Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Халқының арманымен бірге өрілген

Жүрегі «халқым» деп соққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев тың күшпен, зор үмітпен 1991 жылы өз қолымен құрып, өзі өмірінің соңғы жылдарына дейін басқарған республикалық ардагерлер ұйымы тәуелсіздіктің алғашқы тәй-тәй қадамындағы еліміздің қиын-қыстау кезеңінде буыны бекіп, қабырғасы қатайды. Небір данагөй, өмірлік тәжірибесі мол, «барды да, жоқты да» бастан кешкен ардагерлеріміз – осы ұйымға арқа сүйеп, одан демеу-қолдау тауып отырды. Әрі-бері абдырап қалған қиын-қыстау заманда осындай салиқалы қоғамдық ұйымға сарабдал басшылық етумен қоса өткір қайраткерлік, ұтымды іскерлік таныта білетін, «халқы оған, ол халқына тіреу бола алатын» тұлғаның қажеттілігі туды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз алысып келген тәуелсіздіктің ақ таңы самалы ескен тарихи оқиға орын алғалы тұрған тұста елді ішкі де, сыртқы да қауіптен алып шығуда, ең басты байлығымыз – ардагерлерге арқа сүйеу заңды еді. «Ынтымақ бар жерде, дау жоқ» дегендей, осылайша бірауыздылықпен Елбасының жүргізіп жатқан саясатын қолдау – тәуелсіз, ал бүгінде төрткүл дүниеге танымал қазақ елінің жаңғыру жолындағы асыл арманына қолжеткізді. Соның, тағы бір тамаша жеңісіндей, бүгін-ертең әлемнің 100-ден астам елі мен ондаған шетел ұйымдары жоғары деңгейдегі халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне қатысу үшін Астанаға жиналғалы жатыр. Аса мәртебелі саяси-экономикалық деңгейдегі шараның жемісін қазақ елі көп ұзамай көретін болады. Ірілі-уақты инвестиция құюға, ғылым мен білімнің озық үлгілерімен әлемдік деңгейде алмасуға, өнер мен спорт жолындағы жаңа жетістіктерге жол ашылмақ.

     Құрылғанына отыз жыл толғалы отырған мерейлі жылда республикалық ардагерлер ұйымының әу бастағы тізгінін ұстаған Мақтай Сағдиев жайлы толғана сөйлеуге толық негіз бар. Осы жылдарда үлкен ұйымға басшылық жасау дана да дара тұлғаның тұлғаның қолында болуы, еңбір ұтымды шешім болды деп мақтанышпен айта аламыз. Олай дейтініміз, ауылдан шыққан қатардағы қызметшіден терең ойлы қайраткерлікке дейін көтерілген Мақтай Сағдиевтің бұл шақта халқының ішінде беделі орасан зор еді.          

     «Теңіз –  өмір буырқанып жатқанда,

Адастырмас ақ желкен ағаларым,

Ақ туымдай желбірер ағаларым, ағаларым», – деп өз заманында көкшелік даңғайыр жазушы Сәкен Жүнісов жыр арнаған мемлекеттік және қоғамдық қайраткер Мақтай Сағдиевтің өткен өмір жолыңа үңілетін болсақ, бар ғұмыры халқының арман-мұңымен бірге өрілген екен.

Онтөрт жасынан ауылдағы еңбекке араласып алпыс алты жыл аттан түспей қызмет еткен Мақтай Рамазанұлы кім деген сұрақ туындауы да мүмкін. Әрине, аға ұрпақ оны жақсы танып-білгенімен мына жаһандану заманындағы жас ұрпақтың назарына сала кеткен артық болмас.

Қазақтың жері қандай кең байтақ болса, оны сақтап қалып, елдің хәл-әхуалын жақсарту жолында айбынды мінез танытып, тартысты кертартпа заманда керіскенмен керісіп, жоғары мінберден ұлт мүддесін қорғап қалған маңдайы жарқыраған асыл жандар да аз болмады. Бұл айтуға ғана оңай. Шовинистік көзқарас ашық та, жасырын да басымдылық танытып, «кіші» ұлттарға өркөкіректікпен үстемшілік жасалып, қит етсе «партия» тарабынан жазаланып жататын арпалысқан заманда, «бас кетсе де тіл кеспек жоқ» деп, қиянатқа қарсы тұру екінің бірінің қолынан келмейтін.

М. Сағдиев өзінің ұзақ жылғы партиялық-кеңестік қызметінде талай ащы шындықпен белдесе білді. Тарихы жоқ елдің табанының бүрі жоқ. Бүгін де, ертең де елдің осындай нар тұлғалары тарих қойнауынан өз орынын алады. Дүние кезек дегендейін, өмір өтіп ұрпақтар алмасуы заңды. Алайда, елдің діңгегі – ата-баба рухы, оның аманатына адал боп қалу олардың басты парызы.

Осы серт Мақтай Рамазанұлының өмірлік ұстанымына айналған іспетті. Ол Солтүстік Қазақстан облысының нұрлы да, шулы Сәмембет, қазіргі Өндіріс ауылында дүниеге келіп, Жалтыр көлінің жарқыраған суын шопылдатып өскен. Өзінің «Табанымда туған жердің ыстығы» атты мақаласында: «Ел аузындағы және басқа қағазға түскен әңгімеге қарағанда менің ата-бабаларым да тегін адамдар болмағанға ұқсайды. Олар заманында мыңдарды айдаған мыңғырған бай, сән-салтанаты асқан бекзада, сөйлесе сөздің шешені, бастаса көптің көсемі, әрі ән-жыр төккен өнерпаз болыпты. Мен, міне, осынау Арқа өңіріне, бүкіл орта жүзге әйгілі Зілғара, Шопандардың әулетіненмін. Зілғара атамыздан қалған өлең-жырлар, шешендік дуалы сөздер қаншама. Халық арасында кеңінен тараған атақты «Жиырма бес» әнін шығарған. Бір кездегі Құнанбай сықылды қарадан шығып хан атанған атамыз Зілғара Көкшетау дуанына бірталай жыл аға сұлтан болып, билік жүргізген. Әкем Рамазан қапсағай келген, денелі, біртоға адам еді. Менің балалық шағым ауыр, ашаршылық, күйзеліс жылдарымен тұспа-тұс келді» деген екен. Әкесі қорықшы-орманшы, ұзақ жылдар ауыл басқармашысы болған. Өзі жаңадан ашқан бір орман алқабы сол кісінің атымен «Рамазан шоғы» («Рамазанова роща») аталып, сол бойы картаға түскен мәңгілік ескерткіш болып қалды.

Иә, ауылдың қайнаған өмір мектебінен өтіп, ата-бабасының өмірлік танымын көріп, данагөйлігін жанына түйіп өскен Мақтай Рамазанұлының өмір ізіне үңіле отырып, өзім де куәсі болмасам да естігенімді қоссам деймін. Алматы Жоғары партия мектебінің соңғы бір түлектері, біздер орталық комитеттің жолдамасымен Торғай облысына 1980 жылдары «десантық топпен» қызметке келдік. Біз келгенде Торғайда тоғыз жылдай қызмет етіп, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығынан Балық шаруашылығы министрі болып ауысып кетіпті. Бірақ, Торғай елі Мақтай Рамазанұлы жайлы тек жақсы естеліктер айтып тамсанып жүрді. Қаншама жас мамандарды алға жетелеп, кешірімді бола білген. Жар жағасында тұрғанды итеріп емес, кері жағасынан тартып бері шығарған. Өзімнің бір әріптесім абайсызда кінәлі боп, содан «құртамыз» деп соңынан май шам алып түседі. Амалсыз осы кісінің алдына жүгініп орнында қалады. Сол қызметкердің кейін елге танымалдығымен қоғамға тигізген пайдасы аз болмады. Өле-өлгенше соны аузынан тастамайтын.

1997-98-ші жылдың қандай қиын болғанын алдыңғы ұрпақ жақсы білеміз. Жоқшылық бір, жұмыссыздық тағы қысқан шақта өзге түгіл қарттарға қарайлайтын уақыт емес-тін. Ең соңғы үміті үзілер шақта олар республикалық ардагерлер ұйымының басшысы Мақтай Сағдиевке жүгіне отырып, барынша қолдау тапты. Көкшетау облысында тұрып жатқан өзі де кезінде ел басқарып, қадірі артқан менің анам да қартайып, біреуге қол созуға мәжбүр боп қалды. Соғыс ардагері әкеміз ерте дүниеден озды да, тұрып жатқан үйі уақыт өте «мүжіле» бастады. Осы мәселемен анамыз ардагерлер ұйымына хат жазып, көмек сұраған. Сонда Алматыда отырған республикалық ардагерлер ұйымының президиумы, туу шалғайда – Уәлиханов ауданының басында жатқан қарияның мұңына құлақ түріп, жергілікті органдармен хабарласып, осы мәселені тез арада шешіп беруін өтінеді. Анамыз қазір жоқ, бірақ қабырғасын қызыл кірпішпен қалап берген қарашаңырақта ұрпағы жаймашуақ күн кешіп жатыр. Әр барған сайын жыр ғып отыратын қарт анамыз өзінің ардагерлер ұйымына, одан қалды тірек болатын елі барына риза көңілмен дүниеден өтті. Мақтай Рамазанұлымен жүзбе-жүз кездеспесек те, параллельдік әлемде қатарласа жүріп жатқандықтан оған қатысты әңгімеге құлағымыз түрік жүретін.

Мақтай Рамазанұлының жүрген жерінің бәрі аңыз. Аңызды өзі жақсы көретін, ал оны одан да жақсы көрген халық қана тудырады ғой. Торғайда, бірде ел аралап жүрген оны бір ауылдың әйелдері жиналып алып қарсы алыпты. Олардан: «Не айтайың деп едіңдер, не өтініш бар» десе, әйелдер: «Еш шәруа да, өтініш те жоқ. «Мақтай Сағдиев» деген кісіні көрейік деп келдік» депті. Аңыз бірақ оның түбінде шындық жатыр. Өкіреңдеп халықпен тік сөйлесіп, иә болмаса қабағыңа қар жауып тұрған болса, оған кім осылай келіп назын жеткізер еді. Осыны бір жерлерде Қостанайдан деп айтады. Ал, мен бұны тек Торғай елінің, текті де рухты Алаш ордасының ерекше жаратылған халқы айта алады деп жүз пайыз түзете аламын. Торғай елі талай дүрбелеңді бастан өткеріп, жақсы мен жаманды айыра алатын, таяз бен тереңді ажырата алатын ел. Торғай елі сөзге тоқтайтын, мәрт жандарды төбесіне хан көтеретін қасиетті мекен.

Тың игеру жылдары тыныш жатқан даламен қоса сана да өзгеріске ұшырады. 70-80-ші жылдары ерлермен қатар техниканы ерттеп мінген қазақ қыздарының қатары көбейді. Бұл елге таңсық, біреу құптап, біреу құптамай жатса да ұлан даланың байлығын игеруге қатысып жатқан механизатор қыз-келіншектер партияның ұйғарымымен жергілікті басшылардың қолдауына ие болды. Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде М. Сағдиевке бүгінгі Уәлиханов ауданынан механизатор әйел шағым түсіреді. Мән-жәйді анықтаған соң ауданның бірінші хатшысына хабарласса, ол «бәрің жасап, қолдап жатырмыз» дейді. Сол кезде «сен қолдап отырған жоқсың, ышқырыңды ұстап отырсың» («ты не поддерживаешь, а штаны поддерживаешь») деп орынына қойыпты. Аспандап меңменси қарайтын өзге ұлттың өкілін бір ауыз сөзбен орынына қойған оған деген ризашылығын бертінге дейін айтып жүрді. Бұл дегеніңіз, адамның титтей шәруасы болса да шешімін тауып, көңілін орнықтырған жағдайда ғана оның жаны тыныш тауып, сенімі нығайып еңбек өнімділігі артатынын жақсы сезінуі. Адамның ішкі түйсігіңе үңіліп, қолдап, қорғап, кері емес алға сүйреуді мақсат етіп, елмен біте қайнасуы еді. Оның алдыңа қорқып емес ағынан ақтарылып, ақыл-кеңес алатынын білгендіктен баратын. Соңғы байламға тоқтайтын. Пана тұтып, қорғанымыз бар деп еңсесі көтеріліп шығатын.

Осылайша қандай биік мансапта жүрмесін – алдыңа келген жанның тілімен сөйлесе алатын қайраткер еді. Өмірді терең түйсінген алғырлығы қарағылды қақ жаратын әділеттілігі мен іскерлігіне, қарпайымдылығына қосылып оның даңқын көтерді.

Іскерлігіне бірер ғана мысал. Торғайдың апталап соғатын бораны шалғайдағы қазақтың қалың қаймағы жайғасқан Амангелді, Жангелдин халқын апатты жағдайда қалдырғанда, Арқалықтан тонналап азық-түлік, малға жем, дәрі-дәрмектер тиелген 200 жүк мәшинесі тізілген автоколоннаны өзі басқарып барғанын Торғай елі ұмытпайды. Олар ішкен-жегенге емес, өздерін адам деп қадірлейтін Отаны бар екеніне мәз. Отан-ана – бұл тұста сол көшті басқарып келген келелі ел басшысы.

Оның ізі атасы кезінде билік жүргізген Көкшетау өңірінде де сайрап жатыр. Тарихтағы орыны да, еңбегі де зор Кенесары хан мен Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылдардың тірлігін жаңғыртты. Елдің бейнесі іспетті Құлагер тұлпарының ескерткішін қалаға кіреберіске орнатты. Абылай хан даңғылының бойынан Оқжетпестің шағын макетін тұрғызды. Бұл оның басшылық қызметіндегі санаулы бөліктері ғана.

Биліктің тізгінін ұстаған кезінде де айбатымен, мысымен ұлттық деңгейдегі мәселені шешуде жанып түсті. Сол бір орталыққа қарайтын кезде жалтақшыл болсаң ұтылатынын сезді. Содан да болар, Қазақстанның дамуына байланысты жоспарлар қаралғанда, жәй айғай емес, дәйекті дәлелмен, өзінің тау мінезіндей салмақты сөзімен батыл ұсыныстар айтып отырған. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай білген ол халқының, елінің ұлы бола білді.

Оның аудандарда өткен еңбек жолына, Торғай, Қостанай, Көкшетау облыстарындағы басшылық қызметінен республика Жоғарғы Кеңесінің төралқасы, Парламент Мәжілісінің депутаты мәртебесіне жеткен мансабын зерделесек, ол оған тек халқын сүйіп, соның жоғын жоқтап, мұңын мұңдай білу кісілігі арқасында жеткен. Оның бойына біткен қадір-қасиет, асыл мінездің де үлкені – жүрген жеріне құт орнатып, «ұйым, береке» бола білуінде.

М. Сағдиевтің ерен еңбегін Отан-анасы да лайықты бағалады. «Ленин», «Октябрь революциясы», «Бірінші Президент», «Парасат» ордендерімен марапатталынды. Өсер ұрпаққа тағылым-тәрбиелік мәні зор «Шындық бар жерде сенім бар», «Биік арман айғағы», «Табанымда туған жердің ыстығы» атты төл туындыларын қалдырды.

Бүгінде қатарында екі миллионға тарта ардагерлері бар республикалық ұйымның басында тұрған жылдары ол бабалар арманы – тәуелсіздікке қол жеткізген елінің тағдырындағы қиын да күрделі істердің басында жүргенін баса атап өттік. Ардагерлер ұйымын үлкен халықтық күшке айналдырып кетті. Қазақстанның барлық елді-мекендерінде бес мыңға тарта жергілікті ұйымы құрылған ардагерлер топтаса жүріп қоғамдық-әлеуметтік істің бәріне араласып, бай тәжірибелерімен бөлісіп, ел өміріндегі айтулы оқиғаларға қатысты өз үндерін қосып отыр.

Сол 1991 – 2010 жылдары республикалық ардагерлер ұйымын басқарғанда да жан-тәнімен қызмет етіп, Елбасы жүргізген саясатты іске асыру жолындағы шараларға белсене араласты. Жоғарыда айтқанымыздай, оның алды қашанда келушілерге толы болған. Жалғыз таянышы осы ұйым болғандықтан ардагерлердің сұрақ-өтініштері мен мұқтаждары да көп болады ғой. Көңілі жадау, көбісі дімкәс қарттардың бабын тауып, жүрегін жібітіп, қамыққан, торыққан жандарға демеу болу үшін кең жүрек керек шығар.


Иә, сол бір елдікке сын шақта ардагерлер ұйымының жұмысы өкілетті органдардың қызметінен әсте кем болмады. Шырпы жақсаң өрт тұтанып кететіндей күрделі кезең еді: зейнетақы мен төлемақылар айлап төленбеді, еңбекақы көп жерде азық-түлік, заттай оның өзінде кешігіп жатты, алыс-беріс – айырбас өрши түсті. Мәселен, Торғай жағында бір қойды бір шөлмекке айырбастап жатты, әйел заты ала қап арқалап далаға шығып кетті. Осындай жағдайда қарттар ұйымы ардагерлердің әл-ауқаты мен тұрмысын басты назарда ұстауға тырысты. Бір қоғамнан жаңа қоғам сатысына ауысып жатқан қайта құру реформасы тұсында еңбекке жарамсыз әлсіз қауымның тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін жиі-жиі әкімдіктер, министрліктердің бірлескен мәжілістерінің күн тәртібіне енгізген.

Аға ұрпақтың әлеуметтік қорғалу мәселесін жиі-жиі Елбасына жазбаша хабарлап отырды. Елбасы мен ардагерлерді тығыз байланыстырды. Осылайша елдің болашағына, Елбасына деген сенімдерін нығайтты. Сонымен қоса, қызмет жылдарына дөп келген жеңістің 50, 55, 65-жылдығын жоғары деңгейде өткізудің жолын жасап кетті. Соғыс жылдарындағы ерліктің құрметіне қойылған екі мыңнан астам ескерткіштің сақталуын қадағалап, көбін қайтадан жөндеуден өткізуге мұрындық болды. Одан соң әлі күнге жалғасын тауып жатқан «Естелік кітабын» шығаруды жалпы республика, облыс-облыстар бойынша қолға алғызды.

Осы ұйымдағы жиырма екі жылдық қызметінде талай тамаша істерді бастап, негізін қалаған. Сөйтіп, аға ұрпақтың жар жағалауында қалмай қайнаған жасампаз істің басында ақылман ретінде көрінуі, әу бастағы М. Сағдиевтің сара жолды нұсқаудағы біліктілігінің жемісі. Ұйысқан үлкен бір қоғамдық күш – ардагерлер ұйымы бүгінде тәуелсіз елдің саясатын қолдаудағы, ел мен жердің тыныштығын баянды етудегі әр елді мекенде өзінің тармағын тереңге жайған бірден-бір республикалық қоғамдық бірлестік.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде, мына бір айтқанына назар аударта кетейік. Одан осы мақаланың өн бойына айтқалы отырған ойға жауап табылады. М. Сағдиев өзінің қолтаңбасының тағы бірі «Биік арман айғағы» атты кітабында: «Бойдағы бар күш-жігерді бүкіл халықтық мақсаттарға арнаппыз, ел мен жердің көсегесін көгертіп, көркейткен үстіне көркейте, өркендеткен үстіне өркендете беруді армандаппыз. «Сол арман асыл емес еді, сол мақсат мәнсіз еді» деп кім айта алады. Өмір белестерінің тобықтай түйінін бейнелеп айтар болсам, оның негізгі мән-мағынасы да ел ырысын, жалпы, халық ырыздығын мәпелеген еңбекке, берекесі мен бірлігі мол саялы да шат тұрмыс орнатуға келіп тоғысады екен» деп жазады.

Ол 1929 жылдың 12 мамырында Қызылжарда, Есіл бойында туып-өсіп, Торғай мен Тобылдатып, Алатаудың асқар шыңына жете білді. Көрнекті қайраткер 83 жасқа қараған шағында 2012 жылдың тамыз айында Алматы қаласында дүниеден өтті.

Алайда, өмірі де, ісі де аңызға айналған Мақтай Сағдиевтің ісі одан әрі жалғасуда. Оның айқын көрінісін бүгінгі кең қанатты республикалық ардагерлер ұйымының жарқын істерінен көреміз.

Майра ШӨКЕН, Қазақстанның құрметті журналисі.

Ардагерлер ұйымының 20-жылдығы құрметіндегі мерекелік жиын.

(20 сәуір 2007 жыл).