Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Өмірі өнегелі өрілген

Тілші: Осы мақаланы жазар алдында Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейілжанұлы Есілов құрметті еңбек демалысында жүрген бір топ журналистерді кабинетіне арнайы шақырып мына жайды айтып өтті.

Кезінде қазақ елінің басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халқы болса, ал тылда еселі еңбек еткен адамдары болды. Ұлан байтақ жеріміздің бір тұтам жерін де жауға бермейміз деп Отаным деп шайқасқан соғыс ардагерлеріміз арамызда азайып барады. Бірақ, майданға көмектескен елдегі, қаладағы тыл майдангерлерін ұмытуға бола ма?.

Солар жайлы сіздер жазбасаңыздар, қазіргі жас қаламгерлер бүгінгі күн тынысымен жүріп, өткен тарих жайлы, соны жасаған еңбек адамдары туралы біле бермейді. Соғыс ардагерлері мен тыл майданерлерінің еңбектері еш кетпесін, газет-журналдарға мақала беріп тұрсаңыздар деген еді. Ұтымды ұсыныс. Сөйтіп, алғашқы мақаламызды жазып, газетке ұсынып отырмыз.

«Тыл мен майдан егіз» деген ұғым тегін айтылмаған. Қан соғыста жауынгерлеріміз Отаны үшін жанын пида етсе, ал елдегі адамдар күн-түні тылда еңбек етіп, майдандағыларға азық-түлік, киім-кешек, тіпті қару-жарақ та жіберіп олардың жеңіспен оралуына жағдай жасады. Солардың бірі – қазақ елінің басына қасырет төнген 1931 жылы дүниеге келген, жоқшылықты да, ашаршылықты көріп, он жасынан еңбекке араласқан Балташ Сұңқарбекұлы.

Әкесі Сұңқарбек бір жасында қайтыс болып, ол әкеден жетім қалады. Бұғанасы қатпай жатып жастайынан еңбек етіп, өмірдің ащысын көріп өседі. Ол 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталған жылы Ақмола облысының, Қорғалжын ауданындағы «Қызыл Ту» ауылында жұмысқа орналасады.

Ауылдағы қолдарынан іс келетін азаматтар соғысқа кеткен кез. Елдің бар ауыртпалығы ауылдағы қарттар мен әйелдерге, Балташ сияқты балаларға түскен жылдар. Алдымен ол ауылдың малын бағады, кейін көктемгі дала жұмысына қатысып, жаз айында шөп шауып, күзде егін жинайды. Осылайша таңның атысы, күннің батысы үлкендермен бірдей еңбек етеді.

Ия, сол жылдары бүкіл қазақ жерінде Кеңестер еліндегідей бір ғана мақсат болды, қайткенде жауды жеңіп, бейбіт өмір сүру. Сол кезде Балташ Сұңқарбекұлы сынды барлық балалар оқуларын оқи отырып, ата-анасына көмектесіп, ауыл жұмысына қатысып, елдің тыныштығын қалыптаструға үлес қосты. Жеңіс орнаған жылы ҚСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығымен 1945 жылдың 6-шы маусымында 14 жастағы Балташ Сұңқарбекұлына «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі табыс етіледі.

Міне осындай құрметке жастай ие болған, мақалмыздың кейіпкері Балташ Сұңқарбекұлымен бетпе-бет кездесіп, алғашқы сұрағымызды да қойдық.

«Ұстаз – ұлы есім»- дейді. Осы мамандықты таңдадуыңызға не себеп болды?

Елдегі мұғалімдердің көбі майданнан оралмады, ауыл мектептеріне мұғалімдер жетіспеді. Сол кезде аудандық партия, атқару комитеттерінің қызметкерлері мектепке келіп, бізге үгіт жасады, мұғалім болу керек деп. Ол кезде мен мына мамандықты таңдаймын деген кез емес, партия жіберген жерге кеттік қой. Содан мен Алматының сол кездегі Киров атындағы университеттің тарих факультетіне оқуға түстім. Менімен бірге кластастарымнан Әмір Нұркішев, Отызбай Сүйіндіков, Базарбай Құтжанов, Қабиден Байтілесов, Қабдрахман Байдильдиндер бітіріп келді. Яғни менің мұғалім мамандығын таңдауым өмір талабынан болды, бірақ мен оған өкінбеймін.

Ұстаз болып жүріп қаншама ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуына, отансүйгіштікке тәрбиелеп, жоғары білім беріп, содан өзіме үлкен бір ғибрат алдым. Менің қолымнан түлеп ұшқан түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада табысты еңбек етіп, қызмет жасауда, бүгінде мен соны мақтан тұтамын.

Қазіргі замандағыдай емес, сіздің қызмет баспалдағыңыз сатылап көтерілді ғой. Бүгінде қарап отырсақ, өмірден тәжірибесі, тіпті біліктілігі мен ұйымдастыру қабылеті жоқ жастар билікке келеді де, қызметтерін алып кете алмай жатады, әрине сол өкінішті. Осындай қателіктер болмау үшін не істеу керек?

Әркім әліне қарау керек. Басшы болу үшін ол өз мамандығын сүйіп қанақоймай, оның әрбір қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін білу қажет. Оның үстіне әр қызмет біліктілікті, іздену мен білімді, адал еңбекті әрі айналасындағылармен тіл табысуды талап етеді.

Мен университетті үздік бітіріп келісімен Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданындағы Казгородок орта мектебінде қарапайым мұғалім болдым.Одан кейін Степняк қаласындағы номері 3-ші орта мектебінің директоры, ал 1959 жылдан 1962 жылға дейін Целиноград қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, лекторы, кейін Целиноград облыстық партия комитетінің лекторы, ал 1962 жылы Жоғары партия мектебінде оқып, Целиноград облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйінің басшысы қызметіне тұрдым. 1965-1968 жылдар аралығында Мәскеу қаласындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқыдым. Осында тарих ғылымының кандидаттығын қорғадым. Келісімен Целиноград медицина институтының қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, ал 1975 жылы Қазақстан Орталық Комитеті Бюросының шешімімен Целиноградтағы Сәкен Сейфуллин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалдым.Міне, мен өткен баспалдақтар.

«Ұстаз жаратылысынан жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін адам»- деген екен Әл- Фараби. Осы ойды қалай толықтырар едіңіз?

Тек ректор болып қызметте жүргенімде ғана емес, жалпы ұстаздықжолымда талай шәкіртке көмектестім. Соғысты көрген, аштық дәмін татқан біздер қиындық көріп жүргендерді тез түсінеміз ғой.

Бір жайды айтып өтейін. Бірде институт залынан өте бере жуынатын бөлмеден бар дауысымен ән слып жатқан дауысты естідім. Әні де, үні де тамаша, табиғи дауыс, құдай бере салған дарынды дауыс. Сол баланы алып келіңдер дедім іле, хатшыма.

Сөйтсем, абитурент бала екен. Конкурстан өте алмай, өкініштен, іштегі күйінішін әнмен жеткізіп тұрған шағына кездескен екенмін. Содан сол баланы байқаңдар, талантына балта шаппаңдар дедім мұғалімдерге. Іле ол студент болды, оқуын ойдағыдай бітіріп, кейін осы институтта қызметке қалды. Бұндай істеген жақсылықтарым көп қой, қайсыбірін есіме түсірейін.

-Ия абыройлы атқарған жұмыстарыңыздың жемісін де көрдіңіз.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен бірге бірнеше медальдармен марапатталдыңыз. 1991-1993 жылдары Целиноград облыстық Кеңесінің депутаты, Целиноград қалалық партия комитетінің пленум мүшесі болып, Қазақстан мұғалімдерінің 5-ші сьезіне қатысып, Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің құрмет грамотасымен марапаталдыңыз. Қазақстан Республикасына ерекше сіңген еңбегі үшін зейнет ақы алатын дербес зейнеткер болдыңыз.

Биыл Балташ Сұңқарбекұлы 85 жасқа толды. Осы мерейлі туған күнімен Қазақстан Республикалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов құттықтап жылы лебіздерін білдіріпті. Сол сияқты Астана қаласының бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековта құттықтап Балташ Сұңқарбекұлының еңбегені:-«Осынау абыздық жасқа келіп, асқаралы асудан асып, жұртшылықтың ортасында ардақты ақсақал, қазыналы қария, ақылменді аға ретінде танимыз сізді…»,- деп баға беріпті.

Шынында солай ғой. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, оның тұла бойы тұнған өнеге-үлгі. Ақ тілеуі бар ана тәрізді барлық адам­ның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Міне Балташ Сұңқарбекұлының бойынан біз осыны сезіндік. Тағы бір сұрақ қойсам деймін. Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

Ер адам үйге еңбегінің жемісін әкелсе, әйел адам соны ұқсатып, балатәрбиесіне көңіл бөледі. Менің құдай қосқан жарым Күлпәш осы жетістігімнің бәріне үлес қосқан адам. Ол да ұлағатты ұстаз, ағарту ісінің үздігі, математик болды.

Баламыз Ербол – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің белді қызметкері. Келініміз Жанна болса – дәрігер. Үш немереміз бар:Жәнібек 11-ші сыныпта, Еркежанымыз — Назарбаев мектебінде оқиды, ал кенже немереміз- Айғаным 3-сыныпта.

Тілші: «Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев,. Біз осы сөзге лайықпыз ба?

— Шынын айтсам біз әлі елбасының қойып отырған талабына толық саймыз деп айта алмаймын. Мектеп пен ата-ана арасында байланыс жоқтың қасы. Кейбір ата-аналар баламның тамағы тоқ, киімі көк, білім алып жатыр, қолында планшет, ешкімнен кем емес деп олардың тәрбиесіне көңіл бөле бермейді. Таңертең ертемен қызметке кетсе, түннің бір уағында үйге оралады. Тәрбие телефон арқылы ғана жүреді.

Ал мұғалімдер болса тәрбие ата-анадан, білім ғана бізден деп ат тонын ала қашады. Ұлттық тәрбие жоқ, оқушыларды атақты адамдармен кездестіру деген мүлдем ұмытылған, көпті көрген беделді адамдардың әңгімесін тыңдап өссе дейміз, жалпы жастар арасында идеологиялық жұмыс өз деңгейінде емес.

Балалар осы күнге дейін Бауыржан Момышұлын,Дінмұханбет Қонаевтың, Жұмабек Ташеновтардың тағы да басқа да тарихи тұлғалардың кім екенін білмейді. Соған ұяламын.

Жақсы істер, жоқ деп айтудан аулақпын, бірақ соған қарап тоқтап қалмауымыз керек.

Қорыта айтқанда, ұлтын сүйетін, Отанын қадірлейтін, Қазақстанның Туын биікке көтеретін жастарды тәрбиелеуіміз керек!

Тілші: Әңгімеңізге көп рахмет. Кезінде елімізге қалтқысыз қызмет етіп, қоғам мүддесіне жан аянбай ат салысып, шәкірттерін патриоттық рухта тәрбиелеп, парасаттылығыңызбен жастарға үлгі-өнеге болдыңыз.

Сізді 85 жылдық мерей тойыңызбен құттықтай отыра ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз. Бала-шаға қызығына кенеліп,ортамызда аман-есен жүре беріңіз!

Ғалия Құсайынқызы Балтабай
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі