Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтау!
Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтау
Ардагерлер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы кеңесінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Л.Н.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының қолдауымен халық «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Алаштың үш арысы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың туғанына 130 жыл толуына орай « Дөңгелек үстел» болып өтті. Бұл шараға ғалымдар , ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қорғаныс академиясының тыңдаушылары, жастар қатысты. Ардагерлер ұйымының жақсы бастамасын,Астана қаласының ардагерлер ұйымының Пленум мүшесі, Еуразия ұлттық университетінің ардагерлер кеңесінің төрайымы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор, Күлзира Идрисовна Искакова үйлестіруші ретінде, жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Тақырып «Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтау» , «Ерлікті ұлықтау»деген негізінен батырларға ғана қаратып айтылатын сөз емес. Елім деп еміренген, жерім деп тебіренген, сол үшін жаны мен қанын да аямаған жанкешті жандарға арналса керек. Батырлар жерді қорғаса, жазушылар мен ақындар елді қорғаған.Сондықтан осылай атау бердік, - деп түсініктеме берді Күлзира Идирисовна. Иә, жазушылар мен ақындар қай қоғамда да ерекше орын алған. «Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас бір ұлтты тәрбиелейді» деген тәмсіл дұрыс айтылған – деп бастады алғашқы болып сөз алған Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов. «Ұрпақ сабақтастығы» жобасы аясында өткенді ұмытпау, батырларды, арыстарды ұлықтау, жас ұрпақты патроиттық сезімге, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қалалық ардагерлер кеңесі жүйелі түрде түрлі шаралар өткізіп келеді. Мәселен Халық батырлары Сағадат Нұрмағанбетов, Әлмұқан Сембинов, Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ер есімі – ел есінде» деген атпен бірнеше ғылыми – практикалық конференция, түрлі жиындар болып өтті. Оған қоғамдық ұйымдар мен жастар тарапынан қызығушылық артып, аудитория көкжиегі кеңейе түсті.
Бүгінгі күні жоспарлы түрде өтіп отырған дөңгелек үстел Алаш арыстары, «Үш бәйтерегіміз» Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналуы да ұлттың төлқұжатына арналған арыстарымызға деген парызымызбен қарызымыз болып табылады. Осы маңызды шараны мазмұнды өткізуге атсалысқан Л.И.Гумилев атындағы ұлттық университетінің ғалымдарына, музей басшыларына барлық қатысушыларға алғыс білдіремін, деп сөзін түйіндеді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы. Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, сәкентанушы Марат Оралбайұлы Әбсеметов «Сәкен Сейфуллиннің зерттелмеген қырлары мен беймәлім сырлары» деген тақырыпта өте қызықты баяндама жасады. Марат Оралбайұлы көпшілік мүлде естімеген тың деректер мен дәйектемелер айтып таңдандырды. Сәкеннің шығармашылығы өз алдына, оның мемлекет қайреткерлігі де неше атанға жүк болғандай. Сәкен таласып-тартыса жүріп әліпбиді қолданысқа бекіттіруге қол жеткізген. Ахмет Байтұрсынов екеуінің табанды жеңісі болғандықтан, Ұлт ұстазы Ахметке «Сіздің туған күніңіз 5 қыркүйек болады»- деп құттықтаған екен. Сондай –ақ алғашқы банкнотқа қол қойған да Сәкен, болып самолетпен ұшқан қазақ та, бізде авиация болуы керек деп немістің Юнкер сомолетін алуға да қолжеткізген Сәкен, Орынборда аэроклуб ашқызған да Сәкен екен. Сол аэроклубта Талғат Бегелдинов пен Юрий Гагарин оқыған көрінеді. Міне қызық! Қазақстанның астанасын Ақмешіттен (Қызылорда) көшіруге бастамашы болған да Сәкен екенін естіп білдік. Сәкен болашақты болжай білген. Ақмоланы астана жасауды ертеден армандаған да Сәкен болып шықты. «Ақмоланың ақ нанындай нан жоқ» деп көптеген басқа дай дәлелдер келтіріп айтқан екен. Мұның бәрі жалаң емес, архив деректерінен алынған. Сәкен Сейфулиннің жазушы, ақын, композитор, әнші екенін бәрі білсе де оның қыл қобызбен күй тартатынын біреу білсе біреу білмейді.
Небәрі 44 жыл ғана өмір сүрген Сәкеннің халық үшін атқарған істері мен шығармашылығы ұшан- еңіз болғанмен жер бетінде не ұрпағы , не моласы қалмағаны мәңгілік қасірет, мәңгілік өкініш. XX ғасыр өте күрделі заман болды, Адамның еркіндігі былай тұрсын, ойы да тұсаулы болды. Соған қарамастан Алаш қайраткерлері, ақын жазушылар ғұмыры жеткенше өлмес шығармалар қалдырып кетті. «Бейімбет Майлин – шындық әділдік адамгершілік үшін күрестің символы деген тақырыппен баяндама жасаған Еуразия ұлттық Университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Өмірбай Жолдыбекұлы Бекмағанбетов Бейімбеттің әдебиетке адалдығы бәрінен де ерекшеленетінін, оның әдебиетті сонша сүйетіндігін ешкіммен салыстыра алмайтын дәрежедегі жазушы болғанын тілге жиек етті. Бейімбет жазуға мүлде шаршамайтын, күй талғамайтын, қаламын қолда түсірмейтін еңбекқор да бейнеткер жазушы болғанын айта келіп оның шығармаларына кеңінен толғау жасады. Жазушының шығармаларына арқау болған әлеуметтік теңсіздік, ұлтазаттық көтеріліс, әйел теңдігі секілді тақырыптар күні бүгін көркемдігімен, шынайылығымен ел есінде. «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист», «Жалбыр», «Амангелді» сияқты туындылары әдебитеттің жауһарлары.
Өмірбаян Жолдыбайұлының терең мағыналы баяндамасынан қар жауса сөнбейтін, балталаса да тамырынан ажырамайтын Бейімбеттің берік тұғырын көрдік. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп басын бәйгеге тіккен Ғабекеңнің (Мүсірепов) атақты сөзінің тазалығын сезіндік. Қаламмен емес қанымен жазып қалдырғандай «Дала», «Күйші», «Құлагер» сынды поэмалар неше ғасыр өтсе де ұлттың құндылығы болып қала беретін Ілияс Жансүгіровтың шығармашылығы баға жетпес байлығымыз. Ол алғашқы шығармасын 1928 жылы «Сығанақ» деген атпен шығарған екен. Өндіре жазатын Ілияс шығармаларын бүркеншік атпен жариялап отырған. Мүмкін сондықтан болар оның 42 ге жуық бүркеншік аты болыпты. Көпшілігі «Қаптағай» деген атпен берілген. Оның бүркеншік атымен шыққан шығармаларын зерттеу керек. Олардың ішінде небір інжу- маржандар жатуы мүмкін ғой – деді «Дәуір данасы – Ілияс Жансүгіров» деген тақырыпта баяндама жасаған Еуразия ұлттық университетінің доктаранты Жауынбай Жылқыбайұлы. Ілияс Рыспекұлы – Ілияс танушы, Жансүгіровтың жерлесі, аталас туысы өзінің атасының «Мамания» Мектебінде Ілияс Жансүгіровпен бірге оқығанын айта келіп оның шығармаларына тоқталды. «Құлагер» поэмасы алғашқыда «Ас» деген атаумен шыққан екен. Құлагерді өлтірген Батыраш та, Қотыраш та емес, басқадай саясат пен амалдар болғанын хабардар етті.
«Құлагер» Жансүгіров шығармасының сол қазынаны сахналап керемет шедевр жасаған Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың дарынды жас режиссері Фархад Молдағали айта кетсек артық емес. Ол спектакль көрермендердің ықыласына бөленіп, театрлар байқауында бас жүлдені жеңіп алғаны көпшілікке аян. Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтауға арналған дөңгелек үстелге шақырылған ғалымдар мен ардагерлер, қоғам белсенділері, Ішкі, арихив қызметкерлері, медия топ мүшелері, журналисттер өз ой – пікірлерін ортаға салып қызу талқылады.
Жиынның модераторы Серік Мықтыбекұлы Сейтман, «Арқа» радиосының директоры Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, баяндамашылар мен сөйлеушілердің ұсыныс пікірлерін үйлестіріп сұрақтарға жауап беріп өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарғанын айту парыз. Сәкен Сейфуллинге бір ауданның атын берсе , «Үш бәйтерек» деген символмен Сәкен, Бейімбет, Ілиясқа арналған ескерткіш қойылса (үшеуін бірге) деген ұсыныс көңілден шықты. Осындай тағлымы мол жиындар мен шығармашылық бас қосулар мектептерде, оқу орындарында өткізілсе келешек ұрпақ үшін ғанибет болар еді. Кейінгі толқын жастар, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашып ғибрат алар еді деген ұсыныстар айтылды.
Айтылған ұсыныстар мен пікірлер тиісті орындардың назарына жететініне Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы Жанна Абдуалиқызы сендірді. Халқымыздың «Үш бәйтерегі» Сәкен, Ілияс, Бейімбет қызыл империяның жазықсыз құрбаны болып, қаншама жыл шығармаларын бұғақтап ұстаса да ел жүрегінен өшіре алған жоқ. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе-ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, арыстарымыз уақыт озған сайын, ұрпақ алмасқан сайын биіктеп заңғар шыңға айнала түсуде.
Бұл әрине тәуелсіздігіміздің жемісі. Еліміздің тәуелсіздігі , халқымыздың бостандығы, жарқын болашағы үшін күрескен, жазықсыз құрбан болған Ұлыларымызды әрқашан ұлықтау біздің парызымыз. Рухтары шат болсын есіл ерлердің!
Қазақстан Республикасының журналистер Одағының мүшесі. Астана қаласының ардагерлер кеңесінің Медиатоп мүшесі Құспан Қарлығаш