Асыл парыз иесі
Сол күні Рысты Тұрғымбайқызы әдеттегінен ерте тұрды. Апыл-ғұпыл таңғы шайын ішіп, жұмысқа жинала бастады. Ерке немересі Дана да әжесімен қабаттаса тұрып, Рыстының қасына келіп, оның құшағына енді. Мұнысы кішкентай кезінен үйреншікке айналған әдеті еді.
— Әже, сені туған күніңмен құттықтаймын, әрдайым біздің қамқоршымыз бола беруіңе тілектеспін. Бұл тілекке барлық немерелерің қосылады. Сен біздің үскірік аяздан қорғайтын қалқанымызсың, аптап ыстықтан сақтайтын көлеңкемізсің. Біз бәріміз кешке осында жиналамыз, тек сен кешікпей ертерек келші деп,— әжесінің бауырына ене түсті.
Әжесі де немересінің мына қылығына разы болып, оны тағы да құшағына алды. Байқаса Данасы да бойы өсіп, өзімен шамалас болып қалған екен. Уақыт деген ұшқыр ғой, немересінің есейіп қалғанын енді ғана байқады. Әсіресе , Дананы көрсе іші бауыры елжіреп, еріксіз көзіне жас іркіледі, көз алдында өмірден ерте кеткен кенже ұлы Ерболдың бейнесі елестейді. Ерболдың көзі болып қалған Дана әжесі үшін тым ыстық, тым сүйкімді. Сондықтан басқа немерелерге қарағанда Дананың орны бөлектеу. Ауыр күрсінген Рысты орнынан тез тұрып, жұмысқа жинала бастады. Дананы маңдайынан бір сүйді де есікке қарай беттеді.
Далаға шығуы сол екен, тынысы ашылғандай болды.Арқаның таңғы салқын ауасы бойына ерекше қуат бергендей, бірден сергітіп жіберді. Рысты апасының асығыс екенін түсінген жүргізуші машина есігін айқара ашып, бастығының жайғасып отыруын күтті. Сөйтті де күнделікті жүретін жолға қарай бағыт алды.
Жан жағына көз салса, маусым айындағы Астана көркі тым сымбатты, тым ерекше сұлуланып кеткендей. Ағаштар да жапырақ жайып, қаланы көркейте түскендей. Қала көз алдыңда өсіп, өркейіп келеді. Бой көтерген алып ғимараттар мен сәулелі тұрғын үйлер Астананы ерекше құлпыртып жіберіпті. Қалайша сүйсінбеске. Міне, жасампаздық деген осы емес пе! Мұндай қалада тұрып, оның өсіп— өркендеуіне үлес қосқан ғанибет қой. Осындай тәтті қиялда отырған Ырыстыны жүргізушінің, «апай, келіп қалдық» деген сөзі ойын бөліп жіберді.
Машинадан түсе салысымен, Рысты Тұрғымбайқызы асыға басып кабинетіне бет алды. Есікті ашып, жайғасып отыруы сол еді, гүл ұстаған бір топ адамдар сау етіп кабинетке кіріп келді. Жай келмеген, Рысты апайларын туған күнімен құттықтауға Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафиналар бас болып, өзінің әріптестері мен құрбы қүрдастары құттықтау үшін келіпті .
— Рысты Тұрғамбайқызы елордаға белгілі азаматсыз. Көп жылдар ішкі істер органында жұмыс істедіңіз. Онда да жақсы мінезіңізбен елге танылдыңыз. Зейнеткерлікке шықсаңыз да саптан қалмай, 15 жыл бойы Есіл аудандық ардагерлер кеңесін жемісті басқарып келесіз. Жасы үлкен қариялардың жанашырысыз. Көптеген қоғамдық шаралардың ұйытқысыз. Осындай адалдығыңыз бен еңбекқорлық қасиетіңіз жастарға үлгі болып келеді. Сізді туған күніңізбен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін деп Сансызбай Есілов ағынан жарылды.
Одан кейін Рысты Тұрғамбайқызын өзімен көп жылдар еңбек еткен қалалық ішкі істер департаментінің Ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтады.
Сол жылғы Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина оның өмір жолы мен қызметтік белестері туралы ақтарыла сөйледі. «Жастарға үлгі болар кісімен әріптес болып жүргеніміздің өзі мақтаныш»,- деп туған күн иесіне сый— сияпат көрсетті.
Сол күні Рысты Тұрғамбайқызын құттықтаушылар легі таусылсашы. Құттықтауы мен алғысын айтқан әріптестері мен қарапайым ардагерлер жүрек жарды ықыластары мен алғыстарын шын жүректен білдіріп жатты. Олардың тілектері:— Рысты, осы алған бетің мен бағытыңнан таймай еңбек ете бер, біз сол қызметіңе шексіз алғысымызда айтудан жалықпайық деулердің сөзінде қаншама мән мағына, ризашылық бар. Қазақ бекер айтпаған ғой; «қарғыс алма, алғыс ал» деп. Бұл мысалдың өзі адамдармен адал жұмыс істей білудің дәлелі, Рыстының адамгершілік тұлғасының айшықты да анық көрінісі. Келушілердің легі саябырлаған соң шаршаңқыраған Рысты терең ойға батты.
Көз алдына бала кезіндегі шақтар, Степногорск қаласындағы кең сарайдай үйдегі әке—шешесінің бейнелері кино кадрларындағы көріністей өтіп жатты. Күнделікті әдетінше жұмыстан келетін әке жолын тосу. Қарасы көріне бере балғын бала Рысты ес тұссыз шапқылай жүгіретіні. Жете бере секіріп, әке құшағына енеді, сағынған әкесін мойнынан құшақтап, осы күймен үйге жетеді. Әкесі Тұрғамбай да ерке қызын көтерген бойы үйге кіреді. Бұл—күнде қайталанатын жарасымды көрініс. Әкесі де ерке қызын бауырына қысып, екі бетінен кезек—кезек сүйеді, «қарлығашым менің, үмітім менің, ертең есейген кезде қандай бір шаруаны қолға алсаң, соны тиянақты орындауды әдетке айналдыр, сонда ғана көздеген межеге жете аласың» деп бастауыш сыныпта оқитын Рыстыны ақырын ғана жерге түсіретін. Ерке қызы мен зайыбының бұл қылықтарына сүйсіне қарайтын мамасы Рәйля:— Қызыңды тым еркелетіп жібердің, сенен басқаны тыңдауды қойды деп, зайыбы Тұрғымбайдың сырт киімдерін іле бастайтын.
Отағасы Тұрекең Степногорскідегі кен өндірістердің бірінде шахта бастығы болып істегендіктен, ол кісінің кейде кешігіп келетіні бар. Соған қарамастан Рысты әкесін қарсы алу үшін мамасын ертіп далаға шығады, оларға қосылып балалардың бәрі бірге еретін. Сондайда мамасы өзіне тән салмақты да сабырлы кейпімен, «қызым ау, сен бірте бірте есейіп келесің, қыз балаға тым аса еркелік жараспайды, ертең бой жетіп, отау тіккен кезде бұл қылығың ерсі болып көрінуі мүмкін. Тұрғымбайдың қызы шошақай болған екен ғой деп сөгіп, әкеңнің абыройына кір келтіруші болма қарағым» деп Рыстыға ақылын айтудан жалықпайтын.
Тұрмысы жарасып, осындай ұйыған отбасы 1954 жылы үлкен қайғыға душар болды. Әкесі Тұрғымбай кенеттен бақи болып, үбірлі—шүбірлі бес баламен Рәйля анасы жалғыз қалды. Балаларды асырап жеткізудің бар ауыртпалығы анасының иығына түсті. Балалары енді есейіп келе жатқанда аяқасты қазаға душар болған ерінің аманатын орындап, балаларын жеткізудің қам—қаракетін ойлап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиелеуге бар ынтасын салды. Жасынан өмірдің ауыртпалығына төзіп өскен Рәйля жанкештілікпен тіршілік жасап, балаларымды ешкімнен кем қылмаймын деп еңбек етті. Анасы балаларын еңбек пен бірге адалдыққа тәрбиелеп, олардың болашақта азамат болып қалыптасуларына зор ықпал жасады. Сол кезде отағасының қазасынан кейін үш жылдан соң мамасы Рәйля да дүниеден озып кеткен еді. Ағасы мен жеңгесінің балаларын жетім қалдырмаймын деген Тұрғамбайдың інісі Ашубасар оларға әке орнына әке болып, балаларды түгелдей қолына алды, сөйтіп өз отбасымен бірге сол кездегі Целиноградқа қоныс аударды. Мектепті үздік бітірген Рыстының бойындағы ұстамдылығы мен зеректілігін байқаған Ашубасар көкесі, оны алысқа жібермей,қаладағы педагогикалық училищеге түсуге ақыл берді. Ағасының сенімін ақтай білген Рысты училищенің озат студенті атанумен бірге қоғамдық жұмыстарды да мінсіз орындаумен көзге түсті. Өмірдің маңдайына жазған ауыртпалығына төзе білген Рысты бойындағы асыл қасиет – мейірім мен ынтазарлығын жоғалтпай, болашақ сындарға төтеп беретін қасиетті бүкіл болмысында қалыптастырып өсті. Училищені табысты тәмамдаған Рысты енді өз мамандығы бойынша жұмыс істеймін деген жоспарын күрт өзгертуге тура келді. Оған бірден бір себепші болған тағы да көкесі Ашубасар еді.
— Рысты қалқам, біздің аудандық ішкі істер бөлімінде паспорт үстелінде орысша— қазақша еркін сөйлейтін және жаза алатын маманның орны бос. Сол қызметке орналасқаныңды қалаймын. Және педагогика институтының сырттай бөліміне түсіп, оқу мен қызметті бірдей алып жүруге сенің шамаң жетеді. Өзің қалай ойлайсың деп, Ашубасар көкесі Рысты қызынан жауап күтті. Жастайынан үлкен адамдардың сөзін бөлмей, әсіресе әкесіндей болып кеткен Ашубасар көкесін үнемі тыңдап өскен Рысты, бұл ұсынысқа қарсы емес екенін білдірді.
Алғашқы күннен бастап Рысты Ішкі істер органының басқа мекемелерге қарағанда өзгешілігі мен қиындығы бар екенін бірден аңғарды. Ең бастысы алдыңа келіп отырған адамның кім, қайдан екенін білу қиын. Олардың сөйлеу мәнерінің өзі басқаша, алғашында тіпті ерсі болып көрінді. Кейбіреулері жас Рыстыны баласынып, басынған мінез де танытты. Паспорт жүйесінің бастығы мен өз көкесінің айтқандары, «кім келсе де алдыңа, сен олармен мәдениетті сөйлес, ешкімнің бетін қайтармауға тырыс, заң шеңберінен шықпа» деген ақылдары Рыстының бүкіл ғұмырына рухани азық болды.
Осылайша ішкі істер саласындағы қызметі жалғасып, жылдардан соң жылдар өтті, қызметтік және өмірлік тәжірибе жинақталып, Рысты Тұрғамбайқызы есейіп, тұрмыс құрды, балалы— шағалы болды. Өзінің сүйген жарын да осы ішкі істер органында істеп жүргенде тапты. Салауатты да салихалы қалпынан айнымайтын Рыстының тұлғасынан үнемі парасат пен пайымы және байыпты іскерлік сезіліп тұратын. Келуші азаматтар мен аудандық ішкі істер органының қызметкерлері де Рыстыны осындай қырынан танитын болды.
Адамдардың сенімі мен құрметіне ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт. Ол үлкен өмір мектебінен өтіп, жоққа саспай, барға аспайтын адал да абыройға бөленген азаматтың еншісі болмақ. Бүгінгі әңгіме кейіпкері болып отырған Рысты Атығаева осындай жан.
—Өзіме жүктелген жұмысты барынша жақсы атқаруға тырыстым.Ол үшін өмірлік тәжірибем мен жастық жігерімді аяп қалған жоқпын,— деп Рысты Тұрғамбайқызы өз ойын одан әрі жалғастырды. – Менің оқып білім алуыма, одан кенйін еңбек баспалдақтарыма ерекше ықпал еткен, қамқор болған әкемнің інісі Ашубасар ағам болды. Мен өзімді сол ағамның алдында өмірбақи қарыздармын деп есептеймін.
Ішкі істер органының ерекшелігі мұнда да әскери тәртіпті қатаң сақтау қажет. Берілген тапсырысты әп- сәтте тап- тұйнақтай етіп орындау әркімнің дағдыға айналған әдеті. Мұндай тәртіпке Рысты осында келген күннен бастап тез үйреніп кетті. Оның үстіне әкесі Тұрғамбайдың айтқан өсиетін ешқашан есінен шығарып көрген жоқ. Абырой, атақ сатып алатын зат емес, ол үлгілі де сапалы қызметіңе қарай беріледі. Бұл өмірлік аксиома. Рысты бұл қағидадан ешқашан ауытқып көрген емес.
Ия, уақыт деген ұшқыр құбылыс, көзді ашып жұмғанша, сенің қай кеңістіктен, қай жерден шыққаныңды аңғармай қаласың. Ішкі істер органындағы ұзақ жылдар бойындағы қызметі абыройлы болып, майор шеніне ие болған Рысты Тұрғамбайқызының зейнетке шығар кезі де келді. Әріптестері Рысты апайларымен қимастай қоштасты. Өзінің орнына келген жас кадрларға қарап, Рысты Тұрғамбайқызы өзінің жас кезін еске түсірді.Өзі де мына жастар сияқты ұяңдау және бірдеңені бүлдірген жоқпын ба дегендей, жан—жағына жаутаңдап қараумен болатын. Осы жайт есіне түскенде, Рысты мырс етіп күліп жіберді. Міне,уақыт өлшемінің ырыққа көнбей, білінбейтіні осы да. Жылдар өте келе кешегі жастардың қалайша өсіп жетілгенін байқамай қаласың, олар есейіп өседі, қызметте мол тәжірибе жинақтайды. Өзі зейнетке шығарда қызметке алынған жастар, енді бүгін білікті маман атанып, өзін туған күнімен құттықтауға келіпті. Ұрпақтар жалғасы деген осы емес пе, бұған қалайша қуанбасқа!
Зейнетке шығып, өзімен өзі болып жүрген Рыстыны таң ата кездейсоқ телефон шырылы ойын бөліп жіберді. Телефонды көтеруі мұң екен ар жағынан өзіне таныс қоғам қайраткері Әсима Бимендинаның дауысы естілді.
— Рысты, ішің пысып, үйге симай отырғаныңды сезем, маған тезірек кел,— деп сөзді қысқа қайырды.
Содан не керек Әсима Темкенқызының айтуымен Рысты алғашында Астананың Алматы аудандық ардагерлер Кеңесін басқарса, одан кейін жаңадан ашылған Есіл аудандық ардагерлер Кеңесіне ауысып, оны ұдайы жемісті басқарғанына он бес жылдай болып қалды.
Ардагерлер Кеңесінің күнделікті тіршілігі—халықпен жұмыс істеу. Адамдарды қабылдау, кеңес беру, тіркеуге алу, науқас адамдардың халін сұрау, зейнеткерлерден келіп түскен сұрақтары мен мәселелерін шешуде көмек беру – мұның бәрі ардагерлер қозғалысы белсенділерінің күнделікті өмірінің тек шағын ғана бөлігі.
Бүгінде Есіл аудандық ардагерлер Кеңесінде 4 500 зейнеткерлерді қамтып отырған 100 бастауыш ұйымдар бар.Ауданда 8 Ұлы отан соғысының ардагерлері, 488 тыл жұмысына қатысқандар, 490 көпбалалы аналар тұрады. Кеңес жұмысының мақсаты бірде бір зейнеткердің назарсыз және қолдаусыз қалмауына бағытталған. Ардагерлер атқаратын шаралардың бел ортасында үнемі Рысты Атығаева жүреді. Бұл туралы «Олимп палас» тұрғын үйінің бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі Валентина Столярова ағынан жарыла әңгімеледі:
— Аға ұрпақтардың күнделікті өмірін сезе білу, үнемі олармен байланыста болу, олардың көңіл—күйі мен ой—пікірлерін, айтқан сындарын жерге қалдырмай тыңдай білу кімнен болсын шыдамдылықты қажет етеді. Рысты Тұрғамбаевна болса, осының бәріне шыдап төзімділік пен парасаттылық таныта білуде. Атығаеваны аудан мекемелері мен ұйымдарының басшылары және кәсіпкерлер жақсы біледі, сол себепті олармен қоян- қолтық араласып, көптеген шаралардың табысты өтуіне дәнекер болуда. Сондай шаралардың бірінің табысты өткені туралы Р.Атығаева былай дейді:
—Осыдан екі жыл бұрын қаладағы № 59 мектептің жанына ардагерлердің қолымен қарағай көшеттері отырғызылды. Оған «Ардагерлер аллеясы» деген ат берілді. Әрбір түп көшетке майдангерлеріміздің есімдері жазылған тақта орнатылды. Болашақта осы «Ардагерлер аллеясының» қанат жайып, кеңейіп мектеп төңірегі жасыл желекке айналатынына шүбә жоқ. Бұл ардагерлер ұйымының елорданың көркеюіне қосқан сүбелі үлесі.
Осындай игі істерге ұйытқы болып, оның тиянақты атқарылуына бас көз болып жүретін Рысты Тұрғамбайқызы шын мәнінде аудандық ардагерлер ұйымының көшбастаушысы болып қоймай, ең бастысы адам тағдырына бей—жай қарамайтын елгезек жан. Жылап келгенді жұбатып, ашумен келгеннің екпінін басып, небір жүрекжарды, сезімін қозғайтын жылы сөздер таба алатын Рысты Атығаева осындай жайсаң жан.
Рысты Атығаева туралы мақаламды Астана қалалық ардагерлер Кеңесін абыроймен басқарып, зейнетке шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Алпысбековтың Р.Атығаева туралы айтқан жылы лебізімен сабақтайын:
— Бірге еңбектес болған, бірге жүрген, силас болған Рысты Атығаеваның сіңірген еңбегін атап өту жарасымды. Есіл аудандық ардагерлер ұйымының алғашқы құрылған күнінен бастап, қалыптасуына, кәсіби дәрежесіне жетуіне үлкен үлесін қосты. Аудандық ардагерлер ұйымының көшін бастады, тізінін сенімді қолда ұстады. Жақсы күндеріне қарай жолын бастап, жақсылығына қуанды, жетістігіне жұбанды. Кейбір олқы соғып тұрған жеріне ойлана да толғана да, қапалана да білді. Өз ойын, пікірін білдіруден бойын аулақ салмайтын. Бірлесе шешкен талай жұмыстарымыз ел игілігі болды. Жұрт жадында қалды.
Ия, қанша адамдармен кездесіп, Рысты Атығаева туралы сыр тартқанымызда олардың айтатыны Рәкеңнің бойындағы асыл қасиет кісі меселін қайтармайтындығы, бар жанды бауырындай көретіндігі, жақсылыққа жақындығы.
Әр адам ұрпағымен мың жасайды дейміз. Рысты Тұрғамбайқызының сол ұрпақтарының келешегі, алар асуы биік болып, абыройлары асқақтай түссін. Нұрлы жүздерінен қуаныш, шаңырақтарынан тыныштық, құт—береке арылмасын, әрбір күні шуақты болсын деп тілейік.
Мейрам Байғазин журналист,
Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі