басшы, қайраткер-әйел, қоғам белсендісі, ардагер-әйел — баршылық. Солардың бірі, бірегейі астаналық: Роза Иманғалиқызы Асылбекова.

— Алғашқы сұрағым ата-аналарыңыз қандай адамдар еді дегенде, ол:

— Әкем Иманғали Асылбеков шаруа отбасынан шыққан, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатыскен ардагер, 1-ші топтағы мүгедек еді, 1949 жылы дүниеден өтті.

Ал анам Ақшабақ Асылбекова жұмыстан қол үзбеген адам. Тіпті соғыс жылдары әкем майданға кеткенде де Станоковый зауытында жұмыс жасады. Ол әкемнен де бұрын қайтыс болды. Сонда мен анамнан 8 жасымда қалсам, әкемнен 13 жасымда айрылыппын. Мен нағыз зұлмат заманның түлегімін. Саяси қуғын-сүргін жылдары өмірге келсем, балалық шағым соғыс жылдары таршылықпен өтті. Сол жылдары қаншама қиындықтар мен кедергілер де болды. 1-ші сыныпқа мен анам қайтқан жылы бардым. Оқуды жақсы оқыдым, анам айтушы еді, ол кезде есімді біліп қалдым ғой. Роза жаным, оқуды жақсы оқы, көріп тұрсың ғой, күн көру оңай емес, еңбектен қашпа деп ақыл айтатын,- деп өткен күндердегі қиын уақыттарын Роза апай күрсіне отырып еске алды…

…Шын мәнісінде Роза анасының осы сөздерін есіне сақтап қалады. Ол 5-ші сыныпты бұрынғы Ақмола қаласындағы қыз балаларға арналған интернатта жалғастырады, бұл интернат жетім қыздарға арналған оқу орыны болатын. Мектепті Роза Асылбекова кілең «5»-ке оқып, күміс медальға бітіреді.

1954 жылы мектепті бітірісімен Алматыдағы бұрынғы С.М.Киров, /қазіргі Әль-Фараби/ атындағы университеттің биология-топырақтану факультетіне оқуға түседі. Соғыстан кейінгі уақыт қой, ата-анасының жоғы бар оған өмір сүру оңайға түспейді. Бірақ өжет те, қайсар қыз өмірдің қатаң тағдырына төзеп береді. Студент жылдары ол бір ғана стипендиясын үнемдеп, тағамына да киіміне де жеткізіп күнелтеді. Роза Асылбекова университетте де озат оқиды. Жолдастары мен курстастары алдында беделді, сыйлы болады.

4- ші курста оқып жүргенде Марат Тұрсынханұлына тұрмысқа шығады. Жоғарғы оқу орынын бітірген ол 1959 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Кенбидайық орта менктебіне мамандығы бойынша қызметке орналысады. Бір жылдан кейін, 1960 жылы Целиноград кооператив техникумына мұғалім болып қызметке ауысады. Мұнда ол тура 17 жыл химия-микробиология негіздері пәнінен дәріс беріп қызмет етеді. Сол жылдары қоғамдық жұмыстармен де етене араласады. Ауданның, Целиноград қаласының партия-кеңес жұмыстарының әртүрлі шараларына қатысып, өзін аудан тұрғындары алдында таныта біледі.

Целиноград қаласы екі ауданға бөлінгеннен кейін 1977 жылы оны Совет аудандық атқару комитеті председателінің орынбасары қызметіне тағайындайды. Онда 1981 жылға дейін істейді де, сол жылы Целиноград қалалық атқару комитеті председателінің орынбасарлығына тағайындалады. Бұл қызметті ол 1987 жылға дейін атқарады. Партия-кеңес қызметіне көндіккен ол талай істің басын атқарады. Негізгі қызметі әлеуметтік сала болғандықтан жұмысы өте ауқымды, әрі шешімін табатын шаруалар көп болатын.

Қаланың әлеуметтік саласына қоса, білім, денсаулық, қайрымдылық пен көмекті қажет ететін үлкен-үлкен істер тұрды. Соған қарамастан, Роза Иманғалиқызы алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге жанын салды. Жетім-жесірлер мен мүгедектердің талап-тілегін қанағаттандыру сияқты жұмыстармен де айналысты.

Шын мәнісінде оның қызметі көпшілікпен жұмыс істейтін қызықты да қиын

Қызмет еді. Бірақ ол бастаған ісін тындырмай тынбайтын. Алдына қойған істі шеше алмаса, оның шешудің жолдарын іздестіріп, жаңа бір әдіс тауып, қайткенде де сол адамға көмектеспей қоймайтын. Алға қойған жұмысысына уақыты жетпесе де, соны тауып, үлгеруге тырысатын.

Роза Иманғалиқызы жолдасынан да ерте айрылады, екі баламен қалған ол, бала тәрбиесімен қатар білдей азаматтың жүгін арқалап, Целиноград қалалық атқару комитетінің қызметінің ыстығы мен суығына, ауыры мен жауапкершілігіне төзе білді. Бұл қызметте ол 1987 жылға дейін болады. Бұл жерде айтайын дегенім, 1986 жылдың ызғар-шарпуы Роза Асылбековаға да тиген болу керек.Сол жайында сұрадым.

— 1986 жыл­ғы жағдайдан кейін басшылық қыз­мет­тен біраз қазақ басшылары мен кадрлары шеттетілгенін біле­міз. Бұл үрдіс Целиноградты да шарпып, қалалық атқару комитетіндегі орынбасар­лық қызметінен сізде кеттіңіз ғой. Сәкен мұражайы ашылған кезге дейін Роза Иманғаоиқызы жұмыссыз жү­р­ді,- деп жазыпты кезінде «Алаш айнасы» газеті. Сол жайында не айтасыз?

— Желтоқсанның ызғары шынында көп адамдарға тиді. Ол шындық. Маған да тістері батты. Ол қызметтен кеткеннен кейін алты айдай Облыстық Бейбітщілік қоры председателінің орынбасары болдым. Маған дейін Сәкен мұражайына директорлыққа біраз ер-азаматтарға ұсыныс жасапты, бірақ олар бас тартқан екен, ал мен бұл ұсынысты қабыл алдым. Себебі ұлтымыздың мақтанышы Сәкендей азаматтың, Мемлекет қайраткерінің, сүйікті ақынымыздың жұлдызын жарқыратсам, одан артық арман бар ма деп ойладым.

1988 жылы ақпанда мұражай ашылды, мен сәл кейінірек директор­лығына таға­йын­далып, жұ­мысқа кірісіп кеттім. Жұмыс­тың ең үлкені сол кезде «жоқ­тан бар құ­рау», яғни қор жинау болды. Әйтеуір, көңілге бір демеу – Сәкеннің көзін көрген кісілер бар. Со­лармен жүздесіп, Сәкенге қатысты деректер мен мұра­ғаттарды, жәдігерлерді із­деп, туған жерін, ауылынан бастап, қызмет істеген қалаларға, Мәс­кеу­ге дейін бардым. Қазір айтуға оңай, бірақ ол кезде қыз­меткерлеріміз де аз, қаражат жоқ, қиын­дық өте көп болды. Жалақы ай­лап кешігіп, ақшасы төленбегендіктен, те­ле­фонсыз да отырдық. Соған қарамастан, 1989-1991 жылдар аралығында біз қазір­гі жәдігер­лердің біраз бөлігін жинастырып үл­гердік», – деп еске алды Роза Асылбекова.

— Заманның қиын уақытында, аштық жылы дүниеге келіп, бала кезіңізде соғысты бастан өткеріп, әрі жетімдік көріп, қиындыққа төзе отырып, қызметтің биік баспалдақтарына қалай шықтыңыз?

— Мен жетім өссем де, айналамда өмір көрген, жақсы адамдар көп болды. Ол кезде қызбаланың өміріне бүкіл ауыл, тіпті сол рудың адамдары жауап берген десем артық айтпаған болар едім. Сондықтан да болар біздің халық қыз балаға төрінен орын сайлап, мәпелеп, қастерлеп өсірген. Сондай адамдардың бойына жинаған асыл-қасиеттерінен нәр алдым.

Қыз баланың нәзік те қайратты, албырт та алғыр, ширақ та байсалды, сабырлы да төзімді болуы алған тәрбиесіне тікелей байланысты деп айтып жатады. Ол дұрыс қой. Дегенмен, мен дәл уақытында ата-анамнан қамқорлық көре алмасам да, кезінде олардың айтқан сөздерін есімнен шығармадым. Сондықтан да оқуыма өте көңіл бөлдім. Ешқашанда еңбек етуден жалыққан емеспін. Әрі өзіме талап қоя білдім.

«Қызға қырық үйден тыю» деген мақалды да тегін шығармаған болар халқымыз. Содан көп түйін түйдім. Салмақты, тәртіпті болуға тырыстым.

Ата-ана жайлы, тәрбие туралы ойлана отырып, өмірлік мәні бар әдеби кітаптарды көп оқыдым. Айналамдағы достарымды дұрыс таңдай білдім, мүмкін осы жақсы қасиеттер мені аялап, бір Алланың өзі жар болған шығар. Қай қызметте болсам да жан-тәніммен беріле жұмыс атқардым. Нәтижелі болуын алдыма мақсат еттім,- дейді ол.

Ия, Роза Иманғалиқызы өзі айтқандай қызметіне деген адалдығы мен әрі еңбекқорлығы оны биікке жетеледі.

— Шын мәнісінде ол жылдары қазаққа мұражай ашу оңай болмаған шығар. Бұл бастаманы кімдер бастады, бұның өзі бір тарих қой?

-1985 жылы, мен ол кезде өзіңізге аян Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқартынмын. Сол жылы менің қабылдауыма қаланың бір топ ақсақалдарын бастап Молдахмет Досаев келді. Ол кісі Сәкен Сейфуллинге арнап мұражай ашуға ұсыныс жасады. Бұл мәселені ол кезде қайта құру кезеңі жүріп жатқан кез облыстың бірінші басшысы қолдады. Менің сол кезде қазіргі Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов көшесі қиылысатын жерде тұрған ағаш үй есіме түсе кетті. Себебі оның қасында Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана бар еді. Кейін ол кітапхана көшілірлі, қазір ол Жетінші арнаның ғимраты ғой. Ол уақытта бұл ағаш үй бала бақша болатын. Ол кезде бала бақша мәселесі қиын болмайтын. Ата-аналардың келісімімен балаларды қалаған бала бақшаларға ауыстырып бұл мәселені де шештім. Содан бұл үйді Облыстық мәдени басқармасы өз қарамағына алды да, күрделі жөндеу жұмысын бастап кетті, бірақ ол кезде мен жөндеу жұмыстары біткеннен кейін осында қызметке келетінімді білмеп едім – деп есіне алды Роза Иманғалиқызы…

…Әрине, жаңа ғана ашылған мұражайға көп нәрсе керек еді. Ең бастысы іздене отырып Сәкен Сейфуллинге қатысты тың жәдігерлерді іздестіру керек болатын. Міне, Роза Иманғалиқызы жұмысты осыдан бастайды.

Кезінде бүкіл өмірі мен ғұмырын тек Сәкенге арнап, оны ақтап аламын деп зар еңіреп, зыр жүгірген, талай тар жол тайғақ кешкен оның аяулы жан-жары Гүлбаһрамның да жоқ кезі. Дегенмен, Роза Иманғалиқызы алғашқы жұмысын ақынды көзі көрген адамдармен кездесіп олардың әңгімелерін жазып алып, ол жайында жазылған мақалаларды жиыстырып, әрі туған-туыстарымен жолығып ол туралы деректер жинаудан бастайды.

Сәкен Сейфуллинге қатысты деректі кино, фото құжаттар жинауды қолға алады. Сәкен қызмет істеген жерлерде болып, ол жақтан да біраз материалдар әкеледі. Туған жері Жаңарқа мен өзі жырына арқау еткен Көкшетау қаласы мен қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент, Жезқазған қалаларына мұражай қызметкерлерін жіберіп құнды деректер алдырады.

Роза Иманғалиқызын сол кезде есінде жүрген алдағы жоспары көп мазалайды. Себебі, 1994 жылы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы аталып өтпекші болатын. Сол мерейлі датаға орай мұражайдың алдынан ақынның ескерткіші бой көтермекші еді. Міне осы шаралар қалай өтеді деп қатты толғанады.

Дегенмен, көп болып көтерген іс жеңіл болады демекші. Бұл айтулы мереке – Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы дүрілдеп өте шықты. Ақынның туған-туыстары, өнер сүйер қауым, жазушылар мен ақындар Целиноград қаласында бас қосып, Сәкен ақынның атын аспанға шарықтатты.

Роза Иманғалиқызының тағы бір мұражайға қосқан үлкен ісі Сәкен мұражайының экспонаттарын то­лықтыру үшін, кезінде Республикалық мұражай қорынан Сә­кеннің біраз дүниелерін осы Ақмоладағы мұражайға беруді сұрайды, бір емес бірнеше рет хат жазады.

Кезінде ақынның бар заттарын сақтаған жары Гүлбаһрам қайтыс болғасын, оның сіңлі­лері бар дүниелерді Алматының Орталық мұра­жа­йына өткізген екен. Бірақ орталық мұражай оны көрмеге қоймапты. Ол заттар қоймада жатса да, Сәкеннің бұл дүниелерін Ақмоладағы Сәкен үйіне бермейді. Осы мәселені Роза Иман­ға­ли­қызы сол кездегі Қазақ ССР мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековке Сәкен мұ­ражайын келіп көрген кезінде айтады. Ол кісі мұражай жұмысын жақсы білетіндіктен, ол бұл мәселені бірден шешіп береді. Көп ұзамай Сәкеннің он шақты заттары мен оның әйгілі темір кере­уеті де осындағы Сәкен мұражайына әкелінеді. Бұл да Роза Иманғалиқызының талаптанған істерінің бірі болса, әрі оның қайсар мінезділігінің бір қыры дер едік.

Міне, ол осы өзі құрған Сәкен Сейфуллин мұражайында тура 14 жыл қызмет етіпті. Роза Асылбекованың кезінде мұражай жанынан «Достық» атты әдеби ұйым жұмыс жасады. Онда Сәкеннің өмірі мен қызметі, шығармашылығымен байланыстыратын ақын-жазушылардың естеліктері арқылы шығармашылық кеш ұйымдастырылып отырды.

Ақындардың өзі де Сәкеннің жұлдызын жарқыратқан Роза ханымға өлең жолдарын арнады. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, белгілі ақын Нұрғожа Ораз: Самғатты талай өрге саналы шақ

Ел сыйлап, басқа қонар қарады бақ.

Тіредің еңбек жолын бәйтерекке,

Сәкеннің қызы болып қаларың хақ- деп сипаттаса, ал «Алаш» сыйлығының лауреаты, дүлділ ақын Серік Тұрғынбеков:

… Жақсы лебіз жетелер ойға осындай,

Мұражайдың төрінде той басылмай.

Сәкен жайлы деректі жиып терген,

Жүрегіңіз қазына – қоймасындай.

Ақылың – кең

Білгенге сөзің дана.

Ту ұстайтын туғандай кезің жаңа,

Директорлар музейде бола берер,

Ал, алғашқы директор өзің ғана…деген теңеулермен теңестіріпті.

2007 жылы Роза Иманғалиқызы Астана жанындағы Малиновка ауылына орналасқан саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған «Алжир» лагері ашылар алдында оның алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына да көмектесіп, осында алты айдай қызмет жасайды. Ал Астанадағы Максим Горький театрының мұражайын ұйымдастыруда да қол қағыбысын тигізген.

Бүгінде Роза Иманғалиқызы зейнетке шықса да үйде бос қарап отырмайды. Сексеннің сеңгіріне шықса да қоғамдық жұмыстардан қалған емес. Ол Астана қалалық және Сарыарқа аудандық ардагерлер Кеңесі Президиумының мүшесі. Роза Иманғалиқызы саяси науқанымыз — сайлау кезінде жауапты жұмысқа үнемі қатысып отырады. Халық қалаулыларының ғана емес, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да сайлау компаниясының құрамында болып, жауапты қызмет атқарды.

Ол Сарыарқа аудандық отбасы және әйелдер комиссиясының мүшесі болды. Астана қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы қалалық әкімшіліктегі бастауыш ұйымын басқарады. Наградалары да жоқ емес. Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі, Астана, «Ерен еңбегі үшін» және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10,20 жылдығы медальдармен тағы да басқада Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты да тапсырылған.

Ендігі арманым осы тәрбиелеп өсірген екі балам Марал мен Оралдың, үш немерем- Зәуре, Жәмила мен Жанияның амандығын тілеп, осылардың қызығына тоймасам деген ойым бар,- дейді.

Роза ханым – әйел қайраткер, қоғам белсендісі, зейнеткер-ардагер, аяулы ана!

Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен дарыған десек, осы бір асыл сөздер біздің Роза ханымға ғана арналғандай. Соңыңыздан ерген сіңлі-қыздарыңыз тек өзіңіздей күрескер, қайсар, білікті, білімді болсын деген тілек айтамыз. Сізге зор денсаулық, мол бақыт, зор қуаныш, сарқылмайтын байлық молынан келсін дейміз!

Ғалия Құсайынқызы Балтабай ҚР-ның мәдениет қайраткері әрі құрметті журналисі, Қазақ радиосының үздігі