Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Есілдің ерен ері

Көзі тірі болса Қайреден Кәрібаев биыл сәуір айында 80-ге толар еді. Есіл өңірінде есімдері бүкіл елге кең танымал адамдар аз емес. Әйтсе де атақ пен құрметке бөленген Қайрекеңнің орны тым бөлек.

Оның ұмытылмас бейнесі Қайрекең пәни дүниеден ұзап кетсе де, өзін көрген, бірге қызмет жасап, дәмдес болған, ұстаздық тәрбиесінен тағлым алған азаматтар жадында мәңгілік сақталуда.

Бар өмірін туған өлкені дамыту үшін сарп еткен Қайреден Кәрібаевтың еңбегі жоғары бағаланып, ол екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, ондаған медальдермен марапатталды. Асыл ағаның жасампаз еңбегі мен өмірі туралы жазылған материалды оқырмандар назарына ұсынамыз.

Есілдің ерен ері

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кәрібаев Қайреденнің есімін Есіл өңірінің аға ұрпағы жақсы білгенімен өсіп келе жатқан жеткіншектер мен жастар жағына қайраткер ағаның аты-жөні беймәлім. Оған бірден бір себеп Қайреден ағаның өзі. Қай жерде қызмет жасаса да, қай ортада болса да Қайрекең мен туралы жазыңдар немесе кейбір шенқұмарлар секілді мені дәріптеңдер деп ешкімге қолқа салып көрген жоқ, ондай ойдан аулақ жүретін. Замандастарының айтуынша, абзал аға өзіне тән бірбеткей мінезбен «ақты ақ, қараны қара» деген әдетінен таймай, үнемі шаруаны ойлаумен, қолға алған істен қалайша нәтиже шығарсам екен, қарапайым адамдардың жағдайын жақсартсам екен деген мақсатпен жүретін іскер жан еді. Ал енді Қайреден ағаның өмірін саралап көрсек, оның балалық шағынан бастап, өсіп жетілгенше өткерген жылдары қиыншылық пен таршылықтың небір азабын молынан көргеніне көз жеткіземіз.

Әкеден ерте айрылған Қайреден мен қарындасы Айшаны анасы Орынбасар жанкештілікпен тіршілік жасап, ешкімнен кем қылмаймын деп еңбек етті. Анасы балаларын еңбек -пен бірге адалдыққа тәрбиелеп, олардың болашақта азамат болып қалыптасуларына зор ықпал жасады. Мектепті үздік бітірген 17 жасар Қайреденнің бойындағы ұстамдылығы мен қайырымдылығын байқаған ұстаздары оны алысқа жібермей, интернаттағы оқушылардың тәрбиешісі мінден атқаруға ақыл берді. Ұстаздар сенімін мінсіз ақтаған Қайреден интернатта оқитын балалардың сүйікті де сенімді тәрбиешісіне айналды. Жетімдіктің ащы дәмін көріп өскен Қайреден бойындағы асыл қасиет –мейірім мен ынтазарлығын соларға арнады, оларды ізгілікке тәрбиеледі.

Қайреден ағамыздың жағымды мінезі мен қамқор да кең қолтық көңіліне орай ел мен жерге бірге қызмет істеген адамдары, қимас дос-жарандары, күнделікті тіршілікте аға—іні болып араласып жүрген бауырлары, өзін қатты құрметтеп, силайтын туған-туыс пен құда- жекжаттары көп қой. Олардың Қайрекең жайлы айтар естеліктері мен әңгімелері аз емес екені сөзсіз. Солардың бірі құдай қосқан құдасы осы өңірдің құрметті азаматы Аманкелді Құсайынұлының айтар әңгімесі жеткілікті:

—Қайреден еңбек жолын туған ауылы Салқынкөлде қарапайым тірбиешіден бастап, аудан мен облыс басшылығына, мемлекет көлемінде саяси қайраткер дәрежесіне дейін көтерілуі ерлікке тең ерекше еңбектің нәтижесі. Жарқын да жайсаң, жасампаз өмірдің ғажайып баспалдақтарынан өткен, марқұм Қайреденнің есімі кең жазира Арқа атырабындағы Ақмола облысына кеңінен тараған қайраткер. Өйткені, ол адал еңбегімен, ерекше адамдық қасиетімен, халыққа жақындығымен, қайсар мінезімен, парасат пайымымен, облыс жұртшылығының ілтипаты мен ықыласына бөленген азамат.

Халқымызда «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деген тәмсіл сөз бар. Қайреден Кәрібайұлының еліне қаншалықты қадірі болғандығын, оның үйдегі, түздегі өмірінің тағлымы мен тәлімінің тереңдігін әсіресе, өзі өмір бойы сүйіп, өмір бойы басын иіп өткен, өмір бойы адал қызметін арнаған туған жердің топырағындағы жастар Қайрекеңнің өмірі мен қызметін зерттегісі келгендер жан жақты ұғынары сөзсіз және абзал ағаның өмір жолын өздеріне үлгі-өнеге ететініне сеніміз мол. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды». Ұлы кемеңгер Жүсіп Баласаұғынның осы бір ұлағатты сөзі Қайрекеңе, өмірден бірнеше жыл бұрын өтсе де Қайреден Кәрібаевқа арнап айтылғандай. Қазақтың қаранар қариялары ұябасар ұландар ат жалын тартып мінгенде оған «тең құрбының алды бол»! деп ақтілек артады екен. Қайрекеңе де осындай бата берілгенде, періште «аумин» деген болу керек. Ол өз теңдестерінің, оның ішінде тай құлындай бірге өскен құрдастарының арасында алғы лекте жүрді, онда да арсалаңдап, аттап – пұттап, өзеуреп алға озған жоқ, құдай жаратқанда болмысына тән биязы мінез-құлқын малданып, алды-артын шолғындап, уақыт талабын пайымдап, ақырын жүріп анық басты.

Жалпы Қайрекеңнің өсу, өркендеу кезіндегі кезеңдерге зер салып қарайтын болсақ, ол тек бір орында тұрмай, үнемі алға ұмтылуда болғанына көз жеткіземіз. «Ел құлағы елу» дегендей, интернат балаларының ұлағатты тәрбиешісі атанған жас Қайреденнің есімі ауыл түгілі бүкіл ауданға жария болды. Шаруашылық және аудан басшылары жас жігіттің талабын сынау үшін оны өзі өсіп есейген ауылы Өндірістің бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындады. Адамдармен жұмыс істеп, олармен тіл табыса білу тәжірибесінің қаншалықты пайдалы болғанын бөлімше еңбеккерлерімен қоян қолтық араласып, шаруашылық мәселелеріне ерекше ден қою дағдысын Қайрекең санасына ертеден қалыптастырды. Оған бірде-бір себеп, бала кезден бастап еңбекке ерте араласуы еді. Сол жылдардағы тұрмыстың жұтаңдығы, күн көрістің қиындығы енді ғана ес біліп келе жатқан жас Қайырденді тым есейтіп жіберді, жауапкершілік жүгін тым ерте сезінді. Әсіресе «Коммунизм жолы» совхозына қарасты Өндіріс бөлімшесін басқару жылдары көзімен көріп, көңіліне түйгендері бөлімшедегі шаруашылық жұмыстарын ұршықша үйіріп әкетуге септігін тигізді. Бөлімшедегі мал және егін шаруашылықтар көрсеткіштері совхоз бойынша алға шықты. Сол кездегі Қайреден Кәрібаевтың еңбек және өмір деректеріне көз жүгіртіп саралайтын болсық, оның біраз сыры айқындала түседі. Қайреден ағаның естеліктеріне сүйенсек, шыңдалу кезеңдерінде айта қаларлықтай ерекшеліктер жоқ көрінеді.

Алғашқы жұмысқа араласып, қиындықтардың сатысынан өткен жылдар ізсіз өтпеген секілді. Интернаттағы тәрбиеші қызметінен Астрахан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып істеген кезеңдер қауырт та қат-қабат жұмыстармен, қиындық кезеңдермен өтті. Осы жылдары қай қызметте болсын ол сол салада үйреншікті үш жыл сайын қызметі өсу мен өркендеу жылдары болды. Сол тұста талай жайсаң мінезді жақсыларды да, кердеңдеген кеудемсоқтарды да көрді. Жетімдік пен тапшылықты бастан өткергендіктен болар, кем-кетік жарымжан жандарға жәрдем жасаудан жалтарған жоқ. Әсіресе ауыл қарияларының еркелетіп те, назданып та айтқан ақыл-кеңестеріне ерекше мән беруді бойына сіңірді. «Қолыңа билік тисе, адамдарға тасыраңдап, тарпаң мінез танытпа, ақылмен қара» деген ескертулерін өмір бойы жадында сақтап өтті.

Қайреден Кәрібаев жас кезінен қара шаруаға араласып, шыңдалып шынығып, жақсы мен жаманды айқын ажырата алатын азаматтар санатынан екенін аңғартты.

Ел басқару ісіне ерте араласып, еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс тіршілігін, жан дүниесін жақын әрі жақсы білетін еді. Өмірдің қатаң сындарынан сүрінбей өткен Қайреден Кәрібаевтың басшылығында болған Өндіріс одан кейін «Образцовый» совхозында партком хатшысы, содан соң «Жарсуат» совхозының директоры болғанда, сол шаруашылықтарды алдыңғы қатардағы шаруашылықтар санатына шығарды. Бұл кезеңдер ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру жолындағы тамаша тәжірибе жинау жылдарына айналды. Осы тұрғыда Қайрекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті ерекше көзге түсті. Ол қандай да болсын қиыншылықтардан жүрексінбеді, қайта ондай сындар Қайрекеңді шынықтыра түсті. Содан да болар, отызға енді ғана толған Қайреденді «Образцовый» совхозы партия ұйымының хатшысы етіп сайлады.

Зейнетке шыққан жылдары жастармен болған бір кездесуде Қайрекең «Өмірде ұдайы менің жолым болып, үнемі алшысынан түсіп жататын. Өйткені мен қажет болған жағдайда үнемі қиын жерлерден табылатын болдым», — деп еске түсіріп отыратын.

— Қайреден Кәрібаев сабырлы, салмақты өте жайсаң жан болған, — деп еске алады өзімен бірге істеген, Қайрекеңнің шапағатын көріп, тәлім—тәрбие алған шәкірттері Қуаныш Алпысбеков, Сансызбай Есилов, Есболат Дүйсенов, құдасы Амангелді Құсайыновтар. Мәдениеттіліктің, ұлағаттықтың, кісіліктің тектіліктің небір тамаша үлгісін көрсетіп өтті. Әрбір іс әрекеті салиқалы, сөзі дуалы, ешкімді жатырқамайтын, алаламайтын нағыз елдің азаматы еді.

Халықпен тіл табысып, партия мен үкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орындауда мол тәжірибе жинақтаған Қайреден Кәрібаевтың өсу, өрлеу жылдары жалғасып жатты. Өндірістен басталған қызмет сатысының өрлеуі жалғасын тапты. «Образцовый» совхозының партком хатшысы, «Жарсуат» совхозының директоры, Астрахан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Макин аудандық атқару комитетінің төрағасы соның дәлелі. Аталған жерлерде Қайрекең өшпес із қалдырды, есімі сол өңірлер тұрғындарының аузынан түспейтін болды. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы да.

Қайрекеңнің кезекті сыннан өткен кезеңі, ол Орталық партия Комитетінің қаулысы бойынша Қазақстандағы қойдың санын 50 миллионға жеткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асырудағы қадамы еді. Сол қаулыға байланысты Қазақстанда бірнеше жаңа аудандар құрылып, оларды басқару қолынан іс келетін қайраткер азаматтарға жүктелді. Целиноград облысында Теңіз ауданы құрылып, оның тізгіні Қ.Кәрібаевқа тапсырылды. Жауапкершілігі зор жұмысты партия кім көрінгенге ұсына бермейтін. Талай сыннан сүрінбей өткен, басшылық жұмыста мол тәжірибе жинақтаған, ел жұртпен табысып, олардың сенімін ақтай алатын, іскерлігімен көзге түскен Қайрекең осы қызметке лайықты деп табылды.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Теңіз ауданының тұрғындары негізінен қазақтар еді. Олардың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік экономикалық дамуы басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда төмен еді. Аудан шаруашылықтарына барып, еңбекшілермен қоян-қолтық араласқан Қайрекең мұның бәріне көз жеткізді. Сол себепті өзінің алдына қойған іс-жоспарларын айқындап алды. Өзінің үйреншікті әдеті бойынша ол шаруашылықтарға келісімен көлік басын басшылар отырған кеңсеге емес, егіншілер мен малшылар ортасына бұратын, олардың қал-жағдайын өз көзімен көріп, үйлеріне кіріп шығатын. Қайрекеңнің назарынан шаруа адамдарының тұрмыс-тіршілігі, үй-жайлардың тазалығы, не ішіп, не қойып отырғандары тыс қалмайтын. Әттеген-ай, дейтін жағдайлар кездесіп жатса, оларды түзеп жолға қоюды шаруашылық басшыларына қатаң тапсыратын. Осындай іскерліктің нәтижесінде, Теңіз ауданы шаруашылықтарының көрсеткіштері жоғарылады, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсті.

Ауылдың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп, мәдениет ошақтарының жұмыстарына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем кетігін бүтіндеп, қадағалап отыруды ешқашан назардан тыс қалдырмайтын.

Қайрекең туралы материалдар жинақтау барысында біраз адамдармен тілдескен едім. Сонда қоғам қайраткері, қазіргі кезде Астана ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есилов мынадай керемет жағдайды еске салды:

— Қайрден Кәрібайұлының бір керемет қасиеті, оның қандай оқиғаларды, қай жерде, қай кезеңде болғанын ұмытпайтыны. Аудан орталығына жақын жатқан «Баршын» совхозына барған бір сапарында сегіз баланың әкесі Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған шопан Алтайбай Мырзасаринмен кездесіп, одан жеңгесі Жамалдың жағдайын, балалардың есімдерін ұмытпай бәрін ат—атымен атап, олардың сабақ үлгерімінің қалай екенін, онжылдықты бітіргенде қандай мамандықты таңдайтындарын, ең соңында қасқыр алғыш төбет иттің атын атап, қыста қанша қасқыр алғанын ұмытпай сұрағанын, Алтайбай ағай өзі дүниеден өткенше немерелеріне ертегідей айтып отыратын.

Шынында да, Қайрекеңнің есте сақтау қабілеті ерекше еді, кімге болсын берген уәде мен сертін ешқашан ұмытпайтын және оны дер кезінде орындауды жақсы әдетке айналдырды.

Теңіз ауданындағы жанкеншті еңбек сегіз жылға созылды. Аудан экономикасы мен шаруашылықтарын аяғынан тік тұрғызып, уақыт талабына сай жаңа міндеттер мен жоспарларды белгілей бастағанда Қайреден Кәрібаевты басқа ауданға жіберетіні белгілі болды. Обкомның бірінші хатшысы Н.Е. Морозовтың кабинетіндегі әңгіме барысында Алматыдан ҚСР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев телефон соғып: «Қайреден, мен сені көптен бері білемін. Атбасар ауданын басқаруға сенің білімің де, тәжірибең де жетеді. Қандай бір түйінді мәселені шеше аласың, ең бастысы адамдармен тіл табыса аласың, — деп ақжолтай тіледі.

Атбасар республикадағы ең ірі аудандардың бірі. Тек қана егістік көлемі үшжүз мың гектардан асады. Мұнда теміржол қатынасы мен өнеркәсіп жақсы жолға қойылған, кең көлемде құрылысы дами бастады. Мұндай ауданға басшылық жасау әрі құрметті, әрі жауапкершілігі зор болатын. Қайрекең үшін бұл тағайындау емтиханды қайта тапсырумен бірдей еді.

Кезекті сынақтан Қайрекең абыроймен өтті. Облыстың ең астықты ауданы атағына кір келтірмей, оны жаңа деңгейге көтерді, мал шаруашылығы көрсеткіштерін төмендетпей, оны одан әрі дамыта түсті. Бұл арада Теңіз ауданында жинақтаған тәжірибе өз нәтижесін берді де.

Мысалы, ауданның оңтүстігінде қатар орналасқан «Атбасар», «Мариновский», «Сочинский», «Красный маяк», «Южный», Тельман атындағы совхоздардың көрсеткіштері жылдан жылға төмендеп, құлдырау үстінде болатын. Мал шаруашылықтары дағдарыстан шыға алмай, егін шаруашылықтары өнімі төменгі деңгейден көтерілмеді. Соған сай әлеуметтік сала әлсіреп, оны қолына алатын басшыға зәрулік туды.

Жаңадан келген бірінші басшы бұл жайды көріп, көңілі құлазымады, қайта өзіне тән жігермен бұл шаруашылықтарды көтеруді, соған орай тиісті шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Төрт жылдың ішінде аталған шаруашылықтар қалпына келтіріліп қоймай, өздерінің бұрынғы қол жеткен көрсеткіштерінен әлдеқайда асатын жетістіктерге қол жеткізді. Әлеуметтік мәселелер өз шешімін тауып, мектептер мен дәрігерлік пункттер және балалар бақшалары салынды.

Қандай бір шешімді жүзеге асыратын білікті кадрлар екені ежелден белгілі. Іскер басшы мұндайда өзінің ізбасарларына, білімді мамандарға иек артады. Оларды өз орнына орналастыра білу, адамдарды тани білетін, олардың мүмкіндіктерін жете білетін басшыға байланысты. Сондай қасиеттің арқасында Қайрекең жаңалыққа жаны құмар Виктор Кремерді «Новая жизнь» шаруашылығын алға шығаруға, қарапайым мал дәрігері Гаджиболла Гусейновтың қайсар жігерін «Мариновский» совхозын озат шаруашылыққа айналдыруына, қатардағы қызметкер Александр Шнайдерді ірі ауылшаруашылығы бірлестігінің даңқын арттыруға жол ашты. Қандай бір күрделі тапсырмапларды олар ынта-ықыласымен атқара білді. Осындай еңбекқор жас мамандарға Қайрекеңнің шарапаты аз тиген жоқ. Қолынан келгенше оларға ақыл-кеңестерін айтып, іске баулыды. Атбасар ауданындағы қыруар шаруаны тындырған Қайырден Кәрібаевты даңғыл жол, ауқымды іс, қызметтің кезекті өсуі күтіп тұрды. Сөйтіп, Қайрекең сол кездегі Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Қызмет сатысы көтерілгенмен, ол өзінің жастық шағы өткен Өндірісті бір сәт естен шығарған емес.

1996 жылы тәуелсіз елдің аймақтық басқару органдары құрылып, Кеңес үкіметі кезіндегі басқару органдарының құзыры жойылды. Соған байланысты зейнетке шығуына байланысты Қайрекең облыстық атқару комитеті төрағасы қызметінен босады. Әрбір облыстарда қандай жағдайлар болып отырғанын жіті қдағалайтын Қазақстар Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қайрекеңді зейнетке шығуымен құттықтап, оған жеке зейнетақы тағайындады.

Басында Қайрекең біраз уақыт бос жүрді. Үнемі қозғалыс пен ізденісте болатын Қайрекеңе қаланың қапырық ауасы кеудесін қысқандай әсер етті ме, жоқ, әлде жастық шағы өткен жерді аңсады ма, әлде тағдырдың жазуы солай болды ма, ол Өндіріске баруды ұйғарды. Өндіріске келгенде ол сенгісіз көрініске тап болды. Бұрынғы көрікті ауылдың сиқы жау шапқандай қалыпта еді. Қарызға батқан, пайларынан айырылған ауыл тұрғындарының үрпейіскен түрлерінен ақ, Қайрекең көп жағдайды айтпай түсінді.

Сол жылдары ауылда жекешелендіру үрдісі кең қанат жайған еді. Қайрекең болса, бұл үрдіске төтеп беру амалын іздестірді. Ешқандай бөліс пен жеке кәсіпкерліке бас имей-ақ, ауыл тұрғындарынан өздеріне тиісті пайды өзіне сеніп тапсыруды өтінді және ауылда бір ғана қожайын болатынын ескертті. Ауыл тұрғындары өзіне сенетін болса, әр отбасы жұмыспен қамтылатынын, ешкім шетте бос қалмайтынын баса айтты. Бұған қоса Қайрекең тұрғындарға шарт қойды: кімде кім адал еңбек етсе, алаңсыз өмір сүреді, ал арақ ішіп, ұрлықпен айналысатындарға ешқандай кешірім болмайтығын қатаң ескертті. Осылайша Өндіріс тұрғындарының келісімімен «Қыпшақ» ЖШС құрылды.

Алты жыл өтісімен құлдырап, берекесі кетіп бара жатқан Өндірістің орнына экономикалық-әлеуметтік жағдайы құрт өзгерген шаруашылық, қанаты қатайған, еңсесі көтерілген бірлестік пайда болды.

Қазіргі Өндірістің көшесіндегі асфальт төселген тақтайдай тегіс жол, әр үйдің қасынан жазда жапырағын жайып тұратын мәуелі ағаштар, аулалардағы тазалық, тағы басқа әлеуметтік-мәдени орталықтардың жұмыс істеп жатқандағы көңілге медет тұдырады.

Ия, бүгінде Өндіріс аулының бай қуатты жағдаймен тіршілік кешіп отырғанына сүйсінетініндер көп. Ауылдың көркін келтіріп, тұрғындардың ертеңгі күнге деген ынтасы мен сенімін жана білген Қайреден Кәрібаев ағайдың тұған ауыл тұрғындарының еңсесін көтерген асыл ағаның адал еңбегіне еріксіз бас иесің, жасампаз еңбегіне шексіз сүйсенесің.

Қайрекеңнің бойындағы тағы бір тамаша қасиеттер-жан тазалығы, ар тазалығы, салауаттылық пен жақсы өмірге деген құштарлығы еді. Небір ұсақ-түйек дүниемен санасын уламаған, ойын былғамаған, ар-ниетін таза ұстаған. Қайрекең аға бұл өмірге періште болып келіп, о дүниеге адал, таза қалпында аттанды. Бұл жалған дүниеде жаман атқа қалмай, жақсы өмір сүру бақыты екінің бірінің басына бұйыра бермейді. Қайреден аға сондай бақыттың құшағында өмір сүрген жан еді. Ол кісінің мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, парасат- пайымына қызметтестерінің бәрі қызыға қарайтын. Ардақты азамат елі мен жұртының абыройна бөлене жүріп, жақсы қартайып, ақсақалдықтың ауылына да тамаша бір қалпында аяқ аттаған болатын. Ақсақал деген, ел ағасы деген ардақты атты абыроймен алып жүрген Қайрекеңнің аяқ астынан өмірден өтіп кетуі туған-туыстары, жара-жолдастары мен замандастары үшін орны толмас ауыр қаза болды…

Қас қағым сәтте өте шығатын жалған дүние. Сұм ажал жаны жайсаң, ақжарқын, қарапайым, ардақты әке, сүйікті жар, елін, жерін ерекше сүйген азамат Қайреден Кәрібаевті алып кеткеніне де сегіз жылдың жүзі болып қалыпты.

Өмірден өткен адам туралы мақала жазу оңай дүние емес, өзіңнен үлкен адам туралы жазу тіпті қиын ба деп ойладым. Дегенмен, жақсы адам туралы жазбаса болмас деп алып аға туралы жазуды азаматтық парызым деп санадым.

Осы мақаланы жазу барысында Қайреден ағаның тағылымды тәрбиеші, зиялы азамат, сүйікті жар, сүйкімді әке, немерелерінің аяулы атасы болғанына көз жеткіздім. Дәтке қуат, көңілге медет тұтатынымыз Қайрекеңнің сол ұрпақтары. «Артында ұрпағың қалса-көзің қалады, сөзің қалса — өзің қаласын» — деп бекер айтылмаған. Жұбайы Роза екеуі Серік, Қабиден, Бауыржан, Бейбіт, Сәбит есімді бес ұлмен бірге Зәуре есімді қызын қатарынан қалдырмай тәрбиелеп өсірді. Бойындағы бар нұрын, мейір-шапағатын төгіп, бар ғұмырын соларға арнады. Әттең, Қайрекеңнің сағын сындырып кеткені екі бірдей ұлының жол апатынан қайтыс болғаны…

Әр адам, ұрпағымен мың жасайды дейміз. Қайрекенің сол ұрпақтарының келешегі келісті, алар асуы биік болып, абыройлары асқақтай түссін дейік.

Ия, көзі тірі болса Қайреден аға биыл сексенге толар еді. Жора-жолдастары мен туған-туыстары, өзі тәрбиелеп қанат бітірген жастар думандатып тойлар еді, небір жүректен шыққан лебіздер мен толғаулар төгілер еді…

Ел азаматы деген атаққа кір келтірмей, адал өмір сүрген Қайреден Кәрібаев ағаны есте сақтау, оған лайық құрмет көрсету ұрпақтар парызы болмақ. Осы өңірде ұзақ өмір сүріп, еңбегі сіңген, әсіресе тәуелсіз елдің ордасы Астананы қалыптастырып, бар еңбегі мен ынтасын сарп еткен ағаға Астана көшелерінің біріне Қайреден Кәрібаев атын берсе, қандай келісті болар еді. Қалалық ономастика басқармасындағы мамандар көпшіліктің тілегіне құлақ асар деп сенгіміз келеді. Лайым солай болғай!

Мейрам Байғазин, журналист,

Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі