Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

МЕРЕЙТОЙ!ҰСТАЗ!ҒАЛЫМ! ҚАЙРАТКЕР!

Мерейтой.Ұстаз.Ғалым.Қайраткер.

85 АҒА.jpeg

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері тарих ғылымдарының докторы, профессор академик, Өмірзақ Озғанбай 85 жаста. ... Өзің баспасөз саласында қызметте жүргеннен кейін түрлі дәрежедегі басылымдарды қадағалап оқуды әдетке айналдыратының белгілі. Мен де осындай жандардың қатарындамын.Бірде Өмірзақ аға Озғанбайдың «Ресейдің Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» кітабы қолыма түсті. Қадағалап оқып шықтым. Бұрын бізге мәлім емес деректер. Ресейдің мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған қазақ зиялыларының үлкен шоғырының есімдері, өмір жолдары. Апыр-ау, мұны біз кезінде мектеп қабырғасы түгіл, жоғары оқу орнында да білгеніміз жоқ.... Ал ,Өмірзақ атамен 2013 жылы жүздесудің сәті түсті. Ол кезде өзім Республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі жанындағы «Әлеуметтік мәселелер жөнінде» қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары деген лауазымды негізгі жұмысыма қосымша атқарушы едім. Осы кезеңде төрағамыз ауысып, ол орынға Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымының басшысы Өмірзақ аға сайланған болатын. Арада едәуір уақыт өтті. Бір күні «Төраға Сізді шақырады»,-деген хабар алдым. Өмекеңді өткен жиында бәрімізге таныстырған. Әрәдік жүздесіп қаламыз.Сәлемдесіп жөн сұрасып жатады. Сұңғақ, бойлы бойын тік ұстайды. Үнемі жымиып жүреді десем, артық айтқандық емес. Бетінен иманы төгіліп тұратын жан.

Құсаинов Ә.К.jpeg

Белгіленген уақытында бардым.Есік қағып бөлмеге ендім. Орынбасары Бекболат Мұқышев екеуі отыр екен.Омекең орнынан тұрып менімен бұрыннан таныс адамдай емен жарқын амандасып, қол алыстық. Бәкеңді әлгінде жолықтырған едім.Бірден шаруасын айта бастады.Алдағы жоспарлы төралқа мәжілісінде талқыланатын мәселелерге байланысты әзірленген материалдардың орыс тіліндегі мәтінін қазақшаға аудару қажет екен. Ертеңінде тапсырманы орындап, құжаттарды апарып бердім. ...Әдетте ұжымға жаңа басшы келгенде, жаңа бір серпін пайда болатыны белгілі. Біз осыны анық байқадық. Бұған дейін Өмірзақ аға Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымын төрт жылға жуық басқарған. Оның алдындағы жауапты қызметтерін еске алсақ негізі 1987 жылы қаланған республикалық ұйымның тізгінін Өмекең қолға алғаннан кейін, жұмысымыз жандана түсті десем- өзім куәгер ретінде артық айтқандық емес. Деректерге көз жүгіртейік. Бірлестік тарихында тұңғыш рет республикалық ардагерлер басылымдары: «Ардагерлер айнасы» газеті мен «Ветеран общество» журналы жарық көре бастады. Орынбасарлары Бекболат Мұқышев, Көпболсын Бекмағанбет, Жауапты хатшы Бейбіт Оспан бар төралқа мүшелерімен, белсенділермен облыс аудандарына, іргелі елді мекендеріне сапарлары қалыпты дәстүрге айналды. Ардагерлер кеңесі төралқасының шалғай аудандар да көшпелі мәжілісін өткізу де алғаш рет қолға алынды.

бастық.jpeg

Өмекеңді Республика жұртшылығы бүкіл саналы ғұмырын қоғам тіршілігіне белсене араласып, талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің рухани, мәдени өміріне, ғылым білім, тарих саласына бір адамдай үлес қосып келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таниды. Осы орайда ардагер ағамыздың өмір деректеріне назар аудара кетуді парызымыз деп санадық. Дәлірек айтсақ, Өмірзақ Озғанбайұлы 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына 13 күн қалғанда маусым айының 9- күні Маңғыстау өңіріндегі Құрық кентінде өмірге келген. Әкесі «Өмірі ұзақ болсын» деген ниетпен есімін Өмірзақ қойып, ұлының маңдайынан бір иіскеп, Каспийдің төсінде толқынға тербелген кемеге өзі қатарлы жігіттермен бірге қан майданға жол тартады. Аяулы жары Ақажан Баутин портының басында ботадай боздап қала берді. Сол сапардан көзден ғайып болып, майдан даласынан оралмады. Анасы Ақажан отағасының мұрагері артында қалған тұяғы ұлы 7- жасқа толғанда Форт Шевченкодағы мектепке оқуға береді. Кейін Саура жеріндегі мектепке ауыстырып, онда да тұрақтай алмай, Қарақалпақстанмен шекаралас Сенек елді мекеніндегі білім ордасына беріп, ақыры жетіжылдықты Түркменстанның Қарабұғаз көлі іргесіндегі Бекдашы- Алтыншы кентінде бітіруіне барын салады. Жалғыз ұлының білікті білім алуын мақсат тұтқан анасы, оқуын әрі қарай жалғастыру үшін, оны Красноводскідегі (Шағдам) қаласындағы орта мектеп интернатының 8-сыныбына әкеліп табыстайды. Өзінің отбасының қазіргі түркімен жеріне қалай барып жүргенін Өмірзақ аға былай деп еске алады. «Жиырмасыншы жылдардағы аштық Адайларды атақонысынан көшуге мәжбүр еткені мәлім. Осынау қысастыққа қарсы тұрған қайсар халық өкілдерін «Кеңес үкіметіне қарсы көтерілген әрекет», –деп бағалап мұздай қаруланған әскер қатаң жазалағаны белгілі. Содан адайлардың қалың ауылдары қазіргі Түркменстанның жерінен бірақ шыққан ғой. Алдымен бұл жерге 1927 жылдан бастап күнкөрістің қамымен біраз ағайын қоныс аударған болса,1931 жылы Адай көтерілісінен кейін, олар мұнда тіпті көбейіп кетеді. Қазақтардың басым көпшілігі сол кезде кен табылып, жұмыс орны ашылған Красноводскіге көптеп қоныс аудара бастаған еді»... Шәкірттің алған бетінен қайтпайтын өжеттігі, алғырлығы, зергектігі,еңбекқорлығы осы өңірдегі озық білім ордасы санатындағы мектеп ұстаздарын ерекше тәнті етті. Түбіт мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан бозбала Өмірзақ мектепті кілең бестік бағамен тәмамдайды. Өзімен қанаттас жолдастары Түркіменстанның университеті, Ташауыз, Шаржау педагогикалық институттарына құжаттарын тапсырып жатқанда, қолында үздік аттестаты бар Өмірзақтың жолын қу жетімдік аяғын байлайды. Амалсыздан Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, анасына салмақ түсірмейін деп, мектепке қызметке кіріп аға пионер жетекшісі болып, еңбек жолының алғашқы парақтарын бастайды. Жас маман қызметіне бар ынта жігерімен кіріседі. Өз міндетіне қатысты әдебиеттерді,газет-журнал беттеріндегі материалдарды үзбей оқып білімін толықтыра түседі. Әсіресе, өзі сияқты жетім балалардың өмірін зерттеп ұлттық мектептегі қазақы тәлім-тәрбиенің жас ұрпақтың өсіп жетілуіне, білім нәрінен сусындауына мейлінше ықпал ететінін өз көзімен көріп, сезініп жүрді. Сәл ілгері кетіп айтар болсақ, Өмірзақ ағамыздың шәкірт психологиясын зерттеп, ғылыми еңбектер жазамын деген мақсаты осындай әсерлерден туғаны екені анық. Шынында да, Өмірзақ ағамыз Қызылорда педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмәмдап, педагогика саласындағы лауазымды қызметтерде жүргенде «Дәуір белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», орыс тілінде «Основы психологических знаний», «Воспитание школьников и общественность» және басқа еңбектер жазып, осы саланың мамандарының қолданыс құралдарына айналғандығынан да хабардармыз.Нәтижесінде Өмірзақ атамыз 1982 жылы Мәскеуде педагогика ғылымдары бойынша, кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады. Ендігі айтарымыз, Өмірзақ ағамыздың келесі мамандығының бір парасы –тарихшы. Олай дейтініміз, ағамыздың бұл саладағы қай еңбегі болсын, күрделі зерттеудің күрмеуін бұзып, байыпты барлау жасалып, зертделі зерттеудің нәтижесін алға тартады. Оған дәлел осы жазбалардың басында аталып өткен «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1917ж) атты көлемді еңбегі және осы тақырыпта докторлық диссертация қорғауы. Автор бұл еңбегінде жиырмасыншы ғасырдың бас кезеңіндегі Ресейдегі әлеуметтік ахуал мен қазақ даласындағы ел жағдайы,туған халқы үшін небір қиындықтарды бастарынан кешіріп жүрген күрделі мәселелелерді көтере білген, тұлғалардың өнегелі істері жайлы нақты деректерді пайдалана отырып, мол мағлұматты алға тартады. «Өте құпия» деген санаттағы деректерді жұртшылыққа жария етеді. Оқырман қауым Ресей Думасының I-II шақырылымын қазақ даласынан сайланған 12 қазақ депутаты туралы бұрын еш жерде жарияланбаған деректермен танысады. Олардың қатарында Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, Б.Қаратаев, М.ынышбаев,С.Жантөрин, Ш.Қосшығұловтың және басқаларының есімдері аталады. Осы орайда, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы драматург Жабал Ерғалиевтің ардагер ағамыздың Ш.Қосшығұлов жайлы жазылған «Рух күрескері» кітабы шыққан кездегі мына бір жазбаларын келтіре кетуді жөн көрдік. «Астана мен Көкшетау аралығындағы тас жол бойындағы шағын ғана «Қоғам» деген ауыл бар. Сол ауылдың тұрғындары Өмірзақ Озғанбаевты өз елінің ұлы деп санайтындары және бар. Ресей Думасына тұңғыш депутат болған қазақтардың бірі Шәймерден Қосшығұлов- осы өңірдің тумасы, біраз ұрпақ –жұрағаттары осында тұрады. Сенатор Озғанбаевтың «Рух күрестері» деген кітабы баспадан шыққан сәтте, сол хабарды естіген ауыл дүрлігіп кеткен еді. Өйткені, бұл кітап Қосшығұлов жайлы жазылған тұңғыш зерттеу еңбек еді. Сол кітабын Астанадан арқалай жетіп, ауыл тұрғындарына түгелдей таратып берді.- Айналайындар,оқыңдар, біліңдер! Біздің бабаларымыз осал болмаған.Енді мына мектеп пен ауылға Шәймерден Қосшығұловтың есімін берейік, деген- ді сенатор Озғанбаев, -Жә!дескен ауыл адамдары Бұл ұсыныс далада қалмайды –дескен әкімдер. Солай болды да, ... Журналистік салада қырық жылдан астам қызмет еткен өз басым Озғанбай ағамен бір ұжымда ширек ғасырға жуық қоғамдық негізде болса да, еңбек еткенімді мақтан тұтам. Осы кезеңде ардагер ағаның шығармашылығына өте қызығушылықпен, мақтанышпен қарап келемін. Ағаны білікті ғалым, қарымды қаламгер ретінде танимын, бағалаймын. Өмекең ағамыз қазақ әдебиетінің түрлі жанрдағы келісті көсем сөздерін, аңыз хикаяларын, мақал мәтелдерін, жалыны мол жыр жолдарын бойына молынан сіңірген қаламгер. Ал ғалым, ұстаз санатындағы туындыларында, зерттеулерінде, көкейтесті ойларымен оқырмандар құрметіне бөленген тұлға деп айтар едім. Оған дәлел, ағамыздың шығармашылық қызметінде 50 ден астам кітабы жарық көріп, ғылыми-теориялық халықаралық конференцияларда жиырмадан артық баяндамалары бірнеше рет тыңдалды. 2021 жылы Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Түрлі дәрежелі басымдарда (шетелдердегіні қоспағанда) алпысқа жуық мақалалары жарияланды. Ағамыздың жетекшілігімен 4 кандидаттық дисертация қорғалды. Өмірзақ Озғанбай Қазақстан Республикасының екі палаталы Парламентінің тұңғыш сенаторы, Аймақтың даму комитетінің төрағасы, Республикамыздағы Парламентаризмнің қалыптасуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері. Он сегіз мемлекетік, он бір шет мемлекеттерінің, сегіз әлеуметтік, 110 халықтық марапаттардың иегері. Тағы бір деректі келтіре кетейік, ғалым ағамыздың осыдан бес жыл бұрын 80-жасқа толған мерейтойына орай Үкімет тарапынан бұл шараны әзірлеу және өткізу жөнінде шаралар қабылданып, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіде, Ұлттық академиялық кітапханасында,Ұлттық мұражайында, Республикамыздың 12 облысында мерейтой иесімен кездесулер ұйымдастырылып, кітап көрмесі, танымдық сағат, Библиофреш, тақырыптық кештер, Ө.Озғанбайдың шығармашылығына арналған қысқа метражды бейне роликтер, тарихи танымдылық сағаттар, басқа да шаралар ұйымдастырылды. Бұл үрдіс бүгін де жалғасуда. Иә, Англия, АҚШ,Франция, Иран, Түркия,Румыния,Тайланд, Пәкістан Жапон елдерінде сапарда болып, түрлі дәрежедегі бас қосуларда Тәуелсіз Қазақстан атынан баяндамалар жасап, еліміздің асқақтатуына үлес қосқан, АҚШ тың Техас штатының,Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, осы өңірдегі Түпқараған, Қарақия аудандарының «Құрметті азаматы», мұсылманның бес парызының бір-үлкен қажылықты абыроймен өткерген, мәуелі бәйтерек, ұлын-ұяға, қызын- қияға қондырып, шөберелерінің қолынан су ішіп, Алты алашқа ұстаздардың ұстазы,көсіле шабатын шешен, Ел тарихының білгірі іздемпаз ғалым,салмақты саясаткер, қарымды қаламгер ретінде танылып отырған ардагер де абыз Өмірзақ Озғанбай ағамыз әрдайым жайдары қалпынан айнымайтын қалпымен, фитнес клубы мен бассейіндердің тұрақты мүшесі ретінде, өмірінің 80, және 5 белесіне сергек көңілмен қадам басып отыр. Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов: «Мен адамдар екі түрлі болады деп ойлаймын, бірі айналасына нұр-сәуле шашып жүреді, ал екіншісі түн-түнек орнатып жүреді»,- деген екен. Қадірменді ардагер ағамызды, тарихшы, қаламгер, көсемсөз бен көркемсөздің хас шебері, Һәм ойшыл Өмірзақ Озғанбайұлын айналасына нұр шашып жүрген асыл ағалар санатынан көремін. Лайымы солай болғай !

ОӨО.jpeg

      Бәдуан ИМАШҰЛЫ Қазақстан журналистері Одағының,
            қалалық ардагерлер медиатобының мүшесі.