Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Өмір белестері

1944-жыл. Тамыз айы. Қостанай облысы. Жетіқара ауданы. Үлкен Қопа ауылы. Ауылдың іргесінен басталатын егіндік алқаптың шеттеріне көз жетпейді. Алтын сары алқапта жүздеген жанның бірқатары орылған бидайды бау-бау етіп байлап, десте-десте етіп жинап жүр. Жасөспірімдер де тыным таппай масақ теруде. Он жастағы ағасы Қайыпжанның жанынан қалмайтын Хайдар да сол балалардың қатарында. Иықтарындағы дорбалары масақтарға толған жасөспірімдер орылған бидайды дестелеп жүрген әжелеріне жинағандарын апарып тапсырады.

Қайыпжан мен Хайдардың келесі бір сәтте әкелген масақтар толы дорбаларын босатып жатқан әжесі Айша:

— Жарқыраған көздеріңнен айналдым, құлындарым. Екі-үш дәні бар масақты да жерде қалдырмапсындар ғой…. — деп қалды. Кірпіктеріне жиналып мөлтілдеп тұрған ащы тамшыларды жаулығының ұшымен сүртті….

— Немелерің де, олардың құрдастары да жігіт болды деген осы, міне. Бұл батырлардың жинаған әрбір уыс дәні фашистерге қарсы оқ болып атылады. Жеңіс күні жақындай түседі. Қарғыс атқыр дұшпандар қазір шегініп бара жатыр….- деді осы егіндік алқаптағы жұмыстарда бас-көз болып жүрген Мырзахан. Мырзахан соғыста болған, ауыр жарақаттанып әскери госпитальда тоғыз ай емделегеннен кейін елге оралған азамат…

Мамыр айында жасы сексенге келген Хайдар Амантайұлымен кездескен кездердегі әңгімелеріміздің әсерінен сөз басында бейнеленген көрініс менің көз алдымда әлсін-әлсін тұрып алатын болды.

Сондай бір сәттерде ет жүрек бір аударылып түседі….

— «Қырықыншы жылдардағы балалар ерте есейді ғой» деп менің замандастарым ауық-ауық айтып қалады. Жөні бар сөз болар,- дейді Хайдар Амантайұлы. — Өміріміздің өзінің белес-белестері болады екен. Ұлы Отан соғысынан бұрын үш-төрт жыл, бес-алты жыл ертелеу туған жасөспірімдер де сол кездегі барша адамдармен бірге үлкен сынақ белесінен, қиындық белесінен өтті ғой. Ал сынақ рухы берік жандарды шыңдай түседі екен.

Хайдар Амантайұлы ауылдағы мектепте жеті жылдық білім алды. Содан кейін Жетіқара ауданының орталығындағы он жылдық мектеп интернатта оқыды.

Мектептерде оқыған жылдарымыз сол кездердегі біздерді тіпті есейте түсті,- деді Хайдекең. –Сол уақыттағы мұғалімдеріміз ерекше жандар еді. Біздерге сабақ берумен қатар бейне туған әке-шешеміз сияқты сағаттар бойы әңгімелесіп ақыл-кеңестерін айтатын.

Әдеттегідей бір күні жатақханаға Мұхаметқали ағай келе қалды. Өзі мектеп директоры. Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан айырылып келген майдангерді жасөспірімдер пір тұтады. Балалар дереу оны қоршап алды. Әңгіме басталып кетті. Тақырыбы әралуан.

— Иә-ә, балалар, әні-міні дегенше аттестат та алып шығасындар. Бірқатарың ауылдағы еңбек жолын бастайсыңдар. Бірқатарың оқуды жағастырып білікті маман боласыңдар,- деген майдангер ұстаз сөзінің келесі бір арнасында оқушыларының қандай мамандықтарды қалайтыны туралы сыр тартты…

— Хайдар, сенің қандай ойың бар? Есеп-қисап, математика саласында бағаларың жақсы…- деді ұстаз сөз ыңғайы келгенде. Хайдар әлі бір шешімге тоқтай алмай жүргенін айтты.

— Иә-ә, балалар, ұмытпай тұрғанда естеріңе салайын. Абай атамыздың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат рахым ойлап қой» деген кемеңгерлік сөздерін жадыларыңызда сақтаңыздар. Сонда алдағы өмір белестерінде өздеріңіз ортасында жүрген жандардан ұялмай, абыройлы болып жүресіңіздер. Сіздердің қазіргі кездеріңіздің өзі өмірдің бір белесі ғой,- деді майдангер ұстаз.

— Мұхаметқали ағаймен болған әңгімелер менің еңбек жолымды қалауға әсер етті,- дейді бүгінде сексен жастағы ардагер Хайдар Амантайұлы.

Орта мектептен соң Хайдар Қостанайдағы бір жылдық есептеушілік- бухгалтерлік мектебінде білім алды. Туған жерінде құрылған «Степной» шаруашылығында қызмет істеді. Жиырма бес мың-отыз мың гектар жерге дәнді дақыл өсіруімен қатар мал өсіруімен де шұғылданған ұжым еңбеккерлері жыл сайын табыстан табысқа жетіп отырды. Хайдар жұмыс істеп жүріп Ақмола қаласындағы ауылшаруашылығы институтында оқыды. Агроном-экономист мамандығына ие болды. Шаруашылықтың есептеуші бухгалтерлер бөлімінде экономикалық жоспарлаушы болып еңбек жолын жалғастырды. Іскер жас маман 1968 жылы аудандық партия комитетіне жұмысқа ауыстырылды. Нұсқаушы, одан кейін бөлім меңгерушісі болды. Осындай еңбек жолы аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметімен жалғасты. Аудандағы он төрт шаруашылықтың әрқайсысында 50 мыңнан астам гектар егіндікте дәнді дақылдар өсіретін еңбеккерлер Қостанай облысындағы озаттар қатарында болды. Өмірдің жауапкершілігі мол белестерінде Хайдар Амантайұлы заман талабына сай еңбек етіп құрметке ие болып жүрді. Еңбек жолының келесі кезеңдерінде сол Жетіқара аудандық еңбек, әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы қызметінде болды…

Бақытты шаңырақ иелері Хайдекең мен жұбайы медицина үздігі Тұрсын апайдың ұлдары Нұрлан, Қанат еңбек етіп жүрген кәсіпорындарының жетекші мамандары. Анасының еңбек жолын тұтынған Айгүл жоғары білімді дәрігер. Балаларынан немерелер мен шөберелер сүйген зейнеткерлер көп жылдардан бері бас қалада тұрып келеді.

Хайдар Амантайұлы еңбекқор болмысына орай қоғамдық жұмыстарға қызу қатысып жүр. Астана қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі.

Еңбек ұжымдарындағы, оқу орындарындарындағы жастармен кездесулер өткізіп әңгімелесіп жүреміз, — дейді ардагер. – Сол бас қосуларда жас түлектерге ақыл-кеңесімізді, тілегімізді айтамыз. Мұратымыз- жастарымыз тәуелсіз еліміздің көркейе түсуіне, нығая түсуіне, қуатты болуына үлестерін қосатын азаматтар болсын дейміз. Қазақстан азаматтары адал, ақ істерімен әлем халықтарының қатарында рухтары биік болып маңдайлары жарқырап жүрсе екен деген мұрат. Жақында болған бір кездесуіміз құрылыс колледжінің ұйымында өтті. Ортамызға ардагерлерімізді алып бардық. Жастарға біраз әңгіме айттық. Олардың біраз сұрақтарына жауап бердік. Жас ұрпақтың дүние танымы жөніндегі өмірді түсіну жөніндегі ойларына риза болдық. Ұрпақтар арасындағы дәнекер болып жүрген азаматымыз — қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Қасымұлы Дүйсенов колледж ұстаздары мен жастарына ата ұрпақ атынан табыс, ақ жол тіледі…. Қазағымыздың аталары мен әжелерінің ойлары, ақ ниеттері және тілектері міне осындай.

Әңгіме арнасы жастар туралы болғанда Хайдекеннің аққұба жүзінен мейір лебі есіліп, көздері нұрланып тұрды… Текті аталар мен әжелердің осы бір өкілімен кездесу мені ерекше бір сезімге бөледі….Сол сезімнен туған лебіз көкейімде күмбірлеп тұрды:

Тұяғы Хас Сақтардың — тектілердің,

Иесі Ата Мұра шексіз жердің,

Киесі көк байрақты текті елдің

Атқан таңды ақ ниетпен қарсы алған

Айналдым мен абыз жүрек қарттардан.

Қарияларым өмірдің Темірқазығы,

Өсиеті ұрпақтың жан азығы,

Құшағы кең жазира Ұлы Далам сияқты,

Мейірім тұнған көзінен төгілген нұр шуақты

Сау болғай ата- әжелер асыл тектім,

Әз жандар ардақтысы қалың көптің.

Ащқан жаңа дүниенің есігін

Ұрпағының әнмен тербеп бесігін,

Ұландарын өсірген Ұлы Дала төсінің,

Әлемдегі бейбіт күн ақ тілегі

Айналдым мен қазақтың әжелерін киелі.

Туған жер деп лүпілдеген жүрегі,

Қазағымның Шаңырағының тірегі,

Ұрпағының бақыты – ақ тілегі

Атқан таңды ақ ниетпен қарсы алған

Айналдым мен абыз тектес қарттардан.

.

Түгел Мәденұлы

журналист, Астана қаласы