ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТ!
ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТ!
Бүгінде 85- тің қырқасына шығып отырған ел ағасы Тұрсынбай Ахметұлы балалық шағын былай- деп еске алады: жас кезімде, жетім қалып, кішкентай кезімнен бастап, бір үзім нанға зәру болып, талай түндерді, күндерді, аш жалаңаш өткізіп, қиындықты көріп, соғыс кезінде жас баласың-деп қараған ешкім жоқ, анаммен бірге ұжымшар жұмысына ерте араласып, еңбек еттім.
1939 жылы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Мұстафа Шоқай кеңшарында Тұрсынбай Ахметұлы дүниеге келді. Кішкентай кезінен жетімдіктің дәмін татып, бір татым нанға зәру болып, талай түндерді, күндерді аш-жалаңаш өткізіп, қиындықтың зардабын көрдіңіз.
1941-1945 жылдар аралығындағы соғыс, 5-6 жастағы балаларды ерте есейтіп, анасымен бірге құрбы жолдастарымен бірге, кеңшар жұмысына ерте араласып, жаңқиярлық еңбекпен жұмыс істедіңіз.
Тұрсекеңнің осы әңгімесін естіп, сол соғыстың алдында туған балалардың өмірін көз алдыңа елестетесің. Әр өңірдің өз ерекшеліктері бар.... «Бір дәуірдің өсіп жеткен жастары едік»...демекші өлеңде.
Бұл кісімен замандас болғаннан кейін, өмір жолдарымыз ұқсас. Ол кісі балалық шағында күрмек тазалап, тары терсе, Қызылорда өңірінде, Солтүстіктің жастары масақ жинап, картопты арамшөптен тазалаған. Қырманда еңбек ету, малды күту шөп дайындауға қатысу, жүн қырқу т. б. жұмыстар өңірге ортақ шаруа болды. Тұрсекең айтқандай ұжымшарда еңбек етсек жеңісті жақындатуға тырыстық, үй шаруасына аралассақ, күн көрудің шарасы болды. Тұрсынбай замандасым, осылай қиындықта жүрседе, білім алуды ұмытқан жоқ. Мектепті ойдағыдай аяқтаған ауыл баласы үш жылдай шаруашылықта еңбек етіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ауылшаруашылық институының мехфакультетін бітіріп, инженер мамандығын алады. Содан еңбек жолына араласып, кәсіптік техникалық училищеде, жол саласында, газ шаруашылығында, коммуналдық шаруашылықтарда қатардағы инженерден, бас директорлыққа дейін көтеріледі. Осы салаларда абыройлы отыз бес жыл еңбек етеді. Оның көрсеткіші «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстанның Құрметті «ЖКХ қызметкері» белгісі, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» т.б. марапаттары. Одан кейін бес жылдай қала әкімінің кеңесшісі, бірнеше мәрте қалалық, облыстық дәрежедегі депутаттығы.
Тұрсыкең өмірінің елу үш жылын Отанына адал қызмет етуге арнаған. Осылай абыройлы қызмет ету отбасындағы жағдайға алаңдамаудан туады. Оны алаңдатпайтын жанындағы сүйіп қосылған зайыбы.
Сондай адам бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мәрия Жүсіппекқызы. Бұл кісі жұбайының жауапты қызметте екендігін түсініп, ұстаз, сауда қызметін тастап, үй шаруасымен айналысып, балаларын дұрыс тәрбиеленіп, жақсы азамат болуына күш салуы. Соның нәтижесі ұл баласы Ғалымжан әскери қызметкер болса, Ғалиясы «Болашақ» бағдарламасыменен шетелде оқуы, ал Гүлсімі Нархозды бітіріп, банк саласында абыройлы қызмет атқарып жатуы.
Тұрсынбек ақсақал институтта жерлесі, ұзақ жыл жоғары партия- совет қызметінде болған, Сейілбек Шаухамановпен бірге оқыпты. Қызылорда облысын басқарған басшылардың ішінен жақсы лебіз білдірген кісілері Бердібек Сапарбаев халыққа жақын болды десе, Еркін Әуелбековтың іскерлігін, талапшылдығын, тәртіпті ұнататындығын тілге тиек етті.Тұрсекеңнің ұзақ жылғы адал еңбегін ескеріп, облыс басшылары мемлекеттік марапатқа ұсынып, Президентіміздің Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атаныпты. Мінекей, елге істеген еңбегің елеусіз қалмайды- деген осы.
Тұрсынбек Ахметұлы бүгінде өткен ғасырдың аяғынан «Аманат» партиясының, Астана қаласының ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ.Менің кейіпкерім бәйбішесімен тоғыз немереге және бір шөбереге ата-әже болып, ұрпақтарының аман-саулығын, елінің тыныштығын, өркендеуіне қуанып отырған қариялар. Замандасым өзіме не тілесем, Сізге де соны тілеймін. Айтарым Ел Президенті Қ.К Тоқаевтың жаңа, адал, әділ бағдарламасы іске асып, заңымыз үстем болып, тәртіп нығая берсін демекпін.
Ұрпақтарымыз өз салаларында еліміздің қуатты болуына, халқымыздың бай болуына, үлестерін қосуларына Алла Тағала жар болуын тілейміз ! Ең жоғарғы баға, ол Сіздің отбасыңыз!
Өскелең ұрпағыңыздың төрінде, шаңырағыңыздың шаттығында, бақытты күндеріңіз ұзағынан болуына тілектеспіз!
Әрқашан көптің сыйлы ортасында құрмет пен қошеметке бөлене беріңіз!
Ғұмырлы жастың иесі болыңыз !
Еркін Дәуешұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі «Құрмет» орденінің иегері.