Қатаркөл, күт, бізді!
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев ел дамуының ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясында халық денсаулығын сақтау мәселесін басты бағдар ретінде қарастырғаны баршаға аян. Яғни, мемлекеттің бірінші кезектегі атқаратын шараларының бірі – халық денсаулығын нығайту.
Бұл тұрғыда елорданың қарт тұрғындарының Астана қалалық әкімдігіне және қалалық ардагерлер кеңесіне айтар алғысы шексіз.
Бүгінде астаналық зейнет жасындағылармен қоса, ерекше қамқорлықты қажет ететін барлық топтағы мүгедектер үшін дербес емдеу-оңалту кешені бар.
Ол – әйгілі Бурабай курорты жағасында жайғасқан Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» КМК-ны. Қысы-жазы түсін өзгертпейтін қылқан жапырақты – шырша, емен, балқарағай және аққайыңның бел ортасынан орын тепкен, ал тарихтан емдік қасиеті жақсы мәлім қос көлі кеуде тұсында толқын ойнатып жатыр. Курорттық аймақтың С. Сейфуллин жырлаған бұрындағы сексен көлінің отыздайы ғана қалыпты. Уақыт өте тартыла-тартыла қалған теңізге теңдес көлдің бірі осы Қотыркөл. Кезінде осы көлдің жағасында жаумен айқастан жараланып қайтқан сарбаздар емделгені де мәлім.
Бүгінде тікелей Астана қаласының әкімдігіне қарасты бұл мекеннің аталуы – Қатаркөл. Бұл маңда балықшылардың көптігінен, әрі олардың сүйікті балық аулаумен тезірек айналысуы үшін қай көл тез қатар деп асыға күтуінен осылай аталып кеткен деседі. Тереңдігі алты метр Қатаркөлдің суы басқалараға қарағанда тез қатады екен.
Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Бұлар Сарыарқаның Көкшетау тауларының аралығында орналасқан ұсақ көлдер тобы. Олар суының тазалығымен, тауларымен, қарағайлы-қайыңды ормандарымен ерекшеленеді.
Денсаулық, ол тыныққан жүйке тамыр жүйесі. Кезінде елдің егемендік алуына қолжеткізуіне қарттарымыздың қосқан үлесі қомақты болса, енді елі оларға алаңсыз қарттық жағдайын жасауда. Әсіресе, астаналықтар ерекше қамқорлықта. Қалаішілік жол тегін, мерзімдік баспасөзге де қалауына қарай тегін жазылады, мерекелерде қаланың 80 пайызға дейін мейрамханалары төрің ұсынып, есігің айқара ашады. Мұның бәрі, әрине, қалалық әкімдік пен қалалық ардагерлер кеңесінің қамқорлық аясындағы қарекетінің оң нәтижесі.
«Қатаркөл» емдеу-оңалту орталығы соның жарқын бір көрінісі. Мұнда ай сайын 300-350-дей барлық топтағы ардагерлер мен мүгедектер ем қабылдап, бес мезгіл ас ішіп, замануи курортология және физиотерапевтік талапқа сай Ресейдің, Швейцарияның, басқа да мемлекеттен алдыртқан, отандық көптеген санаторийлерде әлі де кездеспейтін, медициналық жабдықтармен жарақтанған. Гальванованна, гидромассаж, биоктрон, лазерлік-магнитотерапия сияқты техниканың соңғы жетістіктермен емдейді. Уқалап-сылап емдеушілер бірінен бірі өтеді. Негізгі қызметті атқаратын медбикелер мәдениеті мен қамқорлығы ерекше. Санаторийдің бас дәрігері Таңсық Сентайұлы Күсемісовтің басшылығымен, физиотерапевт-дәрігер Бақыткүл Қанатқызы Смағұлова болсын, медбикелер Балкүміс Төлеубекқызы, Зәуреш Ғаббасовалар сізге жан-тәнімен қызмет етеді. Жыл да бір жаңалық. Болашақта бассейнді іске қосу жоспарлануда. Зейнеткерлер бұл жолы намазхана бөлмесін ашуға, тағы бір тілек қосып кетті.
Таңсық Сентайұлын әркез медициналық қызмет көрсету сапассын бақылап, емделушер арасында жүргенін көресің. Мұның өзі емделушілерге қуат бергендей. 214-ші бөлмеде қан қысымын, қандағы қанттың мөлшерін әлсін-әлсін тексеруге, салмағыңыз бен бойыңызға дейін өлшеп, қажет дәрі-дәрмекті келесі күні-ақ жеткізіп беруге ынталы. Қарттар болған соң сәл сырқаттанып қалсаңыз ішер асыңды бөлмеге жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, қас-қабағыңызға қарайлайды.
Бір таңқалатыныңыз, қызмет жасай бастағанына бесінші жылдан енді асқан санаторий қызметкерлері бір күнде-ақ жүрдек, жай поездармен, одан басқа да жеке не такси көліктерімен қарлығаштай сау ете түскен келушілерді әп-сәтте қатар жайғасқан 3 корпусқа орналастырып үлгеретіндігі. Екі жүрдек поезбен келгендерді Щучье кенті стансасында қарсы алып, кетерінде қайтадан сол жерге алып келетіні тағы бар.
Астан әсте де тарықпайсыз. Сыртта орналасқан санаторий асханасының меңгерушісі Ольга Әбдірахманқызы Кәрімова жайдары жүзбен, «апалап, ағалап» қарсы алып асты-үсті қабаттағы асханаларға неше мәрте шақырудан жалықпайды .Бір айта кетерлігі, болған 14 күнде таңертеңгілік ас мәзіріне 14 түрлі өте дәмді ботқа әзірленді. Ет беретін күні арнайы дауыскүшейткіш арқылы, «бүгін кешке ет жейміз, қамырды бірмезгілде түсертіндіктен суып қалмас үшін кешікпей келіңіздер» деп ескертеді. Ольга Әбдірахманқызы бір жағынан әнші. Кешкі астан соң шырқата ән салып тұрғаны. Мәдени-іс шара күні бойы тоқтамайды. Неше түрлі спорт жарыстары, оларды марапаттау, фотосессия, караока, кино, би кешімен жалғасып кете береді. Зейнеткерлер ән салудан алдыңа жан салмаған Жұлдыз Қалиева, бильярд, шахматтан тек бірінші орындарды жеңіп алған Асылбек Хасеновтар мақтау қағазымен марапатталды. Ал, би билеу емнің басты бір шарты. Ол – тіршілік тірегі қозғалыс, қан айналымының басты генераторы. Сыртта таза ауада тұрып, қарттар ұшып келіп, қолдағы жемге қонатын саршымшықтар мен тиінді «аулап» күткеніне өздері де балаша мәз. Буфеттегі бар шекілдеуікті сатып алды десек те болады.
«Сапалы су – адам денсаулығының басты кепілі». Емделушілердің бәрі де емдік ванналардан қалған жоқ. Қара балшық пен парафин емі де көңілден шықты. Балшық ресурсы қасындағы Майбалық көлінен.
Табиғаттың бір бөлшегі саналатын ағаштардың адамға өмірлік жағымды энергия сыйлайтынын және адам бойындағы
жағымсыз энергияны өзіне сіңіріп алатыны мәлім. Сондықтан да болар, жасына қарамастан шаңғыға тұрып, ал кемі бес-жеті шақырым жаяу жүргендері де аз болмады. 80-90 жастағы қарттарды кездестіріп, ширақ жүрістеріне тәнті болдық. Қылқан ағашты бұл орман ішіндегі таңғы серуен емнің ең қажеттісі. Түнде жиналып қалатын жапырақтар /хвойный/ майы таңертеңгілікте ауаның төменгі қабатында тұрады дейді. Саф алтындай ақша қармен шағылысқан емдік қасиеті зор таза ауа өкпеге де қажет.
Санаторийде бір сағатта бос уақытын болмайды. 14 күн ішінде Бурабай курорттық аймағына екі рет және де екі рет атпен серуендеуге апарады. Жылқы жарықтықтың емдік қасиеті де зор. Таяққа сүйеніп барғандар балдақтарын тастай сап арнайы мамандардың көмегімен атқа отырып, таза ауада 40 минөттей серуендеп, ерекше күйге бөленді.
Өте сауатты жол бастаушы-гид қазақ қызы бәрімізді аузына қаратты. Оның әңгімесінен жадымыздағы тарих қайта жаңғырды.
Иә, Бурабай аймағын Абылай хан басқарған Орта жүз қазақтары мекендеді. Хан ордасы орналасты. Тау қырлары, орман шоғырлары қақтығыстардан қорғануға ыңғайлы еді.
Қазіргі уақытта Абылай хан алаңында ұлы қолбасшының құрметіне биіктігі 37 метр болатын монумент орналасқан. Өз дәуірінде хан сол жерде кеңес құрған. Осы жерде оның ұрпақтары – Қасым сұлтан, Кенесары, Наурызбай туып өскен.
Қазіргі уақытта курортты белдем аумағында 83-ке жуық санаторий, 25-тей демалыс үйлері, туристік базалар, 16 балаларды сауықтыру орталықтары жұмыс жасап, онда жылына 40 мыңға жуық адам демалады. Аққайыңның 20, саңырауқұлақтың 50 түрі өседі. Табиғаттың бере салған, не деген сыйы!
Оқжетпес болса етегінен шыңына дейін 300 метр биіктікті құрайтын пирамида тәріздес жартас. Атақты саяхатшы Шоқан Уәлиханов осы өлкеге байланысты аңыздардың 15 түрін жинаған екен. Соның бірін еске түсірсек, шапқыншылық заманда тұтқынға түскен қалмақ қызы жартастан (ескі атауы Әулиекөл, қазір Қайранкөл ) көлге секіріп кетеді. Сұлудың құлап түскен жеріне таңғажайып Жұмбақтас жартасы пайда болған екен.
Адамша көлбеп жатқан үлкен тау «Жеке батыр» деп аталады. Денесі биік жота, дулыға киген таудай басы ап-анық алыстан көрінеді. Сақалы төсін жапқан, қырықтар шамасындағы ер жігіт ұйықтап жатқан секілді екен. Осы жерлердің бәрінде болған қартымыз бар, таяқ ұстаған мүгедектеріміз бар, бәріміз де жақыннан тағы да тамшалап, суретке түстік.
Щучье көлінің жағалауында 1910 жылы қымызбен емдеу санаторийінің ашылуына байланысты поселкенің іргетасы қаланады, қазір курорттық қана мың жылдық тарихы бар. 1939 жылдан кент. Сол ізбен жүріп өтіп, балалар, әскери санаторийін, табиғаттану музейің аппақ «газельдің» ішінде отырып шолып шықтық. Бурабайдың барлық жерлерін аралап, Буратас, Абылай хан алаңы, Оқжетпес шыңы, Жұмбақтасқа бардық. Әсем табиғаттың ғажайып қайталанбас көріністері таң қалдырып, қызықтырды. Бурабай өңіріндегі шөгіп жатқан буралар бейнесі, әр тасы, әр биігі – Тәңірдің қазаққа сыйлаған тамаша сыйы.
Күн-түн демей, қартттар мен мүгедек жандарға сапалы қызмет етіп жатқан Бурабайдың түбіндегі Қатаркөл емдеу-оңалту орталығының барша қызметкерлеріне жаңа жылда да табыс тілейміз. Өткен жылғы желтоқсан айында дем алып қайтқан барша ардагерлердің атынан қоштасар сәтте ұстаз-зейнеткер Раушан Ахметжанқызы ақжарқын тілегін жеткізіп, аса қимастықпен санаторий қызметкерлеріне алғыс айтты.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, бұл санаторийге барушылар ықыласы жылдан-жылға артып отыр. Оның тағы бір себебі, зейнеткерлер үшін қаржы жағынан тиімділігі. Жолдаманың бар болғаны 35 пайызын төлейді. Соның дәлеліндей жаңа жылдың алғашқы айының алғашқы жұмыс күнінде-ақ сонда жетуге ниет еткісі келетіндердің легі ат-көпір болды. Әлі де жалғаса бермек.
Ендеше, «Қатаркөл», күт, біздерді» демекпіз!
Бір топ зейнеткерлер атынан:
Сәуле Аблаева,
Владимир-Галина Сороковтар,
Майра Шөкен.
Астана