Ардагерлер қамқорлықтан кенде емес
Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің басты мақсаты қариялардың құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау, олардың материалдық жағдайы мен медициналық қызметті пайдалануын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін жақсарту, жастармен патриоттық жұмысты күшейту, қоғамда тұрақтылықты сақтауға септесу болып отыр. Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күні қарсаңында осы туралы кеңес төрағасы Сансызбай Есіловпен аз-кем сұхбаттастық.
– Сансызбай Сейітжанұлы, сізбен сұхбаттасуға келе жатқанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Неменеге жетістің бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр» деген өлең жолдары тілімнің ұшына орала берді. Расымен де, қарттар саны, әсіресе, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жылдан-жылға селдіреуде. Қазір өзі қалада қанша зейнеткер тұрып жатыр? – Бүгінгі таңда Астанада 81229 зейнеткер бар. 64872 соғыс және еңбек ардагерінің басын қосып отырған 364 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істеп отыр. Соның ішінде 95 Ұлы Отан соғысына қатысушы. Олардың 22-сі – соғыс мүгедегі. Бұған қоса, 3292 тыл еңбеккері, 18 концлагерь тұтқыны, Ленинград қоршауында болған 2 адам, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің 2 жесірі, Отан алдында ерекше еңбегі бар 21 зейнеткер, 3 Социалистік Еңбек Ері бар. 822 жалғызілікті қарттың 321-іне әлеуметтік қорғау органдары қызмет көрсетеді. – Сіз айтқан бастауыш ұйымдар қандай жұмыспен айналысып отыр? – Сұрағыңызға жауап бермес бұрын мынаны айтайын: өткен жылы осындай 12 жаңа ұйым құрылып, 9 ұйым бөлек шығарылды. Осы 364 бастауыш ұйымның 270-іне әйелдер жетекшілік етіп отыр. Төрағалардың 60 пайызы – 70 жасқа дейінгі адамдар. Өткен жылы аудандардағы бастауыш ұйымдар 10 мың ардагердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын зерттеді. Соның қорытындысында 2625 адам шипажайлық-курорттық емге жіберіліп, 5265 зейнеткерге коммуналдық төлемге жеңілдіктер берілді, 447 адам тегін және жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, 340 адамға қысқы маусымда отын берілді. 610 ардагер мерзімдік басылымдарға жеңілдікпен жазыла алды. Жалпы, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысы аталмыш әр ұйымның жиналысында бекітілетін жоспарға сәйкес құрылады. Бұл ұйымдар – қалалық Ардагерлер кеңесінің негізгі өзегі. Оның жұмысы мен белсенділігінен жалпы жұмыстың қорытындысы білінеді. Сондықтан ұйымдардың басшылығына тәжірибелі, белсенді, зейнеткерлер арасында беделге ие адамдар таңдалады. Көптеген бастауыш ардагерлер ұйымдары ПИК-тер басшылығымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Содан көптеген оң нәтижелер бар. Мысалы, былтырғы қазан айынан «Паритет» ПИК жетекшісі Шамиден Топаев 70 жас және одан жоғары 110 зейнеткерді пайдалану шығындарын төлеуден босатты, өзге ПИК-тер ең аз зейнетақы алатындарды осы шығандардан босатты. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің пәтерлерін жөндеу сияқты өзге де жеңілдіктер жасалуда. Жалпы, қалалық Ардагерлер кеңесі жұмысын үйлестіру үшін Астананың Пәтер иелері кооперативі қауымдастығымен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. – Соңғы жылдары Астанада қарттарға арналған шағын орталықтар ашылып жатқанын білеміз. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? – Өткен жылы Алматы ауданында 5 шағын орталық ашылды. Есіл ауданында осыншама және Сарыарқа ауданында 1 орталық жұмысын бастады. Жалпы алғанда, Астанада осындай 31 орталық бар. Оларға 4900 зейнеткер барады. Қарттармен жұмыс Алматы ауданында жақсы жолға қойылған. «Күйші Дина» шағын орталығының жетекшісі Мәжит Бегежанов үнемі қызықты шараларды, соның ішінде зейнеткерлер арасында шахматтан, дойбыдан жарыстарды ұйымдастырады. «Қайсар», «Жанұя», «Замандастар» шағын орталықтарында, бұған қоса, көркем өнерпаздар ұжымдары ұйымдастырылды. Есіл және Сарыарқа аудандарында да осындай үлгілер бар. – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында тұрмыз. Нақты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қандай көмек көрсетіліп жатыр? – Ұлы Жеңістің үлкен саяси және әлеуметтік мәні бар. Қазіргі заманда мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, бизнес құрылымдар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, соғыста қаза болған немесе кейіннен қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, концлагерь тұтқындарына, Ленинград қоршауында қалғандарға қамқорлық танытуы керек. Біз жыл сайын әлеуметтік көмекке қатысты тиісті мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға, кәсіпкерлерге хат жазамыз. Биыл да бұл дәстүрден аттаған жоқпыз. Қазір көмек береміз деп жан-жақтан жауаптар келіп жатыр. Ал былтыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қала әкімдігі соғыс ардагерлеріне материалдық қолдау ретінде бюджеттен 107 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Соғыс ардагерлері мен мүгедектері 500 мың теңгеден астам алды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер, соның ішінде чернобыльдіктер 20 мың теңгеден алды. Тыл еңбеккерлері, соғысқа қатысып, қайтыс болғандардың жесірлері мен әскерде дүниеден озғандардың отбасылары 10 мың теңгеден алды. Баспана қажет төрт соғыс ардагеріне жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылды. Жалпы, өткен жылы Астана әкімдігі 4506 ардагерге көмек көрсетті. Бұл іске кәсіпкерлер де атсалысты. Ал биыл Жеңіс күніне орай Астанадағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің әрқайсысына 67 АЕК көлемінде, яғни 161 мың 135 теңге қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұған қоса, жергілікті бюджеттен қосымша 33 млн 250 мың теңге бөлінді. Әр ардагерге бұл сомадан 350 мың теңгеден тиді. Қосымша әлеуметтік көмекті қосқанда бір ардагерге 511 мың 135 теңгеден берілді. Ардагерлерге қамқорлық азаймайды деп сенемін. – Әңгімеңізге рақмет! Төрімізге келіп қалған мерекелер құтты болсын!
Сұхбаттасқан Аманғали ҚАЛЖАНОВ
http://www.astana-akshamy.kz/ardagerler-qamqorlyqtan-kende-emes/