Ел қайраткерлерін ұлықтаған журналист
— Сонау алпысыншы жылдары Қазақ радиосына келіп, қызметке орналасқанымда сондағы аға журналистеріміз ерекше көрінетін, берген кеңестері де ақылға қонымды болатын. Біз сияқты жас мамандар солардай болсақ деп армандайтынбыз. Алғысөзді ағалар үлгісінен бастаған себебім, Қазақ радиосының майталман журналистері біз сияқты жас мамандарды кеудеден итермей, қайта ертең өздерінің орнын басатын, ел сенімі мен таңдаған мамандығыңа кір келтірмей, оны абыроймен алып шығады деп баулыды.
Сондай азаматтың бірі менің бүгінгі әңгімеме арқау болып отырған, сол кезде Қазақ радиосында қызметін бастаған білікті журналист Мейрам Байғазин туралы болмақ.
Адам өз өмірінде ең бастысы мамандық таңдаудан жаңылмау керек. Әрі ол сол мамандығының білгірі болуы қажет. Міне, көпшіліктің көкейінде жүрген осы жауапкершілігі мол журналист деген мамандықты меңгерген Мейрам Жолтайұлы Байғазинмен мен Қазақ радиосында бірге қызметтес болдым.
Алғаш редактор болып Қазақ радиосына ауысқанымда маған қамқор болып, журналистиканың қыр-сырына баулыған ұстазым Мейрам Байғазин деп санаймын.
Астана қалалық ардагерлер Кеңесінен тапсырма алысымен Мейрам Жолтайұлымен жолығып, бірер сұрақ қойдым. Журналистика мамандығына қалай келдіңіз дегенімде:
— Журналистика — әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзімділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Дегенмен мен ауыр да болса осы мамандықты таңдадым,- деді Мәкең.
— Мейрам Байғазин Павлодар облысының Май ауданындағы «Жалтыр» совхозында туып өскен. Әкесі Жолтай кезінде «Қызыл еңбек», «Ақжар»
колхоздары мен Киров атындағы совходарын басқарған білікті басшы болды, ал анасы Шәпен өмірден тым ерте кетті, ол кезде Мейрам бар жоғы бес жаста ғана болатын.
-Менің өмір жолым сол кездегі ауыл балалары сияқты Қазақ елінің басынан өткен тарихи және шежірелік мәні зор өзгерістермен тығыз байланысты болды,- деп сабақтады өз әңгімесін Мейрам. –Әрине жолым басқалардан артық деуден аулақпын. Дегенмен, көрген білгенімді, өмірден түйген ой-тұжырымдарымды жазып қалдырмасам, кім біледі, сол өткен өмірге жасалған қиянат сияқты болмас па екен..
Мәкеңнің көңілі босап, осындай сөз айтуының себебі бар. Ол былтыр жазда жүрегіне операция жасатып, бір қатерден аман қалды. Сондықтан қазіргі жағдайына қарап, болашақ жөнінде үлкен жоспар құру Мәкеңнің ойынша, ағаттықтау болар деп ойлана жауап берді.
…50-ші жылдары Павлодар облысында қазақ мектептері жабыла бастады, жаппай орыстану басталды. Тың игерудің лаңы осылайша жалғаса берсе, мұның арты ұлттың рухани азғындануына әкелетінін сезген әкесі Жолтай ұлын шақырып алып, күзден бастап оқуды Алматыда жалғастыру керектігін, республика астанасы Алматыда білім алып, өз қатарластарың сияқты еліңе, ұлтыңа қызмет етуге мол мүмкіндік бар екенін баласына ұқтырды. Сөйтіп, Мейрам Алматыға аттанып, ол үлкен апайы мен жездесінің қолына барады. Ол кезде Алматының өзінде бір ғана 12-ші қазақ мектебі бар еді. Мейрам Байғазин сол мектепте оқуын жалғастырды. Мектеп әкімшілігі оқушыларды атақты адамдармен жиі кездестіріп, олардың тәрбиелік мәні бар әңгімелерін тыңдатып тұруды дәстүрге айналдырды.
Мектепке келіп, оқушылар естерінде мәңгі қалатын естеліктерін айтқандар ішінде Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Шара Жиенқұлова тағы да басқа атақты адамдар болды. Сол кездесулерден ерекше әсер алған болар, Мейрам қазақтың атақты жазушыларының кітаптарын оқып, мол мағлұмат алды. Бала кезінен кітап оқуға әуес болған Мейрам бұл әдетін Кеңес армиясы қатарында жүргенде де тастамады. Көп оқығанның әсері болар, кейін жазуға бейімделе бастады. Әскерде жүргенде қабырға газеттеріне мақала жазып, жауынгерлер өмірінен мағлұматтар беріп,бірте-бірте саяси сабақтарды жүргізуге көшті. Бұл оның сол кездегі жанына жақын мамандық таңдаудағы арманының ең алғашқы сатысы болса керек.
— Сөз арасында нағыз журналист қандай болу керек деп ойлайсың деп мамандығы жайлы тағы да сөз қозғадым.
Байғазин:- Кезінде радиодан саңқылдап тұрған дикторлардың әуезді дауысын естіп, теледидардан хабар жүргізіп тұрған журналистерді көргенде тамсана тыңдайтынмын, әрі қызығатынмын. Олардың сөйлеген мәнері, түр- келбеті, жүріс-тұрысы, тіл байлықтарының шеберлігін көріп таңданатынмын.
Ал енді негізгі сұрағыңызға келсек, нағыз журналист – біріншіден, шыншыл болу керек. Екіншіден, сөзге шебер, ойы ұшқыр, тақырыпты еркін таңдай алатын, төзімділік пен жігерлілікті, еңбекқорлықты көрсете білетін адам ғана нағыз журналист бола алады. Жалпы бұл – қызығы да, қиындығы да мол мамандық.-,- деп ой түйді.
…1986 жыл—есте қаларлық жыл болды. Ақпарат редакциясы Бас редакторының орынбасары болып істеген Мейрам Байғазинді Қазақ КСР Мемлекеттік комитетінің басшылығы Қазақ радиосы бас директорының орынбасарлығына тағайындайды. Соның алдында республикалық радионың басшылығы өзгеріп, оған Үкімет аппаратының құрамында істеген кеңсе қызметкері, қазақшаға шорқақтау Аркадий Исенов деген тағайындалады да, шығармашылық жұмыстағы бар жауапкершілік Мейрам Байғазаинге жүктеледі.
Желтоқсан айының ортасында Қазақ КСР Компартиясының кезекті пленумында ұйымдастыру мәселесі қаралып, Қазақстан Компартиясын ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаевтың орнына бірінші хатшы болып Г.Колбин сайланды. Бұған наразы болған қазақ жастары Республика алаңына жиналып, оның арты Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Бұл көтеріліс Кеңес Одағының сағын сындырған, оның іргесін шайқалтқан ерекше оқиға еді.
Осы тұста «Соңғы хабардан» берілетін жаңалықтар мазмұнын пысықтау үшін Қазақ КСР Компартиясы мен Қазақ радиосы арасында орнатылған байланысқа дәнекер болған Мейрам Байғазиннің ролін ерекше атау керек. Қоғам қайраткерлері мен елдің танымал азаматтары және еңбек ұжымдары атынан ұйымдастырылған Үндеулердің мазмұнымен, Қазақ КСР Орталық партия комитетінің идеология бөліміндегілермен келісу үшін екі ғимарат арасында Мейрам Байғазин талай табан тоздырды.
Мазасыз өткізген сол бір ауыр күндерде қазақ халқы Кеңес Одағы үкіметі мен Компартияның екі жүзді саясатына, басқа ұлттарға ашықтан ашық көрсетіп отырған шовинистік пиғылына анық көз жеткізді. Ал құқық қорғау органдарының сол көтерілісті аяусыз басып-шаншудағы аюандық пен қатыгездігіне Мәкең ҚР Конституциялық сотында баспасөз хатшысы болған жылдары Желтоқсан көтерілісін басудағы жантүршігершілік фактілерге, М.Горбачев жариялаған демократиялық өзгерістер мен қайта құру саясатының түпкі мақсаты халықты алдау екеніне көз жеткізді. Кеңес Одағы үкіметі мен Компартияның демократия мен интернационалдық тәрбие деуінің бәрі бір ғана ұлт – орыстардың жағдайларын күйттеу екенін осы Желтоқсан көтерілісі айқындады. Конституциялық соттың осы көтерілістің себеп – салдарын қараудағы жұмысы туралы Мейрам Байғазин көптеген материалдар жариялады, және сол кездегі құқық қорғау органдарының заң мен адам құқығын қалайша таптағанына көпшілік назарын аударды.
Ал Конституциялық сот әйгілі Желтоқсан көтерілісіне саяси және құқықтық баға берудің орнына, 1995 жылдың басында бұл «бұл сотта қаралмайтын мәселе» деп оның құжаттарын мұрағатқа тапсырды. Республика заңдары мен Конституция талаптарын осылайша аяққа басқан Конституциялық сот өзінің дәрменсіздігіін көрсетті. Оның себебі Конституциялық сот құрамына сайланған үш сот мүшесі — бұрынғы Жоғарғы сот мүшесі болған Л.Башаримова, КазГудың заң факультетінде деканның орынбасары болған С.Ударцев пен сол факультеттің партия ұйымының хатшысы болған В.Малиновскийлер Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын аяусыз жазалауға қатысқандар.
Кейін, Конституциялық соттың ішінен іріткі шығып, сот екі топқа бөлінеді. Сөйтіп, ол мәселені заңды шешу құқығынан айырылды. Осы жайттар жайлы кезінде Мейрам Байғазин республика басылымдарында жан жақты жазды, жиналған фактілер бойынша кітап та басып шығарды.
М.Горбачев билеген жылдары қоғамды демократияландыру мен қайта құруға шақырған бастамасы бүкіл Кеңес Одағында қанат жая бастады. Бұл үрдіс баспасөз органдарына да қатысты болды. Соның себебі болар, 1989 бен 1991 жылдар аралығында бір топ қазақ журналистері Мәскуде өтетін КСРО халық депуттары съезі мен сессияларына барып, Қазақ КСР-ның парламент тілшілері міндетін атқарды. Бұл сенімге Қазақ радиосы атынан барған М.Байғазин де ие болды. Осындай алқалы форумға қатысу ел сенімін ақтап қоймай, сонымен бірге кәсіби мамандықты шыңдау мектебі еді, сонымен бірге қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сан қилы пікірлерін радиотыңдаушыларға жеткізу болатын. Осы тұрғыда Мейрам Байғазин көп қайраткерлермен сұхбаттасты.
Олардың қатарында республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Республикасының сол жылдардағы президенті Асқар Ақаев, сол кездегі белгілі қайраткер Борис Ельцин, академик Андрей Сахаров, Литва елінің премьер –министрі Л.Прускане, елімізге кеңінен танымал қайраткерлер Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, академик Өмірзақ Сұлтанғазин және басқалары болды.
КСРО халық депуттары сессиялары мен КСРО Компартиясының соңғы ХХVIII съезіне қатысқан Мейрам Жолтайұлы сол алқалы жиындардан мол тәжірибе жинады, елімізде сол жылдары болған тарихи оқиғаларға тың көзбен қарап қоймай, көрген білгендерін елге оралғаннан кейін мемлекеттік қызметте жан- жақты пайдалана білді.
Ия, Журналистика саласы көбіне-көп шыншылдықты ұнататындарға арналған. Егер қателесер болсаң, өзіңнен кейінгі ұрпақ сенің дұрыс жолда болмағаныңды түсінеді. Себебі шындық түбінде бір жеңбей қоймайды. Әрі бұл сала адамнан жан-жақтылықты талап етеді.
Байғазин: Негізінде нағыз журналист оқиғаны бұрмаламай, сол болған күйде құрғақ сөзге салынбай айтып, жазу керек. Әр нәрсені дұрыс түсініп, талдау қажет. Ақиқаттан айнымай шындықты көрсету — журналистің басты парызы деп санаймын.
Жалпы журналист жақсыны да, жаманды да таразылай білгені жөн. Ал білімсіз журналист болмашы нәрсені яғни түймедейді түйедей етіп көрсетуге әуес, өзінің таяздығын білдірмеу үшін қоғамда жалған пікір туғызу үшін небір қитұрқы әрекетке дейін барады. Жас журналистер осындай жаман әдеттен аулақ болғандары жөн.
Журналистердің мақсаты — халық пен үкімет арасындағы қарым-қатынасты, сенімділікті сақтап қалу. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесін де, кемшілік тұстарын да дөп басып, осындай жайсыз жайларды болдырмауға, дүрбелең тудырмауға дер кезіне ақыл-кеңес беретін мамандарды тауып алып, екіжақты талқыға салу арқылы түбегейлі бір тұжырым жасау керек.
— Айтайын дегеніңіз журналист бүкіл өмірін, бар шығармашылығын халыққа арнау керек және әрбір журналист өз елінің шын патриоты болумен бірге, еліне ерінбей еңбек етіп, халқына дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруші маман дейсіз ғой.
Байғазин: Ия, журналист халық пен үкімет арасындағы алтын көпір. дәнекер. Таразының басын тең ұстап тұратын тұлға. «Баспасөзі мықты болған ел – нағыз мықты, бай ел» деп жатады ғой. Біздер журналистер Қазақ елін осы биіктен көрсетуіміз керек. Жалпы, қоғамда масс—медианың алар орны ерекше, ендеше біз осы жайды ел мүддесі үщін пайдаланып қалуымыз керек.
— Сіз, құрметті демалысқа шыққаннан кейін зейнетте болсаңызда, қарап отырмай 2005-2010 жылдары Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы ұлттық академиялық кітапханасында консультант болып қызмет істедіңіз. Бұл бұрынғы журналистік қызметіңіздің жалғасы болар деп ойлаймыз, сол жылдары ұлтымыздың бетке ұстар қайраткерлері жайлы мақалалар жазып, жарыққа шығардыңыз.
Соның бірі – Ұлтымыздың мақтанышы, Қазақстан аумағының тұтастығын сақтап қалған мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың бір туар азаматы — Жұмабек Тәшеновтың ерен ерлігі мен оның еңбегі жайлы, қайсар батылдығы туралы жазған мақалаларыңыз, зерттеулеріңіз бен өткізген конференцияларыңыз кезінде жұртшылықтың назарында болып, Сізге алғыстарын да білдірген еді. Осы еңбегіңіз жайлы сыр шертсеңіз?
Байғазин: — Бүгінде елімізде кең талқыға түсіп жатқан басты мәселе- ол Жер мәселесі. Жердің бір ғана иесі бар. Ол қазақ халқы. Атамекеннің осыншама жерін бізге аманаттап кеткен, осы жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап кеткен бабаларымыз. Олай болса, осы жерді сауда сатыққа салуға қақымыз жоқ.
Бүгінгі қоғамда талқыға түсіп жатқан мәселе кезінде қазақ Жерін қалай қорғау керек, кімнен қауіптену керек деген мәселе жүрегінде намысы бар әр қазаққа ой салса, еріксіз Жұмабек Тәшеневтің есімі мен азаматтық ерлігі еске түседі. Алып державаның есерсоқ басшысы Никита Хрущевпен Тәшеневті тайталасқа түсірген қазаққа тән қайсар мінез, бүкіл болмысына сай ұлттық намыс, ата-баба өсиеттеріне беріктігі. Осындай өр мінез ақыры Жұмабек Тәшеневті жеңіске жеткізді, ел намысын таптатпаңдар деп бізге Атамекен жерін аманаттап кетті. Біздің бүгінгі шенеуніктерде Жұмабек Тәшенев сияқты көрсететін батырлық қасиет бар ма? Неге олар қорқақтап, тұмсығын құмға тыққан түйе құс секілді бастарын көтеруге жарамайды.
Айта берсе, Тәшеневтің еліне, халқына жасаған жақсылығы ұшан теңіз. Бүгінгі қазақ жастары үлгі-өнеге алар идеалды іздейді, соған еліктегісі келеді. Бұл түсінікті де. Олай болса, баспасөз органдары мен ішкі саясат бөліміндегілер үшін Жұмабек Тәшенев ерлігі таптырмайтын тақырып. Қазіргі тарихты оқыту үшін жоғары оқу орындары неге «Тәшенев мұрасы» бағдарламасын енгізбеске. Бұл айтқандар ҚР Білім және ғылым министрлігінің құлағына алтын сырға болар деймін.
Ал қылышынан қан тамған жылдары Жұмабек Ташенов бабаларымыз аманат еткен қазақтың қасиетті жерін Ресейге бергізем деген бұрынғы Кеңес Одағының басшысы Н. Хрущевке қарсы шығып, бес облысты /Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар/ қорғап қалды. Ол еліміздің жерін ғана емес, 3,7 миллион халқын Ресейге бергізбей, туған жерінде қалуға мүмкіндік жасады. Бұған қоса Маңғышлақты – Түркменстанға, Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданын Өзбекстанға бермекші болды ғой. Ташеновтың қаһарынан қорыққан Н.С.Хрущев сөйтіп қазақ жерін бөліп алу идеясынан үзілді-кесілді бас тартты.
— Мейрам Байғазин шынында да өзінің азаматтық борышын орындаумен бірге, қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамайтын нағыз ұлтжанды азамат екенін өзінің журналистік қызметінде де, зейнетте жүрсе де таныта білді.
Ұлт мақтанышына айналған Ж.Тәшенев, Е.Әуелбеков және Ө.Жәнібеков сынды мемлекет қайраткерлерінің аруағын ол тірілтіп қоймай, осындай тұлғаларымыздың мұралары мен өсиеттері біздің қоғамымызға өте-мөте қажет екенін, жазған мақалалары арқылы Мейрам Жолтайұлы жанындағы азаматтарды елжандылыққа, ұлттық құндылықтарды ерекше қадірлеуге үндеді. Осы Қазақ халқының тағдыры үшін жанын пида еткен қайсар қайраткеріміз Жұмабек Ташеновтың 100 жылдығын Астанада атап өтер алдында «Жұмабек Ташенов» деген атпен кітапта шығарды. Онда тарихи құнды мақалалар мен естеліктер қамтылды.
Сол кітаптың «Алғы сөзінде» ҚСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Еркеғали Рахмадиев сіздің еңбегіңізді бағалай отырып, былай деп жазыпты: «Мейрам Байғазин Жұмекең аруағын тірілтіп қана қоймай, Ташенов сынды Мемлекет қайраткерінің қазіргі біздің қоғамымызға да керек екенін көрсетті. Жұмакеңнің өзі айтқандай: «Туған ел, туған жерім үшін өмірімді қыюға бармын. Мен елімнің жерін – таққа айырбастамаймын» деген ұлтжанды азаматтың бейнесін аспанға көтермек болған оның мына бастамасы үлгі-өнеге боларлық іс болды»-, деп Мейрам Байғазинге жақсы баға беріпті.
Шынында да, Сіз, Мейрам аға, кезінде халқының мүддесі үшін арпалысқан азаматтарымыздың өмірін зерттеп, олардың қайраткерлігін көрсетуде тер төгіп жүрген қаламгерсіз. Бұл еңбегіңіз ескерусіз қалмаған көрінеді. Оны сізбен бірге Ұлттық академиялық кітапханада бірге істеген дарынды жас ақын Бауыржан Қарағыздың сізге арнап жазған өлеңінен байқадық; Мейрам аға, үмітпенен, сенімменен,
Өтіп бара жатыр ғой Өмір деген.
Өмір деген –күресу –өзіңменен,
Сіз сияқты болады жеңілмеген.
Мейрам аға, гүл аңқып сөзіңізден,
Тек мейірім көреміз көзіңізден.
Әрбір істің оң жолын сізден көрдік,
Сабырлықты үйрендік өзіңізден.
Мейрам аға, жолыңды ойлап көрсін,
Бойыңызға Жаратқан қайрат берсін.
Радиода өлшеусіз еңбегің бар,
Қазақта орны бөлек қайраткерсің!
Мейрам Байғазин журналист ретінде шындықты айтумен қатар, болған жайдың дұрыс- бұрысын тез аңғаратын, әрбір істің мән-жайын талдап, тез қорытынды жасайтын қаламгер екенін баса айтқан жөн. Көтерген мәселесінің шешімін тауып, тығырықтан шығар жолды іздестіріп, өзі қазбалаған мәселені бүге –шүгесіне дейін жеткізген майталман қаламгер. Оның шығармашылық еңбегі де ескерусіз қалмады.
Мәкең — Кеңестер Одағы телевизиясы мен радиосының үздігі,«Еңбектегі ерлігі үшін» және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік медальдерімен марапатталған, КСРО журналистер Одағының лауреаты, КСРО көмір өнеркәсібі Министрлігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің /кезіндегі/ басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың грамотасымен марапатталған.
Бүгінде Мейрам Байғазин Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің белді де белсенді мүшесі. Түрлі басқосулар мен конференцияларда сөйлеген Мейрам Байғазин қандай бір қоғамдық маңызы бар мәселелерге байланысты өз пікірін білдіріп, тың ұсыныстар айтумен көзге түсуде
Астананың он жылдығына орай М.Байғазиннің қалалық ономастика комиссиясына жазған ұсынысы арқылы Елорданың үш көшесі ұлтымыздың мақтанышына айналған алып тұлғалар – Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанға бірінші қазақ басшы болған Жұмабай Шаяхметов, Алаш үкіметінің бетке ұстар қайраткері, Қазақ автономиялы республикасының ең жас халық ағарту комиссары болған Смағұл Сәдуақасов, теңдессіз ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевтар есімдерімен аталды.
Сөз соңында айтарымыз, Мейрам Байғазинді 75 жасқа толуымен құттықтай отырып, ағамызға шығармашылық табыс, отбасыңа бақыт, сарқылмайтын байлық тілейміз.
Ғалия Құсайынқызы Балтабай
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі
Астана қ.