БІЗДІҢ МАҚТАНЫШТАРЫМЫЗ!
Біздің мақтаныштарымыз!
Өмір үшін әрдайым аратұрған жандары ізгіліктен жаратылған ақ халатты абзал жандар - дәрігерлер туралы жылы лебіз білдіру - ләзім. Мемлекеттің байлығы адамдар деген. Сол адамдардың денсаулығы үшін, күні - түні аянбай еңбек ететін дәрігерлер мамандығы аса жауапты, тіпті қатерлі десе болады. Өмірде кездейсоқ оқиғалар, күтпеген жағдайлар болмай тұрмайды. Жүрек талмасы, инсульт, шұғыл операция керек ететін травма , хирургиялық аурулар кезінде жедел түрде көмек көрсетіп ажал мен арпалыста жан беріп, жан алатын дәрігер еңбегін бәрінен жоғары қойсақ артық емес. Қаншама ауыр азап, жеңіл тозақты көтеріп, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген ақ халаттылар жетерлік. Заманның қиын кезінде түрлі технологиялық аппараттар, құрылғылар жоқ уақытта жанкештілікпен еңбек еткен дәрігерлер бүгін зейнет демалысында. Соған қарамастан әлі де қатардан қалмай ақыл – кеңес , іс тәжірибелерін жастарға үйретіп келеді. Оқу орындарын да дәріс оқып, ақылы емханаларда науқастарға ем – дом жасайды. Қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайды. Соның қатарында Маусымбаева Бану Рамазанқызын айтуға болады. Ол Сарыарқа аудандық денсаулық сақтау саласы бойынша комиссия мүшесі « Еңбек ардагері », денсаулық сақтау саласының үздігі. Өз саласы бойынша ардагерлер мәселесін көтеріп, олардың шешімін табуына үлес қосып келеді. Сондай – ақ өз саласының майталманы болған ел алғысына бөленген ардагерлер , дәрігерлерді мақтанышпен айтамыз. Төлегенова Бағдат Әбдірәсілқызы акушер – гинеколог. Ана мен бала өміріне жауапты гинеколог мамандығының тіпті қиындығы көп. Өйткені олар екі бірдей адамның өміріне жауапты, Ана мен бала өмірі бәрінен құнды. Осындай құндылықтарымызды молайтып қаншама баланың кіндік шешесі атанған Бағдат ханым аяулы жан! Тастамбекова Марал Қайырбекқызы дәрігер – хирург . Бұл тіптен күрделі, аса қиын сала. Күні – түні операция столында тұрып өмір мен өлім арасындағы науқастың өмірі үшін арпалысудың қандай екенін дәрігерден басқа жаны бөлек пенде түсіне де қоймас. Хирург болу әйел адамдар үшін тіптен ауыр. Соның бәрін абыроймен жеңіп шыққан Марал ханым ержүрек адам! Ал дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындап, науқастарға тікелей ем – дом процедураларын дер кезінде беріп, жағдайын үнемі бақылап отыратын мейірбикелер еңбегі бір төбе. Бұл орайда Беспалинова Гүлнар Ғазизқызын ілтипатпен атаймыз. Ол – менеджер ұйымдастырушы. Мейірбикелер жұмысын үйлестіруші. Білімі мен біліктілігінің арқасында Гүлнар Ғазизқызының үйлестіруіменен қаншама мейірбикелер мамандықтарын жетілдіріп дәрігерлердің сенімді серігіне айналып отыр. Бұл жұмыстың өзара қиындығымен атқарар міндеттерінің көптігі басқа салалардан да салмақты десек қателеспейміз. Гүлнар ханым үйретуден жалықпасын! Махмутов Хамитбек Махмутұлы дәрігер – нейрохирург , профессор.Бұл саланы өзгелермен салыстыра алмайсың. Дәрігер мен ажал бетпе – бет келетін кез осы дер едім.Өйткені ол адамның басына жасалатын операция. Құйқаны тіліп, бас сүйекті ашып, дертті жерді тауып арпалысуды елестетіп көріңізші. Ойланудың өзі қорқынышты емеспе ?! Міне осындай адам сенбес жағдайларды бастан кешіріп, науқасты сауықтырып жіберу деген ерлік пен пара – пар. Қазір зейнеткер жасында болсада қоғамдық жұмыстан қол үзбеген Хамаң Орталық ардагерлер кеңесінің денсаулық сақтау саласы бойынша комиссия мүшесі. Есіл ауданы «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамбльінің белді мүшесі ,өнер сүйер адам! Баян Кенжебайқызы Мұсанова дәрігер – стаматолог . Адамның қаруы тіс десек ол да маңызды органдардың бірі. Тісті емдеудің де өзіндік күрделі сатылары бар. Алуан түрлі құрылғымен , технологияны қолдана отырып емдеудің түрлері көбейді. Оған әрине біліктілік іс тәжірибе керек. Бұл орайда Баян Кенжебайқызы өткен 35 жыл қиындықтар мен қызыққа толы болды. Абыроймен зейнетке шықты. Жасы 70 ті еңсеріп қалсада тың , қунақ . «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барып түрлі үйірмелерге қатысып , белсенді ардагер атанып жүр. Осы бір шағын мақалада біз аты аталған ақ халатты абзал жандардың жүріп өткен , еңбек жолын толықтай баяндауды мақсат етпедік. Ол әрине бір мақаланың көлеміне сыймас еді. Олардың әрқайсысының алған мақтау марапаттары, алғыс хаттарымен лауазым дәрежелері жетіп артылады. Мақсатымыз біздің мақтанышымыз болып жүрген ардагер дәрігерлерді кәсіби мерекесі – денсаулық сақтау қызметкерлері күнімен құттықтап жүрек жарды лебіз білдіру. Алғыс айту! Ардақты да құрметті ақ халатты абзал жандар мерекелеріңіз құтты болсын! Ұзақ жылдық еңбектеріңіздің зейнетін көріп , Ата – әже бақытына кенеле беріңіздер. Қазыналы қарт болыңыздар.
ҚАРЛЫҒАШ БАКЕНҚЫЗЫ АРДАГЕР ЖУРНАЛИС