Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Берлинді алған Бекенов еді

Республикалық ардагерлер ұйымының 92 жасар белсенді мүшесі Қадан Бекенұлының бақилық болғанына 40 күн болып қалған екен. Осыған орай марқұмды еске ала отырып, ол кісіге қатысты кейбір ойларыммен жалпы жұртшылықпен бөліссем деймін. Қадан Бекенұлы өмірінің соңына дейін ардагерлер ұйымының іс-шаралары мен тіршілігінің бел ортасында болды. 2016 жылы өткен ардагерлер ұйымының VII съезінде Орталық кеңес мүшесі болып сайланған еді. Сол съезд басталар алдында мен делегаттарға «…бүгінгі еліміздегі Ұлы Отан соғысының батырларынан қалғандарының бірі мына ақсақал – Қадан Бекенов»,- деп дауыстап, қошемет көрсете таныстырған едім. Ол жайдан айта салған сөз емес, менің шын пікірім болатын. Қадан Бекенұлымен алғаш танысқаннан-ақ, ол кісінің, Берлинді алу шайқасына қатысып, Рейхстагты шабуылдағандар қатарында болғанын, сол 1945-жылдың мамырында 20 жасар лейтенанттың кеудесінде 5 жауынгерлік марапат белгісі: 2 орден, 3 медаль жарқырап орын алғанын естіп және сол кезгі тарихи фотосуреттен көріп тәнті болған едім. Атап айтсақ, Қадекеңнің кеудесінде «Жауынгерлік Қызыл Ту», ІІІ-дәрежелі «Даңқ» ордендері, «За отвагу» медалі т.б. болған. Соғыс кезінде мұндай жауынгерлік марапат екінің біріне берілмеген. Естеріңізге сала кетейін, сол шақта қаһарман батыр, аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев ағаларымызда бір-бірден ғана орден бар еді. Менің айтпағым басқа батыр ағаларымызды, кемсіту емес, Қадан Бекенұлының қарапайымдылығын, осыншама жауынгерлік ерлік белгілері (орден, медаль) бола тұра кеуде керіп, ешқашан мақтанбағаны. Осы орайда газет беттерінен, кейін кітапқа да түсті «Берлинді алған Бекенов» деген мақаламды бастырып зор құрмет, танданысымды білдірген едім. Танысып, 5-6 жыл қоғамдық жұмыста бірге болғанымда Қадекең өзінің қарапайымдылығымен, елгезектігімен, әділдігімен, әрбір істе байыптылығымен, нақты ой-пікірімен, тандандырумен болды. Жастармен кездесу болсын, өзі мүше болған Орталық кеңес жанындағы тұрақты комиссияның жұмысы болсын, ой бөліскенде өзінің бірқалыпты адами қасиетінен танған емес. Ардагерлер ұйымында, жалпы қоғамдағы өзінің биік орнынан тайған емес еді. Жеке басым Қадекеңді өте қатты сыйлайтынмын, ол кісі де маған әкелік жылы жүзбен, ақ пейілмен қарайтынын сезетінмін. Қадекең, дүниеден қайтарынан 1-2 ай бұрын, бір сенбі күні, қағаз басты болып отырған маған, кабинетіме телефон шалды. ¬- Сен, Ғаббас Жұматовты білесің бе? — Білемін, әрине. -Сол кісі мен қарулас досым еді. Соның Алматыдағы телефонын тауып берші. Сөйлесуім керек боп тұр, — деді. — Қадеке, шаруам көп, қолым тимей жатыр, кейін болмаса, — деп айтып қалып едім. Қадекең үндемей қалды да, телефонды қоя салды. Мен, ақсақалды ренжітіп алдым-ау деп, тағат таппай, қағаздарымды ысыра сала 2-3 сағатта Ғаббас Жұматовтың үй телефонын тауып Қадекеңе бердім. (Ғаббас Жұматов та – аты аңызға айналған батыр ағаларымыздың бірі. Соғыстың бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін, Брест қамалын қорғаудан Берлинді алуға дейін соғыстың тозағынан өткен. Бейбіт өмірде Қазақ мемлекттік университетінің профессоры болып 50 жылдай қызмет атқарған). Марқұм Қадекең, майдангер досымен қоштасып қалған сәті екен ғой, артынан ойланып бақсам. Қадекеңді қара жерге беріп келгеннен кейін, мен Жұматов ақсақалға телефон шалып, іні-досының өмірден озғанын жеткіздім. Досынан айырылғанына қамыққан ағамыздан екі майдангердің достығын тілге тиек етіп, газетке бермегімді айтып, ұлықсат сұрап, батасын алдым. Майдангерлер достығы мәңгілік деген ой түйдім. Бұл жерде Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің, Рахымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсеновтың асыл достық қарым-қатынастары жалғас тапқандай екен. Қадекеңнің адами қасиеттерінің тағы бір көрінісін еске аламын: Осыдан 2-3 жыл бұрын, Қазақстандағы Беларусь Республикасының елшілігі, «Белоруссияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 50 жылдығы» мерекелік медальды майдангерлерге тапсыратын болды. Ардагерлер Орталық кеңесі Белоруссияны азат етуге қатынасқан майдангерлер тізімін елшілікке берді, онда Қадан Бекенұлының да аты-жөні бар еді. Бізге жеткен медальды тапсырмақшы болғанымызда Қадан Бекенұлы қалалық военкомат тарапынан берілген тізім бойынша ондай медаль алғанын, екіншісі артық деп, біздегіні алмай, рахметін айтқан еді. Жалпы Қадекең орден, медальға кенде емес еді, әрине. Соңғы марапат – медалін «Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», өкінішке орай, сырқатына байланысты өзі келе алмай, немересі Руслан арқылы алғызған еді. Іле шала, бір айға жетпей, өмірден озды. Қадекең соғыстан кейін ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып милиция майоры шенінде құрметті демалысқа шыққан. Тәртіп сақшыларының кейінгі буынына, жалпы жастар мен жасөспірімдерге Отанға, халқына адал қызмет етуді насихаттап, жол көрсетуден бір танған емес еді. Өмірі өнеге болған, қарт майдангердің жаны жаннатта болғай дейміз. Ұрпақтары, оның ішінде Қадекең өзі тәрбиелеп өсірген, мақтан тұтатын немересі Руслан Серікұлы Бекенов (Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық клиникасының хирургі) атасының атына кір келтірмейтініне сенімдіміз.

Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ, ҚР ІІМ құрметті ардагері, Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің жауапты хатшысы

https://www.facebook.com/ardagerkz/posts/1141228359333476:0