Маньчжурия майдангері
Жыл сайын адамзат тарихындағы бұрын-соңды болып көрмеген, беті қара обадан бетер қатерлі қан-қасап қырғынды бастаған гитлерлік Германияны тізе бүктірген Ұлы Отан соғысы аяқталған 1945 жылдың 9 мамырын Жеңіс күні ретінде атап өту дәстүрімізден берік орын алып келеді. Бұл сол соғысқа қатысып, көкөрім жас күйлерінде майдан даласында қаза тапқан, «кебін емес, кебенек киіп кетіп еді...» деп елдегі әкелері мен аналары, сүйген жар, сүйікті арулары аман оралуларын бір Жаратқаннан тілеген, бүгінде қатарлары сиреп, әр аумақта «саусақпен санарлықтай» сандары қалған майдангер ата, әкелерімізге деген құрметтің белгісі.
Содан да осындайда: Күндер-ай, күндер өте бер. Жылдар-ай, жылдар жете бер. Қатарың сиреп барады, Әттең-ай, әттең әкелер!? – деп басталатын өзімнің кешегі майдангерлерге арнап жазған өлеңімдегі жыр шумағы еріксіз ойыма оралады. Олай дейтінім бораған оққа кеуделерін төсеп, өлім мен өмір айқасында жеңіске жеткен, туған жердің топырағына қан майданда көрсеткен ерліктерінің айғағындай омырауларын орден, медальдарға толтырып оралған соғыс ардагерлері әлі де ортамызда бар екендігіне шүкіршілік етіп жатқан жайымыз бар. Солардың бірі – ғасырға жетер ғұмыр сүрген жыр сүлейі Жамбыл бабамыздың жасын өкшелей қуғандай көрінетін, 95-тің төріне озып бара жатқан майдангер, ішкі істер қызметінің ардагері Қазес Жолдыбаев.
Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Өндіріс ауылында 1924 жылдың 16 мамырында дүние есігін ашқан, бүгінгі ұрпақ – немере-шөберелерге абыз ата, соғыстан кейінгі туғандарға асыл әке атанған Қазес ақсақалды майдангер ақын Қасым Аманжолов: «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» - деп айтқанындай Ұлы Жеңістің қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер ұйымының ұсынысымен арнайы іздеп барған едім. Сөзге де, тілге де орамды қалпынан әлі тая қоймаған ардагер аға әлі де тың көрінеді. Әттең-айы да жоқ емес: жасының егде тартып қалғанынан болар, қос тізесінен баса алмай, қол арбаға отырып қалған екен. Бірақ өз төсегіне өзі барып, өзі жатып тынығатындай қауқардан әлі де айырыла қоймапты.
-Мен саналы өмірімнің көп жылдарын әскери қызметке арнаған адаммын. Оның басы 1942 жылдың желтоқсан айында Астрахан аудандық әскери комиссариатының шақыртуынан бастау алады. Сонда бүкіл облыс аумағынан ұзын саны 300 адамды Ақмолаға жинап Қиыр Шығыстағы Забайкалье майданына аттандырып жіберді. Біздің барып түскен жеріміз Маньчжурияға жақын шекарадағы станцияға шоғырланған 298-ші атқыштар дивизиясы еді. Яғни біз Қиыр Шығыстан Кеңестер Одағына Жапония тарапынан тұтқиылдан шабуыл жасала қалған жағдайда оған тойтарыс беруге әзір әскери құрама болдық, - дейді майдангер Қазес аға. Осы арада өз тарапымнан Ұлы Отан соғысы қарсаңындағы Жапонияға қатысты тарихи дерек көздерінен алынған мына бір жайларды айта кетсем де артық болмайтын сияқты.
Жапония үкіметін басқаруға жақында ғана сайланған ханзада Каноэ билік тізгінін қолына ұстап тұра алмай, 1939 жылдың 3 қаңтарында тағынан тайдырылып, оның орнын «хаккоиту» принципін қолдаушы («бір үйдің сегіз бұрышы»), - барлық Шығыс елдерін империалистік Жапонияға бағындыруды дәріптеуші әскери топтың итаршысы барон Хирануманың қолына көшті. Бұлар, атап айтқанда, Хиранума, Итагаки, Ионан, Тодзио, Касахара, Ямаваки, Араки, Уэде және т.б. Кеңестер Одағының ата жаулары еді. Милитаристік насихаттарының өзі адамды естен тандырарлықтай. Мәселен, мынаған қараңыз: «Жапон азаматы қаншалықты күнәқар яки сұрқия болғанымен, әскери ту астында император үшін соғысады, оның соғысы – қасиетті соғыс. Ол соғыста «жасасын император» деген ұранмен өлген жауынгер, жақсы не жамандығына қарамастан «құдайға айналады», - делінген.
Осыған дейін Ішкі Монғолияны Жапония мен Маньчжурияға қосып алуды, Чита қаласының оңтүстігінен Кеңестер Одағының шекарасына басып кіріп, Сібір темір жолы магистралінен айырып, Қиыр Шығысты КСРО-ның басқа аймақтарынан бөліп тастап, бұл аймақтарда өз үстемдігін орнатуды көздеген жапондық соғысқұмарлар фашистік Германиямен қиян-кескі шайқас жүргізіп жатқан елдің өздеріне қарсылық көрсетер қауқары бола қоймас деген сенімде еді. Соғыста өлген жауынгерлері «құдайға айналатын» Жапонияның Хиранума бастаған үкіметі Шығыс Азияны түпкілікті бағындыру үшін Кеңестер Одағына соғыс ашып, оны жеңуі, ең құрығанда Байқалға дейін аяғын созып алуы керек-ті. Бірақ Күншығыс беттегі кеңес жауынгерлері олардың қиялға бергісіз армандарын жүзеге асыртпай тастады.
-Қарағым, өзің де білесің, АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына жойқын қару – атом бомбасын тастаған 1945 жылғы тамыздың басындағы қасіретті оқиғадан кейін іле-шала Кеңестер Одағы Жапонияға соғыс жариялап, олардың темірдей құрсанған жеңілмейтін әскери күші саналған Квантун армиясын аз уақыттың ішінде тас-талқан етті. Бір атап айтарлығы сол, жапон жауынгерлері қаншелек қырғынға басы бүтін берілген, оңайшылықпен алдыра қоймайтын нағыз соғысқұмарлардан жасақталғандай еді. Өлген-тірілгеніне қарамай бораған оққа қарсы ұмтылатын, жарылғыш заттарымен танк астына түсуден тайсалмайтын, әлдеқалай қолға түсіп қалу қаупі туа қалса қарындарын осып жіберіп өле салуға дайын тұратын тұрпаттарымен ерекшеленетін. Өздерінің алдында қандай жаумен шайқасқалы тұрғанын жадынан шығармаған кеңес жауынгерлері олардың арынын да, аптығын да баса алды. Біздің әскери қолбасшыларымыз тарапынан бұл соғысты жүргізудің көптеген стратегиялық әдіс-тәсілдері жан-жақты ойластырылғандықтан, жау жағы қыркүйек айында таза жеңіліске ұшырағандығын мойындауға мәжбүр болды. Ал мен сол 1945 жылдың 3 қазанында Қиыр Шығыстағы Жапон мелитаристеріне қарсы соғысты аяқтадым. Бұл менің майдандық жолым, - дейді ардагер аға.
Бірақ майдангер жолы сол жеңісті сәтпен аяқтала қалған жоқ. Ол құрылыс батальоны құрамында Татарстанға жол тартты. Осы жақта асфальтты жол салу жұмысымен айналысты. Құрылыс кәсіпорнының шаруашылық меңгерушісі, өндірістік іс қағаздарын жүргізуші сияқты бірталай қызметтерде жүріп, өмір көрді, еңбек етудің тәжірибелеріне төселді. Сүйікті жары татар қызы Әсиямен бас құрап, өрімдей он сегіз жасында майдан төрінен табылған ол тек 1950 жылдың мамыр айында туған топырағы Ақмолаға ат басын тіреді.
-Әсиямен мені тағдырдың жолы табыстырды. Біз ұлттық шыққан тегімізді әсте ойға алған емеспіз. 1930 жылы туған Әсиям Ақмола қаласындағы М.Мәметова атындағы тігін фабрикасында еңбек ете жүріп, шаңырағымның іргесін тіктеді, маған екі ұл, үш қыз сыйлады. Өкініштісі «Сельхозтехника» кәсіпорнында жақсы қызметте жүрген үлкен ұлым Ғалым 37 мүшел жасында, ал Кәрімім 9 жасында қайғылы қазаға ұшырады. Затты татар қызы демесе, ұлтымыздың салт-дәстүрін қазақтың қай әйелінен болсын кем түспестей меңгерген Әсиямды да 2011 жылы жер қойнына табыстадым. Бірақ әлі де жалғызсырар жайым жоқ. Мамандықтары дәрігер Айсұлу мен Күнсұлу атты қос қызым бар. Олардың соңынан ерген көзімнің қарашығындай, бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кітапхана қызметінің білікті маманы болып қызмет істейтін Каримамның орны да бір бөлек. Олай дейтінім, қыздарымның бәрі әкелеп аялап, қамқорлықтарын жасап жатқанымен, Каримамды шаңырағымның алтын қазығы деймін. Немерелерім Нұрлан, Рүстем, Лаура, Лейлам, шөберелерімнің бәрі менің жайқалған бір-бір бұтақтарым мен жапырақтарым. Оны аз десеңіз, тағы да айтайын, мамандығы дәрігер, қазір сексеннің бесеуіне иек артып отырған туған інім Қапезім де бауырымдатып келіп тұрған сайын бір марқайып қаламын. Бақыт деген, міне осы. – Қазес ақсақал осыны айтып, әңгімені осымен доғарсақ қайтеді, арбада көп отыруға бел шіркін шыдас берер емес деген соң, мен де ардагер ағаның өмірінен мол мағлұмат алғандай әсерде болып, ризалық сезімімді білдірдім.
Алайда ағаның майдандық жолынан кейінгі өмірі де күш құрылымымен сабақтасқан. 1950 жылдан 1973 жылы еңбегі сіңген жылдар есебінен зейнеткерлік демалысқа шыққанынша Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасында Ақмола қаласы бойынша қылмысты жедел іздестіру уәкілі болып қызмет атқарған. Бұдан кейін де үйде қол қусырып қарап отырмай 1994 жылға дейін облыстық іргелі базалардың бірінде аға инспектор болып жұмыс істеп, содан бері елге еткен еңбегінің зейнетін көріп отыр.
Полковник шені тағылған ішкі істер органы қызметкері кителінің өңірінде ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» - барлығы 20 медаль жарқырап тұр. Бәрі де кешегі қанды соғыс пен бейбіт күндердегі еңбектерінің айғағы.
Ардагер ағамен қоштасар сәт те жақындады.
-Көз көргендер қашан да жақсы ғой. Ішкі істер органының генералы Өмірзақ Болсамбеков қолы қалт еткенде арнайы келіп, не болмаса телефон арқылы хал сұрасып тұрады. Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары генерал Бекболат Мұқышев інім де аман-саулық білісуден қалмайтын. Жүріп-тұруым қиын мына тізенің әсерінен қайтыс болғанын кештеу естігеніммен барып отбасына көңіл білдіре алмадым. Жаны жәннатта болсын деймін де. Қалалық ардагерлер кенесінің маған істеген ізденуі мен қолдау көрсетуі арқасында осы жуырда қазіргі Нұр-Сұлтан атанған қаламыздың Абылай хан даңғылы бойынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері санатында екі бөлмелі пәтерге қолым жетті.
Тағдырына риза бір жан болса, сол енді мен шығармын, - деген еді Қазес Жолдыбайұлы үстел басынан тұрарда.
Тоқсан бестің төріндегі ақсақалдың бұл сөздері маған нағыз жүрек тебіренткен лебіздей әсер қалдырды. «Бәрекелді!» - деген едім іштей. Басқа не дерсің?! Ардагер ағалар аман болсын!
Аманкелді ЖҰМАБЕК, журналистика ардагері