Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ТҰЛҒА

Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бергі аралықта ширек ғасырдан астам, дәлірек айтқанда, 28 жылға жуық уақыт сырғып өтті. Тарих өлшемімен алып қарағанда, бұл соншалықты көп кезең емес. Дегенмен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ елінің ертеңгі болашағын алыстан болжаған көрегендік ұстанымының арқасында, осынша аз жылда ғана Қазақстан өзінің ілгері басу, даму, экономикалық, әлеуметтік салаларда өркенді, өрісті әлемдік мемлекеттердің деңгейіне жету бағытында ілкімді қадамдар жасай алды. Елордасы асқарын көкаспан ғана көмкерген Алатаудың баурайынан Сарыарқаның кіндігі саналатын, халқының саны 200 мыңнан сәл ғана асып түсетін бұрынғы облыс орталығы Ақмолаға көшіріліп, ол Астана деген атауға ие болғанына да жиырма жыл толып қалды. Осы жылдарда Астана атауы әлем картасы тарихынан ойып тұрып орнын алды, көрікті, көркейген, сәулеті жарасқан, тұрғындары миллионан асқан іргелі мегаполиске айналып үлгерді.

Астананың осындай жетістіктерін тілге тиек еткенде, өткенсіз келешек жоқ екендігін де қаперден шығармауға тиіспіз. Өйткені бір кездегі облыс орталығының өз уақытының талап-талғамына сай жетістіктері болғаны сөзсіз. Бұған «Целинсельмаш», «Казахсельмаш», насос, газ аппараттарын шығару, шойын құю зауыттары сияқты ірі кәсіпорындардың, тігін, жіп иіру фабрикаларының жұмыс істегендігін, төрт тарапқа желі тартқан теміржол торабын, сан мыңдаған гектарға дән сіңіріп, мемлекет қамбасына тонналаған астық құйып, берекенің молшылығын тасытқан аудандардағы шаруашылықтардың табыстарын қоссақ, осы аймақ еңбеккерлерінің ерен еңбектері көз алдымызға келеді. Осы қыруар істердің басы-қасында болған азаматтардың күні-түні бел жазбай атқарған жұмыстары көп жағдайда қарапайым көпшіліктің қаперге ала бермейтіні бар. Ал шынтуайтына келгенде олардың өнегелі өмірі кімге де болсын, әсіресе бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге десек, қателеспесіміз анық. Солардың жоғарғы санаттағы тұлғаларының бірі – Зейнолла Мұхаметжанұлы Шайдаров.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы «Атасу» кеңшарында 1933 жылы 14 қарашада өмір есігін ашқан Зейнолла Мұхаметжанұлының тағдыры да қиыншылықпен қоса өрілген. Екі жасында әкеден бүлдіршін бала шағында айырылған ол шешесі Насиханың, негізінен әкесінің ағасы Шайдар ақсақалдың тәрбиесімен жетілген жан. Ұлы Отан соғысы батыста қасіреттің қара бұлтын үйіре бастаған 1940-1941 жылы Жаңаарқа ауданындағы, сол кезде В.И.Ленин есімімен аталатын орта мектептің табалдырығын аттаған Зейнолла оны 1950 жылы замандастарының қатарынан қалмай ойдағыдай бітіріп шықты. Жас жеткіншектің білімге талпынысын барынша қолдаған, бауырында баптап, жетелеп жүріп жеткізген Шайдар әкесі оның Алматы қаласындағы эоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуіне, жоғары білім алып шығуына мүмкіншіліктің бәрін жасады. Осындай қамқорлықтың арқасында осы оқу орнын 1955 жылы сәтті аяқтап, республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Ақмоладағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқытушылық қызметке жіберілді. Аталған оқу орнындағы төртжылдық ұстаздық қызмет оның алғашқы өмір көрген тәжірибе мектебіне айналды. Сол тұстарда оның алдынан дәріс алып, білімнің биік сатыларына қол жеткізген көптеген шәкірттері әлі күнге дейін Зейнолланы өз орталарында ұстазымыз, қадірменді оқытушымыз деп мақтанышпен айтып та жүреді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Егер Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімі бойынша 1960 жылы техникум қаладан тысқары ірі кеңшар орталығына көшірілмекші болмағанда, Зекеңнің өмір жолы таза ұстаздық қызметпен жалғасып кетер ме еді, кім білсін?! Алайда отбасының жағдайына байланысты кеңшарға көшу қиынға соққандықтан, ерте бастан қам қылған ол өз еркімен техникумнан шығып, басқа жұмысқа ауысуға бет бұрды. Осылайша 1959 жылдың шілде айында Зейнолла Мұхаметжанұлы өзінің мамандығы бойынша Қарағандының кеңес-партия мектебіне мұғалім болып орналасты. Осы оқу орнында 1966 жылға дейін еңбек етті, партиялық тәлім мен тәрбиенің қазанында шыңдалды. Тындырымдылық, іскерлік қабілеттерді бойына сіңірді.

1966 жылы Орталық партия комитетінің шешімімен аталған мектеп жабылып, ондағы оқытушы кадрлар республиканың әртүрлі аймағындағы кеңес-партия органдарына жұмысқа жіберілді. Сол жылдың шілде айында Зейнолла Мұхаметжанұлы Орталық Комитеттің жолдамасымен Ақмола (Целиноград) облыстық партия комитетінің қарамағына ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл ең бір жауапты кезең еді, өйткені Ақмола ауылшаруашылық бағытындағы облыс болғандықтан, егін өсірудің, малдың жайын қамдаудың қат-қабат жұмыстарына бел шеше кірісуіне тура келді. Осындай жауапты жұмыстың тізгінінде өзінің іске мығымдығын, білігі мен қажыр-қайраты молдығын көрсете үш жылдай маңдай төрін төге еңбек етудің нәтижесі өз жемісін берді. Оның өзіне жүктелген жұмыстардағы жауапкершілікті зор ынтамен атқаратындығы жоғарғы басшылардың тарапынан бағаланбай қалмады. 1969 жылы облыстық партия комитетінің шешімімен Астрахан ауданына екінші хатшылық қызметке жіберілді. Бұл ауданда екі жылдан аса еңбек еткен оны 1972 жылы облыстағы ең үлкен Атбасар ауданына бірінші хатшысы етіп тағайындады. Ауыл шаруашылығының ауқымы кең, әрі бірқатар өндірістік кәсіпорындар орналасқан, теміржол торабы бар ауданның жұмысын өрге бастырып, экономикалық әлеуетін көшілгері ету жауапкершілігінің салмағы да оңайға соққан жоқ. Бірақ қашанда қиындықтан қиналмайтын жол табуға төселген, аймақ еңбеккерлерін ортақ мақсатқа тас-түйін жұмылдыра алуының арқасында ауданның ауыл шаруашылығы жылдан-жылға жақсара түсті. Атап айтқанда, егіс көлемі артты, мал басы көбейді, өнеркәсіп орындары өз жұмыстарын ілкімді жүргізді, ауданың мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде көптеген жұмыстар атқарылды. Атбасар ауданы жыл сайын мемлекеттің құт қамбасына 20-25 миллион пұт астық тапсыратын молшылық беркесіне айналды, мал өнімдерінің жоспары да жыл сайын артығымен орындалатын болды, өнеркәсіп және басқа халық шаруашылығы салаларындағы белгіленген жоспарлар мүлтіксіз орындалды.

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп халқымыздың дара тұлғасы ұлы Абай айтқанындай, ақыл мен парасаттылықты өмірінің берік ұстанымына айналдырған абзал аға – Зейнолла Мұхаметжанұлының жарық жұлдызы жарқырап туғаны 1978 жыл болды. Облыстық партия комитетінің ұсынысы бойынша Қазақстан Орталық партия комитеті оны Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына бекітті. Ол кісіні Д.А.Қонаев арнайы қабылдауында оған көптеген тілегін айтып, жұмысының жақсы болуына жол ашар ақыл-кееңестерін берді. Облыстық партия комитетінде Зекең ауыр өнеркәсіп, көлік және құқық мекемелерінің жұмыстарын қадағалап отырды. Осы өте жауапты міндеттерді абыроймен орындау үшін көптеген жұмыстар жүргізуіне тура келді, кадрлардың жауапкершілігін арттыру, мемлекет белгілеген жоспарларды уақытында орындап отыру мәселелері күн тәртібінен түспеді.

1983 жылы облыстық партия комитетінің ұсынысымен Орталық партия комитетінің шешімімен Целиноград облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Жауапкершілігі жоғары бұл жұмыс облыстағы халық шаруашылығы салаларының бәрін жетік білуді талап ететін еді. Бірақ қашанда жүктелген міндетті өзіне білдірген сенім ретінде қабылдайтын Зейнолла Мұхаметжанұлы бұл сыннан да сүрінбей өте алды.

Осындай елге өнегелі еңбек сатысының бәрінде зор абырой мен беделге ие болған абзал ағаның атқарған жұмыстары өз уақытында мемлекет пен партия тарапынан лайықты бағаланды. Ол республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Орталық Комитеттің мүшесі болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Октябрь Революциясы ордендері мен көптеген медальдардың иегері атанды. Облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бүгінде Зейнолла Мұхаметжанұлы Шайдаров елге еңбегі сіңген аға буынның қадірі жоғары ардагерлері санатында зейнеткерлік құрметті демалыста. Оған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген тұлғаларға берілетін арнайы зейнетақы тағайындалған.

Сондай-ақ, Зейнолла Мұхаметжанұлы өсіп-өнген үлкен шаңырақ иесі. Көп жылдар мұғалім болып жұмыс істеген, оқу-ағарту саласындағы сіңірген еңбектері үкімет медальдарымен, Құрмет грамоталарымен аталып өтілген зайыбы Айманмен 1957 жылы отбасын құрған бұлардың балаларының алған білім, тәрбие-тәлімдері де ауыз толтырып айтарлықтай. Жақсы әке мен жүрегі мейірбандыққа толы ананың қамқорлығы арқасында әрқайсысы өмірдегі өз орындарын тауып, егемен еліміздің іргетасы берік болуына өз салалары бойынша сүбелі үлес қосып келеді.

Мәселен, тұңғыштары Ғабиден жоғары білімді инженер-механик. Өзінің мамандығы бойынша құрылыс саласында жұмыс істеп жүр. Мамандығы экономист зайыбы Айнашпен үш бала өсіріп отыр. Ал ортаншысы Мәжиттің екі жоғары білімі бар. Медицина ғылымының докторы, профессор. Қазіргі уақытта Астанадағы Медицина университетінің ректоры. 2017 жылы республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды, академик атағы берілді. Сонымен қатар Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атағы тағы бар. Мамандығы дәрігер зайыбы Гүлден екеуі екі бала өсіріп, олардан өрген төрт немеренің қызығына бөленуде.

Кенжелері Надим Москваның П.Лумумба атындағы халықаралық университетін өте жақсы бітіріп, қазір Алматыда өзінің мамандығына сай банк-қаржы саласында еңбек етуде. Отбасындағы екі баладан екі немере сүйіп отыр. Келіні Мәдина мұғалімдік қызметте.

Өркені өскен, егемен еліміздің заңғар тұлғалы азаматы саналатын асыл ағаның барлық саналы ғұмыры ел-жұртпен, халықпен біте қайнасқан ортада өтті. Сондықтан да оның тындырған, артында қалдырған істерінің бәрі, қай жағынан алып қарағанда да, өзгелерге ұлағатты өнеге ретінде атап көрсетуге лайық.

Міне, биыл тәуелсіздігінің туын тігіп, егемен ел атанған қазақ жұрты елордасының Астанаға келіп орныққандығының 20 жылдық мерейтойын атап өткелі тұрған тұста, ел мақтанышы абзал аға Зейнолла Мұхаметжанұлына: «Сізге зор денсаулық, әулетіңізге береке-бірлік берсін, абыройы асқақ биік тұғырдан табаныңыз таймасын!» — деген жүректен шыққан шын ықыласты тілігегімізді айтқымыз келеді.

                                                                   Аманкелді ЖҰМАБЕК,

Қазақстан журналистикасының ардагері,

                                        ақын, аудармашы