Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Әке жолымен

Ардагер шекарашы, интернационалист-жауынгер

Қалиәскер Жантеміров – 70 жаста

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұсыныс-бағдарламасында мынандай жолдар бар: «Қазақ туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

…Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

…Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».

Елбасымыз айтып өткеніндей, халқының суықта пана, ыстықта сая болған біртуар ұлдары аз емес. Оларды жас ұрпақ біліп өсуі үшін – патриотизмнің алғашқы сабағы осыдан басталауы тиіс.

Осы мазмұндағы қағидатты осыдан жүз жыл бұрын дүниеге келіп, әулетімен 70 жылғы өмірін әскери қызметке арнаған осы өлкенің төл тумасы, көреген ағамыз Қасым Жантеміров те айтып кеткен екен. Оның туған ұлы әскери қызметкер Қалиәскерге арнауы аұқылы ұлт ұрпағына мұра етіп жазған мына әскери антқа пара-пар ұзынсонар өсиеттің түпнұсқасы бүгінде Ерейментау аудандық мұражайында сақтаулы.

Үзіндісін келтіре кетелік. «Әркімнің өмірінде бір қастерлі сөз болады. Отанға сүйіспеншілік көбінесе түлеп ұшқан ұясынан басталады. Мен Петропавлдың тумасымын. Бала жасымнан Есілді, оның сұлу жағасын сүйіп өстім. Туған жеріммен қауышқан әрбір сәтте, көңілімді ыстық леп кернегендей сезінемін, ұлан-байтақ өңір әсемдігінен мол әсер аламын. Уілдеген дала желінің өзі әнге бергісіз.

        Сені сүймеу әсте мүмкін емес, Отаным! Қолыңа қару ұстап, Отанды қорғаудан, бүкіл күш-қуатыңды оны гүлдендіруге арнаудан өзге бақыт жоқ, шығар, сірә!

        Сендер, жастар, Отанымыздың барлық жетістіктерін болашақта қорғаушылар, өздеріңе халық артқан сенімді мақтан етуге және жауапкершілікті сезінуге тиіссіңдер. Әкелеріңнің ерлік даңқын еселей түсулерің керек – бұл менің сендерге әкелік аманатым» десе, одан әрі: «Қымбатты ұлым, Қалиәскер!  Бұл хат тек әкенің балаға ғана емес, сонымен қатар, бүгінгі ұрпаққа – біздің орынымызды басатындарға арналған хат. Мен әскери офицермін, өз өмірімді  Отанымды қорғауға жұмсадым. Тағдыр мені еркелеткен жоқ. Оның ең жарқын жылдарын әскери қызметке бағыштадым.

Менің ата-тегімде маған дейін әскери адам болған емес. Бірақ, қазақтар қашан да жауынгер халық. Туған жерін жат-жұрттық басқыншылардан жан аямай қорғай білді. Мұғалімдік мамандықты тастап, әскери училищеге түстім. Әскери қызмет мені қайда апармады. Түні бірнеше айға созылатын Заполярьеде, Баренцово теңізінің биік жарқабағында, Рыбачье түбегінде болдым.

        Мен Ленинградты ерекше жақсы көремін. Нева жағалауындағы осы қаланы қорғадым. Талай қарулас достарымнан айырылдым. Олардың төккен қанына менің де қаным қосылды. Менің жанымның бір бөлшегі сонда қалды», – деген  хат жолдарынан әскери қызметке шынайы берілген, Отанын жанынан артық көрген қайсарлық мінезі танылып тұр.

Биыл туғанына 100 жыл толған подполковник, Ұлы Отан соғысының майдангері Қасым Жантемірұлы Әділ тегі «Екінші дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен көптеген медальдың иегері. Соғыстан соңғы өмірі де әскери органдар қызметіне бағытталған. Бірнеше рет ауыр жарақат алған мүгедектігіне қарамастан елге оралысымен Көкшетау облысының Чкалов аудандық әскери комиссариатының әскери комиссары, 1954 жылдан 1966 жылға дейін Ақмола облысы Ерейментау ауданының алғашқы әскери комиссары болды.

Соңғы демі таусылғанша қоғамдық өмірге, жастар тәрбиесіне белсене араласып, ұшан-теңіз қызмет еткен одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер Жантеміровтің Ерейментау ауданында тұрған үйіне биыл зайыбы Бопаш Мырзахметқызы екеуіне қоса жәнеде жеке өзіне әскери комиссариаттың ғимаратына ескерткіш тақта қойылды. Алғашқының өзіндік себебі бар. Мамандығы математик, Айыртау ауданындағы Сулыкөл елінің тумасы Бопаш Мырзахметқызы ҚР-ның еңбек сіңірген құрметті мұғалімі. Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбеков, ҰҚК-нің генерал-майоры Қыдырғали Нұрмағамбетов секілді қаншама танымал тұлғалар осы ұстаздан білім алған. Жары Қасыммен сегіз баланы өмірге әкеліп, бәріне жоғары білім берген «Батыр ана». 46 жасында жесір қалған Бопаш Мырзахметқызы олардың аяғынан тік тұруып кетуіне бар жанын салды.

Әкенің әскери жолымен жүріп өткен ұлы Қасым Жантеміров оның қан майдандағы және бейбіт жылдардағы еңбегі жайлы аз жазбаған секілді. Аңғаруымша, тіпті, жіліктеп айтатын болса, том-том кітаптық дүние. Бір айтарымыз, қырық жылғы өмірін әскери қызметке арнаған Қасым Жантемірұлы өмірде бар жағынан өшпестей із қалдырған аяулы ағаларымыздың бірегейі. Ел қайраткерлері М. Сағдиев, Б. Мұқышев, Қ. Алпысбеков, Қ. Балахметов, И. Тимошенко, соғыс ардагерлері К. Әбітов, М. Куликов секілді көзкөргендердің әкесі жайлы айтқаны ұлы Қалиәскердің әлі күнге көкірегінде сақталып, мақтаныш сезімін кернейтін іспетті.

Қасым мен Бопаш Жантеміровтерден өрбіген бүгінде профессор, ғылым кандидаты, әскери қызметкер дәрежесіне көтерілген білікті де білімді ұрпағы тәуелсіз елдің игілігіне қызмет етіп, әке мен Отан-ана аманатына адалдық танытуда.

«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дейді қазақ. Әкесі Қасымның әскери жолын қуып, үмітін ақтаған ұлы ол – елге танымал интернационалист-жауынгер, Қарулы Күштер мен шекара әскерлерінің ардагері, запастағы полковник Қалиәскер Жантеміров болып отыр. Ол 1947 жылдың 29 тамызында бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданында дүниеге келген.

Иә, жастайынан оқтай түзу, алмас қылыштың жүзіндей өткір әскери шенді әкенің тәрбиесін жадына түйіп, осы жолға бар ынта-шынтасымен берілген бала Қалиәскер есейе келе оның жолын қуады. Үйде әкесінің әскери киімін киіп, өз-өзімен сапқа тұрып, ағаштан жасаған ойын баласының мылтығымен көздеп атып, секіріп-жүгіріп тыным таппай жүретін ол ержете келе арман қуып, 1965–1969 жылдары Жоғары шекара командалық училищелердің (Калининград облысы Багратионовск қаласы және Алматыда) курсанты атанды. Әлі есінде бірде әкесі үйге ала келген «ТТ» маркалы пистолетті қолына ұстатып, көздегенде дұрыс дем алып, шынтақты берік ұстап, тура көздеудің әдісін көрсетеді. Әке сабағы әскери іске деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсті. Ол кезде қазақ жастары әскери қызметке әуес емес еді, училищеде Қалиәскерден басқа бір-ақ қазақ болған. 1984 жылы КСРО ҰҚК-нің Жоғары мектебін, одан соң әскери академияны аяқтайды. Содан бергі өмірі өңінде де, түсінде де әскери қызметпен тығыз байланыста. Әулеттің жалпы әскери қызметіне – жетпіс жыл. Аз емес. Егер де әскери қызметтің бар ауыртпалығын ескеретін болсақ. Әсіресе, шекараны көздің қарашығындай қорғайтын айбынды қызметтегі жауынгер мемлекеттік шекара бүтіндігінің күзетінде кірпік қақпайтын әскери қатаң талапты жолға екінің бірі бара бермейді.

Айта кету керек, жарасымды ғұмыр кешкен ата-анасының екеуі де және нағашы әжесі Ақши Нұрсейітқызы әнге де, музыкаға да ерекше ден қойып қана қоймай, сан алуан музыкалық аспаптардың тілін білген, сырбаз да өнерлі жандар екен. Осы қасиеттері балаларына да дариды.

Содан болса керек, байырғы офицер отбасының мүшесі өзі де кадрлық офицер Қалиәскер осы қабілетін әскери қызметте, әсіресе, тәрбие беру ісінде ұтымды қолдана білді. Кейде өкініп те қоятыны бар. Өйткені, скрипканы таңдапты, бұл жалғызілікті аспап, күрделілігі және бар. Әркім қабылдай бермейді. «Пианиноны таңдауым керек еді, халықтық қой», деп күліп қояды. Кейін Қалиәскер өнерімен тәнті етіп, мектеп және оқу орындары мен әскери мекемелер көркемөнерпаздар ұйымының белсенді бір мүшесіне айналды.

        Әскери оқу жылдарының сұсты да, қатаң тәртіпті Прибалтикадағы кезеңін Қалиәскердің өзі аса жылылықпен еске алады. Осындағы нағыз шынайы  әскери мектептің сынағынан өтіп, одан бар алған білімін кейін өмірлік тәжірибесінде толығынан іске асыра білді.  Он бес жылдан астам сыртта – Шығыс Краснознамен әскери округінің  Бахтинск Краснознамен әскери отрядында (Маканчи поселогі) шекарашылар заставасы бастығының саяси істер бойынша орынбасары, офицер, аға офицер, шұғыл бөлім бастығының орынбасары болды.

Әскери міндетпен екі жыл Ауғанстан Республиксында интернационалдық парызын өтеді. Интернационалистік парызын абыроймен атқарған ол «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, ауғандық «2-ші дәрежелі Жұлдыз» орденімен, «Алғыскер ауған халқының атынан» медалімен, одақтық «Жауынгер-интернационалист» мақтау қағазымен марапатталынды.

Ауғанстаннан аман-есен оралған соң бір жыл Владивосток қаласындағы Краснознамен шекарашылар округінің Тынықмұхит шұғыл бөлімінде аға офицер, төрт жылдай Краснознамен шекарашылар округінің Ортаазиялық шұғыл бөлімінің (Ашхабад) аға офицері, бұдан соң бір жарым жылдай Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім шекарашылар отряды бастығының орынбасары, 1993–1999 жылдары Алматыдағы Краснознамен шекарашылар округінің Шығыс шұғыл бөлімінің ақпараттық-талдау қызметінің бастығы болды.

Байқап отырсақ, Қалиәскер негізінен ең жауапты да, жауапкершілігі мол мемлекеттік шекара қызметінде болған. Бұл жолда жүріп шекара бұзушыларды тікелей өзінің араласуымен ұстау әркімнің қанжығасына бұйыра бермеген. Алайда, кәсіби офицердің батыл қимылдауымен 1979 жылдың наурызында Жантеміров басқарған шұғыл топ «Шығанақ» шекара заставасында іргелес мемлекеттен шекараны бұзып өтпекші болған қарулы қаскөйлерді ұстайды. Сол тұстағы білікті іс-әрекеті үшін мемлекеттік марапат – «КСРО мемлекеттік шекарасын күзетудің үздігі» медалін иеленуін өзі де ерекше бағалайды.

Ауғанстанның қанды қырғынынан және шет елде шын мәнінде ең жоғары әскери мектептің тезінен өткен Қалиәскер Жантеміровтың баға жетпес әскери қызметіндегі бай тәжірибесі қазақ елінің тәуелсіздікке енді қол жеткен тұстағы қажеттілігі аса зор болғаны айтпаса да түсінікті. Ол Астана қаласындағы ҚР ҰҚК-нің бас кейін аға инспекторы болды.

Ел іргесіне келген жаумен алғашқы болып айқасатын Отан қорғаушы ол шекарашылар.

Сондықтан болар, шекарашы Қ. Жантеміровтың әскери парызын Ауғанстанда (Джелалабад провинц., Гульхана гарн.) өтеген жылдардағы басты міндеті кеңес әскеріне қарсы жан аяспас шапқыншылыққа апаратын ауғандық дұшмандардың таулы-тасты шекарадағы жолдарын алдын-ала анықтап, түрлі тәсілдермен жауып тастап отыру болды. Ауған-пәкістан учаскесінде осындай бір тапсырманы орындап қайтып келе жатқанда бір ажалдан аман қалғанын әлі күнге ұмытпайды. Күндізгі шәруа түнде дұшманға айналатындар еш аяушылықты білмейтін. Бронотехниканың ашық үстінде бірге келе жатқан қасындағы жолдасы Жантөре Төлегеновтың, «Қалиәсқер, құла!» деген жанайқайы шықты. Артынан түсінді, дұшмандар көзге көрінбейтін жіп сияқты тұзақты керіп тастайды екен. Жантөренің қырағы көзі соны байқап қапты. Әйтпегенде, баудай осып түсер еді.

Ауған соғысы – КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Содан, 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кейбір деректерге сәйкес, совет-ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысқан. Олардың 924-і қаза тауып, 22-сі хабар-ошарсыз кеткен, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.

Сол Ауғанда талай досты жерледік,

Қарлы шыңға күн-түн демей өрледік.

Сұрапылда ерледік те шерледік,

Намыс туын қолдан бірақ бермедік, – деген жолдар еріксіз ойға оралады.

Ауғандағы ұрыс қимылдарындағы ісін ол ерлік емес, парызы деп санайды. Қашанда алғы шептегі шекарашылардың «аршу» қимылына батыл қатысқанның бірі – Қалиәскер Жантеміров сол оттан-судан аман-есен елге оралып, әскери қызметін бейбіт елде жалғастыра білді. Бұл айтуға ғана оңай…

Кейін қызметтік зейнетке шыққанымен ол бірден көзге көрінбейтін майдан – идеологияның үлкен алаңындағы қоғамдық жұмысқа қызу араласып кетті. Ол біліктілігі мен іскерлігі, көргені мен түйгені мол, адамгершілік парасаты жоғары екенін дөп баса білген, Астана қаласы көлеміндегі қоғамдық іске белсене араласуына жол ашқан сол кездегі Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Сергеевич Бутенконы жылы пейілмен еске алады. Байырғы офицер, елгезек те кішіпейіл, адамдармен тез тіл табыса алатын аса кішіпейіл де қарапайым Қ. Жантеміровты ұлттық патриоттық тәрбие беру ісіндегі таптырмас асыл қазына ретінде бағалай отырып, алдымен, ҰҚК-інің Астана қаласы бойынша департаментінің, кейін Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалына ұсынып, Қ. Жантеміров соңғысын 2012 жылға дейін абыроймен атқарып келді.

Сол сенім үдересінен шыға білген ол күні бүгінгі шейін Астана қаласы мен өзі қанатын қияға қаққан, әкесі тұңғыш әскери комиссар қызметін зейнеткерлікке шыққанша атқарған Ерейментау ауданында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде өлшеусіз еңбек етіп, белсенділік танытуда. «Жастармен патриоттық тақырыптағы әңгімені Ақмоладан 29, 310, 387-ші атқыштар және әйгілі 106-ші атты кавалерия дивизиясы жасақталған штабтар жайлы хабардар ететін тақта орнатылған қаладағы ғимараттар мен Көктал селосындағы ескерткіш, 1942-46 жылдары Ақмола госпиталінде қайтыс боп жерленген қалалық зират маңында өткізу жас ұрпақ санасына ерекше әсер қалдырады», дейді қарулы күштер мен шекара әскерлерінің ардагері бізбен әңгімесінде. Б. Момышұлы, И. Панфилов, Ә. Молдағұлова, Р. Қошқарбаевтың ескерткішіне жас ұрпақпен жиі барып, «Біз уақытты сақтап қала алмаймыз, алайда, ерлерді есте сақтап қала аламыз!» – ұранымен ата-бабаның ерлігін уағыздауда Қ. Жантеміров әркез өзі бастап барып, бірге жүреді. Сонымен қоса, республикалық ардагерлер кеңесінің өтінішімен 2010 және 2013 жылдары соғыс ардагерлерін өздері жүріп өткен майдан жолдарын еске түсірткізіп, Мәскеу мен Санкт-Петербургке бастап апарып, батасын алды. Бұл жерлерден өзі де аяулы әкесі Қасым Жантеміровтың ізін тағы бір көріп, мауқын басқандай күй кешеді.

Бейбіт замандағы бейбіт еңбегі еленіп, 2015 жылы «Әскер генералы С. Қ. Нұрмағамбетов» медалімен марапатталынды. Бұдан басқа да сан алуан 25 медаль иегері. Әрине, мұның бәрі Отанына адал қызмет еткен әскери шенді қызметкердің күн-түн қата жүріп төккен терінің жемісі. «Отанын қорғап, оны сүйген перзентіне жұмақтың төрінен орын береді» деген де бар қазақта.

Тағы да, «Табысқа жеткен еркектің соңында қашан да қажырлы әйел болады дейді» ғұламалар. Сол рас та. Өмірде талай куә боп келеміз. Әлемдегі ең сұлу әйел – қазақ әйелі дегенге даусыз келісуге болатын шығар. Бұл сұлулық – тән сұлулығы ғана емес, жан сұлулығы, жүрек тазалығы, көңілдің кіршіксіздігі болса керек. Жар етіп алған сүйіктісінің бар болмысынан осындай сұлулықты байқай алған жігітте арман бар ма?!. Бұл жағынан ағамыз бақытты екенін ақсары жүзінен жарына мейірлене төгілген сүйіспеншілігінен жүрегіміз сезіп тұр.

Осы тұста Қалиәскер ағамыздың өзі де жары Сайра Қайыржанқызы жайлы айтқысы кеп тұрғанын аңғарып, сұрақ қоя бастадым. Бірден ерекше ықыласпен жары жайлы әңгімелей бастады. Бала махаббаттан басталған бақытты отбасы 47 жылдан бері бірге, қиындықты та, қуанышты да теңдей бөлісіп келеді. Бір мектепте оқыған. Өмірден Сайра Қайыржанқызының да өзіндік ойып алған орны бар. Орта мектепті де, Алматы шет тілдер институтын да үздік тәмамдаған ол өзінің болашығының зор екеніне қарамастан, қыр мұрынды, ақсары жүзді, аузын ашса жүрегі көрініп тұрған ақкөңіл, адамгершілігі мол, өнерлі құрбысы Қалиәскермен қол ұстасып өмір өзенімен бірге жүзіп кете барады.

Шекара заставасының бес шақырым жердегі мектебіне аяғы ауыр бола жүріп талай жаяу барған кезі аз болмаған.

Қиыр Шығыс болсын, Орта Азияның сары барқын құмы болсын, тіпті, қан шеңгелді Ауғанстанда болсын Сайра жары Қалиәскердің қасынан табыла білді, қолдай білді. Бірлесе жүріп тұрмыстың небір қиындығын да елемепті. Осылайша жарының әскери өмірінде ел іші де емес, сонау бір шетелдерде оншақты рет көш-қоныс ауыстырады. Ағылшын пәнінің мұғаліміне деген сұраныс жоғары боп, қазақ қызы Сайра Қайыржанқызы Мәскеу, Владивосток, Ашхабад, Алматы қалаларында балалар ғана емес ересектерге де дәріс берді.

Бүгінде ұлдары заңгер Талғат пен экономист Тимурдан бес немере сүйіп, солардың тәрбиесімен айналысып отырған сүйікті әже, сыйлы ене. Қалиәскер ағамыз, «өмірге қайта айналып келсем, қайтадан осы әскери істі, қайтадан осы жарым Сай қолы

раны таңдап алар едім» деуінің астарында терең пәлсәфия жатқандай. Бұл өмірде өз кәсібі мен өмірлік жарын таңдай білген азаматтың тақ та, төр де бағы – осындай болса кәне. Әркімге бұл және де бұйыра бермес, бақыттың бағындағы аққұс қой.

Күніміз әр күн шекара жиегінен көтерілетін аса қастерлі ҚР Шекарашылар қызметінің 25 жылдығымен тұспа-тұс асқаралы жетпіс жасқа толғалы отырған кадрлық офицер, отставкадағы полковник Қалиәскер Қасымұлының әкесінің әскери жолымен өрілген өмір белестері осындай.

Отан сүйгіштік қасиетің ұрыс алаңында емес, ендігі уақытта қоғамдық шараларда танытып жүрген Қалиәскер Жантеміровтің оны алда да жалғастыратын бейбіт заманы өзі үшін де, әкесі аманаттап кеткен байтақ қазақ даласының барша ұрпағы үшін де баянды болғай.

Майра ШӨКЕН.

20.08.17