Астананың мұқтаж азаматтарына сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде
Бұл мекеме 1989 жылдың 9 наурызындағы Целиноград облыстық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен «Целиноград облысы соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған интернат үйі» болып құрылды. Ақмола қаласына астана көшіп келгенше мұндағы тұрғындар Ақмола облысының барлық аудандарынан келіп, орналасып жатты. Ақмола қаласы астана орталығы болғаннан бастап, тек қана қаланың соғыс және еңбек ардагерлерін қабылдайтын болды. Астана қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 19 мамырдағы қаулысымен «Астана қаласы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық –әлеуметтік мекеме» КММ деп атауын өзгертті. Ал өткен 2016 жылдың 9 қарашадағы Астана қаласы әкімдігінің шешімімен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілді. Жоғарыдағы мекеменің аты өзгертілуімен заман талабына қарай мазмұны да өзгеріп отырды. Осы кезеңде бұл мекемені төрт басшы басқарды. Алғашқы осы мекемені ұйымдастырып, жабдықтап, алғашқы тұрғындарды қабылдаған Яков Яковлевич Ольденбург. Бұл кісінің осы мекеменің аяғынан тік тұруына көп еңбегі сіңді. Аяғында өзі құрған мекемеде өзі тұрып, өмірден озды. Одан кейін Грищенко мен М.Ә. Әубәкіров басқарыпты. Міне, 14 жылдан аса мекеменің басшысы Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев басқарып келеді.
Осы уақыт ішінде К. Бәпішев мырза тұрғындардың тұрмыс жағдайларын жақсартуда да біраз ауқымды істер атқарды. Бұрынғы ғимарат 250 адамға арналған болатын. Жұмысты ширата түсуге, тұрғындардың жағдайын бұданда әрі жақсартуға ғимараттың тарлығы, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмей жүргендігі қиыншылық туғызып жүріпті.
Сол кезде Елбасы, Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев қарттар үйін жаңа типтегі, табиғаты әсем, қала шетіне шығару туралы шешім қабылдайды. Осы шешімді қуана қарсы алған Кенжеболат Сапарұлы үйдің сапалы салынуына баса көңіл бөледі. Ол кісі қанша көңіл бөлсе де, құрылысшылар бар жобамен және тез саламыз деп көптеген кемшіліктер жіберіп алыпты.
Біріншіден, ғимарат сазды ойпаң жерге салынып, құрылыс аяқталғаннан кейін ірге тастары төмен отырып қалып, монша, кір жуатын үйдің және негізгі ғимараттың іштерін қайтадан бұзып жаңадан салуға тура келіпті. Лоджияға шығатын табалдырықтарды алғызып тастау қажет болған, өйткені арбадағы мүгедектермен, өте қарт адамдардың лоджияға шығуына қиындықтар туғызған. Сол сияқты жаңа шатыр салғызу қажеттілігі туған. Міне, осылай істелген жұмысты тізбектей берсек, әлі де біраз жазуға болады.
Биыл осы ғимаратқа қоныс аударғандарына он жыл болып қалыпты. Ғимараттың іші де, сырты да бүгін іске қосылғандай тап-таза, жинақы. Онымен қоса тұрғын бөлмелерде әлеуметтік қызмет алушыларға барлық жағдай жасалған. Тұрғындардың алаңсыз өмір сүрулеріне медициналық қызмет жақсы жолға қойылған. Әр блокке әлеуметтік қызметкерлер бекітілген. Мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы бар. Мүмкіншіліктеріне қарай спортпен айналысуға бағыттайтын жетекшілері қызмет атқарып жатқан көрінеді. Ал бұл салалардың толыққанды жұмыс жасауларына жағдай жасалған. Кенжеболат Сапарұлын бүгінгі тілде айтқанда қабілетті менеджер деумізге болады. Осы еңбегін бағалаған жоғарғы жақтағылар «Әлеуметтік қызметтің үздігі» төс белгісі, бірнеше грамоталар және алғысхаттармен марпатталған. Былтыр Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды. Алпыстың қырқасына шығып отырған Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев осындай елін сүйген, халқына адал қызмет атқарып отырған сыйлы азамат. Сөзіміз негізді болу үшін мекеменің бүгінгі тыныс тіршілігіне тоқталайық.
Мекеме өз қызметін «Арнаулы әлеуметтік қызметінің кепілденген көлем тізімі» негізінде және «Стационар жағдайында халықты әлеуметтік қорғау шеңберінде арнаулы қызмет көрсету стандарттарына» сәйкес жүзеге асырады.
2011 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы тұрғындарға арнаулы әлеуметтік көмек көрсету Стандартын енгізу бойынша алғашқы республикалық семинар өткізілді.
Мынадай арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі:
Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету; Әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету; Әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету; Әлеуметтік-еңбек қызмет көрсету; Әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету; Әлеуметтік-экономикалық қызмет көрсету; Әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету; Стационар жағдайындағы ақылы келісімшарт негізінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жақын туыстары бар, бірақ қиын жағдайға душар болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
2017 жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа түрлері енгізілді, бұл ақылы негізінде – мұқтаж қала тұрғындары үшін күндізгі жартылай стационар.
Осы уақытта МӘМ-де Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының жолдауымен 321 қызмет алушы тұрады, оның ішінде күндізгі қызмет көрсету бөлімінде -9, 2- Ұлы Отан соғысының ардагері, 11 – Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілгендер, 27- тыл еңбеккері, 4- қуғын-сүргін құрбаны, І- топтағы мүгедектер – 65, ІІ- топтағы – 71 адам. Қызмет алушылардың жасы 24 жастан бастап 98 жасқа дейін.
ӘҚКО-ның ғимараты 5 блоктан тұрады, олардың 4-і – тұрғын жай, бесіншісі – әкімшілік, сондай-ақ асхана, кір жуатын бөлме, монша-бассейн, рәсімдік үй, жеке жылыту қазандығы, автогараж бар. Жарық және жайлы бөлмелер- бір орындық және 2 орындық. Әр бөлмеде әжетхана, душ, лоджия, теледидар, тоңазытқыш бар, үй-іші жағдайына жақындатылған жағдай жасалған. Арбадағы мүгедектер үшін қол тірек құралдары жабдықталған – қосымша техникалық құралдар, қозғалу қызметі бұзылған мүгедектер үшін лифтілер мен пандустар қарастырылған. Керекті мұқаммалмен жабдықталған әлеуметтік-тұрмыстық бөлмелер жұмыс істейді – мұнда электр плитасы, теледидар, ас үй гарнитуры, ыдыс-аяқ баршылық. Бұл бөлмелерде телефон орнатылған, қызмет алушылар кез келген кезде туыс-жақындарымен хабарласа алады және керек жағдайда ішкі байланысты пайдаланады.
Қазіргі мекеменің құрылымы әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуге, әлеуметтік-оңалту іс-шараларын кешендік түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік-медициналық көмек амбулаторлық-емханалық көлемінде заманауи аппаратурамен жабдықталған. Мынадай медициналық және дәрігерлік көмек түрлері көрсетіледі: алғашқы медицина-санитарлық көмек, терапевт дәрігерінің, тіс дәрігерінің кеңестік-диагностикалық медициналық көмек көрсетіледі: ортопед және тіс терапевті, психотерапевт, психиатр, хирург, көз дәрігері, УДЗ дәрігерлері. Тәулік бойы 24 медбике мен кіші медициналық қызметкерлер медициналық күтімді қамтамасыз етеді: күтім жасау жөніндегі тазалаушылар – 41 адам, тазалаушы-еден жуушы – 30 адам. Басқа да жеке мамандардың кеңестері (флюро-, рентген) № 5 емханада жүзеге асырылады. Терапия жүргізіп, күшейтілген күтім жасау үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген бірнеше паллиативтік палаталар жұмыс жасайды.
Қызмет алушылардың қабылдауы қабылдау-карантин бөлімшесінде жүзеге асырылады. Әр түскен адамды дәрігер қарап, тіркейді және оған амбулаторлық карта толтырады. Түскен адамның және оның киімінің санитарлық тазартуы жүргізіледі. Әр блокта тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық пост бар, бұл жерде медбике дәрігердің ұйғарымы бойынша емдом жасайды.
2011 жылдан бастап қарсы көрсеткіштері жоқ барлық тілек білдіргендер үшін бассейнде жүзу сабақтары енгізілді. Мүгедектерді оңалту жоспарына «Тұлпар» ат-спорт кешенінде жүргізілетін иппотерапия сабақтары енгізілген. 2016 жылғы ЖОБ бойынша қызмет алушылар серуендеу арбаларымен, ходуноктармен, балдақтармен, ортопедиялық аяқ-киіммен гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген, медициналық-сараптама және әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу бойынша құжаттарды ресімдеу бойынша, протездік-ортопедиялық құралдарын алу, тифлоқұралдарын және жылжу құралдарын алу бойынша көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету және психоэмоционалдық тұрақтылықты қолдау мен релаксация мақсатында сенсорлық бөлме, құм және ионотерапия бөлмелері жұмыс жасайды. Түскен жағдайда әр қызмет алушыға психодиагностика жасалады және АӘҚ көрсету қажеттілігінің көлемі анықталады. Жүйелі түрде әр қызмет алушыға психологиялық патронаж жүргізіледі. Қазақстандағы әлеуметтік салада 2004 жылы мұнда алғашқы педагог-психолог мамандығы енгізілді. Осы жолдардың авторын республиканың әлеуметтік саласындағы тұңғыш психологі деп атауға болады.
Денсаулық жағдайларына қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда қарттар мен мүгедектерге еңбек етуге жағдай жасалуда. Оңалту, емдеу, мәдени іс-шаралар өткізу, діни рәсімдерді жүргізу, емдеу-еңбек қызметін ұйымдастыру, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру, тұрмысқа бейімдеуге бағытталған бөлмелер қарастырылған.
Әлеуметтік-еңбек ету қызметін көрсету аясында қызмет алушылар қатысатын «Халықтың қолданбалы шығармашылығы», «Шебер қолдар», «Көркем сурет салу» үйірмелері, тігін цехы жұмыс жасайды. Дәрігердің қорытындысы бойынша қызмет алушылар тігін цехында, аяқ киім жөндеу шеберханасында толық емес жұмыс күні тәртібінде еңбек етеді.
Тұрмыстық-мәдени іс-шаралар өткізу үшін 250 орындық онлайн режимінде фильмдерді көруге арналған сандық кинопроекторы бар кино залы бар, әдеби қорда 6 мыңнан астам кітабі бар кітапхана және «тірі жандылар бұрышы» — аквариум бар. Спорттық клуб өз жұмысын жасайды, мұнда шахмат үстелі, теннис үстелі және бильярд бар.
Әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы мекеме мен оқу орындары арасындағы меморандумдарға қол қойылған. Сонымен 2012 жылғы қазан айынан бастап Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылымдар орталығы» қазақстандық тұрғындарының орта жасын ұзарту бойынша бірлесіп жұмыс жүргізіледі. «Көмек қанаты – Крылья помощи» атты ұзақ мерзімді әлеуметтік жоба аясында зияткерлік, мәдени-сауықтыру және спорттық іс-шараларын бірлесіп жүргізу бойынша «Астана қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалымен меморандумға қол қойылды.
Кәсіби практиканы жүргізу үшін Экономика, сауда және халықаралық сауда Қазақ университетінің «әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша студенттерімен бірлесе отырып мекемеде өндірістік-кәсіби практикадан өту үшін жағдай жасалған.
2009 жылдан бастап «Нұр Отан» бастауыш партиясының ұйымы құрылып, 55 адам партия құрамына мүше болды, олардың көбі мекеменің қызмет алушылары. Бұл партияның ерекшелігі – партия мүшелерінің жасы 30-дан 88-ге дейінгі жас аралығындағы адамдар. «Нұр Отандықтар» үнемі аудандық және қалалық филиалдар ұйымдастырған спорттық сайыстар мен қоғамдық шараларға белсене қатысып жүлделі орындарға ие болады.
Шаралар кешені «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында өтеді, қарт қазақстандық азаматтарға көмек көрсетудің жүйелік және реттік жұмысы, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдармен қоғамның назарын қарт адамдардың мәселелеріне аудару.
2017 жылдың 01 тамызында егде жастағы адамдар мен 1,2 топтағы мүгедектерге арналған күндізгі қызмет көрсету бөлімі ашылды. Әлеуметтік саланы Модернизациялау мақсатында Астана қаласының Жұмыспен қамту еңбек, әлеуметтік қорғау басқармасы 2017 жылдың 14 тамызында екі ведомствалық мекемелермен бірігіп, яғни Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және МКҚК «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен» қала тұрғындарына арналған реабилитациялық бөлім ашылды, салалық мамандар және дәрігерлердің қарауынан кейін МКҚК «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығымның» қызмет алушылары жылдың ішінде келесі процедуралармен қамтылады: массаж, ЛФК, гидротерапия, физиотерапия, сонымен қатар сенсорлық бөлме, құм- терапиясы, мәдени- іс шараларды және спорт шараларына қатыса алады.
Ұжымның басты және негізгі мақсаты – бұл астананың мұқтаж азаматтарына сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету болып табылады.
Еркін Дәуешұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Астана қаласы