Ардагерлер өнері-сайлаушылар назарында
Ардагерлер өнері-сайлаушылар назарында Өздерінің бос уақытын өнерге арнаған «Алматы» ауданының ардагерлерінің қос өнер ұжымдары –Жанұзақова Кенжетай Ерғалиқызы жетекшілік ететін «Арқа әуендері» атты халықтық ансамбілі мен Дүйсенова Үміт Әлібекқызы басқаратын «Елорда» халықтық хоры қараша айының 8–ші және 10-шы күндері өнерсүйер қауымға үлкен концерт берді. «Арқа әуендері» ансамбілінің концерті «Алматы» ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ғимаратының залында, ал «Елорда» хорының концерті Еуразия университетінің концерттік залында өтті. Астана қаласының көрермендерінің көзайымына айналған бұл өнер коллективтері өздерінің осындай ұлағатты іс-шараларын алдымызда болатын Президенттік сайлауға арнапты.
«Арқа әуендері» халық ансамбілі Бүгінгі таңда еліміз күрделі кезеңді басынан өткізіп жатқан шақта, Қазақстан халқын жарқын болашаққа жетелейтін ел Президентін таңдау науқанына араласып, өнер тілімен халықты сайлауға жұмылдыруды ардагерлер өздерінің азаматтық парызы деп есептеген силы. Әрдайым ардагерлер коллективтерінің қасынан табылатын Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Мұстафин, Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде концертті тамашалауға келген жұртшылықты сайлауға бір кісідей қатысуға шақырды. Ол өз сөзінде: -«Сайлау додасына түскен әрбір үміткер өзін Президентке лайықпын деп есептейді. Ол заңды да, бірақ Президент саясаткер, әлемдік саяси экономикалық құбылыстардан пайдалы шешімдерді шығара алатын, ел экономикасын қарышты дамытып, әлеуметтік саланың тұрақтануына жол аша алатын, жастарымыздың жан-жақты өркендеуіне жағдай жасай алатын тұлға болуы қажет. Ал Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан деген елімізде әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құруға бар күш жігерін арнап жүрген ерекше тұлға. Сондықтан бұл сайлау үлкен жауапкершілікті талап ететін және әр азаматтың дауысы шешуші роль атқаратын өте маңызды қадам»- деп залда отырған жұртшылыққа ой тастады. Сол тілек өнерді өздерінің хоббиіне айналдырған ардагерлердің нақышына салып орындап жатқан ән әуені мен күмбірлеген домбыра үнімен жалғасын тапты. Халықтық атағы бар екі коллективке өнер десе ішкен асын жерге қоятын егде жасты еңсерген ақсақалдар мен әжелер топтасыпты. Өздері режиссер, өздері дирижер, өздері конференсье болып, сахна төрінде еркін қалықтаған қарттарымыздың тамылжыта салған әндері, музыкалық аспаптармен құйқылжыта төккен күйлері залда отырған халықты бір селпіндіріп тастады. «Арқа әуендері» ансамбілінің жетекшісі Кенжетай Ерғалиқызы: –«Құрылғанымызға тоғыз жыл болған ұжымызға келіп қосылғандар көп, бүгінгі таңда санымыз 23-ке жетіп отыр. Бәрі өнерлі, бірі әнші, бірі күйші. Репертуарымызда 50-ге тарта халық әндері мен қазақ композиторларының туындылары бар. Бір-бірімізге көмекші болып, ән орындау мәнерін, сахналық мәдениетті бойымызға сіңіріп жатқан жайымыз бар» -деп ағынан жарылды. Концерт бойы иығынан сырнайы (баяны) түспеген, ретіне қарай домбырамен күйлерді төгіткен Кереев Теміреш ақсақал бүкіл номерлердің сүйемелдеушісі болды. Батыс Қазақстаннан көшіп келген, сол жақта музыкалық училище және университетін тәмамдаған өнер тарланы, қартайған шақта сол өнерін жалғастырып жатқан жайы екен. «Елорда» халықтық хорына топтасқан ардагерлерде Астанаға еліміздің түпкір-түпкірінен көшіп келген, өнерді өзінің өмірлік ұстанымы деп білген абзал жандар екен. Екі түрлі сахналық костюмдерді өз қаражаттарына тігіп алған әжелер мен аталар сахна төріне жарқырай шықты. Осындай мәнді де, сәнді концертті ұйымдастырып, халық алдына шығару үлкен еңбектің жемісі. Бұл тұста хорға жетекшілік етуді өз мойынына алған Үміт Әлібекқызына айтар алғысымыз шексіз. Ал бүкіл концерттік бағдарламаны тыңғылықты дайындап, сахнаға әдемілеп шығара білу көркемдік жетекшінің үлесі. Бұл жұмысты ҚР Мәдениет саласының үздігі Тебіреков Жекен Молдағалиұлы бар ынта жігерімен орындап шықты. Сахна мәдениетінің бір қыры концертті жүргізу. Бұл тұста Хаметова Үміт Жакетқызына айтар алғысымыз мол.
«Елорда» халық хоры Қорыта айтқанда Алматы аудандық ардагерлер Кеңесі ұйымдастырған «Арқа әуендері» мен «Елорда» халықтық хоры өз өнерлері арқылы ел келешегіне арқау болар сайлау алды жұмыстарын жүргізіп, жастарымызды осы бір ұлағатты іске шақыра білді. Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің мүшесі, зейнеткер Манап Әдірешев