«Хат жаздым қалам алып қан майданнан».
Жеңістің 80 жылдығына орай ЕҰУ дегі тұсаукесерге университет ардагерлері қатысты
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 2025 ж мамыр айының алғашқы күндері Еуразия ұлттық университетінде майдандағы қазақ батырларының белгісіз мұрағат хаттарынан жинақталған «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов, жазушы-публицист Сауытбек Абдрахманов,ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманалиев, журналист-жазушы Жанат Елшібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Қазыбек Иса,мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, жазушы, ғалымдар, университет ардагерлері, мен студенттер қатысты.
Жинақта Ұлы Отан соғысының атақты батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Әлия Молдағұлова сияқты белгілі тұлғалармен қатар аты беймәлім, 130 қазақ жауынгерінің майданнан жазған сәлем хаттары, өлең хаттары, әні мен әуені бар лирикалық хаттары топтастырылған. Сонымен қатар кітапта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің майданнан қайтпай қалған туған ағасы Қасым туралы естелігі берілген.
Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов өз сөзінде бұл жинақты Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары дайындағанын ерекше атап өтті.
«Бұл – біздің университет ғалымдарының еңбегі. Кітаптың ерекшелігі сол, майданнан жазылған хаттарды жинақтап, жанұялардан сұрастырып, бұрын еш жерде жарияланбаған хаттарды енгіздік. Бұл еңбек әрі қарай жалғасын табатын болады. Себебі қазір әр үйде сақталған хаттар жеткілікті. Миллиондаған хаттар әлі жарық көрмей жатыр. Соғыстың қасіретін, сұмдығын түсіну үшін мұрағаттағы кітап, құжаттар, естелік, кинофильмдер аздық етеді. Соғыстың шын мәнін бізге сол қан майданда жүріп, өзі сезінген дүниелерді елдегі туғандарына жазған хаттар кеңінен бере алады. Біз соғыстың қатыгез бейнесін түсіндіру арқылы ғана бейбітшіліктің құнын,терең біле аламыз», – деп атап өтті академик Ерлан Сыдықов.
Бұл жинақтағы хаттардың негізгі бөлігі Ұлттық ғылым академиясының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынып, жарыққа шығып отыр. Кітаптың жалпы редакциясын басқарған – академик Ерлан Сыдықов. Хаттарды сұрыптау барысында түрлі өмір талқысы, сөз саптау үлгілері, қаһарлы, ауыр жылдардағы халықтың ой-өресінің жалпы көрінісі кітапта толық орын алған. Жинақтың мақсатының бірі – хабар-ошарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің есімдерін хаттары арқылы тарихта қалдыру. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, бұл кітап жеңіл оқылатын кітаптар қатарынан емес. «Кітапты жайбарақат отырып оқу мүмкін емес, іші толған тағдыр мен тарих. Бұл – үлкен қазына. Қазіргі жастар соғыстың не екенін, қандай соғыс болғанын білу үшін бұл еңбек өте құнды. Кітап жазу – инемен құдық қазғандай жұмыс. Еліміз тыныш болсын! Соғыста құрбан болған аталарымыздың ерліктерін ұмытпайық», – деді спикер.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, филос.ғ.к., профессор Искакова Күлзира